Балаларды емшектен ерте шығарған дұрыс па? Жалпы, баланы қанша уақыт емізу керек? Ұзақ емізудің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Ел арасында бұл сұрақтардың сан түрлі жауабын естуге болады. Кейде тәжірибелі мамандар мен жылдар бойы жан-жақты зерттеу жүргізген ғалымдардың да ойлары бір жерден шықпай жатады.
Десе де, көпшілік ұзақ уақыт емген сәбилердің денсаулықтары мықты болатынын тілге тиек етеді. Сондай-ақ ана сүтіне тойып өскен балалардың ақыл-ойы жақсы дамиды екен. Ата-бабамыз әлсіз, әлжуаз балаларды «уызға жарымаған» деп жатуы да бекер емес. «Емшектен ерте шығару дұрыс па? Ұзақ уақыт емізудің бала мен ана денсаулығына қандай әсері бар?» деген сұрақтар төңірегінде әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі зерттеу жұмыстары жылдап жүргізіліп келеді. Емшектегі балаларды 0-6 ай, 6-12 ай, 12-18 ай және 18-24+ ай деп емген уақытына қарай топ-топқа бөле отырып, олардың жалпы дамуын: ақыл-ойы, дене бітімі, денсаулығы, сана-сезімі, жүйке жүйесін бақылағанда ең жақсы көрсеткіштерді ұзақ уақыт емгендері көрсеткен екен. Олардың IQ деңгейі де жоғары болған. Тиісінше, аз емген балалар әлсіз, түрлі ауруларға бейім болып шыққан. Зерттеу бойынша бұл балалар асқазан-ішек аурулары, тыныс жолдары аурулары, ұмытшақтық, диабет, жүрек аурулары, ас қорыту, несеп жолдары аурулары және тағы басқа ауруларға бейім келетін көрінеді.
Бала емізуге байланысты ел арасында тараған жалған сөздер көпшілік. Соларға тоқталып өтсек:
«Сүттің құнары болмайды». Бала бір жастан асқаннан кейін ана сүтінің құнары болмай қалады деу – нағыз жалған сөз. Шын мәнінде, сүттің құрамы еш өзгермейді. Ондағы май, ақуыз, ферменттер сәбиіңіз үшін бұрынғысынша дәрумендер мен микроэлементтердің негізгі көзі болып қала бермек. Және уақыт өткен сайын олардың қуаты одан ары артып, балаңыздың түрлі аллергиялық ауруларды жұқтыру қаупін бәсеңдетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) баланы 1,5-2 жасқа дейін емшектен шығармау керектігін, мүмкін болса, одан да ұзақ емізу керектігін айтып келеді. Баланы бір жасқа дейін емізу – лактация кезеңінің физиологиялық аяқталуы дегенді білдірмейді. Сондықтан сәбиіңізді омыраудан ерте шығара отырып, өзіңіздің де, балаңыздың да денсаулығына кері әсерін тигізесіз.
«Баланың тамаққа тәбеті болмайды». Бір жасқа толған баланы емізіп жүрсеңіз, «Омыраудағы баланың тамаққа тәбеті болмайды. Балаң содан болып азып кеткен» деген пікірлерді естіген шығарсыз. Ендеше, мамандар бұл сөздің де жалған екенін ескертеді. Бастапқы жылдары тамақты аз ішетін балалар да болады ғой. Осыны ескермей, кейбір жас аналар сәбиін омыраудан шығаруын шығарып алып, оған не тамақ жегізе алмай әуреге түсіп жүреді. Сондықтан баланың тамаққа тәбетін оятуын ойлап, қандай тағамдарды жақсы жейтінін байқап көріңіз. Ал балаңыз омырау еміп, аз тамақтанса да көңіл күйі көтеріңкі, денсаулығы жақсы, салмағы мен бойы бір-біріне сай болса, онда алаңдаудың қажеті жоқ.
«Тіс жегісінің пайда болу қаупі жоғарлайды». «Ұзақ уақыт, әсіресе, түнгі уақытта емшек ему тіс жегісінің пайда болуына әкеледі» деу де негізсіз. Бала емгенде емшектің ұшы таңдай шымылдығы (жұмсақ таңдай) тұсында болады және оны сорғанда сүт бірден тамаққа өтеді. Яғни сүтті ауыз қуысында көп ұстап тұрмайды. Табиғатта тек ананың сүтiнде ғана кездесетін лактоферрин мен иммуноглобулиндер, керісінше, кариестің алдын алуға сеп болмақ. Сондай-ақ баланы емшектен шығарып, ана сүтінің орнына беретін түрлі сусындар, тәттілер қосылған жеміс шырындары тіске мол зиянын тигізеді. Мұны қалай ұмытып кетпекпіз?!
«Емшекке үйренген бала енжар болып өседі». Бұл – Зигмунд Фрейд жұмыстары кезіндегі жалған болжам. Оның ойынша, емшекке үйренген бала өздігімен қимыл-қозғалысқа келмей, анасына тәуелді болып қалады. Ал бүгінгі психологтар, керісінше, ұзақ уақыт ему бала мен ана арасындағы байланысты арттырып, оларды барынша жақындата түсетінін айтады. Сондай-ақ ананың құшағындағы бала эмоцияларын анық білдіруді үйренеді, белсенділігі артады, мейірімге, ана махаббатына бөленіп, оның көңіл күйі де көтеріңкі болады.
«Ана денсаулығы мен мүсініне кері әсерін тигізеді». Мұны да жалған сөздердің қатарына кіргізуге әбден болады. Біріншіден, бала туғаннан кейін емізуді ерте бастау жатырдың тартылуына ықпал ете отырып, босанғаннан кейінгі қан кетуді азайтады, сол арқылы ана өлімін төмендетеді, гемоглобин қорын сақтайды. Балаға қосымша тамақ берілгенге дейін, яғни тек емшек емген 6 айға дейінгі кезде жүктіліктен сақтайды. Климактериялық кезең алдында кеуде және аналық бездер обыры қаупін азайтады.
Ал мүсінге келер болсақ, ел арасында тараған «Ұзақ уақыт емізгеннен омырауың салбырап, құр сүлдері қалады» деу де дұрыс емес. Омыраудың пішіні емізгеннен емес, одан бұрын, жүкті болған уақытыңызда-ақ өзгереді. Америкалық ғалымдар балалы болған әйелдер арасында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оның қорытындысы баласы емшектегі әйелдер мен мүлде емізбеген әйелдердің де омырауларының пішіні бірдей өзгергенін көрсетіп отыр. Ендеше, мүсініңіздің бұзылуын балаңыздан көрудің еш қисыны жоқ. Одан да төсіңіз ойыңыздағыдай болуы үшін түрлі жаттығулар жасағаныңыз жөн.
Ана сүтінің құрамы
Ана сүті – өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Оны ешбір сүт қоспасы алмастыра алмайды. Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Ана сүтінің құрамына балаға ең керекті А, Е, Д дәрумендері көп. Сондай-ақ белок, май, гормондар, темір, көмірсутектер, климатқа қарамастан үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец), сүттің негізгі ингредиенттерін ыдырататын липаза, лактаза секілді т.б. арнайы ферменттер, патогенді бактерияларды жоятын, ішектің қалыпты микрофлорын дамытатын әрі өсіретін бифидус заттары, ауру тудыратын микрофлораларды көбейтпейтін әрі керекті темірді сүттен бала қанына тасымалдайтын лактоферрин белогы, ми ұлпалары мен көз жасушаларының түзілуінде аса керекті таурин заттары; өсу үстіндегі ағзаның ұлпалары мен жасушаларындағы май метаболизмін жандандыратын карнитин заттары, бактерияларды өлтіретін қандағы тірі жасушалар (нейтрофил, моноцит, лимфоциттер), көп тараған жұқпалы ауруларға қарсы иммуноглобулиндер және т.б. бар.
Омырау емудің бала үшін артықшылықтары:
- бала мен ана арасындағы қарым-қатынас жақсарады. Құшағына алып, мейірлене иіскей отрып емізген ана баласын тыныштандырып қана қоймай, оның эмоционалдық, әлеуметтік және физикалық дамуын арттырады;
- организмге толыққанды нәрлі заттардың, микроэлементтердің, дәрумендердің,
- ферменттердің түсуін қамтамасыз етеді;
- асқазан-ішек жолының қызметін реттейді (диспепсиялық аурулардың жиілігі мен ұзақтығын азайтады);
- иммунологиялық қорғаныс туғызады (емшек еміп жүрген балалар жасанды тамақтанатын
- балаларға қарағанда 2,5 есе аз ауырады және олардың ішінде 6 айлық балалардың диареядан өлу ықтималдығы 25 есе аз болады, респираторлық инфекциялардан қорғауды
- қамтамасыз етеді, құлақтың қабынуы және оның қайталану жиілігі азаяды);
- нәрестелерді некротиялық энтероколиттен, бактериемиядан, менингиттен, ботулизмнен
- және несеп шығару жолдарының инфекциясынан қорғауы мүмкін;
- IQ шкаласы бойынша ақыл-ой дамуының көрсеткіштері жоғарылайды;