Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:14

Гендерлік саясат — әйелді еркектен үстем ету емес, кемсітушілікке жол бермеу

 

Шолпан Бөлетайқызы, Сізді дәріхана саласында көп жылдан бері еңбек етіп жүрген кәсіпкер әйел ретінде танимыз. Ұрпақ өсіріп, шаңырағыңыздың іргесін берік ұстап әйелдік міндетіңізді де естен шығарған жоқсыз. Айтыңызшы, әйел адам жеке өмірде де, кәсіпте де табысты болу үшін қандай қағидаттарға сүйенуі керек?

Мен үшін отбасы – ең басты байлық. Қай кезде де шаңырағымның шаттығын, отағасы мен балаларымның жағдайын бірінші кезекке қоямын. Әрине, кәсіпте де жаныңды сала еңбектену керек. Дегенмен де, адами қарым-қатынастың орны ерекше. Жанат екеуіміздің отасқанымызға отыз жыл болды. Бұл уақыт аралығында әртүрлі кезеңдерді бастан өткіздік. Биікке де самғадық, құладық, қайта тұрдық. Бір сөзбен айтқанда, шыңдалдық. Бір-біріңе деген сенім, сыйластық болса, қандай қиындық болмасын еңсере білесің. Қазіргі уақытта жалпы үш дәріханамда отыз қызметкер бар. Жиырма екісі фармацевт, сегізі техникалық қызметкер. Адамды жұмысқа алғанда алдымен жеке қасиеттеріне көңіл бөлемін. Қаншалықты кәсіби маман болғанымен адамгершілігі болмаса, оның білімінен пайда жоқ. Мамандарымның көбісі әйел адамдар. Оларға да қандай жағдайда да отбасына көңіл бөлу керектігін айтып отырамын. Ал кәсіпте табысқа бастайтын жол – махаббат. Мен өз ісімді сүйемін. Дәріхана деген үлкен жауапкершілікті талап ететін, машақаты көп жұмыс. Жаңадан келген бір құты дәрінің өзі біраз еңбектенуді талап етеді. Оны қалай қолданатынын, қандай жағдайда қолдануға болмайтынын білу, сатып алушыға жақсылап түсіндіру қажет.

Осындай қиын кәсіпті таңдауы-ңызға не түрткі болды?

Фармацевтика саласына келуіме әкем себепші болды. Әкем Бөлетай Әбдірахманұлы ұзақ жылдар бойы «Есік» совхозының кәсіподақ комитетін басқарды. Сегізінші сыныпты бітірген жылы әкемнің айтуымен Қазақ республикалық медициналық училищесінің фармацевтика бөліміне оқуға түстім. 1979 жылы медучилищені қызыл дипломмен бітірген соң С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық институтының фармацевтика факультетіне түсіп, 1984 жылы бітіріп шықтым. Сол жылы Қарағандыға барып, үш жыл облыстық дәріхана басқармасында инспектор-провизор болып еңбек еттім. 1987 жылы өзім туып-өскен осы Еңбекшіқазақ ауданына тұрмысқа шықтым. Көп ұзамай аудандық дәріханаға аға провизор қызметіне орналастым да, 1995 жылға дейін сол жұмысты атқардым. Жеке кәсіпкерлікке келуіме себепші болған сол кездегі директорымыз Северская Людмила Васильевна. 1994 жылы жаз айында ол кісі маған: «Қазір барлық аудандарда жеке дәріханалар ашылып жатыр. Ал біздің ауданда жоқ. Соны сен ашсаң қайтеді?» деген ой тастады. Отағасымен ақылдаса келе, дәріхана ашатын болып шештік. Алматыға барып, барлық құжаттарды реттестіріп, алғаш рет 1995 жылы Көктөбеде бір дәріхана аштық. Онда екі жыл істеп, 1997 жылы Есікте, Алматы көшесінің бойынан, 2009 жылы автобекет маңынан, 2012 жылы аудандық аурухана жанынан жаңа дәріханаларымыз жұмысын бастады.

1990-1997 жылдар аралығы ел тарихында қиын кезеңдер ретінде есте қалды. Сондай уақытта жеке кәсіпкерлікті бастау, оны жүргізу оңай болмаған шығар? Бәсекелестік қалай еді?

Әрине, қиындықтар да, бәсекелестік те болды. Біз Есіктен дәріхана ашқан кезде мұнда 7-8 дәріхана бар еді. Алғашқы уақыттарда дәрілерді өзіміз барып әкеліп жүрдік. Кейіннен кәсіпкерлік саласы дами келе фирмалар өздері жеткізе бастады. Әрине, дәріхана бизнесін бастамас бұрын осы салада біраз жыл еңбек еткендіктен өзіме, тәжірибеме сендім. Жалпы жұмыс барысын білетінмін. Бірақ, қиындықтарға қарамай кәсіпті ойдағыдай жүргізуіміз отағасының, жақындарымның көмегінің, бәріміздің бірлесе еңбек еткеніміздің арқасы деп білемін. Жолдасым Жанат Қасымбаев ауыл шаруашылығы саласының маманы болса да, менің бизнесіме көп көмектесті. Қазір өзінің шаруашылығы бар, бірақ, әлі күнге маған қол ұшын беріп, демеу болып жүр. Інім Сәкен Сағымбеков те осы кәсіпті бастаған кездерден көмекшім, қолдаушым болып келеді. Ол фармацевтиканы оқыды. Былтыр өзінің дәріханасын ашты, әлі де бірге жұмыс жасаудамыз. Сондай-ақ, сіңілім де менімен бірге дәріханада еңбек етуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Ең бастысы отбасы мүшелерімен, туған-туыстармен жақсы қарым-қатынастың, ауызбіршіліктің болуы. Сонда олар сенің тірегіңе айналады, қандай қиын істі де қорықпай бастап, бірге атқара бересің. Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым ҚМЭБИ-ді бітіріп, жақсы қызметке орналасты, үйленді. Айлана есімді немерелі болдық. Қызым менің жолымды қуып, фармацевтика саласын оқыды. Жақында тұрмыс құрды. Отбасымыз өсіп, өркендеп келеді. Балаларымды мақтаныш етемін.

Бала тәрбиесіндегі тәжірибеңіз-бен бөліссеңіз?

Мен төрт ұл, үш қыздың ішіндегі үлкенімін. Бала тәрбиесінде анамнан көрген үлгі-өнегемді басшылыққа аламын. Біздің отбасында қыздар әкеге көбірек жақын, ұлдар – анамызға. Өйткені, қазақта әке қыз балаға қатты сөйлемейді, қызды қонағындай сыйлап, аялап өсіреді. Анам Бәтима Агубайқызы ұзақ жылдар бойы мұғалім болды. Шәкірттері әлі күнге дейін үйге келіп, гүл сыйлап, құрметтеп жатады. Ата-анамның ортамызда отырғанының өзі бір бақыт деп білемін.

Отбасын өте қастерлейтініңіз көрініп тұр. Бұл әрбір қазақ әйеліне тән қасиет болса керек. Ал бизнестегі принципіңіз қандай?

Ең бірінші күннен бастап, ассорти-менттің молдығына және бағаның қолжетімді болуына қатты көңіл бөлдім. Дәріханаға келген адам іздеген дәрісін таба алмай, қалаға немесе басқа жаққа барып, уақыт ұттырмауы тиіс. Дәріханамыздан әркім қалаған дәрісін арзан бағамен алса және біздің қызметкерлердің жұмысына риза болса, нәтижелі жұмыс деген сол. Бізге ауданымыздан ғана емес, Талғардан, Алматы қаласынан да алушылар келеді. Тұрақты түрде клиентіміз болып келе жатқан біраз адамдармен бүгінде дос болып кеттік. Бұл үшін өте қуаныштымыз. Сондай-ақ, біздің дәріхана ұжымы адамдарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырады. Ешқашан өз бетінше ем жасауға болмайды, алдымен дәрігерге барып, содан соң ғана дәріханаға келсе құба-құп. Ауруды емдегеннен гөрі алдын алғанның дұрыс екенін әр азамат есінде сақтаса, өміріміздегі көптеген қиындықтар жеңілдей түсер еді.

Кейбір дәрілердің тым қымбат болуы және дәріханалардың бір дәріні әртүрлі бағада сатуы бүгінде мемле-кеттік деңгейде айтылып жүрген үлкен мәселе. Бұған қалай қарайсыз? Бағаны қолжетімді ету үшін қандай шараларды қолданасыз?

Жеке кәсіпкерлік болған соң әр жерде әртүрлі бағаның болуы заңдылық деп ойлаймын. Өйткені, сату бағасы алғаныңа қарай белгіленеді. Мен дәрі жеткізуші фирмалардың ішінде арзандауын таңдауға тырысамын. Әрі бір фирмамен жақсы жұмыс істеп, жеңілдіктерге ие боламын. Сондай-ақ, қазіргі уақытта бағасы тым қымбат болып тұрған Еуропадан жеткізілетін әрі халыққа аса қажет жүрек-қан тамырлары аурулары дәрілерінің өз бағасына өте аз мөлшерде, 5-10 пайыз ғана қосып сатамын. Сондай-ақ, бізде тұрақты түрде 10 пайыздық жеңілдікке ие болған азаматтар бар. Олар соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек балалар т.б. Әрине, барлық көмекке мұқтаж жандарға осындай жақсылық жасасақ қандай ғанибет іс болар еді. Бірақ, ондай жеңілдікке ие клиенттеріміздің саны шектеулі.

Сіз туралы қоғамдық шаралардың белсене қатысушысы деген жылы пікір естіген едік. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз жөнінде де айтсаңыз.

Иә, біраз жылдар бойы қоғамдық, әлеуметтік шараларға тұрақты түрде қатысып жүрдім. Ауданымызда аудан әкімдігі тарапынан түрлі жобалар жүзеге асырылады. Балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету жұмыстарына қатыстым. Мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін дәрі-дәрмектер беріп жүрдік. Қайырымдылықты әлі де жасай беремін деген ойдамын. Бірақ, бұл туралы көп жария етудің қажеті жоқ сияқты. Өткен жылы қараша айында іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған шараға қатысқанымды ерекше атап өткім келеді. Онда гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру нәтижелері туралы сөз болды. 2006-2016 жылдарға арналған бағдарлама аяқталып, қорытынды шығарылып жатқан кез еді. Шараға қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта еліміздің гендерлік саясатында ескерілуі қажет ұсыныстар дайындады. Қазіргі уақытта елімізде бұл бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі ұзартылып, «Қазақстан Республи-касындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасы қабылданды.

Бұл шараға қатысуыңызды ерекше айтып отырғаныңызға қарағанда әйел теңдігі мәселесі Сізді көбірек толғандыратын тәрізді.

Әрине, әйелдердің мәселелеріне бей-жай қарай алмаймын. Бірақ та, мен әу бастан «әйел мен еркек тең» деген пікірді құптамаймын. Біздің қоғамда гендерлік теңдікті «әйел еркекпен тең, бірдей» деген ұстанымдағы саясат деп түсінеді. Мен де алғашында солай ойлағанмын. Тіпті, жоғарыда аталған конференцияда сөз сөйлеп, «Әйел еркекпен тең бола алмайды. Қазақ әйелі ерін өзінен бір саты жоғары қойған» деген пікір білдіргенмін. Шындығында, гендерлік саясаттың мақсаты – әйелді еркектен үстем ету немесе ерлердің орнын әйелдерге алып беру емес. Бұл елімізде жыныстық ерекшелікке байланысты кемсітушілікке жол бермеу, азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатындағы саясат. Әрине, әйелдер отбасындағы өзінің орнын біліп, бала өсіріп, отағасын сыйласын, ерлер өз міндетін атқарып, отбасын асырасын, шаңырағының қорғаны болсын. Ол енді әр адамның тәрбиесіне байланысты. Елімізде жауапкершілігі зор басшылық қызметтерде әлі де ерлер көбірек. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, ер азамат табиғатынан түздің адамы. Оның халықтың жағдайын ойлап, үлкен жұмыстарды атқаруға уақыты да, мүмкіндігі де мол. Ал әйел адам қанша айтқанмен, баланы дүниеге әкелуі, оны өсіріп, тәрбиелеуі қажет. Бірақ, қандай да бір жұмыстарды атқарамын десе, бұған әйелдердің толық құқы бар. Әйел адам қиын, үлкен жұмыстарды атқарған күннің өзінде оған отбасы мүшелері үлкен қолдау білдірмесе қиын болады. 2006 жылдан бастап, елімізде бизнестегі әйелдердің үлесі 38 пайыздан 50 пайызға дейін өсті. Олардың көпшілігі кәсіппен бірге отбасын дөңгелетіп, бәріне үлгеріп отырған іскер әйелдер.

Алдағы уақытқа жоспарларыңыз жөнінде айтсаңыз.

Жақында дәрілік заттарды сату, сақтау т.б. ережелер бойынша үш дәріха-намыз тексеруден өтіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің сертификаттарына ие болды. «Дәрілік заттардың айналысы саласындағы тиісті фармацевтикалық практика талаптарына сәйкестікке» берілген бұл сертификат біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта медициналық сақтандыру бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырмыз.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Нұрбану Камал.

Ертеден «шаңырақтың тірегі – әке, берекесі – ана» деп, отбасындағы қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлген қазақ халқы әйел затына қашанда құрметпен қараған. Осы ұлттық менталитет бүгінде мемлекеттік идео-логияның бір бағыты болып отыр. Елімізде нәтижелі жүзеге асырылып жатқан гендерлік саясат әйелдер-дің құқығының тапталмауына, олардың өздері қалаған іспен айналысуларына, қоғамның барлық саласында ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің тең болуына жағдай жасалуда. Нәтижесінде нәзік жандар әр салада жемісті еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданында қазіргі уақытта үш мыңнан астам кәсіпкер әйел бар. Солардың бірі – Шолпан Бөлетайқызы Қасымбаева.

Оқылды 2422 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет