Сейсенбі, 25 Қаңтар 2022 10:04

Ғаламтор қарақшыларынан қалай қорғанамыз?

Қазақта «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген нақыл сөз тегіннен тегін айтылмаса керек-ті. Адам баласының адам болып жаратылғаннан бері талай дәуір, талай заманды бастарынан өткеріп келеді. Алғашқы қауымдастық кезінде өздерін өзге аң-жыртқыштардан қалай аман сақтап, қалай күн көріп, қалай тіршілік ету керек деген мәселемен ізденіп, тірлік етті. Үңгірлерді паналап, тас, ағаштардан өздері қорғанатын қару, аң аулап, азық ететін құралдар ойлап тауып, оны жыл өткен сайын жетілдіре түсті. От жағып жылыну, аулаған аңның етін пісіру, теріден киім тігуді үйренді. Кейін қолға мал асырап, егін егу, одан өнім өндіру істерін, жер қойнауындағы кендерді қажетіне пайдалануды игерді. Солай ғасырдан ғасыр ауыса келе, қиялдағы кереметтерге қол жеткізе бастады. Атты автокөлікке, пойызға, ұшаққа айырбастады. Тұрмыстық түрлі техникалар ойлап таба бастады. Сөйтіп, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» сымсыз сандық технологияны меңгеріп қана қоймай, жедел дамытып келеді.

Бүгінгі таңда ғаламторсыз өмір сүру мүмкін емес болып барады. Сондықтан қазіргі заман талабы – әлем жасап жатқан тірлікті біз де жасауымыз керек. Ғаламдастыру – аждаһа. Жаңа технологияны игермесең, құрдымға кетесің. Жаһандық заманға сай Қазақстанның технократтық елге айналуы да – заңды құбылыс. Белгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаев айтқандай, «Қазақ технология шығарғанда барып ұлттық рухы оянады. Өзі жасаған дүниеге мақтанып, рухы да көтеріледі. Технократтық ұлт деген – ең алдымен білімді ұлт яғни сөзге емес, іске мән беретін ұлт... Қазіргі өнер алды – компьютер, техника. Өйткені сізді әлем мойындасын, сыйласын десеңіз, онда сіз әлемнің тіршілігін жасауыңыз керек».

Әлеуметтік желілер интернетте 1995 жылдан бастап кеңінен тарала басталды. Түрлі сайттар ашылып, жобалар шықты. Халық компьютерлік сауаттылықтың жоғарылауына байланысты жылдам ақпарат алу, өзара алмасуға, байланысқа шығуға қол жеткізді. Тек компьютер емес, ұялы телефондар арқылы желіге ену, өздері қалаған адамдармен виртуалды хабарласуға мүмкіндік туды. Бұл – әлеуметтік желілердің тиімді жақтары болса, тиімсіз тұстары да  орын алды. Мәселен,  уақытты босқа өткізу, манипуляциялық тәсілдерге мән бермей, алдануға түсу, ақиқат ақпарат пен жалғанын айыра алмау, кез келген ақпараттың ұсынылуы, кісілікке жатпайтын лас, боқтау сөздерді пайдалану, теріс пиғылды адамдардың өз мүддесін жүзеге асыруға мүмкіндіктің болуы, ақпаратты кез келген тұлғаның өз мүдесіне пайдалануы сияқты кеңшіліктерге жол ашылды. Осыдан барып ауызша жазылған заңдар басшылыққа алынып, ұсынылған ақпаратты кез келген адам – жұмыс берушілер, жасамыс жастағылар да, жастар да, қылмыскерлер де, басқалары да қолдана алуы, заңнамалық базаның әлсіздігі, виртуалды тілдесудің етек алуы, компьютерлік тролльдердің қақпанына тусуі  тәрізді қатерлі жағы да бар.

«Айтпаса сөздің атасы өледі», айтса намысқа тиеді. Бүгінгі заманның талабы – ақпараттық технологияны меңгеріп, әлем көшіне ілесу. Әсіресе, бүгінгі уақытта жер шарын ажал оты шарпыған  аждаһа ауру – тәж тажал – коронавирус жайлаған кезде адамзат баласы қашықтықтан хабарласуға мәжбүр болғанда осы әлеуметтік желіге тәуелділігі артты. Бірақ оның талабы таудай болғанмен, залалы да запыран құстыратын жағдайға жеткізді. Қазіргі жастар бесіктен белі шықпай жатып, интернетке ынтық. Ұялы телефонды жастанып жатып, ұйықтап, құшақтап тұратыны – шындық. Ондағы түрлі сайттарға кіріп, бейтаныстармен танысып, байланыста болуы, алданып, арбалып қалып, шарасыздықтан өз-өзіне қол жұмсауға баруы да өмірден орын алуда. Ал, ғаламтордың мұндай залалдарына қорғайтын амалдары бар ма? Бар болса, қандай?

2020 жылдың 1 маусымында   балаларды кибербуллинг және өзге зорлық түрлерінен қорғайтын қазақстандық бағдарлама бекітіліпті. Зерттеу жүргізілгенде біздің елде балалардың 79 пайызы сәби күнінен бастап, кемсіту мен қорлыққа тап болатыны анықталған. Соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуына байланысты балаларға қатысты зорлық түрлеріне кибербуллинг немесе онлайн арқылы қорлау қосылған. Соның кесірінен жасөспірімдер ғаламтордағы белгісіз топтардың құрбанына айналып, тіпті араларында өз-өзіне қол жұмсаушылар да кездескен. Осыған орай арнайы мамандар  балаларды кибербуллингтерден қорғай-тын бағдарламалар әзірлеп, бекітуді көздеп отырған көрінеді.

Кибербуллинг  – адамды интернетте, мысалы, әлеуметтік желілерде қорлау, қорқыту немесе қудалау. 21 елде балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң шығарған. Ал, біздің елде ешкім бұл жөнінде статистика жүргізбеген. Белгілі тележурналист Мақсат Толықбай әлеуметтік желіні шектегеннен ештеңе өзгермейтінін айтты. 2020 жылы 143, ал былтыр кәмелетке толмаған 130-дан аса бала өз өзіне қол жұмсаған. Тағы 306 бала суицид жасауға оқталған. М.Толықбай «Депутаттар кибербуллингке қатысты жаңа заңнама талаптарын түсіндіріп әлек. Түсініңіздерші! Әлеуметтік желіні шектегеннен ештеңе өзгермейді. Неге? Статистика бұрыннан осындай. Бізге мектеппен жұмыс істеу керек. Мәселен, карантин кезінде балалар үйде оқыды ғой. Сол кезде суицид 25 пайызға азайған. Демек, балаға кибербуллингтен гөрі бетпе-бет келетін буллинг қауіпті. Көп баланың бір баланы жәбірлейтін, қорқыту, кемсіту, ақша жинау, дүкенге жұмсау, моральдық тұрғыдан қорлайтын фактілер бұрыннан көп. Қазір дауысымызды шығарып, бұл мәселені жиі көтере бастағандықтан көрсеткіш өсіп жатқандай көрінеді. Оқушылардың қайсысы агрес-сор, қайсысы құрбан болып жүргенін мұғалім көрмеуі, білмеуі мүмкін емес. Кейде мектеп әкімшілігі де қылмысқа куә бола тұра үндемейтін кездері болады. Құқық қорғау органдарын құлақтандырса, мектеп имиджіне нұқсан келеді, ұстаздық абыройына дақ түседі» деп, бұған Түркістан облысындағы ауыл мектебіндегі оқиғаны мысалға дәлел етті.

Буллинг деген тек мектеп оқушылыры арасында болады деген түсінік қате. Буллингтің негізгі төрт түрі бар екен. Олар – сөзбен қорқыту, күшпен қорлау, реляцон түрі және кибернитикалық буллинг. Өмірдің өзі көрсеткендей, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орындарында, қысқасы барлық жерлерде буллингпен ұшырасуы әбден мүмкін. Буллинг деп көп жағдайда бір адамның бір адамды қорқытып, үркіткенін, қорлағанын, зорлағанын, қудалағанын айтады. Ал, топ болып құрбанға әлімжеттік жасауды моббинг деп айтады екен. Қазір қорқытудың кибербуллинг түрі жиі ұшырасатын көрінеді. Бұл, әсіресе, бүгінгі сын кезеңдегі пандемиямен бірге өршіп тұрғаны айтылып жүр. Мысалға, мүгедек, аутизммен ауыратын адамдарды кемсіту, заңмен қорқыту, жыныстық ориентациясына байланысты жыныстық буллинг, ата-ананың баланы қорқыту, ұрып-соғу, күш көрсету, тағысын тағы бар.

Әзірге елімізде әр мектепте қамқоршылық кеңес құру ұсынылыпты. Қазіргі кезде Қазақстанда жасөспірімдерді интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік деңгейде бағдарламалар мен сайттар жоқтың қасы деуге болады. Ендеше ғаламторлық қауіптің алдын алу үшін ұлттық бағдарлама қабылдауды қажет етеді. Өйткені Қазақстан халқының 30 пайызын, санмен айтқанда 6 миллионын 17 жасқа дейінгі балалар құрайды екен. Ата-аналар өз баласы үшін бірінші кезекте жауапты. Балалары бос уақытында немен айналысады? Не істеп жүр? Көңіл күйі қалай? Бәрі-бәрі бақылаудан тыс қалмауы керек.

Қазіргінің балалары тұрмыстық жағдайына қарай бай, кедей деген топқа бөлінетін болған. Жік-жікке бөлініп, төбелесу, біреуді жабылып соққыға жығу белең алған. Мектепті, сыныпты уысында ұстайтын «атамандар» жуас, жасы кіші балаларға әлімжеттік жасап, ақша талап ету, қорлау, ұрып-соғу, тіпті зорлау тәрізді қылмыстық әрекеттерге барады. Сонымен қатар Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастар арасында да «дед», «дух» болып, бөлініп, қорлау, күш көрсету орын алып жүр.

Халықаралық «Expo & Women» ұйымының басқарма төрағасы Ләззат Асқарова кибербуллингке алаңдайтынын жеткізді. «Бұл тақырып соңғы жылдары маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Енді бұл жағдайды алаяқтар пайдалана бастады. Өздеріне жалған ат қойып, балалар сеніміне ие болу үшін қолынан келгенді жасауда. Балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қажет. Біз түрлі семинар, тренингтер өткізіп тұрамыз. Соның барысында ата-аналар мен мұғалімдердің цифрлы тұрғыдан сауатсыз екенін анықтадық», – дей келе көтерген статистика бойынша ай сайын әр бесінші жасөспірім буллингтің құрбаны болып отырғанын тілге тиек етті басқарма төрағасы. Бұл әсіресе пандемия кезінде және қашықтан оқыту жағдайында өте өзекті екен. Тәжірибелі алаяқтар «Жұмаққа 50 қадам» сияқты ойындарды жасап, одан әрі дамытып, қазақтілді ортаны алдауды қолға алыпты.

«Бізге буллингтен, сонымен қатар кибербуллингтен балаларды, тіпті үлкендерді қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Әртүрлі интернет-ресурстардағы мінез-құлық нормаларын және жалпы қабылданған нормаларды өзгерту керек. Мінез-құлықтың виртуалды мәдениетін қалыптастыруымыз қажет», - деді Л.Асқарова.

Ал, «Қазақстанның Интернет қауымдастығы» ЗТБ президенті Шавкат Сабиров бұл мәселемен мемлекет болып күресу керектігін айтты. 2011 жылы олардың біріккен базасында  Safekaznet. kz деген жедел желіге 9 жыл ішінде заңсыздыққа байланысты 20 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Ал, қазіргі таңда бұл қоғамдық негізде жұмыс істеп тұр. Мемлекет бұл жобаға 2014 жылға дейін ғана қолдау көрсеткен. «Желі арқылы алаяқтар ЛГБТ қоғамдастығына тарта бастаған. Көптеген ата-аналар  құқық қорғау органдарымен байланыс жасап, жұмыс істеуден қашқақтайды. Біз ата-аналар мен ұстаздарға балалар үшін ойын түрінде кибербуллинг туралы ақпарат беретін материалдар дайындауды ұсындық. Балалардың телефонына SOS  батырмасын енгізу керек. Қауіп-қатер төнген жағдайда, ол батырманы басу арқылы көмек шақыра алады» дейді ол.

«Expo & Women» халықаралық ұйымының басқарма төрағасы Л.Асқарова ата-аналарды балаларының суреттерін әлеуметтік желілерге жүктемеуге, салмауға шақырады. «Ата-аналарға сауалнама жүргізу керек. Көпшілігі балаларына сөйлеу, қандай сұрақтар қою керектігін біле бермейді. Сондықтан психологтың көмегіне жүгіну керек» дейді ол. Ал, Орта Азия, ТМД және Балтық елдеріндегі Kashtrsky Lad  басқарушы директоры Евгений Питолин кибербуллинг, буллингтің алдын алу үшін жаңа технологияны пайдалануға болатынын тілге тілек етіпті. Оның сөзінше, қазіргі таңда баланың не көріп отырғанын бақылауда ұстайтын арнайы технологиялар бар көрінеді. Алайда, оны бақылау үшін емес, жақсы насихат үшін пайдалану керектігін айтады.

Киберқылмыс түрлеріне балаларды порнографияларға тарту, есірткі саудасы, бопсалау, суицидке баруға итермелеу сияқты жат әрекеттер жататыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауында:  «Адам құқығын қорғау жөнінде жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл мәселенің мәні зор. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез жетті» деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, ел басшысы VІІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылу салтанатындағы «Басты мақсат – Қазақстанды қуатты елге айналдыру» тақырыбында жасаған баяндамасында да: «...Сонымен қатар біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн. Ерекше күтімге мұқтаж балалардың инклюзивті дамуы мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз керек» деп тағы да баса атап, қазіргі таңда шетелдерде технология саласында оқып жүрген, еліміздегі басқа да білімді жастарға да мол сенім артатынын да жеткізді.

Академик Асқар Жұмаділдаев та компьютер жүйесін жетік білетін білікті мамандар керектігін айтады. Ол: «Хакерді көбі банкке түсетін ұры деп ойлайды. Кеңес үкіметінің бірінші хакер екенін білесіз бе? Шындығына келгенде хакер деген – қасқыр. Қасқырға неге қойды жейсің деп өкпелеуге болмайды. Хакер деген компьютердің жүйесіндегі программалардағы қателерді табады. Соны жөндеп жүйелеуге септігін тигізеді. Егер хакер болмаса, бәріміз сол  Word-пен ғана жұмыс істеп жүре берер едік. Хакер шыққаннан кейін ғана тырысып жатырмыз. Қазақстанның ең бірінші хакері, ол – Мұрат Өртенбаев» дей келе, Оның Ресейдегі МГУ-де оқығанын, өз кезінде ҚазҰУ жұмысқа алмай қойғанын, содан ол Тольяттиге кетіп қалып, сонда автоВАЗ-ға жұмысқа орналасқанын, оның ең мықты программист екенін, ондағылырдың мойындағанын, сөйтіп компьютердің орасан күш екенін, құдіретінің не  екенін мойындатқан осы Мұрат деген қазақ азаматы болғанын айтады. Осындай талантты, білгір мамандарды жұмысқа көбірек тарту керектігін, сонда ғана біз технократтық ұлтқа айналатынымызды тілге тиек етті.

Қазірге біздің ел ізденіс үстінде, түрлі шаралар көру үстінде. Ғаламтор «қарақшыларынан» қалай қорғану керектігі жөнінде ата-аналарға кеңес беру, ұстаздар ашық сабақ, сағаттар өткізу, семинар, тренингтер сияқты әрекеттермен шектелуде. Ал компьютердің жілігін жіктеп, программалардың қателерін түзеп, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қоятын оқығаны да, көкейге тоқығаны да бар білгір мамандар да, психологтар да тапшы. Ия, замана талабына сай, біз де ізденіп, технократты  ел деген білімді ұлт  болуға ұмтылайық!

Анарбек Бердібаев.

Оқылды 1327 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Татулық тұғыры теңселмесін! Әз Наурызға ақ бата »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет