Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 09:04

Білімнің іргетасы қаланатын орын

Білімнің іргетасы қаланатын орын mezet.kz

Шағын және орта кәсіпкерлік тұрақты экономиканың негізгі тірегі екендігіне дау жоқ. Сондықтан, аграрлы ауданымыз осы саланың дамуына баса назар аударуда. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз субсидия мен гранттар... Ал мемлекет қол ұшын беріп отырған кәсіпкерлік дегенде көз алдымызға өндіріс орындары, сауда-саттық нысандары мен мал шаруашылығы келеді. Алайда, қарқынды бизнесімен қуатты мемлекет құруға тамшыдай болса үлесін қосып отырған бүгінгі кейіпкеріміз мүлдем басқа жолды таңдаған. Білім саласы мен бизнесті ұштастырған «Еркемай» оқу орталығының директоры Салтанат Бердібаева кәсіпкер атанып қана қоймай, ауданымыздың білім сапасын көтеру жолында еңбек етуде.

Оқу орталығына арнайы барған бізді Салтанат Әділжанқызы қарсы алып, өзінің кәсібімен, оқу жүйесімен таныстырды.

– 2017 жылы мен Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Білім саласында қызмет ете жүріп, барлық баланың қабылдауы, сабақты түсінуі әртүрлі екендігіне көз жеткіздім. Шыны керек, кейбір мектептерімізде бір сыныпта 30-ға жуық оқушы отырады. Оның ішінде үлгерімі жақсы, орташа мен нашар бала бар. Бөлінген 40 минуттың ішінде олардың әрқайсына жеке түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан, жалпы өтілген сабақты барлығы бірдей ұға бермейді. Осыны ескеріп, 2017 жылы қараша айында әріптестерім Арай Назарханова, Альфия Досмағанбетовамен бірігіп «Еркемай» оқу орта-лығының негізін қаладық – дейді Салтанат Әділжанқызы. Айтуынша, басында үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізе бастаған. Кейіннен, өздері ұстаздарға арналған «Мега жады», «Жылдам оқу» сынды курстарға қатысып, балалардың оқуға деген зейінін қалай арттыру керектігін үйрететін қосымша оқуларға ақылы түрде қатысқан. Сол жылы-ақ, ұстаздар ізденісі өз жемісін бере бастаған. Оқушылар аз уақыттың ішінде үлгерімі жақсарып, жоғары нәтиже көрсете бастаған.

– 2018 жылдан бастап оқу орталығының жұмысына білек сыбана кірісіп, ұлғайтуды қолға алдық. Бастауыштан бөлек, ағылшын тілі, орыс тілі, менталды арифметика, жылдам оқу сынды қосымша үйірмелер аштық. Осыдан екі ай бұрын музыка, фортепиано сабақтарын аштық,– деген Салтанат алдағы уақытта ораторлық курстарды іске қосуды жоспарлап отыр.

Оқу орталығының ерекшеліктерінің бірі – балаға бағдарламаны оңай әрі жылдам әдіспен жеткізеді. Бұл жерде ұстаздар орыс ғалымы, мектептен қуылған оқушыларға білім беріп, жоғарғы оқу орнына түсірген Шаталовтың методикасын қолданады. Сыныптағы оқушылардың саны 4-5-тен аспайды. Балалардың аздығы әр оқушымен жеке жұмыс жасауға септігін тигізеді. Алдымен білім алушының сабақты қалай қабылдайтындығына, оның психологиясына баса мән беріледі. Салтанат Бердібаеваның айтуынша, кей бала сабақты естігеннен тез ұғады. Кейбірі, көрген нәрсесін есте сақтайды. Ал кейбір оқушылар өзінің қолымен ұстап, жасаған дүниесін тез түсінеді. Осының барлығы зерттеліп, зерделенгеннен кейін ғана, оларға тапсырма беріліп, тақырыптар түсіндіріледі.

Осы тұста, оқу орталығына келген баланың білім сапасы жақсарады дегенге кім кепіл деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сауалға оқу орталығының директоры жауап берді:

– Әрине, әрбір ата-ана баласын ақылы оқуға берген соң, одан нәтиже күтеді. Осы сенімді ақтау мақсатында біз ата-аналарға ұсыныс жасаймыз. Егер балаларының білімі алғашқы 3 айдың ішінде екі есеге артпаса, төленген 3 айдың ақшасын толығымен қайтарып береміз. Себебі, бізге ақша емес, оқушылардың білім сапасы маңызды. Сондықтан, аптасына 3 рет келген бала, бір айда 12 сабақ өтеді. Ал оның оң нәтиже көрсетуіне 2 айдың өзі жеткілікті. Аллаға шүкір, қазіргі уақытта ешкімнен шағым түскен жоқ, ақшаларын да қайтарып беруге еш негіз болмады, – дейді Салтанат Бердібаева.

Бүгінде 100-ге жуық оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған «Еркемай» оқу орталығында 8 мұғалім еңбек етеді. Олардың ішінде студенттер де бар. Алайда барлығына қойылар талап өте жоғары. Жұмысқа қабылданатын ұстаздардың барлығы тәжірибеден өтіп, өзін көрсетуі тиіс. Осылайша, аудан оқушыларын сапалы білім нәрімен сусындатып жүрген оқу орталығы мемлекеттің назарынан тыс қалмады. Жақында Салтанат Бердібаева «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 ай бойы білімін жетілдіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында өзінің бизнес жоспарын ұсынып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған. Аталған қаржы оқу орталығының материалдық базасын нығайтуға жұмсалатын болады.

– «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» – деген Абылай ханның сөзі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Жаугершілік заманда ата-бабамыз жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды. Ал бүгінгі заманның соғысы бөлек. Өзгелермен бәсекеге түсу үшін ең алдымен білім керек. Білікті адамның іргетасы бастауышта қаланады. Мектеп табалдырығын аттаған оқушы сабақты жақсы түсініп, жан-жақты дамыса болашағына алаңдаудың еш қажеті жоқ. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатымыз – дейді Салтанат Әділжанқызы.

 

С.НҰРАДИН.

Оқылды 1653 рет

Соңғы жаңалықтар

Шіл 18, 2025

Алматы облысында балабақшаларға…

Алматы облысында мектепке дейінгі білім беру саласы жаңа қаржыландыру жүйесіне көшіп…
Шіл 18, 2025

2025 жылы мал шаруашылығын…

Ағымдағы жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділік пен өнім сапасын арттыруды…
Шіл 18, 2025

День металлурга в Казахстане — 20…

Сегодня металлургия является одной из ведущих и перспективных отраслей промышленности…
Шіл 14, 2025

Конаев этим летом: более 860 тысяч…

Конаев этим летом уверенно закрепил за собой статус одного из самых популярных…
Шіл 12, 2025

Балалардың қауіпсіздігі үшін: Қонаев…

Қауіпсіздік пен жайлылық – басты басымдық. Балалар 4 млрд теңге көлеміндегі жеке…
Шіл 11, 2025

Разъяснение по вопросу переселения…

Согласно информации управления образования Алматинской области сообщаем: в связи с…
Шіл 11, 2025

Алдымен адам папилома вирусы…

 Адам папилома вирусы – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын…
Шіл 10, 2025

«Е-өтініш –мемлекеттік органдарға…

Е-Өтініш – бұл Қазақстан Республикасының азаматтарына, ұйымдарына және заңды тұлғаларына…
Шіл 10, 2025

28 шілде — Дүниежүзілік вирустық…

28 шілде — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) белгілеген Дүниежүзілік вирустық…

Күнтiзбе

« Шілде 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет