Сәрсенбі, 10 Қараша 2021 15:37

Жаңғырған өңір,жаңарған өмір

Бұл топырақ орта ғасырда өркениеттің ордасы болғаны анық. Өйткені оған Шелек өңірінен табылған  тарихымыздан сыр  шертетін талай жәдігер айғақ бола алады. Бұл өлкенің кеңес үкіметі кезінде де дербес аудан атанып, еліміздің экономиксына өлешусіз үлес қосқаны тағы бар. Тек 1997 жылғы «оңтайландыру үдерісінен» кейін ғана ауданымызбен енші бөлісер іргілі елді мекеннің  біріне айналған еді. Сол тұста ондағы тірліктің  біраз ақсап қалғаны бар. Әупірімдеп бастаған кей бастамалардың керегесі көтерілмей қиылды. Шұрық-тесік жолдар жүргіншілерді мезі ететін. Сол секілді көшелері абаттандырудан қалған. Содан болар ондағы ағайының атқа мінерлерге деген  өкпесі қара қазандай еді.Бүгінде алғыстан басқа айтарлары жоқ сияқты. Оған аталған округті   аралаған сапарымызда көз жеткіздік.

Елді мекеннің керегесі кеңеюде

«Өсер елдің керегесі кең болар» демекші, өңірдің  әлеуметтік әлеуетін таныстырмаққа сөз алған округ әкімі Сәкен  Абдыхалиев ең алдымен  34600-ге жуық тұрғыны  бар  елді мекенің қанаты кеңге жайылып келе жатқанын айтты. Округ әкімінің айтуынша, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы мен Шелек және Май ауылының аралығында орналасқан 237 га жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылымдар жүргізі-луде.

 – Бұл инженерлік коммуникация жұмыстары бойынша «Сапақұрылыс-2007» ЖШС-і 1 млрд 600 млн теңгемен халықты ауызсумен қамтиды. Сонымен қатар «Каз Ликс Строй» ЖШС-і  электр желілерін  орнатты. Сонымен қоса ол аумақтағы  жолдарға тас қиыршықтар төселді. Жалпы, инженерлік инфрақұрылым жобасы бітуге жақын. Ал 60 пәтерлі тұрғын үйдің жер төлесі мен бірінші қабаты салынып бітті. Бұл тұрғын үй құрылысы жоспар бойынша келер  жылдың ақпан айында толығымен аяқталуы тиіс, – дейді окург әкімі.

 

Кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілген

Шелек ауылындағылар жақын орналасқан өңір тұрғындарына сауда-саттық саласында қызмет көрсетеді. Округ әкімдігінің мәіметіне сүйенер болсақ, бүгінде Шелек ауылындағы қызмет көрсетуді негіз еткен жеке кәсіпкерлік саласында 3 870 адам жұмыс істейді. Жеке кәсіпкер Нысановаға тиесілі кондитерлік цех 2009 жылдан бері шаруасын дөңгелетіп  келеді.  40-тан астам печенье түрінен күніне жарты тоннаға жуық  өнім өндіретін цехта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған цехтың өнімдері тұтас Алматы облысына саудаланады. Ауылдық округте жылдан-жылға халыққа қызмет көрсететін нысандар көбейіп келеді. Биыл Шелек ауылында инвестициялық құны 200 млн теңге болатын «Magnum» сауда орталығы салыныпты.  Аталған орталық жақында өз жұмысын бастайды. Ауылда мұнан өзге де көлік жуу орындары мен мейрамханалардың да қатары көбейіп келеді. Сонымен қоса жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлікті өркендетуге барыныша қолдау көрсетіліп отыр. Айталық, 2021 жылы кәсіпкерлік саласында шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламаларға сәйкес, ауыл тұрғындарынан «Бизнес бастау» жобасымен 12 адам жеке кәсіптерін ашу үшін қысқа курстан өтіп, сертификат алған. Қолда  бар деректерге сүйенсек, ағымдығы жылы ауылдық округке 1 млрд теңге көлемінде  инвестиция тартылыпты.

 

Ел көңілінен шыққан емхана

2020 жылы Шелек  ауылдық округіндегі аудандық аурухана 483 млн 591 мың теңгеге күрделі жөндеуден өтіпті. Сонымен қоса 156 млн теңгеге қосалқы шаруашылық ғимараттары қайта жаңғырып, айналасы абаттандырылып, кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінде ел көңілінен шыққан емхананың түрлі ауруларды емдейтін бөлімдері арнайы медициналық техникалармен жабдықталған. Онда білікті мамандар қосыны да жеткілікті. Бүгінде аталған ауруханада 56 дәрігер, 180-нен астам медбике қызмет етеді.

Қазір тәулігіне 300 адам қабылдауға  толық мүмкіндігіміз  бар. Лаборатория, тіс дәрігері, жан сақтау, таңу және балалар бөлімі түгелдей заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қоса амбулаториямыз да  толық заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Биыл төтенше жағдай кезінде жұқпалы індетке қарсы дәрігерлер тобын құрып, медициналық көмекке жүгінгендерге дер кезінде жәрдем бердік. Сонымен бірге өңір жұртшылығына  коронавирустан сақтануды және дер кезінде вакцина салдыруды  белсене үгіттеп келеміз.Тіпті 88 жастағы қарт кісі бізге келіп, екпе салдырды. Осындай емдеу саласының мүмкіндігі сынға түскен сәтте өз тұрғындарымызға барынша адал қызмет етуге күш салдық.Бүгінде тұтас Шелек маңындағы ауыл тұрғындары біздің қызметке жүгінеді,  – дейді емхана басшысының орынбасары Гүлжан Асқарова.

 

Жөнделген жолдар

Әлемдегі даму  қөрсеткіштерінің ең маңыздысының бірі – инфрақұрылым. Өйткені аталған сала экономиканың  қарқынды өсуіне серпін беретін тірек күші саналады. Жақын жылдардан бері еліміздегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы көптеген елді мекендерді даңғыл жолмен, жарықпен, сапалы ауызсумен қамдауға мол мүмкіндік берді. Округ әкімдігінің мәліметіне жүгінер болсақ, 2020 жылы наурыз-сәуір айларында 20 млн теңгеге Шелек ауылының Жібек жолы, Малай батыр, Бижанов, Абай және Вихрев көшелеріне 5 682 шаршы метр аумаққа  жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша Шелек ауылының Шаттық, Береке, Іле, Орынтаев, Қадыров, Семятов көшелеріне 42 млн теңгеге 13 500 шаршы метр, Май ауылының кіреберіс жолдары мен Жерұйық, Молодежный, Теректі көшелеріне 28 млн теңгеге 9 000 шаршы метр, Торғайбаз ауылының жолына 20 млн теңгеге 6 300 шаршы метр  аумақ  ағымдағы жөндеуден өтіпті. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шелек ауылының Мәметова, Молдағұлова, Нұрпейісова, Достық, Медицинская, Вихрев, Сарыарқа және 8 қиылыс көшеге 825 млн 255 мың теңгеге күрделі құрылыс жөндеу жүргізілген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Округ әкімдігінің  ақпаратына негізделсек, өткен жылы Шелек ауылының Абай көшесіне 15 млн теңгеге жарықтандыру шамдары орнатылыпты. Ал 2021 жылға  Жібек жолы, Малай батыр, Нұрғазин, Қабылов, Бижанов және Қайыпов көшелеріне, Май ауылының кіреберіс жолымен Жерұйық және Желтоқсан көшелерін жарықтандыруға аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне өтінім берілген. Сонымен қоса  жол қозғалысын реттеу мақсатында биыл ауылға 3 бағдаршам мен 400-ге жуық жол белгілері қойылған.

 

Егісіне дән, өрісіне мал толған

Округте  ауылшаруашылығын дамытуға да мүмкіндіктер  жеткілікті. Бүгінде 4 өндірістік кооператив, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 539 шаруа қожалығы  аталған саламен айналысады.  Биыл   2 888 гектар егістік жер игеріліп, ауа райының қолайсыздығына қарамастан мол өнім алыныпты. Атап айтсақ, 35 га шабындық, 93 га бау-бақша, 870 га дәндік жүгері, 1420 га соя, 83 га көкөніс, 515 га дәнді-дақылдар егіліп, шамамен 1 млрд 155 млн теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері өндірілген. Сонымен қоса ауыл шаруашылғын қолдау мақсатында биыл 98 шақырым ирригациялық жүйелерді қайта жөндеу және қалыпқа келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға191 млн теңге қаржы қарастырылыпты.Мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін  округтегі  ірі қара 4500 басқа, жылқы 744 бас, қой-ешкі 6050 және құстар 2000-ға жетіпті. Ал асыл тұқымды мал санын арттыру бағытында «Ақжол», «Айдын», «Ата-Мекен», «Бақай», «Данияр», «Мұрат», «СВХ», «Ұлар» шаруа қожалықтары және Қалида Мазатбекқызы  мен «Сыпатай групп» өндірістік кооперативі жұмыс жасауда.

 

Саябаққа сән кірді

Көптен бері көп көңіліндегі  өзекті мәселенің біріне айналған Шымболатов атындағы орталық саябақты қайта жөндеу және абаттандыру жұмысы қолға алынған. 418 млн 850 мың теңге қаржы бөлінген жөндеу жұмыстарына мердігер – «Монолит» ЖШС. Бүгінде мердігерлер мекеме жөндеу жұмысының 70 пайызын орындап үлгеріпті. Жаңғырған саябаққа арнайы  демалыс орындары жасалып, балаларға арналған ойын алаңы салынады. Сондай-ақ субұрқақ пен жарық шамдар орынатылып, алуан түрлі гүлдер мен ағаштар отырғызылады. Сонымен қоса жаңғырған саябаққа  Шелек өңірінен шыққан Ұлы Отан соғысының 5 батырының, Ауған және Чернобыль ардагерлері мен Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш қойылады. Жыл соңында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  орай  ауыл тұрғындары жаңарған  саябақпен қауышады. Ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының аумағын абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Құны 182 млн 521 мың теңге болатын жөндеу жұмысын қолға алған «Монолит» ЖШС-і жобаның 65  пайзын орындаған.

 

Көгілдір отынмен қамтудың көлемі артты

Көпшілік асыға күткен көгіл-дір отынға шелектіктердің қолы жетті. Шелек ауылын газдандыру жұмыстары бойынша бүгінгі күнге 4 газ таратқыш шкаф құрылысы аяқталып, 5-6-сы салынуда. Олардағы газ тарату құбырларының ұзындығы 100 шақырымға жуықтаған. Қазіргі уақытта 625 үй табиғи газға қосылып, 294  үй кезекте тұр. Жалпы, Шелек ауылын толығымен газдандыру жұмыстары 2022 жылы аяқталмақ. 

 

Кәріз жүйелері жаңартылмақ

Округ әкімідігінің ақпаратына сүйенер болсақ, Шелек ауылының кәріз жүйелерін тарту және реконструкциялау жұмыстарына 1 млрд 100 млн теңге бөлініп, 2018 жылы бөлінген қаражаттың 403 млн теңгесі игерілген. Ал 2019 жылы құрылыс жұмыстары 1 млрд 980 млн теңгеге қайта есептеліп, Шелек ауылының кәріз жүйесін жаңарту жұмыстарын 2022 жылы толық аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ биыл Шелек округі ауылдарына су құбырларын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Әкімдіктегілер алдымен кәріз жүйесі жаңарған соң, көшелерді күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмысы тіптен қарқынды жүргізілер  деп отыр.

 

Үздік балабақша

Бүгінде ауылдық округте  мектепке дейінгі білім беру бағытында 3 мемлекеттік балабақша мен 3 шағын орталық және 3 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. Балабақшалардың жалпы сыйымдылығы 1055 орынға жетіп, ауыл балаларының 87 пайызы балабақшамен қамтылған. Сонымен қатар Май ауылындағы бұрынғы балабақшаны қалыпқа келтіріп, пайдалануға беру жұмыстары да жоспарлануда. Округте мектепке дейінгі үздік білім беретін мекемелердің бірі – «Бәйтерек» балабақшасы. Қазір мұнда 70-тен аса қызметкер жұмыс атқарса, 250 балдырған  қазақ және орыс тілдерінде тәрбиеленуде. Жыл сайын  60-тан астам  бала  үздік көрсеткішпен мектеп табалдырығын аттайды. Өзінің жаңашылдығымен және кәсіби мамандарының жұмыс бағыттарының нәтижесінде аталған балалар бақшасы аудандық, облыстық деңгейде «Үздік балабақшалар» қатарынан көрініпті.

 

Мектептерге  қосымша  ғимарат пен спортзал қажет

Қазір округтегі 9 білім ордасында 5700-ге жуық  оқушы білім алуда. Ауылдағы №1 орта мектеп үздік көрсеткіші үшін  Тәуелсіздік жылдарында «Гимназия» аталған болатын. Бүгінде өңірде  бірқатар білім беру ошақтары жаңартылған. 2020 жылы  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бижанов атындағы орта мектеп ғимараты 511 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген. Сонымен қатар Мәметова атындағы орта мектебінің электр желілері толық ауысып, Молдағұлова атындағы, Кенжебаев атындағы және Розыбакиев атындағы орта мектептердің ғимарат ішіне дәретханалар салынған. Ал биыл Абай атындағы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттарын жасауға өтінім берілген. Дегенмен, алдағы уақытта Мәметова атындағы, Розыбакиев атындағы және Молдағұлова атындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Алтынсарин атындағы орта мектебіне қосымша жаңа ғимарат пен спортзал салу, Бижанов атындағы орта мектепке спорт зал мен мәжіліс залын салу  қажет. Алайда бұл елді мекенде  жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына қолұшын беретін  жомарт  жандар аз емес. Биыл жаңа оқу маусымында «Мектепке жол»  қайырымдылық акциясы аясында  кәсіпкерлер, мекеме, кәсіпорын, шаруа қожалықтарының басшылары тарапынан 52 оқушыға    оқу құралдары беріліпті.

 

Өнегеге толы өнер ошағы

Шелек  ауылдандағы мәдениет ошағы бүгінде  округ  руханиятының  қара шаңырағына айналған. Аталған өнер ордасы 2018 жылы мәдениет үйлері арасында өткізілген облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауда көптің көңілінен шыққан. Мәдениет үйінің  директоры Ринат Бековтың   айтуынша, бүгінде  өнер шаңырығында «Вокал», «Домбыра», «Шахмат», «Сурет салу және бейнелеу», «Қолөнер», «Үстел теннисі», «Ұлттық қолөнер шебері», «Поэзия», «Шежіре – тәлім-тәрбие отауы» үйірмелері, «Әй-әжелер» ансамблі, «Ақерке» және «Радуга» би үйірмелері жұмыс істейді. Аталған үйірмелерге 217 адам қатысады. Ринат Беков жыл басынан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәдени шаралардың жоспарланғанын, алайда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты кейбір ойын-сауық кештерінің өтпей қалғанын айтады. Десе де, ұлттық домбыра күні мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған онлайн концерттер жоғары деңгейде өткізілген. Сонымен қоса биыл өнер мектебі ашылып,  онда 650-ге жуық бала сабақ алыпты. Мұны жегрілікті жұрт  балалардың рухани кемелденуіне жасалған игі қадам ретінде бағалайды екен.

  

Әлеуметтік қолдау артты

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында 2020 жылы аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен асыраушысынан айырылған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және зейнеткерлер тиісті жәрдемақылармен уақытылы қамтылған. Атап айтсақ, 2819 адам немесе 568 отбасы 266 млн 750 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып, көпбалалы 746 анаға 392 млн 560 мың теңге арнайы жәрдемақы берілген. Сонымен қатар 609 аз қамтылған отбасына 30 млн 423 мың теңге тұрғын үй көмегі берілді, отын-көмір сатып алуға бюджет саласында қызмет ететін 1233 адамға 17 млн 126 мың теңге әлеуметтік төлем, пробация есебінде тұрған 6 адамға 248 мың теңге, туберкулез ауруына шалдыққан 29 адамға 1 млн 954 мың теңге,  үйден оқытылатын 41 отбасының балаларына 2 млн 135 мың теңге жәрдемақы төленген. Сонымен қоса өткен жылы  пандемияға байланысты  әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға демеушілер тарапынан 1222 отбасына 12 млн 882 мың теңгеге азық-түлік, 17 отбасына 1 тоннадан көмір және 27 отбасына отын беріліпті.

 

Заман талабына сай оқу ордасы

Өңірдің  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың түрленуіне аса зор үлес қосып келе жтақан оқу орындарының бірі – Шелек политехникалық колледжі. 1956 жылы Шелек ауданының Малыбай ауылындағы механизация мектебі ретінде шаңырақ көтерген білім ордасына биыл 65 жыл толыпты. Айтулы датаға орай оқу орны  «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1 млрд 194 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті.

– Мұндағы басым бағыттың – бірі еңбек нарығына қажетті шағын  кәсіпкерлікке және ауыл шаруашылығына  қажет  мамандар  даярлау. Колледж қабырғасында сапалы маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, интернет желісі және Wi-Fi нүктелерімен жабдықталған. Күрделі жөндеу жұмысынан кейін оқу орнымыз тіптен кемелдене түсті. Қазір  біздің алдымызда  бүгінгі күні қоғам қажеттілігіне сай мамандарды даярлау міндеті тұр, – дейді колледж директоры Қуат Дүйсебаев.

 

Спортқа көңіл бөлінген

Бұл өңірде талай сында ел намысын асқақтатқан спорт саңлақтары көп болған. Бүгінде олардың ізін жалғайтын жеткіншектер өсіп келеді. Округтегі спорт саласындағы жетістіктерді білмекке №2 аудан-дық спорт мектебіне ат басын бұрдық. Есімі елге әйгілі Елмұрат Қайыпжанов басқаратын мектеп ұжымы бүгінде өңір спортын өркендетуге белсене қызмет етуде.

– Спорт мектебіне директор болып келгелі волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, көркем гимнастика сияқты пәндерді оқу  бағдарламасына енгіздік. Бүгінде мектебімізде Азия ойындары мен ел чемпионатында топ жарып жүрген жеткіншектеріміз бар. Қазір Шелектің маңындағы ауылдардың спортын дамытуға қадам жасап жатырмыз. Дегенмен, біздің спорт мектебінің материалдық базасы шектеулі. Жаңа спорт сарайы бой көтерсе, бұл мәселе шешімін табады деген ойдамын, – дейді даңқты спорт шебері.

Округ әкімдігінің дерегінше, Жастарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға арналған жер учас-кесі рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалыпты. Демек, жақын жылдарды Шелек ауылдық округінде еңселі спорт кешені бой көтереді. Оның үстіне округ аумағына жергілікті кәсіпкерлер  тарабынан ашық спорт  және ойын алаңдары да салынып жатыр.

 

Тазалыққа да талғам керек

Жоғарыда айтқанымыздай,  ауылдық округ  өңір тұрғындарына тұрмыстық қажеттілікке байланысты әртүрлі қызметтер көрсетеді.Әрине, ауыл тұрғындары жеке кәсіппен айналысуда әкімдік тарапынан қолдау тауып келеді. Алайда барлық сауда-саттық орындары тек қана белгіленген орындарда орналасуы тиіс. Сондықтан көлік кептелістерін болдырмау және жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында Малай батыр мен Қайыпов көшелерінің қиылысында тұрған «Шелек – Алматы», «Шелек – Есік» бағытында жүретін такси көліктері «Көкше» базарының ішіндегі арнайы алаңға орналастырылған. Сол сияқты, ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – санитарлық тазалық жұмыстары. Әкімідік қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, бұл мәселе   кей ауыл тұрғындарының  күл-қоқыстарды шығаратын мекемелермен келісім шарт жасамай, тұрмыстық қалдықтарын аулаға төгіп немесе жол бойына тастауы және тазалықпен айналысатын мекемелердің өз міндеттерін толық орындамауынан  туындаған. Алда осы мәселелер бойынша жүйелі түрде барлық тиісті жұмыстар жүргізіп, ретке келтіруге  күш салынбақ.

Ауылдың тыныс-тіршілігін бақылай жүріп, тұрғындармен де тілдестік. Олар  мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза екенін жеткізді. Шелекте алда талай іргелі  істер тындырылып, ірі жобалар қолға алынбақ. Бұл ретте округ әкімі Сәкен Абдыхалиев барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарды атқаруға бар күш-жігерн жұмсайтынын айтты.

 

ТҮЙІН.Шелек ауылдық округі бірлік бар жерде, тірлік бар екенін дәлелдеп келеді. Ондағы жаңғырған өңір мен жаңарған өмір «Орында бар оңалар» деген баба тағылымын еріксіз еске салады.Жоғарыда аталған бірнеше мәселе байламын тауып, көп тілегі қабыл болса, қамсыз тіршіліктің жағдайы жасалатынына сенім мол. Мемлекетпен бірге ауылдың әр азаматы түйіткілді шешуде тынымсыз еңбегімен өз үлесін қосса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.

Ерзат  Асыл

Оқылды 985 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет