Архив беттерінде, сарғайған газет қиындыларында аты қалған Киров атындағы колхоз басшылығында 1941 жылдан 1947 жылға дейін болған Әбілда Бөркеевтің атын шығарған 100 мың сом қазіргі өлшеммен алғанда қандай соғыс қаруын шығаруға болады деген сұраққа жауап іздей отырып атақты күрескер балуан бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың да осы мақсатта цирк өнері, күрес тағы басқа алыптың күшімен орындалатын нөмірлер көрсетіп тапқан 100 мың сом ақшасын соғыс қажетіне аударған екен. Екі мәрте Кеңес Одағының батыры алматылық Сергей Луганскийге жойғыш ұшақ жасауға жерлестері осындай қомақты қаржы жинап бортына Луганскийдің аты-жөнін жазып истребитель-ұшақ «мінгізген» екен. Бұл мысалдарды келтіруге себеп болып отырған мәселе сонау Ұлы Отан соғысы кезіндегі сомның құны қанша екенін көрсету. Ал Сталиннің телеграммасы да кез-келген тыл еңбеккерлерінің бәріне беріле бермеген болар.
Майданға азық-түлік, киім-кешек үзбей жеткізіліп тұру үшін ұйымдастырушылық қабілеті мол Әбілда Бөркеев броньмен яғни өз еркімен сұранса да майданға жіберілмейтін құқықпен Киров атындағы колхоз басшылығында қалдырылған екен. Бұл туралы аталған колхозда комбайнер болып жүрген газетіміздің тұрақты авторы, ақындығы да болған Мұқан аға Ілімтонов былай деп жазған екен біздің газет беттерінде:
«1943 жылы мамыр айында он сегізге толған қаракемерлік құрдастарыммен бірге соғысқа шақырту қағаз алып, медкомиссиядан өтіп, ел-жерді қорғауға аттанғалы машинаға отырған жерімнен «Ілімтонов машинадан түсіңіз» деп Омаров деген военком қатарластарымнан алып қалды. Мен жолдастарымнан қалып қалғаныма ренжіп, байбалам сала бастап едім. Военком: «Сен неге бізден механизатор (комбайнер) екеніңді жасырасың. Тылда механизаторлар жетіспейді. Бронь береміз, қаласың» – деді басқа сөзге келместен. Үйге ауылда қалып қалғаным үшін ренжіп оралдым. Анамның қуанышында шек жоқ. Сөйтсем, Әбілда ағаға менің соғысқа кеткелі жатқанымды айтса, аға: «Жеңеше, сенің балаң комбайнер курсын бітірді емес пе? Армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін техника тілін білетін маман керек. Тек ол емес, мені де бронь беріп, армиядан алып қалды» деп мені военкоматқа звандап қалдыртыпты.
«Майдан балалары» аты бар Қаракемер ауылының тұрғыны Рыс-пек ақсақал Жұмашев еске алады: «Шешелерімізбен бірге өгіз жегіп жер жырту, темекі, астық өсіріп майданға жөнелту жұмыстарына шама-шарқымызбен қол-қабыс жасадық. Әкем Жұмаш колхоз атқорасының, бастықтың атын күтіп, ат айдады. Әбілда ағаның көп қызының ішіндегі жалғыз ұлы Бақытпен жасы кіші болса да, тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Аштық, жалаңаштық та болды. Басқарма бастығы Әбілда аға соғыс кезінің қатал тәртібіне қарамай аш-жалаңаш адамдарына колхоз қоймасынан азық бергізіп отыратыны да есімде».
Иә, соғыс деген аты жаман аждаһа миллиондардың басын жалмап одан да көп отбасылардың шаңырағын ортасына түсіріп, жесірлер мен жетімдердің қатарын шексіз көбейтті. Сол жағдайда бронь деген болаттай берік қалқан алып тылда қалған азаматтардың бұл статусына, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына қуанғаны сирек болар. Өйткені броньмен астық өндіруге қалған Мұқан Ілімтоновтың естелігіндегі Әбілда Бөркеев: «Майданнан бірінің артынан бірі келіп жатқан бірінің ұлы, бірінің күйеуі қаза тапты деген қарақағаздарды күңіреніп, күйзеліп қалған отбасыларға бас сұғып, басу айтқанша, неге майдан шебіне өзім бармадым деп күйінетін еді Әбілда-аға», – дейді. Сол кездегі Әбілда Бөркеевтің ойланып-толғанып өзімді жібермеген майдан шебіне өзімнің ақшама жасалған қаруым қатыссын, ең болмаса шебер жауынгердің қолына тиіп фашистердің қатарын сиретсін деген ниет екені шындық.
Міне «броньмен» шегендеп майдан шебіне жіберілмеген Әбілда Бөркеев осылайша өзінің бір ұшақтық, немесе бір броньды техникалық қаржысын қару шығаруға қосып, өзі қатыса алмаған соғысқа сатып алған қаруын қатыстырғаны үшін де Жоғары Бас Қолбасшыдан алғыс алған екен. Міне Таутүргеннің тумасы туған ауылын көркейтумен қатар, сол кездегі басшылықтың бағыттауымен Қаракемер ауылында орналасқан Киров атындағы колхозды басқарып, ет, сүт, астық темекі өндіріп, майданға жөнелтумен қатар айбынды қару-жарақ жасауға қаржысын қосып артында айшықты із қалдырған екен. Мақтауға, мақтануға тұрарлық тұлға Қаракемерліктер үшін.
Хайролла Ахметжанов.