«Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Өткен жыл әлем елдері үшін оңайға соқпады. Десек те, дағдарысты жеңу арқылы дамуға бағыт алған еліміздегі талай тындырымды істердің куәсі болдық. Ауданымызда да аз жұмыстар атқарылған жоқ. Әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы өңіріміздің гүлденуіне жаңа серпін берді. Бұл туралы аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев тұрғындар алдындағы дәстүрлі есебінде баяндап, осы жылдың ауқымды жоспарымен бөлісті.
Әлемді әуреге салған коронавирус індеті барлық салаға өзгеріс енгізіп, адамзат карантиндік шараларға бейімделуде. Еліміз қиын сәттен аман-есен өткенімен қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан, биылғы аудан мен округ әкімдерінің аудан тұрғындары алдындағы есептік кездесулері онлайн форматта өтуде. Өткен аптада барлық деңгейдегі әкімдердің жұртшылық алдындағы есебі басталды. Аудан басшысы Қуанышбек Қашқымбаевтың есептік кездесулері «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде өтті. Бұл туралы жергілікті басылымдарда және әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.
Сөгеті
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында желі арқылы тікелей эфирге шыққан Қуанышбек Қалиұлы жыл бойы атқарған жұмыстар және алдағы жоспарлар бойынша есеп беруді әдеттегідей Сөгеті ауылдық округінің тұрғындарынан бастады. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, басқарма, бөлім басшылары қатысып, тікелей эфирге округ әкімі Еркінбек Дауытқұлов қосылды.
Алғашқы болып баяндама жасаған Қуанышбек Қалиұлы аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды:
–2020 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімінің өндірісі 138 миллиард 800 миллион теңгені құрады. Бұл 2019 жылға қарағанда 18 миллиард теңгеге артық.Мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу ең алдымен инвестициялар тарту, озық технологиялар енгізудіңарқасында мүмкін болып отыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Қырбалтабай ауылдық округінде инвестициялық сомасы 1 миллиард 487 миллион теңгені құрайтын, 50 мың тоннаға дейін соя өңдейтін «Жетісу Соя» жауапкершілігі шектеулі серіктестігізауытының құрылысы. 78 жұмыс орны ашылды. Қаратұрық және Асы ауылдық округінде «Alma Mater Fields» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 167 гектарға интенсивті жеміс бақтарын отырғызу, сыйымдылығы 3 600 тонна болатын жеміс сақтау қоймасын салу. Жоба құны 4,5 миллиард теңгені құрайды. Бөлек ауылдық округіндегі «Алматы алма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 130 гектарына интенсивті жеміс бақтарын отырғызу, жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды. Саймасай ауылдық округіндегі Айдарбаев шаруа қожалығының сүт фермасын 250 басқа кеңейту. Жоба құны 350 миллион теңге;
Жалпы, 2020 жылы ауылшаруашылық саласына 10 миллиард теңге инвестиция тартылды, ал 2021 жылы жалпы құны 18 миллиард теңгеден асатын 19 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз – деген аудан басшысы басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы жылы жүзеге асырылатын ірі жобаларға тоқталды.
Округ әкімі Еркінбек Дауытқұлов өз баяндамасында округ аумағында атқарылып жатқан игі жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың жоспарларын ортаға салды.
Тікелей эфир барысында тұрғындар Нұра ауылының су құбыры, көшені жарықтандыру мен спорт кешенінің құрылысы жайлы сауалдарын қойды. Сұрақтарға Қуанышбек Қашқымбаев жауап қайырып, ағымдағы жылы 13 ауылдың сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту бойынша қаражат бөлінгенін, Нұра ауылының су жүйесі жобаға енгізілгенін жеткізді. Спорт кешені мен көшені жарықтандыру мәселесі де көп күттірмей шешілетінін айтты.
Бартоғай
Округ тұрғындары алдындағы есебінде Қуанышбек Қалиұлы тышқан жылы жеткен жетістіктерді тізіп өтті. Айтуынша, ауданымыздағы бірқатар өзекті мәселелер оң шешімін тапқан. Соның бірі, Бартоғай округіне қарасты Қ.Бижанов ауылындағы спорт кешені. Жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен мемлекет меншігіне қайтарылған ғимаратты күрделі жөндеуге бюджеттен 332 млн теңге қаржы бөлініп, жыл аяғында пайдалануға берілген. Қазіргі таңда спорт кешені саламатты өмір салтын насихаттауда жүйелі жұмысын жүргізуде.
Бұдан бөлек, аудан әкімі баяндамасында ауданымыздағы ескірген әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүзеге асатынын жеткізді. Ақиық ақынның 90 жылдығы қарсаңында Қ.Бижанов ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектепті қайта жаңғырту мақсатындағы жұмыстар қолға алынады.
–5 мектепке күрделі жөндеудің жобалық құжаттамасын әзірлеуге 300 миллион теңге бөлуге өтінім берілді. Олар: Жаңашар ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп, Қ.Бижанов ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектеп, Есік қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп, Қызылшарық ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп және Масақ ауылындағы орта мектеп – деді Қуанышбек Қалиұлы.
Округ әкімі Талғат Өмірбеков округ аумағында бір жылғы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, ағымдағы мәселелер оң шешімін тауып жатқанын айтты. Келер жылғы жоспарларымен бөлісті.
Шара соңында бартоғайлықтар көптің көңілін күпті қылған мәселелері бойынша сауал жолдап, Х.Бижанов ауылындағы Абай көшесін жарықтандыру жұмыстары қашан жүргізілетінін сұрады. Аудан басшысы жарық шамдарын орнату осы жылға жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ, Байсейіттегі жігіт басы тозығы жеткен ауыл көшелеріне асфальт төсеп беру бойынша ұсынысын ортаға салды. Бұл мәселе бойынша облысқа сұраныс жіберілген. Қаражат бөлінсе, биыл көшелерді асфальттау жұмыстары жүргізіледі.
Малыбай
Малыбай жұртшылығының алдында тікелей эфирде баяндама жасаған Қуанышбек Қашқымбаев жетекші салада бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін тілге тиек етті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Өз баяндамасында барлық саланы қамтыған аудан басшысы тұрғындардың наразылығын тудырған көгілдір отын тарату жұмыстары биыл қарқынды жүргізілетінін айтты:
–Ауданды газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көгілдір отын тарату жүйесінің құрылысымен 3 компания айналысады. Есік қаласы мен Шелек және Түрген ауылдары бойынша «APL constraction» ЖШС, Бәйтерек ауылы бойынша «Gaz trade servise»ЖШС, Азат және Қайназар ауылдары бойынша «Спецстройбренд»ЖШС. Ағымдағы жылы Ават, Жаңашар, Рахат, Саймасай, Амангелді, Қайнар ауылдарын газдандыруды бастау жоспарлануда.
Қосымша, көп пәтерлі үйлердің қалыпты жылытуды қамтамасыз ету үшін блокты-модульді қазандықтарды (БМҚ) салу жобалары әзірленуде. Есік қаласында 17 БМҚ және Шелек ауылында 4 БМҚ. Жобалау құны 210 миллион теңгені құрады.
Алайда, газдандырудың төмен қарқыны, сондай-ақ газға қосу бойынша қызметтер құнының жоғары болуы осы саладағы негізгі мәселеге айналды және тұрғындардың наразылығын тудырды.Осыған байланысты, біз облыстық әкімдікпен бірлесіп, прокуратура және монополияға қарсы қызмет органдарын тарта отырып, газбен қамтамасыз ететін ұйымдарға тиісті шаралар қабылдап отырмыз – деді аудан әкімі.
Округ әкімі Бақытжан Аухадиевтің есебінен кейін тұрғындар округтің өзекті мәселелерін көтерді. Ауылдың жоғарғы жағында орналасқан Көктерек бөлімшесіне ауыл мәртебесін беру бойынша ұсыныс жасалды. Себебі, аталған елді мекенде бүгінде тұрғындар саны артып келеді. Ондағы көшелерді жөндеу, жарықтандыру мен электр жүйесін жүргізу жұмыстарына қаржыКөктерекке ауыл мәртебесі берілсе ғана бөлінеді. Бұл мәселе аудандық мәслихатта қаралғаннан кейін облыстық мәслихатқа жіберіледі. Елді мекенге ауыл мәртебесін беру жұмыстары биыл қолға алынады және аудан әкімдігі мәселенің оң шешімін табуға барын салады.
Есеп беруді онлайн қараған ауыл ақсақалы округтегі жайылымдық жерлердің тапшылығын айтты. Сөзіне сүйенсек, 1964 жылы жайылымдық жерлер 12 отар қоймен бірге Сөгеті қой кеңшарына өтіп кеткен. Бүгінде ауылда мал саны артып, төрт түлік жайылымдық жерден таршылық көруде. Осы сауалға аудан басшысы Қуанышбек Қалиұлы тұрғындар алдындағы есептік кездесулер аяқталған соң аудан әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, ауылға баратынын жеткізді. Айтуынша, бұл 1 күнде шешілетін мәселе емес. Тұрғындармен кездесу өткізіліп, жан-жақты зерттеледі.
Асы
Іргелі ауданымыз бойынша бір жыл ішінде тынымды жұмыстар атқарылған. Жоспарлар да ауқымды. Бұл туралы Қуанышбек Қашқымбаев өзінің баяндамасында атап өтті. Округтегі ауыл шаруашылығы саласы өркендеп келеді. 2021 жылы жалпы құны 18 миллиард теңгеден асатын 19 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде өсімдік өсіруде барлығы 8,2 миллиард теңгеге 400 гектар алма бағын отырғызу және жеміс-жидек сақтау қоймаларын салу бойынша 6 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар Қорам, Бөлек, Рахат, Тескенсу, Асы ауылдық округтерінде қолға алынады.
Ауданымызда ауылішілік жолдарға көңіл бөлінуде. Мысалы, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Шелек ауылындағы 15 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 11 ауылдағы жолдар ағымдағы жөндеуден өтті. Оның ішінде Асы округіне қарасты Жаңашаруа ауылы да бар.
Білім беру нысандарының да материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша ауқымды жоспарлар жасалған. Ғимараты ескірген 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге 300 млн теңгеге өтінім берілген. Алдағы уақытта Қызылшарық ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп қайта жаңғыратын болады.
Келесі болып округ әкімі Ұлан Сағымбеков тұрғындар алдында есебін берді. Бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасаған округ басшысы экономикалық-әлеуметтік жағдайға да тоқталып өтті.
Шара соңында «WhatsApp» желісі арқылы Жаңашаруа ауылының су құбрын жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетінін сұрады тұрғын. Сауалға Қуанышбек Қашқымбаев жауап берді.
– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Жаңашаруа ауылының су құбыры жүйесін жөндеуге 45 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер компанияны рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада құрылыс жұмыстары басталады – деді аудан әкімі.
Қорам
Қорамдықтардың алдында есеп берген Қуанышбек Қалиұлы былтыр жүзеге асқан негізгі жұмыстарға тоқталып, келешектің жобаларымен бөлісті. Барлық сала бойынша ілгерілеу байқалады. Инфрақұрылым, құрылыс-монтаж жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
– 2020 жылы ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламалары аясында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салу, қайта жаңарту және жөндеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.Осылайша, 2020 жылы мұқтаж тұрғындарды коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Есік қаласында 60 және 30 пәтерлік тұрғын үйлер салынды.Алайда, тұрғын үй мәселесі бұрынғысынша өзекті болып қалуда.Еңбекшіқазақ ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде 2713 адам тұр. Оның ішінде, көп балалы отбасылар – 308, жетім балалар – 867, халықтың әлеуметтік осал топтары – 804, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 731 адам.Осыған байланысты, 2021 жылы Есік қаласында екі 60 пәтерлі және Шелек ауылында бір 60 пәтерлі үй салуды жоспарлап отырмыз. Есік қаласында тағы бір 40 пәтерлі үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осылайша, биыл 220 мұқтаж отбасы баспаналы болады – деді Қуанышбек Қашқымбаев өз баяндамасында.
Қорам ауылында жүзеге асырылып жатқан игі жұмыстарды да тілге тиек етті. Айтуынша, округте ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Былтыр «Рауан Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 86 миллион теңге несие алып, асыл тұқымды мал сатып алған. Қорамдағы әлеуметтік саладағы мәселелер де біртіндеп оң шешімін табуда. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тозығы жеткен ауылдық амбулаторияның қызметкерлері заман талабына сай жасақталған су жаңа ғимаратқа көшті. Мұндай нысан Көктөбе ауылында да бой көтерді.
Баяндама жасаған округ әкімі Тұрсын Еменбаев та игі жұмыстардың тізбегін жалғастырды. Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, мемлекеттік қызмет, жастар және спорт, мәдениет салаларында атқарылған ауқымды істерге тоқталды.
Сұрақ-жауап кезінде Қорам ауылының жастары үшін спорт алаңы қажет екенін айтқан тұрғынға тұщымды жауап берілді. Әкімнің сөзінше, биыл ауданымыздың 26 елді мекенінде, соның ішінде Қорам ауылында спорт алаңдарын жасау жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта мердігер компаниялар анықталуда. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 15 млн теңгеге жуық қаражатқа ауылдың көшелері жөндеуден өтеді және көктемде жарық шамдары орнатылады.
Қаратұрық
Қаратұрық және Асы ауылдық округінде «Alma Mater Fields» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 167 гектарға интенсивті жеміс бақтарын отырғызу, 3 600 тоннаға арналған жеміс сақтау қоймасын салуды бастаған. Жоба құны 4,5 миллиард теңгені құрайды. Қаратұрық ауылдық округі тұрғындары алдындағы аудан әкімінің есебі осындай жағымды жаңалықпен басталды.
Бұдан бөлек, биылғы жылы округте ауыл шаруашылығы саласында ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. «Абди Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 500 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салады, жоба құны 600 миллион теңге. Сәйкесінше, 10 жұмыс орны ашылады. «ПУИД-3» бағдарламасы бойынша ұзындығы 150 шақырым суару каналдарын қайта жаңарту жоспарлануда, қарасты жер суландыру алаңы 6,8 мың гектарды құрайды.
Округке қарасты Лавар ауылында жарық шамдары орнатылады. Достық ауылындағы бірқатар көшелер мен тротуарларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ащысай ауылында 60 орындық шағын спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге өтінім берулген.
Қаратұрық округінің тұрғындарына осындай жағымды жаңалықтарды жеткізген Қуанышбек Қашқымбаев биыл аудан аумағында жүзеге асырылатын жобалармен бөлісті.
Округ бойынша атқарылған жұмыстар барысымен округ әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Сокуров таныстырды.
Тікелей эфир соңында ащысайлықтар Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке қашан күрделі жөндеу жүргізілетінін сұрады. Қуанышбек Қалиұлының айтуынша, қазіргі уақытта білім ордасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жақын арада аяқталып, сараптамаға жіберіледі. Оң қорытынды шықса, күрделі жөндеуге қаржы бөлуге облысқа сұраныс жіберіледі.
Тескенсу
Тескенсу округі тұрғындары алдында тікелей эфирдегі есептік кездесу кезінде Қуанышбек Қашқымбаев жетекші салалардағы қолға алынған жұмыстарды тізіп өтті. Сонымен қатар, келешектегі жоспарлар да айтылды.
Жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде.
–«Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының табысты іске асырылуы халықты жұмыспен қамту саласында өз көрінісін тапты.2020 жылдың қорытындысы бойынша 5 796 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 3 212 тұрақты орын. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 310 қатысушы кәсіптік оқытуға жіберілді, 604 миллион теңге сомасына 146 адам жаңа бизнесті ашу және қолданыстағы бизнесті кеңейту үшін шағын несиелер алды, 90 адам жалпы сомасы 50 миллион теңгеге өтеусіз гранттарға қол жеткізді. Мысалы, Есік қаласының тұрғыны Әсима Айтбаева «Еңбек» бағдарламасы аясында шаштараз мамандығы бойынша оқудан өтті. 550 мың теңге көлемінде грант алып, өзінің сұлулық салонын ашты.Рахат ауылының тұрғыны Әлімжан Дайрабаев 2 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген шағын несие алып, тұрмыстық тауарлар дүкенін ашты.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар назардан тыс қалған жоқ. 2020 жылы бюджет есебінен 3 122 мұқтаж отбасыға 1 миллиард 526 миллион теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 3 563 балаға сомасы 177 миллион теңгеге 39 мың теңгенің әлеуметтік азық-түлік себеттері және тұрмыстық химия жиынтығы берілді.Қайырымдылық көмек те белсенді көрсетілді. 22 мың мұқтаж азамат азық-түлік, киім және басқа да қажетті заттар түрінде қайырымдылық көмек алды. Айталық, кәсіпкер Тавабир Чикаев жалпы сомасы 15 миллионнан астам теңгеге 10 мың отбасын азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етті. Біз Біргеміз» акциясы бойынша 5 000 отбасы «Nur Otan» партиясынан 50 мың теңгеден көмек алды – деді Қуанышбек Қалиұлы.
Бұдан бөлек, Тескенсу ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылған. 2020 жылы мәдениет және спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға айтарлықтай қаражат бөлінген. Көлді ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 215 млн теңге бөлініп, жыл соңында пайдалануға берілген.
Округ бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарлы жобалар бойынша округ басшысы Бауыржан Доғалов баяндама жасады.
Қазақстан
Қазақстанокругі тұрғындары алдындағы есебінде баяндама жасаған аудан басшысы жер телімінің кезегін азайту мақсатында қарқынды шаралар қолға алынғанын айтты.
– Азаматтарды жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселесі өткір болып отыр, кезекте 22 мың азамат тұр.Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы біз Қазақстан ауылдық округінің Қайыпов ауылында 22 гектар (167 жер учаскелері) жерге инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысын аяқтадық – деді Қуанышбек Қалиұлы.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ащыбұлақ, Қазақстан, Нұра, Қызылжар, Шелек, Бәйдібек би, Рахат, Аймен, Қарасай, Көктөбе, Қайназар, Бөлек, Өрікті ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ Бәйдібек би ауылының кәріз жүйесін салу және қайта жаңарту бойынша жобаларды әзірлеуге қаражат бөлінген. Бұл ауылдардыауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын 2021-2022 жылдары бастау жоспарланып отыр.
Округтегі үш ауысымда оқытатын Ж.Қайыпов атындағы орта мектептің де мәселесі оң шешімін таппақ. Оқу ордасының жанынан 300 орындық қосымша ғимарат салу көзделуде.
Округ әкімі Марат Сүгірбековтің баяндамасы алдағы уақытта атқарылатын игі істерге бағытталған. Сондай-ақ, бір жыл ішінде қолға алынған жұмыстарға тоқталды Марат Айтақынұлы.
Шара соңында көпбалалы аналарға мемлекеттен берілетін көмектер жайында сауал жолдаған тұрғынға аудан басшысы жергілікті әкім аппаратына немесе жұмыспен қамту орталығына жүгіну керектігін айтты. Заң аясында барлық көмектер көрсетіледі.
Бәйдібек би
Ағымдағы жылы ауданымызда 13 елді мекенде ауызсу жүйелерін салу және қайта жаңарту бойынша жобаларды әзірлеуге қаражат бөлінеді. Бұл тізімде Бәйдібек би ауылы да бар. Сонымен қатар, ауылдағы кәріз жүйесін қалпына келтіру үшін де жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаржы қарастырылған.
Округ тұрғындары алдындағы онлайн кездесуде осындай жаңалықтарды жеткізген аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, осы жылдың жоспарларына тоқталды. Қуанышбек Қалиұлы өз баяндамасында денсаулық сақтау саласында коронавирус індетіне қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілгенін айтты.
– Қазіргі уақытта ауданның медициналық мекемелерінде қажетті препараттар мен қорғау құралдарының екі айлық қоры бар, сондай-ақ медициналық жабдықтар, оның ішінде 51 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қысқа мерзімде автоматты оттегі станциясы сатып алынып,іске қосылды, Бәйдібек би ауылындағы стационарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, науқастарды қабылдауға дайындалды. Сондай-ақ ПТР-тестілеу үшін екі зертхана орналастырылды: біреуі аудандық аурухана базасында, екіншісі Шелек ветеринариялық зертханасы базасында – деді аудан әкімі.
Тікелей эфирге қосылған округ әкімі Ержан Әмірденов те өткен жылы елді мекенде атқарылған жұмыстарға есеп беріп, осы жылдың жоспарларын ортаға салды.
Сұрақ жауап кезінде ауыл көшелеріне асфальт төсеу мәселесі көтерілді тұрғындар тарапынан. Сауалға Қуанышбек Қашқымбаев жауап беріп, қазіргі уақытта 5,6 шақырым болатын ауыл жолдарын асфальттау бойынша 70 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілгенін айтты.
Бәйдібек би ауылына көгілдір отын тарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ауданды газдандыру бойынша жұмыс жасап жатқан үш мердігер компанияның жұмыс сапасы мен бағасы тұрғындар көңілінен шықпайды. Сол себепті кәсіпкерлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері аталған елді мекенге газ құбырын тартуға инвесторлар тартуда. Бәйдібек биге газ тарату биыл қолға алынуы тиіс.
Масақ
Масақ ауылдық округі тұрғындарының алдында есеп берген аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев ауданның даму көрсеткіштері мен алға қойған мақсаттарына тоқталып, білім саласын да кеңінен қозғады.
«Ауданның білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында өткен жылы 3 орта мектепке, Қызылжар ауылындағы мектептің шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 42 мектеп ішкі дәретханаларымен жабдықталды», – деген Қуанышбек Қалиұлы мұнымен білім саласына қатысты бар мәселенің шешіле қоймағанын, ауданда үш ауысымды 4 мектеп барын айтты. Бұдан бөлек аудандағы 12 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқандықтан оларға да жаңа ғимарат салу мәселесі тұр. Сондай-ақ 26 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталған мәселелерді шешу үшін биыл 2 мектеп және 1 мектепке қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізіледі. Қайыпов мектебіне 300 орындық қосымша ғимарат құрылыстарына қаражат бөлуге өтінім берілді. Сонымен қатар, бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептер үшін 10 модульдік ғимарат салу мүмкіндігі қарастырылуда. 5 мектепке күрделі жөндеудің жобалық құжаттамасын әзірлеуге 300 миллион теңге бөлуге өтінім берілген. Олардың арасында Масақ ауылындағы орта мектеп те бар.
Барлық салаға толық тоқталып өткен аудан әкімі мемлекеттік несиелеудің белсенді жүргізіліп жатқанын, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 63 млн теңгеге 31 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 4 млрд 235 млн теңгеге 12 жоба қаржыландырылғанын айтты. Бұлардың ішінде Масақ ауылдық округіндегі «Нұрлы Құс» ЖШС 56 млн теңге көлемінде тауық етін мұздату цехын салуға несие алған.
Масақ ауылындағы басқа да жетістіктер мен мәселелер жөнінде округ әкімі Ертай Нұрмаханов айтты. Тікелей эфир соңында тұрғындар Нұрлы ауылындағы Жангелдин көшесінің қашан жарықтандырылатынын сұрады. Аудан әкімі бұл жұмыстың шілдеде басталып, бір айдың ішінде көшелерге жарық берілетінін айтты.
Шелек
Аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев Шелек ауылдық округі тұрғындары алдында да тікелей эфирде жылды қорытындылап, барлық саланы қамтыды. Әкім баяндамасынан тек Шелек ауылдық округіне қатысты мәселелерге тоқталсақ.
Аграрлық сектордағы өзекті мәселенің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі. Бұл мәселені шешу үшін барлық ирригациялық жүйелерге зерттеу жүргізіп, паспорттаған. Оның ішінде Шелек ауылдық округінде 98 шақырым жүйеге жөндеу жүргізу қажет, қарасты жер суландыру алаңы – 3 109 гектар. Өнеркәсіп өндірісін дамыту мақсатында өткен жылы жаңа ірі өнеркәсіп объектілерінің құрылысы басталды. Арасында Шелек өзеніндегі «Жарық Су ЛТД» ЖШС-нің су электр станциясы бар. Қуаты – 40 МВт. Жобаның құны – 2,5 миллиард теңге.
Халықтың негізгі уайымының бірі – баспана екені рас. Осы мәселені шешу үшін ауданда осы жылы 60 пәтерлі үш үй салу жоспарланып отыр. Оның біреуі Шелек ауылынан салынбақ. Сондай-ақ жер телімі кезегінде тұрған тұрғындар да көп. Бұл тізімдегі кезектің мейлінше жылдам жылжуы үшін ауданымызда бірнеше жерде инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл Шелек ауылында 237 гектар алаңда инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту үшін биыл Шелек ауылындағы кәріз желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталады. Халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін Шелек ауылындағы көшелерде жарықтандыру жұмыстары жалғасын табады. Биыл бұл ауылда орталық саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған 200 млн теңге бөлініп отыр. Көп пәтерлі үйлерді қалыпты жылытуды қамтамасыз ету үшін блокты-модульді қазандықтар салу жобалары әзірленуде. Шелек ауылында 4 БМҚ салынбақ. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр Шелек ауылындағы 15 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Былтыр Бижанов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Коронавирус індетінің тарауына байланысты Шелек ветеринариялық зертханасы базасында ПТР-тестілеу зертханасы ашылды. Сондай-ақ өткен жылы Шелек ауылдық ауруханасын жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Шелек ауылында спорттық-сауықтыру кешені құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын 2021 жылдың наурыз айында алу жоспарланып отыр. Бұл Шелектегі өзге де жұмыстар жайлы округ әкімі Сәкен Абдихалиев баяндамасында жан-жақты айтты. Кездесу соңында Қуанышбек Қалиұлы тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Қаражота
Ауданда атқарылған шаруа мен болашаққа жасалған жоспар жайында аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев қаражоталықтар алдында да есеп берді. Барлық саланы түгел қамтып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Пандемияға, елімізде жарияланған карантиндік режимге қарамастан ауданымыз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан оң нәтиже көрсетіп отыр. Былтыр жүзеге асқан экономикалық жобалар мен оларға салынған инвестиция да көңіл көншітеді. Аудан экономикасында аграрлық сала – ең басты саланың бірі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімінің өндірісі 138 миллиард 800 миллион теңгені құрады. Бұл 2019 жылға қарағанда 18 миллиард теңгеге артық. Мұндай жоғары көрсетіштерге ең алдымен инвестициялар тарту, озық технологиялар енгізудің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Өнеркәсіпте даму үрдісі байқалуда. Өткен жылы ауданның кәсіпорындары 47 миллиард 300 миллион теңгенің өнімін өндірді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,5 миллиард теңгеге артық.
Тұрғындардың жайлылығы үшін әлеуметтік нысандар, газдандыру, таза ауызсу мәселесі, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу секілді жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл аталған мәселелер бойынша жеке-жеке тоқталып өткен аудан әкімі Қуанышбек Қалиұлы: «Ағымдағы жылы Таутүрген, Шелек, Өрікті, Түрген, Достық, Ақжал, Қайназар, Қаражота ауылдарының және Есік қаласындағы бірқатар көше мен тротуардың жөндеу жұмыстарын жүргіземіз», – деп атап өтті.
Онлайн кездесу ары қарай Қаражота ауылдық округінің әкімі Эрик Рахимбаевтың баяндамасымен жалғасты. Ал соңында аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Сардарбек НҰРАДИН.