Дүйсенбі, 19 Шілде 2021 09:26

Құтты мереке

Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

Факиһ бин Саъд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын»– десе, ал Хасан бин Әли (р.а.): «Бізге Алла елшісі айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», – дейді. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.

Қасиетті Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мәдина шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен аяқталады.  Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Айта кетейін, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал»,– деген əмір бар.

Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты – адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың əрбір əмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикметтер бар.

Құрбандық шалған ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.

Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын өзі орындағаны жақсы. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деген екен.

Құрбан айт – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі.

ҚұранКəрімде: «...Одан өздерің де жеңдер жəне мұқтажға да жегіңіздер», – деген аят бар.Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, құрбандық еті əлеуметтік аз қамтылған, көп балалы жəне жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Жыл өткен сайын халық мерекенің қадір-қасиетін тереңінен сезініп, құрбандық шалушылар қатары көбейіп келеді. Шариғи нормаларды сақтап, құрбандық малын сою – үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

Тағы айта кететін нәрсе, құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Бұл жөнінде сахаба Әли (р.ғ.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз». Құрбан айтта құрбандықты өз әдеби нормаларына сай дұрыс шалуды – айттың өзіне тән мәдениеті деп айтар едім.

Рамазан айының Ораза айтында таңертең мешітке айт намазына келерден бұрын үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтында нәр татпай шыққан дұрыс. Мұның мәні мынада, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі.

Ал «Арапа» аталған күн – Құрбан айттың алдындағы қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін қажылардың Арафат тауына барып, белгілі бір уақыт тұруынан шыққан. Арапа күні таңғы намаздан бастап Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.

Ал, құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.

Барша мұсылманның ең ұлық мерекесі Құрбан айт баршамызға мүбәрәк болсын! Қасиетті мереке Алаш жұртына құт-береке, игілік әкелсін! Жаратқан иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге беріктік бергей!

Сапархан АЙДАРХАНҰЛЫ,

Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы

 

 

 

Оқылды 716 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…
Сәу 19, 2024

Тазалық – ұлы істердің бастамасы

Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Қасымшалов Дулат Сарсенбекұлы, 1990 жылы 12 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы Шелек…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Әлімжан Жасұлан Сәбитұлы, 1992 жылы 8 шілдеде Райымбек ауданында дүниеге келдім. 2014…
Сәу 18, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Малыбай ауылдық округінің сайлаушылары! Мен, Бектасов Мәди Мәдиярұлы 1982 жылдың…
Сәу 17, 2024

Горнодобывающий сектор – стимул для…

Вольфрам входит в первую десятку редких металлов, незаменимых в современном промышленном…
Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет