Бейсенбі, 19 Қаңтар 2023 15:36

ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫ ҚАЛАЙ КӨПЭТНОСТЫ БОЛДЫ?

Еңбекшіқазақ ауданында ардагерлердің үлкен бас қосуы өтті. Аудан әкімі Алтай Досумбаев жиналған екі жүзден астам адам алдында ізгі лебізін білдірді, өткен жылдың жетістіктерін тілге тиек етіп, ауданның алда тұрған міндеттерін баяндап берді. Оған тоқталмаймын. Мені басқа тақырып қызықтырады.

Ауданда бүгінгі таңда 350 мыңнан астам адам тұрады. Мұның қаншалықты үлкендігін мынадан аңғаруға болады. Маңғыстау облысында 700 мың адам тұрса, бұл соның тап жартысы деген сөз. Алматы облысының Балқаш ауданында 32 мың халық тұрады екен. Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы тек ардагерлердің саны тап сондай – 32 мың!

Ауданда қазақтан басқа 40-тан астам ұлт өкілдері тұрады. Солардың тату-тәтті тіршілігінің сыры неде? Достықтың бастауы қайда жатыр?

1850 жылы бұл өңірде қазақтардан басқа ешкім тұрмайтын. Одан ілкіде жүз елу жылдай уақытқа созылған жоңғар шапқыншылығы кезінде тек қазақ қолы ғана ешкімнің көмегінсіз атамекенді жаудан тазартқан. Бұл өңірдің тарихы Алматы, Талғар қалаларымен тығыз байланысты.

1854 жылы Қапалдан шығып, Түрген өзенін бойлап Есіктіге, одан Алматыға жеткен майор Премышльскийдің отрядында 470 орыс болыпты. Олар Алатаудың етегінде, үш Алматы сағасында бекініс салар алдында жоғары жаққа: «Егіншілік алқаптары мен арықтары көп Дулаттардың жері енді біздің еншімізге тиді» – деп рапорт жазыпты. Шынымен де Алматы, Талғар, Есікті өңірі ол шақта Дулаттың Жаныстарының мекені болатын.

Алматы қонысы ол кезде қазіргі «Горный гигант» мекенінің орнында екен. Ол кезде Алматыны Жаныс Жанақ би деген кісі басқарған. Казак-орыстар мен жергілікті қазақтардың арасында он жылға жуық қақтығыстар орын алып жатты. Басшылыққа полковник Герасим Алексеевич Колпаковский келген соң ғана мұндай қақтығыстар бәсеңсіді. Ол осы өңірді мекендейтін Жаныс, Ботбай, Шапырашты, Ысты, Қаңлы, Сарыүйсін, Албан тайпаларының билерін шақырып, сый-сияпат жасап, достық байланыс орнатыпты. Кейін ақ патшаның жарлығымен Алматы – «Верный» аталып, Талғар – «Софийск», Есікті – «Надеждинск» деп аталып, отарлау саясаты күшіне енген.

Орыстардан кейін бұл өңірге алдымен келген – татарлар. 1857 жылы Семейден 200 түтін татар отбасы көшіп келеді. Оларға Қазына бағының (казенный сад) шығыс жағынан жер беріледі. Ол жер әлі күнге Алматыда Татарка (татарская слабодка) деп аталады. Олардың бірқатары Есіктіге көшіп келеді.

1881 жылы Қытай мен Ресей арасында Петербург келісімі жасалған соң орыс әскері басып алып он жыл билеген Шынжаң (Шарқи Түркістан) өлкесі Қытайға қайтарылады. Соның алдында Цин империясына қарсы көтеріліске шыққан тараншы (ол кезде ұйғырлар солай аталған) және дұнғандардың (мұсылман дінін қабылдаған қытайлар) бір бөлігі жазалаудан қорқып Жетісу жеріне қоныс аударуға рұқсат сұрайды. Ол кезде генерал-губернатор атағын алған Г.А.Колпаковский рұқсат береді.

Сөйтіп 1881-1884 жылдар арасында 9572 отбасы (45373 жан) ұйғыр, Бый Янь Ху бастаған 1147 отбасы (4682 жан) дұңған Жетісу жеріне көшіп келеді. Олар қазіргі Жәркенд жеріне (Жәркент болысы), Ұйғыр ауданына (Кетмен және Ақсу-Шарын болыстары), Еңбекшіқазақ ауданының Шелек өңіріне (Малыбай болысы), Алматы түбіне Сұлтан-қорған (Қарасу болысы) қоныстандырылады.

Дұңғандардың бір бөлігі қырғыз жеріне, бір бөлігі Қордай маңына, бір бөлігі Шелек өңірінде Бабатоған деген жерге тұрақтап, диқаншылықпен  айналысыпты. Милянфан аталған ауыл әлі күнге дейін бар.

Столыпин реакциясы кезінде (1906-1910 ж.ж.) бүкіл қазақ жеріне, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы аумағына украиндармен қоса қарашекпенділер қаптады.

Кеңес өкіметі орнаған кейінгі жылдарда армян, еврей сияқты түрлі ұлттардың өкілдері бірен-сарандап келіп жатты. 1937 жылы қыркүйекте Совнаркомның қаулысымен Қиыр Шығыстан 173 мың кәріс Өзбекстан мен Қазақстанға жер аударылды. Барған жерінде күріш өсірумен айналысты. Сол кәрістердің бірқатары кейін Еңбекшіқазақ ауданынан тұрақ тапты.

1940 жылы 10 сәуірдегі арнайы қаулы бойынша шекараға жақын тұрған Батыс Украина мен Белорусиядан 60 мыңнан астам поляк Қазақстанға жер аударылды. Сөйтіп поляктар Еңбекшіқазақ ауданында да пайда болды.

1941 жылы 28 тамызда шығарылған «Немістерді жер аудару туралы» қаулыға сәйкес Еділ жағалауын мекендейтін 480 мың неміс Қазақстан мен Сібірге жер аударылды. Олардың шағын бір бөлігі Еңбекшіқазақ ауданының колхоздарына таратылып қоныстандырылды.

1944 жылы Сталиннің тапсырмасымен Гүржістаннан ақыска-түріктері, Кавказдан шешендер мен әзірбайжандар, күрдтер Қазақстанға жер аударылды.

Жергілікті қазақ халқы тағдыр айдап келген сол ұлт өкілдерінің бәрін кең құшағына алды. Кеудесінен итерген жоқ, қамқорлық жасады. Өздерінің қиын жағдайда екендігіне қарамастан қолынан келгенше көмек жасады, бір тілім нанын бөліп жесті. Шынайы достықтың бастауы – қазақ халқының достық пейілі, қазақ халқының сабыры, төзімділігі, толеранттылығы.

Міне, осылай Еңбекшіқазақ ауданы көпэтносты ауданға айналды. Қазір аудан халқының 60 пайызын қазақтар, 18 пайызын ұйғырлар, 13 пайызын орыстар, 5 пайызын түріктер, 3 пайыздайын әзірбайжандар мен күрдтер құрайды. Бәрі ортақ Отаны үшін, ортақ Қазақстаны үшін еңбек етіп жүр. Көпшілігі мемлекеттік тіл –  қазақ тілінде сайрап тұр. Біз олардың құрметін жоғары бағалаймыз.

Бізге, қазақ халқы үшін әрбір ұйғыр, әрбір түрік, әрбір кәріс, әрбір украин, әрбір әзірбайжан, әрбір күрд қымбат. «Жаңа Қазақстан» – біздің ортақ мақсатымыз! Біз ортақ игіліктерді бірге жасаймыз! Біз – біргеміз!

Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ (ТОҚАШБАЕВ),

жазушы-публицист.

Оқылды 18120 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 04, 2025

Сыбайлас жемқорлық түсінігі және…

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің тұрақты дамуына, қоғамдық қатынастардың ашықтығы мен…
Желт 04, 2025

Пиротехникалық бұйымдардың…

Пиротехникалық бұйымдарды (фейерверктер, отшашулар, жарық беру және дыбыстық эффектілер…
Желт 04, 2025

Неліктен ұнды фортификациялау маңызды

Халықтың денсаулығы мен тамақтану сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық…
Желт 04, 2025

Стоматологиялық ауруханаішілік…

Ауруханаішілік инфекцияларды әртүрлі микроорганизмдер тудыруы мүмкін. Оның ішінде…
Желт 04, 2025

«1 желтоқсан - АИТВ инфекциясына…

АИТВ - бұл адам ағзасының жасушаларына енетін және оны түрлі инфекциялардан қорғайтын…
Қар 26, 2025

Күймен өрілген ғұмыр

Нұра ауылында қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, Жетісу өңірінің күйшісі Омархан…
Қар 26, 2025

Бір тіл – бір әлем

Әр адам өзінің өмір жолын немен байланыстыратыны тек өз еркінде. Алдына мақсат қойып,…
Қар 26, 2025

Чемпиондық рух

 Саламатты өмір салты - адамның басты байлығы – денсаулықты күтуге, дұрыс өмір сүруге…
Қар 24, 2025

Ауыз су сапасына қойылатын талаптар

 Адам өмірінің басты тіршілік көзі — су. Су адам ағзасының шамамен 60–70%-ын құрайды және…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет