Тарих бетіне үңілсек, 1722 жылы Бірiншi Петр: «Қазақ Ордасы бүкiл Азия елдерi жерлерiне кiлт және қақпа – миллионнан ассын, орасан зор шығынға қарамай отарлап алу керек» – деген. Бұл сөз және қазақ жерiне қалмақтардың тұтқиылдан шабуыл жасауы патшалық Ресейдiң қазақ жерiн отарлауын тездеттi. Жайық бойында 14 бекініс, Ертіс өзені бойында Омбы, Железинск, Петропавл, Семей, Өскемен, Ямышев қамалдары маңайында қазақтардың көшіп-қонуына тиым салынды, олар өзен бойындағы құнарлы жерлерден
айырылды. Қазекем Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Орынбор, Қорған, Омбы, Жаңа Сібір, Алтайдан шарасыздықтан ығысып, ішкі өлкеге ауысуға тура келді. Переселенецтер қоныстанып, оларды қорғау үшін қарулы әскерлер әкелінді. Жоңғар, Еділ қалмақтары бір жағынан, Ресейдің патшасы екінші жағынан қазақтың кең даласына көздерін тігіп, әлсін-әлсін шабуылдап мазаны қатты алды. Діні қатты қалмақпен соғыстарда да қанша боздақтар ел үшін, ата қоныс жер үшін көз жұмды. Енді орыстардың отарлау саясаты басталып, қарулы солдаттар мен казактарды үйіп-төге бастады. Преснов бекінісі казактары 11 шақырым жер бізге тиесілі деген желеумен Преснов станицасы әскері мен Тобыл қаласының арнайы қарулы отряды күшімен бір түнде, 1821 жылы тамыз айының ортасында ата қонысын босатуға қарсы болған Сартай батырдың 17 баласы мен 150 сарбазын атып өлтіріп, ауылды өртеп жібереді. «Шөпті көл» аты осыдан кейін
«Молалы көл» деп аталады.
Майқы бидің: «Көзі шегір, өзі жемір, жүн бас, талтаяқ, жегені жалқаяқ жұрт елдің батысынан келіп, ұрпағым айтқа-нына көніп, айдауына жүріп, зорлық, қорлығында, ұзақ табанында таусылады» – дегені басталды ма?
Қоныс аударғандар жермен жұмыс істеуді қолға алды. Жерді жыртып, өңдеу үшін ат көлікті жергілікті қазақтардан алды. Сөйтіп, орыс пен қазақ өзара біріне-бірі көмектесіп араласа бастады. Қазақ таныс орысын «тамыр» деп атады. Заман өзгеріп бара жатты. Сол кездегi қазақ жерiне көшiп келген орыстар мен қазақтардың қарым-қатынасы туралы Ақмола губернаторы былай деп жазады: «...В крае киргизы охотно сближаются с русскими, перенимают и усваивают от них все, что находят для себя полезным, в своих кочеваниях тяготеют к населенным местностям... Киргизы одобряют и принимают пользу в хлебо пашестве».
1752 жылы Тауағаш ауылында староста Алексеев қазақ тілін де тез үйреніп алған. Қазақ байларымен тамыр болып, сауда жасайды. Қасымбек батырмен өте жақын дос болады. Ер баласы жоқ Алексеев Қасымбекке келіп: «Сен балаңның біреуін маған қызмет істеуге бер. Саудамды жүргізсін, сауда жасау-ды да үйренеді», – дейді. Қасымбек Қарабек деген баласын береді. Бала өте алғыр, пысық, орыс тілін үйреніп, сауда ісін де меңгеріп кетеді. Екі отбасы араласып тұрады. Алексеев тамырының үйіне отағасымен қонаққа барғанда Айсараның көзі байдың қызына түскен еді. Табиғатынан сұлу жаратылған Ве-ра ақ маңдайы жарқылдап, бет ажары жазғы түскен сағымдай, еріндері қызыл шие, қыпша белі самал желде иілген шыбықтай, оймақ ауыз, қырдың қызыл қызғалдағындай алма мойын, мөлдіреген қарақаттай көздері құралай-дай құлпырған, құндыз қасы қос қияқ-тай, ақ дидары толған айдай. Қазақ қыздарындай белден түскен бұрым, келбеті хор қызындай инабаттылық, тазалық тайға таңба басқандай көрініп тұр. Айсара баласының шын жүректен ғашық болған қызына сүйсінген еді.
Вера мінезі ашық, өзі қарапайым, қазақ қыздарымен етене араласып, тілді тез үйреніп алды. Қазақтың кең-пейілділігі, қонақжайлығы, үлкенді, әйелдердің азаматтарын қатты сыйлауы – зерек орыс қызын таңқалдырған еді. Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған емес пе. Қыздың арманы өзін құлай сүйген, махаббатқа адал, жаны таза Қарабектей жан еді. Вера Қарабекпен өмірде бірге болуға бел буып, сүйген жарының тілін, салт-дәстүрін үйренуге, діни сенімін ауыстыруға даяр еді. Ісі алға басып жүрген жігіт те орыстың сұлу қызына ғашық болып қалады.
«Қасымбектің немересі орыстың қызын алайын деп жатыр» деген хабар елге тарады. Діннің қаймағы бұзылма-ған, көпшілік қазақтардың орыстардың түрін де көрмеген кездегі бұл оқиға оқыс іс болады. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген емес пе! Қасымбек қанша дос болғанмен, баласын үйіне алып келеді. Қызды көрмесе тұра алмайтын халге жеткен Қарабек қашып кете береді. Қарт батыр немересін орыстардың қолынан тартып алып келуге отыз жігітке басшы қылып жіберген немере інісі Қабдолға орыстармен қақтығыс болып қалған жағдайдың өзінде немеренің аман қалуына көңіл бөлу керектігін қатты тапсырады.
Барлық ізгілік, мейірім, шапағат адам баласының бойына анасының ақ сүтімен дариды. Ұлтты сақтау – қазақ-тың отбасын сақтау. Ұлттың ертеңін өмірге әкеліп, алақанында мәпелеп, бесігінде тербетіп, тәрбиелейтін ұрпақ өкілдері қателеспеуі керек. Қазақ жеті атадан аспай қыз алыспаған. Қазақ, жапон, шешен өз қыздары басқа ұлтқа шығуын тиып отырған. Өз қолына алып тәрбиелеп, баққан үлкен немересін бес жасынан бастап жанына ертіп жүріп, ата-баба тарихын, туған халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, шаршы топта жасқанбай, жалтақтамай еркін сөйлеуге, ақыл-ой еркіндігіне, сөз бостандығына баулып еді. Ұрпақ – баба аманаты. Әрбір ұрпақ үшін келер ұрпақ алдында азаматтық борыш, ұлттық парыз сынды мақсат-міндеттер тұрады. Яғни болашақ ұрпақтың өсіп-өркендеуі, заңды тарихи орнының сақталуы – алдыңғы буынның аталған міндеттерді қаншалықты адал жүзеге асыратындығына тікелей байланысты. Қазақ халқы даналығы, кең-дігі мен сыйластығы, қонақжайлығы әлеуметтік шығу тегіне қарамай, барша азаматының ұйысуына негіз болды. Сол арқылы жауды жеңдік емес пе? Немересі көз алдында тұр. «Жау жеңетін жігіт жарағынан танылады, дау жеңетін жігіт талабынан танылады». «Жібек мінезді жігіт жұртқа жағады, жылан мінезді жігіт жұртта қалады». «Жігіт – арының құлы, жаман – малының құлы». Салмақтап байқап, баласын ез, босаң, жамандар қатарына қоса алмады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, өз ұлтын сүю – ұлт рухының ең маңызды бөлігі. Бұл – ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Қазақтың әрбір баласы мұны жақсылыққа, бай-лыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған жерінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Адам өз бойындағы осы қа-сиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс рухының өз өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс қой. Ұлты басқа демесең, қарапайым орыс халқының да арман-тілегі бір. «Елу жылда ел жаңа» – деп бекер айтылмаған. Ата-баба аруақтары қалай қабылдар екен? Құдай-тағала орыспен құда болуға жазып қойған ба? Кешегі қалмақпен қан төгісіп, қабырғамыз қайысып қорғаған жерді бүгін орыс басып алуда. Заманымызды байқап танымасақ, біздердің бойымыздағы қасиет қайда қалады, ұрпаққа қандай жол сілтейміз. Ұрпақ жолын кеспей, алдын ойламасақ, дұрыс болмас деп, қарт іштей бір шешімге келеді. Жылда жаз болғанда қанды көйлек жолдасы, алтындай қадірлейтін Шөгіл досына қонақтап барып, ой бөлісіп, ақылдасып қайтушы еді. Шапқыншылықсыз күні жоқ, жаугершілік заманда көшпелі елдің басы бірігіп бақытқа кенелген кезде де, бұған керісінше, қырық қыпшақ болып қырқысып, тоз-тоз болып бөлінген кезі де аз болмаған. Ел бүлініп, екі айырылғанын көріп, қайғыдан қан жұ-тып, қапаланған ерлердің мұң-зары жыр болып төгілген, күй болып күмбірлеген. Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтіруі елді екіге бөлді емес пе? Қобыланды Дайыр-қожаны өлтіргенде, Әз Жәнібек шариғат бойынша Қобыландыны қысас қылып өлтіруге сұрағанда, Әбілқайыр көп қыпшақ бұзылатын болған соң бере алмай, үш кісінің құнын алып, бітім шығарған. Бұл Әз Жәнібек пен Әбіл-қайыр ханның бөлінуіне әкеліп соқты. Тоқсандағы Құтан баласын өлтірген Қобыландыны қарғамайды. «Өлер бала өлді, Алла-тағала алды» деген де ой бар шығар. Ноғай Орақ батыр қыпшақтың атақты батыры Қобыландыны өлтірген кезде ішкі билік өз мүдделеріне пайдаланып қалуды ойлады. Поляк Янушкевич: «Егер ежелгі Грекияда немесе Римде өмір сүрсе, Тоқымбай шешен мен Бейсеке би өздері-ақ лаврдан белдері бүгілген болар еді» – деп артына аталы сөз қалдырғандарды бағалаған. Кешегі бабалар ұшқыр ойлы, «өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін олай жасай алма-ған» шешен Бағлан, Танаш билер ел тыныштығын, ынтымақта болуды шегелеп тұрып, аманаттап кетпеп пе еді? Ел жақсысын бір-біріне айдап салуда атыстырып-шатыстырып отырған саясатты да естен шығармаған болу керек.
Өткенде қарулас досы, қалмақтар-мен болған шайқастарда бірге жауды жапырған туысқаны, Шөгіл қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатынасып келді. Қартайған шағында үш жыл қызыл қайыңнан жасалған сойылды өзімен бірге алып жүрді деп естіген еді. Жарықтық, табақ тартқан жерде еттің қолына жұққан майын қызыл қайыңды сойылға жағып отыратын. Үлкен ұлдары намыс көріп, ренжіген де уақыттары болған. Бірақ Шөгіл сойылын жүрген жерінде бір де тастамаған. Өлер алдында үлкен ұлын шақырып алып: «Мен өлгенде сүйегімді анау орыспен шекаралас жерге апарып жерлеңдер, мына сойылды менімен бірге жерге көміп, ұшар басын ғана жер үстіне шығарып қойыңдар. Қызыл қайың майысса да сынбайды, талай жыл жылқы майын да бойына сіңірді, оңайлықпен шірімес. Ертең көршілермен жерге талас бола қалған жағдайда менің моламды көрсе-терсіңдер, атам қазақ жерінің бір шетін күзетіп жатайын» – деген екен.
Көп жылдар жауға қарсы күресте ат үстінде болған батыр айырылу, жоғалту, жеңістің не екенін, ерліктің нәтижесі бейбіт күн екенін, өмірдің сәнін, алауыздықтың мәнін жақсы біледі. Шөгіл мұның алдында ғана Қасымбек досының немересі мен орыс байы қызының арасындағы әңгімені естіген еді. Қас батырға қарсы келетін бұл маңайда ешкім жоқ екенін білетін Шөгіл түбінде бір қақтығыстың шығатынын ескеріп, ауырып жүрсе де, атына мініп, қасына екі үлкен кісіні ертіп, староста ауылына барып жағдайды ушықтыр-май ақылға сиымды келісімнің жолдарын айтып кеткен еді. Тәуке хан заманында қылмыскерге жаза қолданудың бірнеше жолы болғандығы белгілі. Көшпелі қазақ халқының ел билеу заңы «Жеті жарғы» – «Қанға-қан», «Жанға жан алу» бабымен басталса да, шари-ғат жолдары да қарастырылған. Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді. Жамандыққа жақсылық жаса деген мақ -сатта айтылған аяттар көп. Кісі өлімін құнмен алмастыруға, кешірімді болуға үндейді. Қазақ билері өлім себептерінің әртүрлілігіне (қасақана, абайсызда, күйзеліс үстінде) қарай жазалап, құн төлеттірген. Жәбірленуші жақ келісім берсе, қылмыскер өлтірген ер адам үшін 100 қой төлеп құтылатын болған.
Алексеев Қасымбек адамдарын күтіп алу үшін бір сиырдың етін астырып, ауладағы көк шөп үстіне төсеніштерді төсетіп, дастархан даярлатты. Көрші болыстан қазақтың ел сыйлайтын екі адамын алдыртты. Екі ақсақалды жанына отырғызып, Қасымбек жігіттерін бастап келген Қабдолға: «Біздің селоны шауып, мені қумақ болып жатыр дегенді естігенмін. Жан бермек оңай емес, біздің село да мылтықтарын әзірлеп қойды. Төрт бекіністен де бізге көмек келмек. Жарайды, соғысайық, соғыс болғасын екі жақтан да кісі өлімі болады. Одан да бір-ақ адам өлсін», – дейді. Қазақтың Дала заңының өте қатты сақталатынын жақсы біліп алған Алексеев: «Мен баланы бермеймін. Қарабек, менің күйеу балам. Сен ба-лаңды өлді деп есепте, қазақтың заңы бойынша айыппұлды, батасына кететін шығынын да мен төлеймін», – дейді. Бұл ұсынысты өңірге танымал, беделді екі қазақ ақсақалы қолдайды. Қасымбектің жігіттерін Алексеев ең сыйлы қонақтарындай дастархан үстінде қарсы алып, ертеңіне бір адам құнын және батасын көтеріп алатын малдарды апарып беретініне сөз береді. Алексеев келесі күні 100 жылқы, 100 сиыр, 200 қой айдатып жі-береді. Қасымбектің бір өзіне жететін байлығы баршылық. Баласының орнына айыппұлға келген көп мал оны еш қызықтырмады. Грек аңызында, шарап құдайы Дионис Мидас патшаның қалауын орындайды. Мидас қолы тиген нәрсені алтынға айналту қасиетіне ие болады. Тамақ та іше алмай қалған патша алтынның металл ғана екенін, адамға көңілі толатын жақсылықты әкелмейтінін түсінген. Қасымбек Шөгілдің жағдайды ушықтыр-май, осы шешімге келгізгенін үйінде жатып-ақ түсінді. Келесі күні бауырларын шақырып алып, Қызылжар, Қорған, Омбы аймағындағы 7 болысқа хабаршы жібертіп, жылқы, қойларды сойғызып, келген қонақтарына «өлген» Қарабектің үшін, жетісін, қырқын, жылын атап өтуге ас беріп, қалған малды бірнеше көрші ауылдардағы кедейкепшікке таратқы-зып жібереді.
Бұл күні Қасымбек ауылында бата беріліп жатса, Алексеев орыс қоныс- тарымен үйлену тойын үлкен салтанатпен атап өткен еді. Өзі кенже қызымен қалып, күйеу баласы Қарабек пен Вераға көлдің жағасы, жан-жағы қайың орманның ортасындағы алаңға ағаш үй салғызып, екі жасты жеке отау қылып шығарады. Ол жер осы оқиғаға орай селоның аты «мир» және «любовь» сөз-дердің бірігуінен «Миролюбово» деп аталған екен.
Арада бірнеше жыл уақыт өтеді. Патша үкіметінің отарлау саясатын жүргізу орнына қазақтармен туыстасып, кейде жақтағаны басшыларға ұнамағанын аңғарған Алексеев балаларының бола-шағын ойлап, және Қарабектің білім алуына жол ашу мақсатымен қызы мен күйеу баласын, немересін таныста- рына қосып Петерборға жібереді. Бұдан 275 жылғы оқиғаның талай жүректерде жатталып, бізге жеткені осындай.
1962 жылы Тауағаш ауылына Мәс-кеуден Орталық Партия Комитетінің іссапармен келген бір уәкілі бар, облыстық партия комитетінің адамдары келеді. Мәскеуден келген уәкіл өзін ертіп жүрген адамдармен «Миролюбово» ауылына келіп, Қасымбек пен Алексеев ұрпақтары жайлы сұрайды. Осы шағын шығармаға арқау болған оқиға жайлы 90-нан асқан кейуана айтып берген екен. Ал Мәскеуден келген уәкіл Қасымбектің 9-ыншы ұрпағы, Аман еді. Аманның айтуына қарағанда, Петербор қаласында білім алып, қызмет жасаған Қарабек балаларына, немерелеріне айтқан өсиеті: «Атамекеніңді, тіліңді, дініңді, салт-дәстүрді, жақсылардың атын есте сақта» – болған екен. Атасы Қасымбек әңгімелерінен есте қалған Абылай, Балта, Баян, Жәнібек, Қараби, Қожаберген, Мықтыбай, Құлеке, Құлсары аттары Қарабек әулетінде өмірге келген жас ұрпақтар есімдерімен үндесіп отырған. Ауыл адамдарынан сұрастыра келе туыстарымен қауышып, бүгінде Мәскеу, Петербор қалаларында тұратын бір ауыл Қасымбековтер үмбетінен бір отбасы ана тілін, ата тегін білетін 5 адам атамекеніне – «Миролюбоваға» оралған еді. Туысқандары жиналып, асар жасап, бір жазда Қарабек аталарының үйінің жанынан ағаштан үлкен үй салып, жаңа қонысты тойлап, ата-баба рухына құран бағыштады.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
ауданның Құрметті азаматы.