«Жаздың бір күні жылға азық» екенін мал баққан жақсы біледі. Қабағынан қар жауған қыстың таяу екенін жаздың аптығын басып, енді ғана есіктен аттаған салқын самалды күрең күз де хабар берді. Бұл күні төрт-түлігін өрбіткен Қаражота ауылдық округінің шаруа қожалықтары жем-шөп қорын қыстан қысылмайтындай жинау маусымын да аяқтап қалды.
Қаражоталықтар аудандағы ең малы көп округ саналады. Төрт түлік демекші, Қаражота ірі қара, қой-ешкі, жылқыдан басқа түйе де өсіруімен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде 12 мың ірі қара, 41500 ұсақ тұяқ, 3120 жылқыдан басқа 20 түйесі тағы бар. Округтегі 57 мал бағумен айналысатын шаруа қожалық иелері өз қарамағындағы мал басын жылдан
жылға арттырып келеді. Малға былтыр 2038 тонна шөп, 359,5 тонна жем дайындап, қыстан қысылмай, мал басын аман-есен алып шыққан болатын. Биыл да жем-шөп қоры бұл межеден көп болмаса, аз болмайтыны анық. Өйткені, биылғы жылдың ауа райының қолайлы болғаны белгілі. Жем-шөптің қаншалықты жиналғаны маусым аяқталған соң белгілі болатынын айтты, жауапты мамандар. Еліміздегі мал өнімдерін өндіруге олар да өзіндік үлестерін қосып келеді.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.