Сәрсенбі, 12 Қаңтар 2022 15:02

Жау жоқ деме – жар астында

 

Жаңа 2022 жылдың басынан Алатаудың бөктеріндегі Алматыны, оның арғы-бергі көрші аудан орталықтары – Есік, Талғар, Қаскелең қалалары мен ығы-жығы жиі қоныстанған ауылдарын қалың тұман басып тұрды. Иықтан түспей мең-зең күйге салған табиғаттың осы бір құбылысы бүкіл еліміздің дағдарысқа түскен жағдайын көрсеткендей екен.

Сонау кеңестік замандағы атом соғысының басталып кетуіне сағаттар мен минуттар қалған Кариб кризисінен, одан бұрынғы Варшава әскери одақ елдері болған Венгрия, Чехословакия дағдарыстары, Чернобыль апаты, тағы басқа ірілі-уақты тығырыққа тірелген кезеңдерді бастан өткердік. Бәрінен хабардар болып, не істеп, не қою керек екені жөнінде ақпарат алып отырдық. Ал бүгінгі жағдайға қалай келіп тірелдік деген сұраққа жауап іздеп-тауып бөлісерге, осыған сай әскери, саяси дайындық жасап ұсынуға жан таппаған қиын екен. Иә, бұл жағдайға қалай келдік деп сұрарсыздар.

Тарих қойнауына сіңіп кете қоймаған 2021 жыл бойы әлеуметтік маңызы бойынша бірінші орындағы азық-түлік, басқа да тұрмыстық қажеттілігі жоғары тауарлар, дәрі-дәрмек бағасы өсумен болды. Ел күңкіл-сыңқыл жасап, сырқырап шағымданғанымен шыдауға тырысты. Жоңғар басқыншылығы заманында-ақ қазақ «Жау жоқ деме – жар астында» деп кигіз үйінің іргесіне найзасы мен шоқпарын іліп-сүйеп, ер-тоқымын жастанып жатқан. Міне, сол бабаларымыз ескерткен жар астындағы жауымыз елдің жағдайын жіті бақылап отырған екен. Баға қыспағындағы оңтүстік өңір тұрғындары наразылыққа шығып қозғала қоймаған сәттерден өтіп, жаңа жылдың қызықтарын қызықтап жатқан күндері жар астындағы жауларымыз еліміздің батыс өңіріндегі отандастарымызды автокөлік газын бір-ақ сәтте екі есе көтеріп, мәжбүрлі түрде көшеге шығарды. Еліміздің шартарабы Жаңаөзенге қолдау білдіріп бейбіт шеруге шықты. Қадап қайталайын, бейбіт шеру дегеніміз – сол минтингішілердің басқару органдарына қойған өтініш-талаптары еді. Алматыдағы оқиға барысы осылай өрбіді. Митингінің «жанармайы» таусылуға айналғанда  «жар астындағы жаулар» арандату әрекеттеріне – провокацияға кірісіп кетті. Ет өңдеу саласындағы кәсіпорындарда «козел-провокатор» аталып кеткен ұғым бар. Әртүрлі айла-шарғымен сол отарлы қойларды бастайтын теке мал сою цехына (бойня) бастап барып, кіргізеді де өзі жалт бұрылып тайып тұрады. Міне, осы «ұйқыдағы баскесерлер» ұялары оянып, қаланы отқа орап, тәртіп сақшыларын ұрып-соғып, митингішілерді, әсіресе, оң-солын біле бермейтін жастар жағын, қылмыскер-тонаушыларды қанды қырғынға кіргізді де жіберді.

Өз көзқарасымды, өз сараптама-сымағымды қоя тұрайын. Арнайы мамандар ел Президенті Қ.Тоқаевтың бүлікшілік кезіндегі үндеулеріне, бүгінгі жарияланып отырған ҚР Парламенті Мәжілісіндегі сөзінен кейін өздеріне жүктелген міндеттерін орындауға кірісер деген сенімдемін.

Бірақ таралымы екі-үш есе азайып қалса да, үлкен ауданымыздағы әлі де болса бес мың дана тиражы бар газетіміздің оқырмандарына Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қысылтаяң кезеңде қауіпсіздік кеңесін өз қолына алып, батыл да жедел қабылдаған шешімдеріне қолдау білдіре отырып, қолдан келген көмектерімізді көрсете білейік. Сонымен қатар телеэкраннан арнайы жасақтың киімінен бастап, қару-жарағына дейін қандай сорлы күйде екенін көре отырып, күйініп қана қоймай белгілі саясаткер-қолбасшының: «Өз әскерін лайықты жабдықтап, асырай алмаған ел бөтен әскерді асырауға мәжбүр болады» – деген ескертуін еске саламын. Бұл афоризм-тәмсілдің тура мағынасымен қатар екінші астарлы жағын да айта кетуді жөн көрдім. Бір кездері газет-журнал, теле-радио қызметкерлерін «идеология майданының жауынгерлері» деп атаған да өз кезеңіне сай лайықты жағдай жасаған. Бүгінгі кезеңде сол идеология майданы жауынгерлерін ұмытқан ба деген ойға қаласың. Олай дейтінім, бұйрық алып, тарап кеткен тәртіп сақшылары жайында А. есімді азамат күйінішпен айтқан еді. Э. атты түрік келіншегі өзінің танысы учаскелік полиция қызметкерінің бүлікшілік қауіпті кезеңде үйінде жүргеніне таң қалғанын хабарлады.

Осы кемшін қателіктер болса да, тәртіп сақшылары, әскерилеріміз сыртқы көмексіз-ақ содыр-лаңкестерге, қылмыскер-мародерлерге тойтарыс бере алды. Осы жолда қаза болған жауынгерлер, полицейлер отбасыла-рына, әріптестеріне қайғыра бекем болуын тілейміз. Біз біргеміз! Президент Қ.Тоқаевтың батыл, жедел қимылдарын қодаймыз!

Міне, Алатаудың ақ бас шыңдарын жарқын қызыл арайға бөлеп, қалың тұманды ысырып тастап әсем Алматының, ауыл-қалаларымыздың үстінен жарқырап күн де шықты. Аспанымызды қауіп бұлты торламасын!

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қарулы күштер саяси қызметінің ардагер

офицері.

Оқылды 1463 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 29, 2025

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына…

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі. Ол…
Желт 26, 2025

Бірлік бар жерде

Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы…
Желт 26, 2025

Тәуелсіз елдің ұландары ән шырқады

Тәуелсіздік күніне орай «Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты патриоттық әндер байқауы…
Желт 26, 2025

Он был духовным наставником сельчан

В текущем году в с.Ават происходили и радостные, и печальные события. Одно из наиболее…
Желт 26, 2025

Жазушы мұрасы – ұлт қазынасы

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» үйінде Қазақстан Жазушылар одағы…
Желт 26, 2025

Дарынды оқушыларымыз жеңіс тұғырында

Қазақстанның дарынды оқушылары «UCMAS International Competition 2025 & World Cup…
Желт 26, 2025

Ұлы халықтың ұлы Абайы

Биыл қазақ елі данышпан, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын жоғары деңгейде атап…
Желт 26, 2025

Білім сапасы – ел болашағының кепілі

Қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен білім сапасымен…
Желт 26, 2025

Ұлттық құндылықтар дәріптелді

Ішкі саясат бөлімінің бастамасымен жастар арасында патриоттық тәрбие мен отбасылық…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет