Сейсенбі, 10 Қараша 2020 16:22

ТАБИҒАТҚА БІР ҚАДАМ ЖАҚЫНДАҢЫЗ

ТАБИҒАТҚА БІР ҚАДАМ ЖАҚЫНДАҢЫЗ Сурет интернеттен алынды

«Жаһандану», «болашақ», «күнкөріс» деген ұранмен тас қаланың тар жолында көпшілігіміздің өміріміз өтіп жатқаны рас. Таңертең жұмысқа, кешке үйге асығып жүгіретін аяқ астындағы сұр асфальттай айналамыз да сұрланып, көмескіленіп кеткендей көрінеді. Мұның бір себебі – Табиғат-Анадан алыстап бара жатқанымыз.

Өйткені табиғаттың тамашасына тамсана қарау да адам баласына әл-қуат береді. Адам жанын зерттеуші ғалымдар бұны талай мәрте дәлелдеген. Сондықтан күнделікті күйбең тірлікті бір сәтке ысырып қойып, таза ауамен тыныстап қайтуды әдетке айналдырыңыз. Күздің әдемі күнінің бірінде біз де дәл осы оймен Алматы мемлекеттік табиғи қорығына барып-қайттық. Табиғи қорықтың Табиғат кешендері мен нысандарын қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сайланұлы жол бастап, қорықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы Табиғат кешендері мен нысандарын қорғау бөлімінің басшысы Данияр Садуақасов

«Алматы мемлекеттік табиғи қорығының негізі сонау 1931 жылы қаланған. Ол кезде аумағы 13 гектар болған қорық қазірде 71 700 гектарға созылып, Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарын қамтып жатыр. Ең жоғарғы нүктесі – Талғар шыңы теңіз деңгейінен 4978,8 метр биіктікте орналасқан. Қорық таулы аймақта жатқандықтан мұнда биік таулы мореналық көлдер мен мұздықтар көп. Жалпы көлемі 233,7 шаршы шақырымды алатын 160  мұздық тіркелген. Олардың 49-ы Есік өзені бассейнінде. Сонымен қатар 30-ға жуық мореналық көл бар. Ең жоғарыда жатқан Түрген-1 көлі теңіз деңгейінен 3750 метр биікте. Ал көлемі жағынан ең үлкен мореналық көл – 3100 метр биіктегі  Ақкөл, көлемі – 3 млн. метр куб. Биік таулы мореналық көлдер мен мұздықтардың көптігінен бұл аймақта тасқын қаупі де жоғары», – дейді қорық қызметкері.

Тасқын демекші, 1963 жылғы селден кейін Есік көлінің бас жағында салынған бөгеттің тұсындағы шатқалда кезінде Кеңестің жартасқа өрмелеуші спортшылары жаттыққан екен. Мұнда Қызыл кітапқа енген шахин құсының ұя салғанын көргеннен кейін спортшылардың кіруіне шектеу қойылыпты.

 

Шахин

Қорық аумағында Қызыл кітапқа енген құстардан тек шахин емес, одан бөлек бүркіт, сақалтай, бидайық, орақтұмсық, құмай, үкі, көк құс, қара ләйлек, лашын, бақалтақ бүркіт те бар. Ал жалпы, құстың 117 түрі Алматы қорығын мекен етеді екен.

«Қорығымыздағы жабайы табиғи байлықтар жиынтығы ғылыми негізде зерттеліп, толықтай есепке алынған» деген Данияр Садуақасов: «Мұнда сүтқоректілердің – 39, бауырымен жорғалаушылардың – 7, қосмекенділердің – 1 және жәндіктердің 900-ден астам түрлері кездеседі. Хайуанаттардың 22 түрі Қызыл кітапқа енген», – дейді. Олардың ішінде ілбіс, ақ тырнақты Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, тас сусары бар.

Таутекелер

 

Қорықты мекендеуші жануарларға жылына екі мәрте, көктем мен күз мезгілдерінде санақ жүргізеді. Санақтың екі түрі болады екен. Бірі – аң-құсты көзбен көріп, есепке алу болса, екіншісі – олардың жүріп өткен ізін зерттей отырып жасалатын санақ. Кәсіби қорықшылар жануарлардың ізіне қарап, аталығы мен аналығын бір-бірінен оңай ажыратып қана қоймай, қай уақытта, қандай жағдайда өткенін де ашып айта алады. Біз өзен жағалауынан бір топ еліктің ізін көрдік. Құмға түскен із ап-анық екен. Ал қорықшылар аң-құстың ізін өсімдіктердің жапырылып, тапталуынан да, бұталардың майысып-сынуынан да байқай алады.

Территориясы талай жерді алып жатқан қорық өсімдік дүниесіне де бай. Мұнда қазіргі таңда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 960 және төменгі сатыдағы өсімдіктер мен саңырауқұлақтардың 480 түрі бар. Осылардың ішіндегі 14-і көне, 18-і эндемикалық, яғни жергілікті түрлер. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің 29 түрі мен саңырауқұлақтардың 1 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Әрине, мұның бәрін қорықты аралаған 2-3 сағатта кездестіре алмаймыз. Ал бұл олқылықтың орнын толтыру үшін экскурсияны Алматы қорығының табиғи мұражайынан бастауыңызға болады. Талғар ауданында орналасқан мұражай 1967 жылы 5 қарашада ашылған. Мұнда шөлді және таулы жер бедерлерінің сипаттамасымен берілген көріністен жануарлар мен өсімдіктер әлемімен, энтомологиялық жәшіктердегі жәндіктердің ғылыми жиынтықтарымен таныса аласыз. Сонымен қатар мұражайда 3000-ға жуық сұлбалар мен тұлыптар жиынтығы қойылған. Олар жайлы, әрі қорықтың тыныс-тіршілігі мен міндет-мақсаты туралы теориялық ақпарат алғаннан кейін экологиялық соқпаққа жол тартуға болады.

Есік көлінің жоғары жағындағы селден қорғау бөгеті

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында туризмге рұқсат жоқ. Дегенмен, оқыту-ағартушылық және ғылыми-танымдық экскурсиялар өткізу мақсатында экологиялық соқпақтар ұйымдастырылған. Қорық аумағында «Есік өзені», «Сол Талғар» және «Оң Талғар» деген 3 соқпақ бар. Олардың жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды. Арнайы белгіленген бұл жолмен жүріп өткен турситер құлама құздар, шатқалдар, қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты ормандардан өтеді. Әрі сол маңды мекендейтін еліктер, таутекелер мен ілбісті де байқап қалулары бек мүмкін.

Иә, бізді қоршаған табиғатты төрімізде тұрған теледидардан емес, айналамыздан, тірідей бақылап көргенге не жетсін. Әрі демалып, әрі табиғат туралы таным-түйсігімізді арттырып қайтамыз.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Оқылды 2735 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…
Нау 29, 2024

Межелер пысықталып, жоспарлар…

Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы…
Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет