Жұма, 26 Тамыз 2016 13:34

Тәуелсіздік тірегісің – ЖАС ОТАУ!

Отбасы – жарастық орнаған кішкентай Отан. Бұлай дейтініміз, сыйластығы асқан, берекесі тасқан әулеттің шаңырағында шаттық орнайды. Осындай мерекелі де берекелі ошақтан Отан құралады. Бұл қоғам шындығы. Міне, осынау қасиетті құндылықтарды жас отбасыларға насихаттау, салауатты өмір салтын ұстануға, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұғындыру мақсатында аудандық жас отбасылар байқауы өтті жақында. Түрген шатқалының көз тартарлық сұлу табиғатында бой түзеген байқауға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 4 команда іріктеліп шықты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізіліп отырған «Салауатты ұлт – үлгілі отбасы» деп арнайы айдар да тақты.  Байқауды ұйымдас-тырушы-лар: «Елім-ай» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығы. Ал қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі.

 

Ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, «Елім-ай» қоғамдық қорының төрағасы Жаңаберген Мұхамедов сөз сөйледі. Отбасылық береке-бірлікті сақтау, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру – бұл Отанының өркендеуіне қосар әр әулеттің зор үлесі екенін айтты. ол турасында:

– «Отан – отбасынан бас-талады» дейді халықта. Расымен, ертеңгі елінің елеулі, халқының қалаулы азаматтары мен азаматшаларының бәрі бір-бір отбасында тәрбиеленуде. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлдарымыз әкелерінен, аталарынан үлгі алып үкілеген үміттерін ақтап жатса, қызғалдақтай қыздарымыз «шешесінен көріп тон пішсе» – бұл тек бір отбасының ғана емес, бүкіл бір мемлекеттің мерейі емес пе?!  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі жастарға, жас отбасыларға ерекше көңіл бөліп, олардың қолайлы жағдайда өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Саламатты өмір салтын ұстанған ата-ана ұрпағын да дені сау, жаман әдеттен аулақ, саламатты қылып тәрбиелейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық осындайда айтылса керек. Сондықтан, отбасылық тәрбиеде бәрі сөзбен емес, іспен дәлелденуі ләзім, – деп ой түйді Жаңаберген Мұхамедұлы.

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, мен-мен деген төрт команда ғана мәреге сүрінбей жетті. Себебі, қатысуға үміткерлер көп, алайда, әулетінің ерлері қой сою, оны бөлшектеу, ат ерттеу секілді байқау шарттарынан сүрініп жатты. Ал әйелдер қауымы ішек-қарын тазалаудан ат тонын ала қашты. Сонымен сайдың тасындай іріктелген Есік қаласынан, Қаражота, Масақ және Түрген округінен келген жас отбасылар төрт кезеңнен өтті. Бірінші, «Бұл біздің жанұя» деп аталды. Онда қатысушылар өздерінің әулетін таныстырды. Бұл кезеңде қаражоталық «Шыныбаевтар отбасы» топ жарды. Арнайы слайд қойылды, жас әулеттің қалай шаңырақ көтергендігі жайлы фотоальбом ұсынды қазыларға. Сонымен 14 ұпай еншіледі. Ал масақтықтар бұдан бір ұпай ғана кем түсті. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Бұл екінші кезеңнің ресми аталуы. Бұнда отбасы мүшелерінің үй шаруасына икемділігі сынға түсті. Ерлері қой сойып, жылқы ерттеді. Әйелдері нан илеп, бауырсақ пісірді. Қамыр жайып, ішек-қарын тазалады. Сонымен қатар табақ тарту тәртібін қазыларға түсіндірді. Сын сәтте масақтықтардың асығы алшысынан түсіп, 19 ұпайды қанжығалады. Әулеттің отағасы ат ерттеуден де, қой союдан да біліктілігін көрсетті. Жан жары да үй шаруасына икемділігімен «Аудандық әйелдер одағы» қоғамдық кеңесінің төрайымы, қазылар алқасының төрағасы Роза Исатаеваны таң қалдырды.

Үшінші кезеңде жас отбасылар спорттан да құралақан еместігін дәлелдеді. Әулеттің әкесі қаппен секіріп, белгіленген жерден айналып өтсе, анасы қасықпен теннис добын құлатпай алып жүрді. Ал баласы болса жүгіруден жарысты. Бұл «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деп аталды. Сондай-ақ, орнында тұрып ұзындыққа секіру, «Фут.баскет», қоржынға доп лақтыру секілді сынақтардан да сыналды отбасылар. Нәтижесінде, масақтық әулет 16 ұпаймен топ жарды.

Төртінші кезең – «Өнерліге өріс кең». Мұнда есіктік «Ибраимовтар» әулетінің отағасы айтыс ақындарына пародия салып, көпшілікті күлкіге қарық етті. Қаражоталықтар әулетімен ән салды. Сөйтіп ең жоғарғы 15 ұпайды алды.

Бәрін айт та бірін айт, біріншіліктің биігіне көтеріліп, 20 мың теңге ақшалай сыйлықты еншілеген – Масақ округінің «Нысаналиевтер» әулеті. Қаражоталық «Шыныбаевтар әулеті» екінші (10 мың теңге), есіктік «Ибраимовтар» мен түргендік «Әріпбаевтар» отбасы үшінші орынға табан тіреді.

Сонымен қатар шараның жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар жастар аудан әкімі орынбасарының м.а. А.Бидаевтың Алғыс хатын алды. 

  Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 2926 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 10, 2025

Көкжөтелдің қаупі

Көкжөтел – ол ұстама түрдегі ұзақ жөтелмен өтетін, тыныс алу жолдары, қан тамыры мен…
Желт 10, 2025

Жаңа туған кездегі профилактикалық…

Профилактикалық екпелер - инфекциялық аурулардың алдын-алу және…
Желт 10, 2025

Балаларға жаңа жылдық тәттілерді…

Мереке (туған күн, жаңа жыл т.б.) қарсаңында балаларға арнап тәттілер мен сый-жиынтықтар…
Желт 10, 2025

Моншалар мен сауналарға қойылатын…

Қоғамдық монша, сауналарға барған кезде ол орындардың санитариялық жағдайына ерекше…
Желт 04, 2025

Сыбайлас жемқорлық түсінігі және…

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің тұрақты дамуына, қоғамдық қатынастардың ашықтығы мен…
Желт 04, 2025

Пиротехникалық бұйымдардың…

Пиротехникалық бұйымдарды (фейерверктер, отшашулар, жарық беру және дыбыстық эффектілер…
Желт 04, 2025

Неліктен ұнды фортификациялау маңызды

Халықтың денсаулығы мен тамақтану сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық…
Желт 04, 2025

Стоматологиялық ауруханаішілік…

Ауруханаішілік инфекцияларды әртүрлі микроорганизмдер тудыруы мүмкін. Оның ішінде…
Желт 04, 2025

«1 желтоқсан - АИТВ инфекциясына…

АИТВ - бұл адам ағзасының жасушаларына енетін және оны түрлі инфекциялардан қорғайтын…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет