Бейсенбі, 21 Қазан 2021 16:08

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»

Қазақтың ұлы Абайы:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең...» – деп өлеңнің адам өміріндегі, қазақ тұрмыс салтындағы орнын екі-ақ жолға сыйғызып берді.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы – деп өлеңнің сөз өнеріндегі орнын сол өлеңнің төрт жолымен айқындады.

Өнерге, оның ішінде өлеңге қазақтың қаншалықты жақын болғанын, бүгінгі күні  сүйінсе де, күйінсе де өлеңге жүгінетінін халқымыздың «әу» деп, «мәу» деп өлең айтпағаны жоқ» деген мәтелі де айтып тұр.

Бірақ дана Абайымыз:

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

...Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы – деп қатаң талап қойды сөз өнерінің асылы – өлеңге, осы өнерге бет қойған «ер данасына», «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген әр қазақ баласына.

Халық әні деп аталып кеткен «Елім-айдың» сөздеріне үңіліп көрейікші:

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді».

Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ұлт басына үйірілген қара бұлтты трагедияны екі жол өлең жолдарымен жеткізген сол Абай айтқан «ер данасы» қазақтың аты ұмытылған қара баласы. Өлең ән болып, авторы халық болып еліміздің жадында қалды.

Ол заманнан бергі Мағжан Жұмабаевтың, одан да бергі кеше ғана тоқсанын ел болып атап өткен замандасымыз Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің әр сөзі ел жадында жатталып қалған жоқ па? Жақсы сөз, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді деген тәмсіл бар. Белгілі ақын дәрежесіне жеткен жолдасым: «Алдымен ойыма толғандырар тақырып келеді. Сонан кейін айлар бойы сөз таңдап, сараптап, қағаз бетіне түсірем. Ол түскен жолдарды өңдеп, үш-төрт рет түзеп-күзеп, редакциялап, машинкаға басамын. Әлбетте әр ақынның өз жұмыс стилі, өз әдістері бар емес пе? Суырыпсалма ақындар да болған, қазір де бар. Көп жылдар бойы араласып, шығармашылығын дәріптеп, білдірмей көз қиығымен ғана қарап, ренжітпей ақындық жұмысын бақылап ой түйген Тұмаш аға – Тұманбай Молдағалиевтің әңгімелесіп отырып, ойланып қалатынын, сол ой үстінде жыр жолдарын жадына сақтап, ертесіне ел шырт ұйқыда жатқанда қағазға түсіріп, әр сөзіне, үтір нүктесіне дейін түзеп барып, баспаға беретінін білетін едім.

Ал осы Тұманбай ақын әр кезде: «...Менің балаң-жырларыма алғаш батасын берген осы Еркеш болатын» – деп, «Асыл аға, ақын бауыр, дос Ереке» деп аузынан тастамай айтып жүретін көкшелік ақын Еркеш Ибраһимнің Мәскеуден келген майдангер орыс ақынның өтінішімен менің әкем Қасымның шаңырағында дәмдес болып отырып, қазақтың ұлттық сусыны қымыздың бірінші рет дәмін татып, қатты ұнатып қалғанын айтып Еркеш Ибрагимнен үш-төрт жол қымыз туралы өлең жазып беруін өтініп еді. Еркеш аға қымыз туралы өлеңді сол жерде, дастархан басында отырып-ақ жазып қана қойған жоқ, әр жолын орысшаға аударып (подстрочник дейді ол тәржіманы), Сергей Никитинге ұсынды. Ол Сергей аз ғана уақыт мұрсат сұрап, айналасы 20-30 минут ішінде 4-5 шумақ қымыз туралы өлеңді оқып та берді. Есімде қалғаны:

«...Непорочная брага степей

Белопенный кумыс...» деген жолдары ғана. Ішімдік жайлаған көрші Ресей елінде қанттан, қызылшадан «брага» деген ішімдік ашытады да, одан «самогон» деген пәлені өндіреді. Міне, «непорочная брага степей» дегені Еркеш ақынның күнәдан пәк, қазірше айтсақ, халал, адал ас-сусынды талантты орыс ақыны екі-ақ жолмен суреттегені есімде. (Толық мәтінін өкінішке қарай таппадым, одан бері 55 жыл өтіпті.)

«Өлеңге әкімнің-ақ бар таласы» деп Абай жай ғана айта салған жоқ. Шүкіршілік екі өңір қосылып, Еңбекшіқазақ деген үлкен аумақты құрап отырған ауданымызда бастауыш сынып оқушыларынан бастап алпыс-жетпістен асқан қарияларға дейін қалам ұстап, компьютерге үңіліп, ырғақтың ығында, ұйқастың уысында отырып өлеңге қол сермейтін авторларымыз аз емес. Аудан тұрғыны, сол авторлардың бірі С.Е. атты азаматтың әкеліп тапсырған өлеңдерін өңдеу қиынға түсті. Кәсіби ақынның алдынан өтті ол өлеңдер. «Түзеуге, өңдеуге келмейді» деді ақын. Газеттің редакторы ретінде, шығармашылықты қолдайтын басшы ретінде ол кісінің туған еліне, өсіп-жетілген ауылына деген сезімін бағалай отырып, алдымен туған өлкені, замандастарыңызды қара сөзбен-ақ әсерлеп суреттеп беріңізші деп өтіндім. Бірақ көне қоятын автор болмаған соң, осы әдебиет бетіне еш өңдеусіз қаз-қалпында беруге шешім қабылдадым. Бағасын білікті, көзі қарақты оқырман бере жатар. Егер қажет деп тапса... 

 

 

Х.ҚАСЫМҰЛЫ.

Оқылды 10410 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 28, 2026

Конституция – құқықтық кепіл және…

Ұсынылып отырған түзетулер Конституцияны тек құқықтық құжат қана емес, азаматтардың…
Қаң 28, 2026

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі

Президенттің, Вице-Президенттің және Кұрұлтайдың өкілеттіктерін нақтылау мемлекеттік…
Қаң 28, 2026

Халық кеңесі және азаматтық қоғам

Халық кеңесінің құрылуы жаңа консультативтік орган ретінде халық мүддесін қорғайтын заң…
Қаң 28, 2026

Заң шығару процесін жаңарту

Кұрұлтай мен Парламенттің өкілеттіктерін жаңарту, заң шығару бастамасын кеңейту және…
Қаң 28, 2026

Сот билігінің тәуелсіздігі

Сот билігінің тәуелсіздігін күшейту, сот өндірісін әртараптандыру және адвокатураның…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет