Бейсенбі, 21 Қаңтар 2021 15:34

Қазақы ауылдың жаңа келбеті

Ауыл – ел бесігі. Осынау алтын бесіктің құшағында тербелген тұрғындардың тұрмысы жайлы, береке-бірлігі жарасқан. Оған Ақши ауылдық округіне жасаған сапарымызда көз жеткіздік. Аумағына  Ақши, Қазатком, Қайрат, Сазы  сынды елді мекендер кіретін қаймағы бұзылмаған қазақы округтің іргетасы 1965 жылы қаланған. Кеңес кезінде төрт түлігі төсінде өріп, алқабынан алтын дән  өнген аймақтың  тыныс-тіршілігі  тоқырау жылдарында біраз саябырлады. Содан бері Ақшидегі жүдеу күй кешкен жұрттың  жақынғы жылдардан бері жаны жадырай түскендей. Өйткені ондағы жаңғырған және жаңарған әлеуметтік нысандар өңірдің түлеуі мен түрленуіне жол ашқан. Округті аралаған сапарымызда өңір аумағында  бой көтерген заманауи өнеркәсіптік нысандарды көріп, қазақы ауылдың көркем болашағына көңіл  қуантып қайттық.

 

Ел қорғаған ерлер ескерткіші қайта жаңғырды

Өткенге тағзым ету – өресі биік елдің қасиеті. Өткен жылы ақшиліктер ұлы Отан соғысында қаза болған ардагерлерге арналған ескерткішті абаттандырды. Округ ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрғанбек Жұмағұловтың айтуынша, жаңартылған ескерткішке сұрапыл соғысқа аттанған 132 майдангердің есімі қашалып жазылған. Қайтадан   жаңғырған  еңселі ескерткіштің бой көтеруіне де  жергілікті кәсіпкерлер қол ұшын созған.

 

Жаңа ықшам аудан салынбақ

«Өсер елдің керегесі кең болар»,– демекші өңірдің  әлеуметтік әлеуетін таныстырмаққа жол бастаған округ әкімі Сабыржан Айтбаев ең алдымен қазақы ауылдың қанаты кеңге жайылып келе жатқандығын тіліне тиек етті. Округ әкімінің айтуынша, жобаға сай жаңа ықшам ауданның бой көтеруіне 90 гектар жер бөлінген. Округ аумағының кеңеюіне байланысты кезекте тұрғандарға 513 жер телімі берілмек. Қазір жоспар бойынша инженерлік коммуникацияларды жүргізуге қажетті бюджеттен 710 млн 236 мың 700 теңге қаржы қарастырылуда. Сабыржан Бейсетайұлының сөзінше, осы жаңа жоба аясында округ аумағына әлеуметтік нысандар мен түрлі қызмет көрсететін орталықтар салынып, өңірдің әлеуметтік өмірі әрлене түспек.

 

Қазақ қолөнерінің әлеміне айналған мұражай

Қазақы ауылда салтымыздың  салмақтанып, ата дәстүріміздің ардақталмай қалуы мүмкін емес. Сол себепті де бұл топырақ даласы дарын сыйлаған таланттарға бай. Солардың бірі есімі елге әйгілі  Дәркембай Шоқпарұлы. Дана бабаларымыз «ғалымның хаты қалар, ұстаның заты қалар» – дегендей, бүгінде Ақши топырағында хас шебердің  өлмес өнер туындылары  сақталған ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы  қолөнер мұражайы жұмыс істейді. Аталған өнер ордасында штаттық кесте бойынша 9 адам жұмыс істейді. Мұражайдың  6 көрме залында екі жарым мыңнан астам экспонат қойылған. Мұражайды көзден кешірген сәтте қазақ қолөнерінің таңғажайып әлеміне сапар шеккендей күй кешіп, «шеберлікте шек жоқ», – деген осы екен ғой деген ойға қаласың. Мұражай директоры Дәулет Шоқпаров, өнер шаңырағының кешегісін сөз етумен бірге,  келешекке де кешенді жобалар әзірлеп жатқандығын айтты.

 

Өңір экономикасына  серпін беретін нысандар салынуда

Округ аралаған сапарымызда жол жиегінде ауыл шараушылық өнімдерін өңдейтін түрлі кәсіпорын-дарының  бой көтергендігін байқадық. Демек, Ақши округінде  ауылшаруашылық  өндірісінің тамырына қан жүгіріп келеді деген сөз. Бұл үдеріс ауыл жұртшылығын жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік береді. Округ әкімдігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде өңірдегі   шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 384 бірлікті құрайды. Оның ішінде 6 ЖШС, 291 шаруа қожалығы, 87 жеке кәсіпкерлік бар. Қазір оларда 289 адам жұмыспен қакмтылған. Сарапшылар әр аймақтың экономикалық әлеуетіне өң беру үшін инвестиция тартудың маңызы зор екендігін айтады.

– Қазір ауыл шаруашылығын өркендету – округіміздің басты экономикалық бағыттарының бірі. Бүгінде Ақши ауылында түйіршіктелген жоңышқа өңдейтін  зауыт іске қосылды. Аталған  зауыт жылына 20 мың тонна жоңышқа өңдейді. Қазір онда  6 адам тұрақты жұмыс істейді. Біз округімізге инвестиция тартуға күш салып келіміз. Осы бағытқа сәйкес  «Froskа» ЖШС-і сыйымдылығы 4 мың тонна көкөніс сақтау қоймасын салуды және  2021 жылы Қазатком ауылында 200 гектар жерге көкөніс отырғызуды жоспарлап отыр. Осы жобалар аясында «Froskа» компаниясы округімізге 280 млн теңге инвестиция салмақ. Мұнан өзге 2021 жылы «Серік Ахметов» жеке кәсіпкерлігі  жылу блогын шығаруды, «А. Кезбаев»  жеке кәсіпкерлігі жазғы жемістер мен көкөністерді сататын  жаңа базар салуды жоспарлап отыр. Алда округ экономикасына тыңнан серпін беретін жаңа жобалар  жасалады, – дейді  округ әкім Сабыржан  Айтбаев.

 

Ел көңілінен шыққан емхана

Ақши аулдық округіндегі заманауи емхананың іргетасы 2015 жылы қаланған. Бүгінде ел көңілінен шыққан емхананың түрлі ауруларға арналған бөлімдері арнайы медициналық техникалармен жабдықталған. Онда білікті мамандар да жеткілікті.

 – Қазір тәулігіне 70 адам қабылдауға  толық мүмкіндігіміз  бар. Амбулаториямыз  заманға сай құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Лаборатория, тіс дәрігері, таңу және балалар бөлмесі түгелдей замануи техникалармен жабдықталған. Төтенше жағдай кезінде жұқпалы індетке қарсы дәрігерлер тобын құрып, медициналық көмекке жүгінгендерге дер кезінде жәрдем бердік. Сонымен бірге, өңір жұртшылығына «Covid-19»-дан сақтануды үгіттеп келеміз. Осындай  емдеу саласының  мүмкіндігі сынға түскен сәтте, өз тұрғындарымызға барынша адал қызмет етуге күш салдық,  – дейді емхана меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Сулейменова.

 

Бау-бақшалар аумағы кеңеюде

Қазірде ауыл шаруашылық саласы округ экономикасының тірегі саналады. Қолда бар ақпаратқа негізделсек, округте  4535,64  гектар  аумақ  егіндікке,  2575  гектар жер  шабындыққа және 11839 гектар жер   жайылым ретінде пайдалануға берілген. Биыл егіндік аумаққа жоңышқа, бидай, күздік арпа, жүгері, соя, көкөністер егілген. Сонымен қоса, 400 гектарға жуық тамшылатып суарылатын бау-бақшаға жоғары сортты алма мен жүзім егілген.  Айталық, Ақши ауылындағы «Мақсат»  шаруа қожалғындағы 12 гектар жерге 2016 жылдан бері Голландиядан әкелінген  алма ағашын отырғызыпты. Бүгінде аталған шаруа қожалығы  әр гектердан 25 тонна өнім алуда. Ал болашақта өнімді үш еселеуге мүмкіндіктерінің барын айтады.

 

Инфрақұрылым жасалуда

Осы мезгілге  дейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында  округ аумағындағы тіршілік  нәріне сусаған  тұрғындардың  мәселесі түбегейлі шешілген. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Қазатком ауылында басталған су құбыры желісінің құрылысы былтыр аяқталған. Сонымен қоса, округ аумағындағы 18 көшеге асфальт төселген. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, 2020-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 11 көшеге толық жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ 2021 жылы Ақши, Сазы ауылдары арасындағы 4,5 км жолды күрделі жөндеу жоспарлануда. Мұнан өзге 2021 жылы жалпы сомасы 15 млн теңгеге 5,6 км көше жолын  жарықтандыру жұмысы қолға алынбақ.

 

ТҮЙІН:

Округті  арлаған сапарымызда ауылдастардың қауымдасып істеген тұщымды тірліктеріне куә болдық. Өңірдің жарқын келешегіне бастар кешенді жобалардың қолға алынып жатқанына көзіміз жетті. Қысқасы, қазақы ауылдың жаңа келбетіне көз тояды,  тірлігі де берекелі. Ауызбірлігі бір ауылдастардың алдағы игі істеріне ақ жол тілеп қайттық.

 

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 1793 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет