Жұма, 25 Ақпан 2022 09:48

Елге әйгілі есімі, берекенің бесігі

Ауыл – халықтың алтын қазынасы. Ішер асымызды, киер киімімізді қамтамасыз етіп, тіршілікке қажеттінің бәрін өндіріп беретін басты байлығымыз. Татулықты ту еткен, бірлігі мен берекесі жарасқан Қазақстан ауылдық округі – өңіріміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан іргелі аймақтардың бірі. Құрамына Қазақстан, Ащыбұлақ, Ж.Қайыпов ауылдары кіретін шөбі шұрайлы, топырағы құнарлы елдімекеннің тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын білу мақсатында бар жағдайды өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

Керегесі кеңіп келеді

Ең әуелі өңірдің  әлеуметтік әлеуетін таныстырған  округ әкімі Марат Сүгірбеков  елдімекеннің  қанаты кеңге жайылып келе жатқандығын тіліне тиек етті. Бүгінде округтегі тұрғындар саны 10 363-ке жетіп, оның 92 пайызын қазақтар, ал 8 пайзын өзге ұлт өкілдері құрайды екен. Қазіргі таңда ауыл шараушылығы округ экономикасының қан тамыры есептеледі. Округте ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі – 12 292 гектар. Оның ішінде егістіктер – 2 234 гектар, жайылымдық – 8 048, жүзімдіктер – 1 484, шабындық – 196 гектар жерді құрайды. Сонымен қоса қазіргі кезде ортақ жайылымға арналған 350 гектар жер телімінің құжаттары дайындалуда. 2020 жылы Ащыбұлақ, Қазақстан ауылдарының бес бірдей көшесі 2 000 шаршы шақырым жол 7 млн 40 мың теңге көлеміндегі қаржыға ағымдағы жөндеуден өткен. Сондай-ақ, Қазақстан ауылындағы футбол алаңына  6,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Қазақстан ауылының кәріз жүйесінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3,5 млн теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілген. Округ әкімдігінің жанынан сомасы 10 млн 528 мың теңгені құрайтын өрт сөндіру бекеті орнатылып, қазіргі таңда 4 өрт сөндіруші жұмыс атқаруда. 

– Азаматтарды жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерімен қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Бұл мәселені шешу үшін 2020 жылы округіміздің Қайыпов ауылында 22 гектар (167 жер учаскелері) жерге инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы жүргізілген болатын. Бүгінде кезекте тұрған 130-дан астам отбасыға жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері берілді, – дейді округ әкімі.

 

Заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген

Адам баласының ең алдымен ойлайтыны – бас амандығы мен денінің саулығы. Бүгінде округтегі 3 дәрігерлік амбулатория жұртшылыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Науқастарға 70-80 пайыз дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ал 3500-ден астам тұрғыны бар Ащыбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда 10-нан аса маман қызмет етеді. 

Біздің лаборотория, тіс дәрігері, таңу және балалар бөлмесі түгелдей заманауи техникалармен жабдықталған. Сонымен қоса, амбулаториямыз  да  толық заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазірге дейін медициналық көмекке жүгінгендерге дер кезінде жәрдем бердік. Сонымен бірге, өңір жұртшылығына коронавирусқа қарсы екпе алуын белсене үгіттеп келеміз, –  дейді емхана меңгерушісі Арайлым Жұматаева.

 

Ескі нысанда ем-дом жүргізу оңай ма?

Жанның байлығы – деннің саулығы. Сондықтан әр азамат өзінің басты байлығын сақтау үшін барын салады. Ал халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің мойнына артылған басты міндеттердің бірі. Бірақ еліміздегі денсаулық сақтау саласы бүгінге дейін сыннан арылған емес. Айталық, үш  мыңға жуық тұрғыны бар Ж.Қайыпов  ауылындағы емхана ғимаратының әбден тозығы жетіп, тұрғындардың тиісті ем қабылдауында қиындықтар туындапты. Өйткені жеңіл-желпі жасалған жөндеумен іргетасы 67 жыл бұрын қаланған ғимаратты қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Оның үстіне, көлемі шағын, әбден  тозығы жеткен ғимаратта науқастарға ем-дом жүргізу де оңай болып отырған жоқ. Сондықтан жаңа ғимарат салудан өзге тиімді шешім жоқ. 

 

Қосымша ғимарат салынуда

Қазақстан  ауылдық округіндегі  іргелі оқу орындарының бірі Ұлы Отан соғысының ардагері Жүнісбай Қайыпов  атындағы мектеп. Бұл мектептің негізі 1965 жылы қаланған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен оқу ордасында 86 ұстаз қызмет етеді. Мектепте 900-ден астам оқушы білім алуда. Бұл білім ордасының жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.

– Мектепте  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үнемі іс-шаралар жүргізіледі. Оқушылардың туған жеріне тамыр тартуына жол ашатын, жас ұрпақтың  санасына сәуле құятын  «Ауылымның байлығы», «Ескірмейтін естеліктер мекені» сынды  көптеген  жобамыз бар. Біз келешегі кемел ұрпақ тәрбиелеудің жолында келеміз, – дейді мектеп директоры Мейрамгүл Орақбаева. Осы уақытқа дейін үш ауысымда оқытатын орта мектептің де мәселесі жуық арада  оң шешімін таппақ. Өйткені, бүгінде  оқу ордасының жанынан 300 орындық қосымша ғимарат салынуда.

 

Күрделі жөндеу күткен  білім ордасы

Ащыбұлақ  ауылындағы 660-тан астам  оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған А.Бубенцов атындағы мектепке, директоры Саягүл Нұрбекованың айтуынша, күрделі жөндеу қажет. 1978 салынған ғимаратқа мүлдем жөндеу жүргізілмеген. Нысанның әбден тозығы жеткен, жылу жүйелері ескірген, сондықтан да қыста салқын болады. Терезелердің тозығы жетіп, едені шіри бастаған. Тиісті мекемелерге сан мәрте өтініштер айтылғанымен, оқу ордасын жөндеу жұмысы әлі оң шешімін таппай келеді. Кірпіш қаланған терезелер мен қақыраған қабырғаларды көрсеткен мектеп басшысы оқу ордасын кезек күттірмей күрделі жөндеуден өткізу керек екендігін айтты.

 

 

Жаңа спорттық нысан бой көтерді

Ел Тәуелсіздігінің  30 жылдығына  орай  Қазақстан ауылында жаңа  спорт мектебі қолданысқа берілген. «Жастар» спорт мектебінің құрылысы 2019 жылдың тамыз айында  ауыл жастарының бастамасымен қолға алынған.  Кешеннің іргетасының қалануына белсенді кәсіпкер азаматтар қолдау білдіріп, ары қарай, ауыл жастары жұмысты тоқтатпау үшін әр апта сайын челлендж жасап, әр жылдарға бөлініп қаражат жинауының нәтижесінде нысанның жұмысы толық аяқталыпты. Бұл игі істі сөз жоқ, ауыл жастарының бірлігінің нәтижесі екенін ауыз толтырып айтуға болады.  Бүгінде аталған спорт мектебінде күрес, бокс, дзюдо, каратэ сынды секциялар жұмыс істейді.

 

Жалынды жас кәсіпкер

Округ әкімдігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде өңірде 317 шаруа қожалығы, 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Атап айтсақ, «Эко Агро Продукт» ЖШС ескі жүзімдік алқаптарын жаңғыртып, өріктің «Краснощекий» тұқымын, алманың «Голден делишес», қара өріктің «Стенли» көшеттерін отырғызған. «Нокина» шаруа қожалығы 1 000 тонналық көкөніс сақтауға арналған қойманы іске қосса, «Агрос-БТ» ЖШС құны 148 млн 771 мың теңгенің өнімін алған. Сондай-ақ,  ауылдық округте 18 тұрғын «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға арналған курстардан өтіп, 74 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, ойдағыдай игеру үстінде.

Бал арасын өсіру оңай емес. Бұл жұмыс тиянақтылықты аса қажет етеді, дейді омарташы Әлішер Сейтен. Оның айтуынша, мұндай кәсіпті омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Бұл үшін омарта орналастырылатын жер телімі желден жақсы қорғалған, құрғақ жерден таңдалғаны дұрыс. Бүгінде Польша мемлекетінде  арнаулы білім алған білікті маман «BEE QUEEN»  компаниясын құрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.

– Қазір менде 100-ге жуық омарта бар. Сонымен қоса,  оларды көшіретін павильон жұмыс жасайды. Аралардың барлығы Польшадан жеткізілген «австриялық карника» тұқымы. Біз Қазақстан нарығына табиғи әрі таза BEE QUEEN балын ұсынудамыз. Бүгінде тапсырыс берушілердің саны  артып келеді. Ал болашақта BEE QUEEN балын шетелдерге  саудалауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, араны қолмен ұрықтандыру жұмысын  қолға алғым келеді. Әрине, бұл  бастамаға мемлекеттік қолдау қажет, – дейді жас кәсіпкер.

 

Әлеуметтік қолдау артты

Округ әкімдігінің мәліметінше, өткен жылғы қиын-қыстау күндерде, аз қамтылған отбасылар назардан тыс қалмапты. Айталық, 141 отбасына (744 адам),  47 млн 600 мың  теңге көлемінде  әлеуметтік көмек көрсетілген. Кәсіптік оқыту бойынша 10 адамға 1 млн 250 мың теңге беріліпті. Әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, түрлі  мерекелерде  жеке кәсіпкер тұрмысы төмен отбасыларыға азық-түлік пен  тұрмыстық   тұтыну  бұйымдарын таратқан.

 

Жаңа балабақша

Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамта-масыз етуге бағытталған «Балапан» бағдарламасы округте сәтті жүргізілуде. Округ аумағындағы 140  балаға арналған «Таңшолпан» мен 50 орындық «Ақтілек» және «Асылым» балабақшасы осыған дәлел. Сонымен қоса, Ж.Қайыпов  ауылында мемлекеттік жеке меншік серіктестік жобасы аясында салынып жатқан мекеме ендігі жылы 130  балғынды қуантпақ.

 

Ауызсу жүйесі ескірген

Ащыбұлақ ауылының ауызсу жүйесі 2019 жылдың ақпан айында «Есік су құбыры» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өтіп, тұрғындарды ауызсумен қамту сапасы жақсарған. Дегенмен, тақырып төңірегінде түйіні тарқатылуы тиіс түйіткілдер де бар. Мәселен, Қазақстан ауылы мен Ж.Қайыпов  ауылының бір бөлігіне су жүйесін жүргізу аса қажет. Осы ауылдардағы ескіріп, тозған ауызсу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу де кезек күттірмейтін мәселе.

ТҮЙІН: Округті аралаған сапарымызда ауылдастардың қауымдасып істеген тұщымды тірліктеріне куә болдық. Республикамыздың атын  арқалаған елдімекенде жарқын келешегіне бастайтын кешенді жобалардың қолға алынып жатқанына көзіміз жетті. Бұл ауыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған «Жаңа Қазақстан» құрудың құтты қадамын баса берсін деген ізгі тілектеміз.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 3928 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет