ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Телпекбаева ауданымызға ат басын бұрып, жеке жұмыс кестесі бойынша жергілікті тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізіді. Өңірдегі атқарушы билік пен түрлі сала еңбеккерлерімен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.
Мәжіліс депутатын аудан әкімі Қуат Сұлтанғазиев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаты Ерік Абитов, аудандық мәслихат депутаттары Бағдат Рахимов пен Айжан Әбіт қарсы алды. Ең әуелі халық қалаулысы Балтабай ауылында былтыр сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде ауыл әкімдері көптеген өзекті мәселелердің тиегін ағытты. Ауыл атқамінерлерінің сөзінше, бүгінде ондағы елдімекендердің өркендеуін жебеу үшін мем-лекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару бойынша қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
– Қазіргі округ әкімдерінің қолы қысқа. Өйткені қолында қаржысы жоқ. Басқаруындағы ауылдар дотацияда отыр. Бұрын ауылдық округтер ақшаны аудандық бюджеттен алатын. Қазір әр ауылдың шамалы болса да өзінің дербес бюджеті бар. Бірақ бір жағына тартсаң, екінші жағына жетпейді. Ауылдық елді мекендердің басым бөлігінде инфрақұрылым дамымаған, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар жоқ. Сондықтан бюджет те мардымсыз.Алда атқарушы билік органдар тарапынан ауыл бюджетін молайтатын қадамдар жасалуы қажет, – дейді Қазақстан ауылдық округінің әкімі Марат Сүгірбеков. Мұнан өзге де жайлымдық жер, сапалы ауызсу, жаңа әлеуметтік нысандар салу сынды округ әкімдері айтқан түрлі түйіткілдерді тыңдаған Жанна Тілеубекқызы көтерілген мәселелерді шешу мақсатында депутаттық сауал жолданатынын айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Телпекбаева жұмыс сапарын Шелек өңірінде жалғастырды. Шелек ауылындағы аудандық аурухананың басшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Құраметова мәжілісменге аурухана жұмысын таныстырды. Аурухана басшысының сөзінше, аталған емхананың тәулігіне 300 адам қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қоса, лаборатория, тіс дәрігері, жансақтау, таңу және балалар бөлімі түгелдей заманауи құралдармен жабдықталған. Емхана ұжымымен кездескен Жанна Тілеубекқызы дәрігерлердің жалақысы мен құқықтық мәртебесін көтеру, жас мамандарға жағдай жасау, емхана бөлімдерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселерлерді талқыға салды.
Ауданымыз ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін зор мүмкіндіктерге ие. Ел экономикасын көтеруде осынау артықшылықты молынан пайдалануға болады. Ол үшін аграрлық сектор мен соның негізінде өнеркәсіпті дамытуды қолға алу керек. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің артуына, импортты азайтып, тіпті экспортқа жол ашуға мүмкіндік береді. Әрине, мұнда отандық өндірушілерге қолдау көрсету мен оларға барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызы ерекше. Алайда бұл саланы қарқынды дамытуға тұсау болатын түйіткілдер де аз емес. Мәжіліс депутаты Жанна Телпекбаева бұл саланы да назардан тыс қалдырмады. Шелек өңіріндегі шаруа қожалық иелері және ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен, аудандық жергілікті қауымдастықтар қоры өкілдерімен жолыққан Жанна Тілеубекқызы аталған саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қазіргі таңда іс жүзінде тауар өндірушілер бірнеше себептерге байланысты әлеуетті нарыққа қол жеткізе алмай отыр. Өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы сенімсіздік пен тұрақсыз қатынастарды реттеу маңызды. Шелектегі ауыл шарушылық тауарын өндірушілер жергілікті билік делдалсыз суда жасауға мүмкіндік жаратса деген ойларын ортаға салды. Сала өкілдері суару жүйесін оңтайландыру, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін ары қарай несиелеуді жебеу және тиімді субсидиялау сынды мәселелерді талқыға салды. Ал Мәжіліс депутаты Жанна Телпекбаева бұл өзекті мәселелерді Үкімет назарына ұсынатындығын жеткізді.
Жанна Тілеубекқызы Шелек өңіріндегі іссапардың алғашқы күнін әкімдік ғимаратында өткен қоғамдық қабылдаумен түйіндеді. Қабылдауда болған тұрғындар көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегі, несие, жер телімі, жұмысқа орналасу бойынша мәселелерді көтерді. Мәжіліс депутаты қозғалған әр мәселеге байланысты тиісті мекемелерге хабарласып, алдағы уақытта оң шешімін табуға атсалысатынын жеткізді. Және басқа да сұрақтар бойынша заң аясында кеңестер берілетіндігін айтты.
***
Ауданымызға арнайы келген Жанна Телпекбаева сапарының екінші күнін Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде жастармен кездесуден бастады. Студенттермен және колледж оқытушыларымен жүздескен мәжіліс депутаты бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдауларды айтып, бағдарламаларды түсіндіріп өтті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, облыстық мәслихат депутаты Ерік Абитов және аудандық мәслихат депутаттары Бағдат Рахимов, Айжан Әбіт қатысты.
Жастарға арналан мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндама жасаған Жанна Тілеубекқызы бүгінгі таңда өнер және спорт секциялары жастар мен жасөспірімдер үшін тегін жұмыс істеп жатқандығын айтты. Десек те, бұл тақырып бойынша ауылдық жерлерде мәселелер туындап отыр. Осылай деген студенттер ауылда ғимараттар талапқа сай келмегендіктен, өнер мен спорт секцияларын ашу қиындық туғызып отырғанын айтты. Заңда ауылдық квота қарастырылмағандықтан, қаржының барлығын аудан орталығы мен оған жақын орналасқан елді мекендер алып кетеді. Бүгінде қалаларда бірнеше секция жұмыс жасаса, кейбір шалғай ауылдарда мүлдем ашылмаған. Бұл мәселе облыс әкімімімен және құзырлы мекемелермен талқыланатынын айтты Жанна Тілеубекқызы.
Жиында жастар аудан аумағында жүзуді үйрететін және осы спорт түрімен айналысатындарға арналған бассейн жоқ екенін жеткізді. Бұл сұраққа жауап берген Қуат Байғоджаев Есік қаласында Райымбек батыр атындағы орта мектепте және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта бассейн бар екенін айтты және біріншісі жұмыс істемей тұрғанын да жасырмады. Десек те, аталған олықылықтың орнын толтыру мақсатында аудан орталығында жеке кәсіпкердің демеушілігімен 500 млн теңгеден астам қаржыға стадион маңында жабық бассейн кешені бой көтеруде. Алдағы уақытта тұрғындар игілігі үшін жұмыс жасайтын болады.
Кездесу барысында студенттермен қатар оқытушылар да өздерінің сауалдарын қойып, мәжіліс депутатынан кеңес алды. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы мен жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне де сұрақтар қойылды.
Мәжіліс депутаты Қырбалтабай ауылында білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен әлеуметтік мәселелерді талқылады. Жаңашар және Саймасай ауылында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады және қордаланған мәселелерді шешуге атсалысатынын айтты.
Е.АСЫЛ, С.НҰРАДИН.