«Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша 1 орын алған Қаратұрық орта мектебінің 11 сынып оқушысы Алтынай Әсет, «Жазушылар» бағыты бойынша 1 орын алған И.Таиров атындағы мектеп оқушысы Арзигуль Ошурова, «Жас ғалымдар» бағыты бойынша қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы Аслан Алиайдар 3-орын, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша Н.Бубенцов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Мәліке Серғалы 3 орын, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлнәр Ибдиминова 3 орын, «Жазушылар» бағыты бойынша Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Ақмарал Канал 3-орын алып, жоғары көрсеткіштерге ие болды. Дәстүр бойынша олимпиада жүлдегерлеріне еліміздің жоғары оқу орындарынан грант берілетіні белгілі. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай С.Демирель атындағы университет жүлдегерлерге 25 грант, сонымен қатар басқа да университеттер бірнеше грант бөліп отырғанын хабарлады. Бұл да біздің дарынды оқушыларға жоғары оқу орнына түсуге табылмас мүмкіндік болып отыр. Сәуір айының 25-де Астана қаласында еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына байланысты жер шарындағы 25 елден қонақтар шақырылып, олардың барлығы қазақ тілінде өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Біздің жеңімпаздарға (11-сыныпты аяқтайтын түлектерге) сол жерде гранттар табысталады деп күтілуде. Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» дегені жадымызда. Бүгін бізбен бірге өзге ұлт өкілдері де қазақша өлең оқып, шығарма жазып, ән айтты. Бұл қазақ тілінің – ғылымның тілі,білімнің тілі, руханияттың тілі екенін дәлелдеді.
Дина Маманова, ҚТЛ мұғалімі.