Бейсенбі, 01 Қазан 2020 14:38

Балаларым – байлығым

Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», − деген сөз бар. Мұнда бұйырылған несібенің болатындығы, тіршілік иесінің біріне бірі ешқандай масыл еместігі жайында айтылып тұр. Ал, Ислам тұрғысынан қарасақ, Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбеттеріне: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттердің алдында мақтаныш етемін», – дегені белгілі. Ендеше, құп көрілген отбасын құру, үлкен жанұяға айналу осы күнгі қоғамда қаншалықты өзекті болып отыр?

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Асысаға ауылының тұрғындары Самат пен Күлбүбі – 9 перзенттің ата-анасы. 4 қыз, 5 ұл тәрбиелеп отыр. «Балалы үй – базар» демекші, сәбидің қызығы өз алдына, бұл жанұяның мемлекеттің демографиялық жағдайына қосқан үлесі орасан. Халық саны – кез келген елдің дамуының аса маңызды факторы.

Байқағанымыз, жан басына орай әулеттің дәулеті де келісе кетіпті. Әкелері Самат Отарбаев тұрақты жұмыссыз болғанымен, мал өсіріп, соны табыс көзіне айналдырып отыр. «Менің берекем – балаларым. Ер азамат ретінде құрған шаңырағыма ие болуым міндет. Бұйыртып, өмірге келген әр перзентімнің өз ризығы болатынын түсіндім. Оны маған өмір талай рет дәлелдеп берді», − деді көпбалалы әке Самат Отарбаев.

Қаймана қазақтың басынан талай тарихи кезеңдерді өткергені, оның салқыны әлі күнге сезілетіні рас. Кеңестік идеология, егемен ел болудың алғашқы мерзімдеріндегі жағдай сәби үнін біршама азайтты. Әйтпесе, қазақ есіктен кіріп келе жатқан баласы табалдырықтан сүрінсе де «ырыс-несібе келе жатыр» деп ырымдаған халық. Жас нәрестені періштеге теңеп, есейгенше үкілеп өсіруді әке-шеше өздеріне парыз еткен. Негізінде, қазіргі нарықтық заманда бір баланы жетектеп, кәмелетіне жеткізіп, қатарға қосу үшін шығын аз кетпейді. Көйлек-көншегін, ас-ауқатын былай қойғанда ортасы мен барар мектеп, жоғары оқу орындарының талабына сай болуы үшін қалтаңызды біраз жұқартады. «Ұлды ұяға, қызды қияға қондыруы» тағы бар. Алайда, бір емес, көп баланы бағып-қағып, тұрмыс-тіршілігі құрақтай жарасымды болып отырған осы отбасыға қарап, жаңағының барлығы сылтау ғана ма деген ойға қаласың.

Ұл-қызының қай-қайсымен де әкесі Самат, анасы Күлбүбі де мақтана алады. Перзенттері де алған тәлім-тәрбиелерін ақтап, алғысын жаудырып отыр. «Осындай жанұяның перзенті болғаныма қуанамын. Ата-анам бар мейіріммен өсірді. Бауырлар бір-бірімізге демеуміз. Қазір шаңырақта ата-анамды қосқанда 11 жанбыз», − дейді Динара Саматқызы. Динара үйдің тұңғышы, жасы 20-да. Алматы мемлекеттік бизнес колледжін тәмамдап, қазір мамандығына сай қызмет етуде. Өзінен кейін Мейрамбек, Ақерке, Дінмұхамед, Нұрбек, Арнұр, Қымбат, Айсұлтан, Жарқынай есімді іні-сіңлілері бар. Тоғыз құрсақ көтерген аналары  Күлбүбі Тынаева да үй шаруасындағы келіншек. Отбасының ұйытқысы болып, бала-шағаның әрбіріне жіті көңіл бөліп, тәрбие беріп отыр. Ұрпақтарының алды еңбек адамы болса, кейінгілерінен Мейрамбек пен Ақерке студент. Күні ертең қоғамда өзінің орнын қалыптастырып, маман иесі атанғалы отыр. Мектеп қабырғасында білім алып, әке-шешеге қолғанат болуға жарап отырғандары да бар. Дінмұхамед, Нұрбек, Арнұр, Қымбат, Айсұлтан әзірге партадағы оқушылар. Дегенмен, «Болар бала бесігінен бұлқынадының» жөні келіп, Дінмұхамед, Нұрбек, Арнұр есімді ұлдары шабандоз болып шықты. Жүлделі орындарға ие болып, көбіне бәйгелерден олжалы оралады екен. Ал, Жарқынай есімді қыздары биыл ғана дүние есігін ашып, отбасы мүшесі атанған. Ата-ана 1 айлық кенжелерінің қылығына тоймай, әрі болашағын ойлап толғанып жүр. Ұлы ақын Абайдың «Адамның бір қызығы бала деген» деуінің мәнісі осы шығар...

Міне, осындай мерейлі отбасыны мысалға алып отырмыз. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» екені баршамызға ақиқат. Алайда, ол ойлы-қырлы жолдың өзі өмірдегі ең аяулы, қымбат дүние – отбасына бастап баратын болғаннан соң, жүріп өтуге тұрарлық. Отбасының негізін махаббат, шын ықылас сияқты кіршіксіз сезімдер құрайтынымен қастерлі болар. Өз үйің әрқашан жылы, жаныңа жақын тартып тұрады.

Ғылым тілімен айтылып жүрген «Отбасы институтын» қазақ ежелден «Тәрбие – тал бесіктен құралады» деп ұғынып, ұрпағына сіңіре білген. Қазақ дәстүрі отбасының әр мүшесіне өзіндік құрмет көрсетеді. Ақсақал, ана, келін, ұл, қыз, жезде, қайын т.б отбасы мүшелерінің орны бөлек болып есептеледі. Бұхар жыраудың «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегені, құрметтеп, олармен қарым-қатынаста мұқият бол деуі болар. Демек, ең асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, ынтымағын арттыруға әрекет жасайық!

 

Ілия Сұлтан

Оқылды 7374 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 16, 2025

Ол күндердің өшпес даңқы

Әсіре сыншылар қанша 1941-1945 жылғы фашистік басқыншылармен соғысты біздің еліміз…
Қаң 16, 2025

Уақыттың өзгеруі – таңның атуы…

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ana tili» газетіне жарияланған…
Қаң 16, 2025

Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп…
Қаң 16, 2025

Түйінді түйіткілдер депутаттар…

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып…
Қаң 16, 2025

Алматы облысының аумағында «Крещение…

Қаңтардың 18-нен 19-на қараған түнінде православ қауымы «Крещения Господне» мейрамын атап…
Қаң 16, 2025

Есірткі өндірушілер 20 жылға дейін…

Қазақстан Республикасының Президентімен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл…
Қаң 11, 2025

Алматы облысында ұлттық жоба аясында…

Алматы облысында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 38…
Қаң 09, 2025

Этих лет не забыть никогда…

В завершение 2024 года была отмечена еще одна памятная дата: 25 декабря исполнилось 45…
Қаң 09, 2025

Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы

Осындай тақырыпта жуырда аудан әкімі Талғат Байеділовтің төрағалығымен Қазақстан Халқы…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет