Бейсенбі, 19 Маусым 2025 16:47

Қажырлы еңбек — ел мүддесіне адал қызмет

Қытайдың Боғда тауының Күнгейінен Қазақстанға көшіп келген жерлестердің бас қосуында сөйлеген Жақыпбек Бұқарұлының сөзі.

Құрметті Боғда өңірінен келген ардақты жерлестер, қадірлі ағайын-туыстар, достар мен замандастар, ел болашағы – жастар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан арнайы келген құрметті өкілдер! Баршаңызға шынайы ықылас пен құрметімді білдіремін. Бүгінгі басқосуымыз – Алатаудың баурайында, Алматының көрікті жайлауында, табиғаты тамаша, бұлбұл құстардың үнімен көмкерілген Түрген саяжайында өтуде.

Бұл басқосу – Боғдадан келген жерлестердің жүрек тереңінен туын-даған сағынышы мен ыстық ықыла-сының белгісі. Атажұртқа деген сүйіс-пеншілікпен, еліне деген ерен сеніммен ұйымдастырылып отырған бұл шара – елдің береке-бірлігін ұлықтап, өзара ынтымақ пен сыйластықты нығайтуға арналған.

Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын, біз – Қытайдағы туған жерімізді, кіндік қанымыз тамған топырақты, ата-анамыз бен ағайын-туысымызды, ба-ғып-қағып отырған мал-мүлкімізді, үй-реншікті қызметіміз бен оқып жүрген оқуымызды артқа тастап, үміт пен сенім жетелеген жүрекпен ата-жұрт – Қазақ-станға бет алдық.

Біздің бұл қадамымыз — жай ғана көшу емес, ұлттық мұрат пен ұрпақ қамын жүктеген саналы таңдау еді. Себебі ол кезде қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы – Тәуелсіздік енді ғана қолға тиген еді. Сол сәтте біз бір сәтке де ойланбастан: «Тәуелсіз еліміздің алғашқы қадамдарына серік болайық, Қазақстанды бірге көркейтіп, бірге гүлдендірейік, тарихтың жаңа парағына өз үлесімізді қоссақ» деген асыл ниетпен атамекенге табан тіредік.

Бұл – біздің жүрек қалауымыз, пер-зенттік парызымыз әрі ел алдындағы адалдығымыздың айғағы болатын.

Аллаға шүкір, бүгін, міне, бір шаңырақ астына жиналған ауылдастарымыздың арасынан Қазақстанның түрлі салаларында қажырлы еңбек етіп, елеулі жетістіктерге қол жеткізген азаматтарды көріп отырмыз. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.

Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – сол жемісті жолды бір сәтке шегініп еске алып, бауырлармен бірге қорытын-дылап, болашаққа деген сенімді нықтай түсу.

Осы орайда халқымыздың дана сөзі еріксіз еске түседі:

«Өткенін еске алмаған ұлт – өркендемейді».

Иә, дәл осыдан 26 жыл бұрын, Қытай Халық Республикасының Боғда тауының Күнгей беткейінде орналасқан Шолақтерек қыстағында, тағдырлы шешім қабылданды. Марқұм Сәбетқан Рахымұлы басшылық етіп, ауылдың ақылман ақсақалдары – Әнуар Қасен-ұлы, Мәуілқан Жолаушыбайұлы, Қали Ыбырайұлы секілді елге қадірлі қария-лар бұл бастамаға батасын беріп, қолдап-қуаттады.

Сол кездері қыстақтың қарапайым малшылары мен диқан азаматтары, қолда барынан қаржы қосып, бір мақсатқа жұмылып, компания құрып, Қазақстанға ат басын тіреп, еңбек етуді жолға қойды.

Бастамашылық танытып, алғашқы-ладың бірі болып жеке қаражаттарын жұмсап, игі істің туын көтерген Шолақ-терек қыстағынан шыққан Әнуар Қасен-ұлы, Мәуілқан Жолаушыбайұлы, Зинат Әнуарұлы, Қали Ыбырайұлы сынды ел ардақтылары болды.

Оларға қолдау білдіріп, қатарға қосылған азаматтар қатарында Күн-гейсу фирмасынан – Жақыпбек Бұқар-бекұлы, Ақсу ауылынан – Дүйсенбай Ыбырайқанұлы, және де барлығы жиыны 26 азамат белсене қатысып, ортақ іске қаржы шығарды. Олар отбасынан, тұрмысынан, жеке мүддесінен бұрын, ұлт болашағын алға қойып, Қазақстаннан жалға жер алып, көктат (көкөніс) өсіру жобасын атқаруға 19 жігітті туған елге аттандырды. Бұл – тәуекелмен басталған, бірақ сеніммен бекіген сапар еді.

Сол кезде біздің мақсатымыз айқын, ниетіміз шынайы болатын. Біз мынадай қағидалар мен ұстанымдарды серт етіп жолға шықтық:

– Әркім өз қаржысын шығарып, жауапкершілікті мойнына алу;

– Бірлесе жұмыс істеп, ұжымдық күшпен табысқа жету;

– Жоқтан бар жасап, қиындықты оңайға айналдыру;

– Өтірік айтпау, бір-бірімізді алдамау;

– Туған жерді, шыққан елді ұмытпау;

– Орнықтылық пен тәртіпті сақтау;

– Ынтымақты, бірлікті сақтау;

– Ең бастысы – Қытай мен Қазақстан халықтарының достығын қадірлеу, құр-меттеу.

Осындай сертпен, сеніммен, қажыр-қайратпен басталған бұл еңбек жолы – бүгінгі нәтижелі өміріміздің, елмен бірге өркендеудің берік іргетасы болды.

1999 жылдың сәуір айының 4-і күні, қасиетті жұма түнінде, дәл түнгі сағат 12-де біз – үміт пен арман арқалап, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақши ауылына аман-есен табан тіредік. Бұл – атамекенге ат басын тіреген жүрек толқытар, ұмытылмас сәт еді.

Келсек, жолдың бойында бізді ерекше ілтипатпен, ашық жүзбен қарсы алған бір топ азамат күтіп тұр екен. Олардың арасында сол кездегі Еңбек-шіқазақ ауданының әкімі – Құдайбер-ген Орынбетовтың бастамасымен, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төр-ағасының орынбасары – Сұлтанәлі Балғабаев, белгілі профессор, академик – Дәркенбай Шоқпаров, Ақши ауылы-ның әкімі – Ырысбала Жігітек, сондай-ақ елге белгілі азаматтар Қалмақан, Ерғали, Сағат сынды ондаған адам гүл шоқтарын ұстап, кең құшағын жайып, алдымыздан шықты.

Бізді ауылдың төріне – арнайы әзірленген ақ дастарқан басына жайғас-тырды. Көп ұзамай ауылдың ақжарқын қыздары самаурын түтетіп, құман көте-ріп, қонақ күтудің нағыз үлгісін көрсетті.

Уақыт түнгі екіден асып кетсе де, қуаныш сейілмей, көңіл шуағы тарқа-май отырды. Тамада мінберінде – сөз ұстаған, ел сыйлаған Дәркенбай Шоқпа-ров ағамыз еді.

Сол сәтте, шетте тұрып сусын құйып жүрген Қалмақан атты жігіт, ұзақ жол мен түнгі сағаттың салмағынан қалғып кеткен екен. Сонда Дәркенбай аға ел есінде қалған мынадай әсерлі сөзді толғана айтып еді:

«Ей, Қалмақан, тұр Қалмақан, сусынды құй Қалмақан! Қандас бауырларың келді, құшағыңды аш, Қалмақан! Олар саған тек сусын емес, сағыныш пен үміт ала келді! Қандас бауырларың бақыт ала келді, Қалмақан — біздің елге бүгін бақыт қонды!»

Сол түндегі Дәркенбай Шоқпаров ағамыздың жүректен шыққан ыстық ықыласы мен шынайы ақ батасы қабыл болды деп сенеміз. Өйткені, біз сол сәттен кейін үмітімізді үкілеп, еңбекпен есейіп, ынтамен өркендедік.

Қандастың батасы – ел болар істің бастауы деген сөздің шындығына көзіміз жетті.

Бізге құтты қоныс болған Ақши ауылынан 66 гектар жерді заңды түрде жалға алып, көктат (көкөніс) егу ісін сол жылы-ақ бастап кеттік. Арқа-жарқа жүрекпен, бірлік пен сенімге сүйеніп кіріскен бұл бастаманың нәтижесі де жаман болған жоқ. 1999 жылдың жазы – біздің еңбекпен өрілген ең алғашқы жеңісіміздің жылы болды.

Жігіттеріміз күн-түн демей тер төгіп, алғаш рет көрген қазақстандық жерге көкөніс егіп, мол өнім алуға қол жеткізді. Бұл еңбек тек ауыл-аумаққа ғана емес, облыс деңгейіне дейін жеткен зор жаңалыққа айналды.

Сөйтіп, сол жылдың тамызының 17-сі күні, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің алғашқы бетінде ерекше мақала жарық көрді. Онда Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары – Сұлтанәлі Балғабаев, Ақши ауылының әкімі – Ырысбала Жігітек, және Шолақтерек қыстағынан келген Ерболат Кәрімқанұлы, Мұқият Қапасұлы қатарлы азаматтардың суреті-мен бірге «Біз базарға бара жатырмыз» деген тақырыптағы мақала жарияланды.

Бұл мақала тек Қазақстанда емес, Қытайдағы қандастар арасында да үлкен серпіліс тудырды. Жігіттеріміз Қытайға қайтып барған сәтте, Шыңжаң-ның «Шиҥзан газеті» арнайы тілшілерін Шолақтерек қыстағына жіберіп, көктат егіп келген азаматтарды, соның ішінде Заби Әнуарұлын отбасымен бірге суретке түсіріп, газеттің бірінші бетіне мақтанышпен жарияланды.

Онда былай делінген еді:

«Үрімжі аймағынан шыққан бір топ білімді, білікті, шебер қазақ малшылары 1999 жылы батыл реформа жасап, мемлекет шекарасын ашып, көршілес Қазақстанға барып, 66 гектар жерге көктат өсіріп, жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласы мен ерекше мақтауына ие болды».

Бұл – Шолақтерек қыстағынан шыққан қарапайым еңбеккерлердің халықаралық деңгейдегі абыройға ие болған сәті еді. Бұл – ниет пен ынтымақ, адал еңбек пен елге деген махаббаттың шынайы жемісі болатын.

Осы айтулы оқиғалардың нәтижесін-де, 2000 жылдан бастап Шыңжаңдағы қазақтардың Қазақстанға келіп кәсіп бас-тауына, туыстарын іздеп табуына, екі ел арасындағы ағайындық қатынасты кеңейтуге үлкен жол ашылды.

Бұл бастама тек бір ауылдың немесе бір топ азаматтың ғана емес, тұтас бір өңірдің тарихи бетбұрысына айналды.

Боғда тауының Күнгейі жағынан шыққан біртуар азаматтар – Әнуар Қасенұлы, Қали Ыбырайұлы, Мәуілқан Жолаушыбайұлы, Дүйсенбай Ыбырай-қанұлы, Оқан Әбдірақұлы, Қаматай Жәкенұлы сынды ер-азаматтар көштің көсемі, елдің тірегі болып, туған-туыс, ел-жұртын бірінен соң бірін атамекенге бастап келді.

Арада жылдар өткенде бұл көші-қон – нақты нәтижесімен, берекелі болмысымен ел жадында сақталған игі іске айналды.

Бүгінгі күнге дейін тек Боғданың Күнгейі өңірінен Қазақстанға қоныс аударып, тұрақты тіршілік етіп жатқан отбасылардың саны – 382, ал жалпы жан саны – 2117 адам. Осының ішінде:

  • Ақсу ауылынан келген 115 отбасы, 690 жан;
  • Күнгейсу фирмасынан келген 72 отбасы, 432 жан;
  • Шолақтерек қыстағынан келген 32 отбасы, 306 жан;
  • Ұланбай – Лищімұшян аймағынан көшіп келген 93 отбасы, 331 жан.

Бұл тек сандар ғана емес – әр санның артында үміт, сағыныш, еңбек, табандылық, елге деген махаббат, ұр-паққа деген жауапкершілік жатыр.

Атамекенге оралу – олар үшін тек географиялық көшу емес, рухани жаңғыру мен болашаққа бағытталған үлкен тарихи қадам болды.

Тянь Цянь фирмасы, Қожам, Сянге сары аймақтарынан атамекенге оралған 71 отбасы, жалпы 360 адам, еліміздің өркендеу жолында өздерінің сүбелі үлесін қосып келеді. Олар тек туған жерге табан тіреп қана қоймай, Қазақстан халқының санын арттыруға, егін және мал шаруашылығының дамуына, ұлттық салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына, жеке кәсіпкерліктің өркен жаюына елеулі еңбек сіңірді.

Атамекеннің топырағына тер төгіп, маңдай терімен табыс тауып, өз ісін дөңгелеткен мына азаматтарды ерекше атап өтуге болады:

  1. Шахила Баймұратұлы – Тянь Цянь фирмасынан келген бұл азамат «Байтау» атты пластик зауытын ашып, 12 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынып отыр. Жылдық айналымы – 100 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл – еңбек пен іскерліктің шынайы жемісі.
  2. Әбіл Төлегенұлы – 2001 жылы Тянь Цянь фирмасынан көшіп келіп, ата кәсіп – бие сауумен айналысуды бастады. Алғашында небәрі 2 биеден басталған іс, бүгінде қысы-жазы 25 биеге дейін жетіп, жылдық таза пайдасы – 21 миллион теңгеге өсті. Бұл – табандылық пен дәстүрге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.
  3. Өмірбек Сламжанұлы – 2007 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылына қоныстанған. Қазақтың төл мұрасы – киіз үй жасаумен айналысып, алғашқыда жылына 10 дана үй сатса, қазір бұл көрсеткіш 300 данаға дейін жетіп, 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылдық таза табысы – 13 миллион теңге.
  4. Сейтбаттал дәрігер отбасы – 2002 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қытайда алған медицина саласындағы білімін осында жалғастырып, бүгінгі таңда отбасымен бірге халыққа шипа беріп, ақ халатты абзал жан атанып отыр. Жыл сайын 24 000-нан астам адамды қарап, түрлі сырқаттарға дауа жасап келеді. Сонымен қатар, мешіт салып, елді имандылыққа, тазалыққа, адалдыққа, өзара көмектесуге тәрбиелеу жолында да аянбай еңбек етіп жүр.
  5. Бекей Дәкенұлы – 2006 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылына көшіп келіп, мал бағудың ғылыми жолын – жартылай қорада бағу әдісін енгізіп, жылына 60 бас ірі қараны бордақылап, базарға шығарады. Жыл-дық таза табысы – 20 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл үлгілі іс – тек кәсіп емес, өзге шаруалар үшін тәжірибе мектебі десек болады.

Бекей Дәкенұлының бастамасынан үйреніп, мал өсіру мәдениетін заманауи тәсілмен жүргізу – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің кепілі екенін ұмытпайық.

Береке бастауы – бірлік,

табыс кілті – тірлік

Бекей Дәкенұлы сынды қажырлы кәсіпкерлермен әңгіме барысында, бүгінгі таңда шаруашылық жұмысына байланысты бірқатар мәселелердің де бар екенін жасырмай айтып өтті. Ол: «Қазір қора-жайым ел ішінде орна-ласқандықтан, санитарлық жағдайға байланысты бірқатар қиындықтар туындауда. Егер қора ауылдың сыртында, кең алаңда орналасса, жылына 200 бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік туып, таза табысымды 66 миллион теңгеге дейін жеткізер едім» – деп ағынан жарылды.

Бұл – оның алға қойған мақсаттары-ның биіктігін, ел дамуына қосқысы келетін үлесінің шексіз екенін көрсетеді.

Бүгінде жергілікті ағайындарымыз да атажұртын аңсап келген қандас бауырларымызға кең құшағын ашып, зор үмітпен қарайды.

Бұл – халқымыздың ежелгі «қан – бір, жан – бір» деген қағидасының нақты көрінісі. Біздің бұл жарасымды тірлігіміз – тәуелсіз еліміздің баға жетпес байлығы, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің шынайы бейнесі.

Осы ынтымақ пен татулық, ырыс пен береке ұзағынан болсын!

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел ертеңін кемелдендіріп, Қазақстанымыз-ды дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға бірге үлес қосайық! 

 

Оқылды 29 рет

Соңғы жаңалықтар

Маус 19, 2025

Атамекен Отаны – Бейбіт өмір ауылы

Тарих бетіне үңілсек, 1722 жылы Бірiншi Петр: «Қазақ Ордасы бүкiл Азия елдерi жерлерiне…
Маус 19, 2025

Ел жүрегінде сақталар қос есім

Кім келіп дүниеден кім кетпеген, Ащы қайғы кімдерді жүдетпеген. Еске алып дұғасына…
Маус 19, 2025

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп…

Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Әкенің…
Маус 19, 2025

«Атамекен» – ұлттық рух мекені

Жазғы демалыста балаларға арналған мектеп жанындағы «Атамекен – ұлттық рухтың бесігі»…
Маус 19, 2025

Жаңарған ғимарат – жаңа мүмкіндіктер

Денсаулық сақтау жүйесін дамытып, сапалы медициналық көмекті ауыл халқына барынша…
Маус 19, 2025

Алғыс пен құрмет иелері

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина саласындағы қызметкерлердің кәсіби…
Маус 19, 2025

У нас союзнические отношения с…

Заместитель директора ТРК Президента РК Аскар Джалдинов спросил Президента России…
Маус 19, 2025

«Я не вижу никаких осложняющих…

 Отвечая на вопрос заместителя директора ТРК Президента РК Аскара Джалдинова, Президент…
Маус 19, 2025

Логика реформ-3: Новое качество…

В предыдущей статье (см. “Логика реформ” на сайте time.kz) мы говорили о том, что XXI век…

Күнтiзбе

« Маусым 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет