Сейсенбі, 08 Маусым 2021 09:27

Тауға қарап бой түзеген азамат

 

 

1977 жылдың күзі. Жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, алматыдағы жаңа жағдайға көптен бері қол үзіп кеткен оқу процесіне, қайта басталған «студенттік» тіршілік-тынысқа бой үйрете бастаған кез еді. Сабақ бітіп, түскі астан кейін жатақхана бөлмелерінде бір сәтке тыныштық орнай қалады. Мен де төсекке жантая бергенімде есік қағылып, бөлмеге сұңғақ бойлы аққұбаша жігіт кіріп келді. Амандық-саулықтан кейін-ақ «Әбілбек сенбісің? Оқуға түсуіңмен, бауырым», – деп құшағын жайды. Екеуміз де ежелден таныс жандардай бірден әңгіме-дүкен құрып кеттік.

Бекболат Батталханов та осы жылғы жазда Партия мектебін бітіріп, Талғар аудандық партия комитетіне қызметке орналасыпты. Екеуміздің сөзіміз жарасып, ниет, тілегіміз ұштасып, бауырмал достығымыз тамыр жайып осы күнге дейін жалғасып жатқан жайы бар.

Партия мектебіндегі айналдырған екі жыл көзді ашып жұмғанша өте шықты. Бекболат осы аралықта өзінің араласып-құраласып жүрген ең жақын деген жолдас-жораларының бірсыпырасымен мені таныстырып шықты. Солардың бірі және бірегейі Хамза Сүлейменов – Қапыкең болатын.

Қапыкеңмен де екеуміздің төрт-бес жас айырмашылығымызға қарамай тез тіл табысып, араласып жүре келе жолдас, дос болып кеттік. Ол қатарластарымен бас қоса қалған жерлерде орысша-қазақшасын араластырып әңгімені қыздырып, қой бастаған серкедей жиналғандарды аузына қаратады.

Қапыкең 1979 жылдары Талғар ауданының Тамеровский атындағы алдыңғы қатарлы кеңшарында партком хатшысы, ал мен Нарынқол ауданындағы атағы белгілі Ленин атындағы колхозда партия қызметінде едім. Екеуміз облыстық партия комитетінің пленумдарында, семинарларында кездесіп, жұмыс жайымызды ортаға салып, қарым-қатынасымызды шалғайда жүрсек те үзбедік.

1983 жылдың жазында облыстық партия комитетінің келісімімен Шелек ауданына қызметке ауыстым. Мен еңбек еткен Масақ ауылында Қапыкеңнің нағашысы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауылдың құрметті қарияларының бірі Әбдібай Тоқмолдаев тұрады екен. Әбекеңнің үйіндегі той қуанышының бірінде тағы құшақ жая сағынысып кездестік.

Хамза Әрімжанұлы бұл жылдары облысқа танымал, біліктілігі жоғары партком хатшыларының бірі атанған. Олай дейтінім, Қапыкең Қазақстан Компартиясының съезіне делегат болып қатынасып, Орталық Комитеттің  Пленум мүшесі болып сайланып үлкен құрметке ие болды. Бұдан соң КПСС Орталық Комитетінің съезіне делегат болып сайланып, беделі өсе түсті. Қарапайым партия хатшысының мұндай жоғарғы дәрежеге жетуі ол заманда сирек кездесетін жағдайды. Қапыкең қызметтік сатылармен биікке көтерілсе де өзінің азаматтық келбетінен, қарапайымдылығынан, достарына деген жүрек жарды ақкөңіл мінезінен айнымады. Жол түсіп Талғарға үйіне бара қалсаң есігі ашық, дастарханы жаюлы, күлімдеп  қарсы алған Раушан мен Қапыкеңді көресің. Ол кезде әлі бала Мараты мен Қанатын өбектеп, еркелеткен, раушан гүлдей жайнаған Раушанымен қайраты тасыған Қапыкеңнің ғашық көзімен қараған шатшадыман бақытты отбасының қуанышты тіршілігін көріп риза боласың, сүйсінесің.

Тағдыр бізді бір-бірімізден қол үзбесін деді ме, достығы жараса түссін деп шешті ме өмір жолымызды түйістіре берді. Бұған жаратқан иемізге мың да бір ризамын. Мақтау-мадағымды айтамын.

1986 жылдың Желтоқсан оқиғасының тұсында Х.Сүлейменов Алматы облыстық партия комитетінің қаулысымен Шелек ауданының Асы кеңшарына директор болып тағайындалды. Мен де 1987 жылдың көктемінде аудандық «Еңбек туы» газетіне бас редактор болып бекітілдім. Шаруашылықтың жай-күйімен танысқан Қапыкеңнің кеңшардағы жұмыстың барысына көңілі толмағаны бірден байқалатын. Ашық мінезді, көңіліне келгенін бүкпесіз айта салатын. Оның осынау «орыс» мінезді қалпы біреуге ұнаса, біреуге ұнамай жататын. «Здесь нужно все по новому организовывать», – деп орысшасына, тік мінезіне басып бар жоспарын мамандарының алдына жайып салатын, оның орындалуын қатаң бақылайтын.Оған «балабақша ғимараты бос тұр, соған көшіп келіп үйге ыңғайлап алыңыз», – деп ұсыныс та айтылған. «Жоқ, олай болмайды. Балалардың болашағын ұмытпау керек. Балабақшаны жөндеп үйде отырған әйелдерге жағдай жасап оны халық игілігіне жарату керек қой», – деп ұсынысты қабылдамай тастаған еді. «Маған екі-үш бөлмелі шағын үй де жетеді», – деп шешіп кеңшарда жұмыс істеген жылдары бірінші кезекте жұмысшылардың әл-ауқатын, тұрмыс-жағдайын жақсартуға көңіл бөлді. Мектепті жөндеді, монша, тіпті товарлы сүт фермасына сауна салдырды. Ауылдың су, жылу жүйелерін жаңғырта бастады. Жекешелендіру науқаны бастала бергенде еңбек ұйымдастырудың озық тәсілдеріне жүгініп жұмысты жаңа арнаға бұрды. Соның нәтижесінде шаруашылықтың экономикасы күрт өсті, жұмысшылардың табысы ұлғайды. Сол сияқты кадрларды іріктеп, орналастыруға, әсіресе, өз мамандығын жетік меңгерген білімді жастарды жұмысқа тартып, оларға жетекші салаларды басқаруды сеніп тапсырды. Бұл күндері ауданымыздың басшы қызметтерінде жүрген Алтай, Сәкен және тағы басқа азаматтар Қапыкеңнің тәрбие, өткендер. Мәселен, кеше ғана институттың дипломын қолына алған Алтай сынды бала жасты өз шешімінен қайтпай жоғары лауазымды қызметтерге бірден тағайындауы оның жасқа сенгендігі, әрі батылдығы демеске болмайды. Қапыкеңнің сол жылдары басшылық жүйесінде қалыптасқан шаблонды бұзуы кеңшардың экономикалық жетістіктерін көре алмаған кейбір жандардың кеудесіне қызғаныш отын тұтатты. Түрлі жел сөздерді таратты. Қалыптаса бастаған осындай күрделі ахуалға қарамай Қапыкең де өзі ұстанған жолынан таймай, ақиқаттан айнымай алға жүре берді.

Ауданда жиналыс болады дегенде Қапыкең «үйіңе келемін», – деп алдын ала хабар жіберетін. Шәй ішіп болған соң Аят деген кенже баламды еркелетіп онымен ойнап, көңілін жайландыратын. Одан кейін ойын ортаға салатын. «Жиналыста міндетті түрде мені де орнымнан көтереді, сөз береді. Мына мәселелерді қазақшалап қалай баяндағаным дұрыс болады?». Орыс тілді ортада өсіп сонда қызмет атқарған оған қанша тырысқанымен ана тілінде ойын жеткізу қиынырақ соғатын. «Әр аумақтың, әр ортаның ежелден қалыптасқан өзінің үрдісі, өзінің психологиялық жүйесі болады. Оны бұзамын деп көп адамдардың басы тасқа шағылған. Сен «орысша» мінезіңді сәл қойып өзіңе айтылған сынға шыдамдылық, ұстамдылық танытқаның дұрыс. Олай дегенім бас ие бер деген сөз емес. Заман, уақыт өзгереді, бірте-бірте бәрі орнына келеді. Шаруашылықтағы жұмысыңды дұрыстап жүргізсең сені жау алмайды. Айтылған сынды түзеймін дегін. Әңгіме осымен бітеді», – деп мен де өз пікірімді айтқан боламын. Дипломатияға бағыттаймын. Ол «мақұл» дегендей бас изейді.

Жиналыстарда сөз берген соң мінбеге шыққан Қапыкең анда-санда қолын сілтеп қойып шаруашылықтағы жұмыс барысын білген қазақшасымен баяндап шығады. Өзіне қойылған бір-екі сұрақтан кейін ақ өзінің мінезіне басып «почему у нас так не делается?», – деп аудан басшыларының кейбіреуін сұраққа ала бастайды. Мұндай бетбұрыс кімге ұнай қойсын. Қапыкеңнің ортақ істі жақсарту жөніндегі жүрегінен шыққан ақ тілегі, пікірі өзара түсіністік таппай қайшылыққа ұласып жататын.

Жиналыстан шыққан соң «Қапыке, сөзің басқа жаққа ауып кеттің ғой», – «десек: «Да, ну, ішіме сыймай кетті. Мейлі», – деп қасқайып қайтпайтын.

2021 жылдың қаңтарында егемін елімізде парламент мәжілісінің сайлауы өтті. Жаңа парламент сайланды. Үкімет басшысын бекітуді дауысқа салғанда «Ақжол» және «Халық» партия өкілдері дауыс беруден қалыс қалды. Бұл да демократия көрінісі саяси өміріміздегі бұрын-соңды болмаған оқиға емес пе? Советтік кезеңде қарсы дауыс берудің соңы аянышты жағдаймен бітер еді ғой. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндай дауыс беруді ерекше бір кемшілікке баламады. «Бұл да елімізді нығайту, ортақ істі жақсарту жолындағы жаңа бағыт», – деп тұжырым жасады. Міне, Х.Сүлейменовтың сол кезде шыдамай айтқандары да бүгінгі күннің өлшемімен алсақ, шаруашылықтағы жұмысты жақсарту үшін жүректен шыққан жан айқайы, әрі қалыптаса бастаған жаңа көзқарастың өркені іспеттес деуге келеді.

Мен білетін Қапыкең таныстығымызға, бірге жүргенімізге жарты ғасырға жуықтаса да бәз-баяғы жас кезіндегідей. Тек бұрынғыдай емес арыны сәл басылып, орысшасы бәсеңдеп қазақшаға ден қойған. Мақалдап, мәнерлеп сөз сөйлегенде, әңгіме айтқанда ешкімге дес бермейді. Зейнеткерлікке жетіп сексеннің биігінен шықса да жүрісі ширақ, бойын тік ұстайды, ойы анық. Мен Қапыкеңді «нағыз білгір құрылысшы», – деп айтатынмын. Танысқалы бері қашан көрсең де бір сәтте қол қусырып жайбарақат қарап отырғанын көрген емеспін. Талғардағы Гагарин көшесіндегі әкеден мұра болып қалған үйін жылма-жыл әр жерін әрлеп, жаңартып жөндеп жатады. Үй айналасы бау-бақша, бәрі ретті, айнала көздің жауын алады. Жаңа қонысқа көшкелі бері де жұмысы екі есе көбейгендей. Мұнда да құрылыс жұмысы жыл он екі ай қызып жатыр. Келсең болды «Жүр, не салып, не жасап жатқанымды көрсетейін», – деп үй-жайына экскурсия жасатып аралатады. Көріп, қуанамын.

Бұл күндері Сүлейменовтердің отбасы өсіп, өнген, бақытты, шаттықты отбасының бірі. Әркез жұмыс-жұмыс деп тыным таппайтын, демалыс көрмейтін, жас балаша күтімге үйренген Қапыкеңнің көңілін тауып, дегенін жасап жүрген оның сүйікті жары Раушанның еңбегі ұшан-теңіз. Балаға ана тәрбиесі деген ерекше ғой, орны бөлек. Екеуі де ұл, қыздарына жақсы тағылым беріп, білім алуына, қоғамымыздың белсенді азаматтары болып қалыптасуына бар жағдайын жасай білді, жол көрсетті. Бүгін Қанат пен Маратынан, Адила қызынан немере сүйіп оларды аялап өсіріп отырған қадірлі ата мен әжеге айналды. Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер демекші, олардың өнегелі ұл мен ибалы қыз болып өскені бабаларымыздың осылай деп тектен тек айтпағанына анық дәлел.

Қапыкеңнің өзі де, бірге жүрген үзеңгілес азаматтары да арада қанша жыл өтсе де бір-бірінен қол үзбей достық, бауырмалдық, сыйластық туын жоғары көтеріп келеді. Бекболат, Сәкен, Сағатбек, Чапай және тағы басқалары – барлығы бас қосы қалса бірін-бірі жылдап көрмегендей сағынысып қауышып жатқаны. Әзіл қалжыңдары жарасып, үйді думанға толтырып, орталарына нұр-шуақ шашады. Әндерін шырқап, махаббат қызық мол болған өткен жылдарды еске алып, болашаққа көз тастайды. Жандарында отырған айдай көркем жарларына арқа сүйеп, жұмсақ қолдарын сыйпап, бір-біріне деген жүректерінің дүрсілін сездіріп, айнымас сезімдерін жеткізіп отырады.

Шынайы достық дегенді қадірлей білген, ыстықта да, суықта да бір-бірінің қастарынан табылған, қиыншылықтарын бірге арқалап, қуаныштарын бірге бөліскен ертұлғалы жандардың өмір жолынан жастардың алар өнегесі көп ақ дер едім.

Талғар – жер жәннаты Жетісудың қазыналы, шұрайлы, шырайлы керемет бір аумағы. Қазақ елінің бұрыңғы мол тарихын қойнауына жасырып жатқан қасиетті өлке. Заңғар Алатаудың етегін көздің жауын алатын жасыл-көк шыршалар, аққайың, терек, тау, сан түрлі басқа ағаштар мен өсімдіктер әлемі көмкеріп, қалы кілемдей жайнатып жіберген. Қар басқан Алатаудың аспанмен ұштасқан найза шыңдары мен мұндалап қол бұлғағандай болады. Қапыкең болса немерелерін жірдек көлігіне отырғызып алып, туған жерінің осынау сұлу, көркем табиғатының аясына барып тыныс алуға, оны тамашалуға бет алып бара жатыр. Өмірінің жалғасы, отбасының қуанышы немерелерінің өсіп келе жатқанына көңілі толып барлық ауыртпалықтарды ұмытқандай болады. Шашын қырау шала бастаса да кәрілікке бой алдырмаған, жаны да, тәні де әлі жас қалпында. Бір шөкім бұлт жоқ көгілдір зеңгірде қалықтаған қырандай алға самғап келеді. Немерелерінің дабырын, риясыз бал күлкісін естіген сайын жаны жай табады, ерекше ыстық сезімге бөленеді. Алатаудың маңғаз биіктеріндей, бел-белестеріндей сабырлықалыпқа түсіп көңілі қуанышқа толып жүзі нұрлана түседі.

Тау жолы бұралаң, Маралды сайға жетуге де  тақау қалыпты. Осы қалпыңнан таймай отбасыңмен, немерелеріңмен бірге қол ұстасып қырандай самғап, лайым биікке өрлей бер, досым Қапыке!

Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,

Райымбек және Еңбекшіқазақ

ауданының Құрметті азаматы

Оқылды 7494 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Қыздан қылық, ұлдан ұят кетсе Кумирің кім, балақай? »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет