Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың әлеуметтік әл-ауқатымен де өлшенеді. Осы тұрғыда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Олар – мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қарттарға қамқор болып, мүгедектерге, жетімдерге, аз қамтылған отбасыларға демеу көрсетіп жүрген жүрегі мейірімге толы жандар. Әлеуметтік сала – қызмет емес, бұл – адамдарға деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалуы мен тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы аса маңызды жұмыстарды атқарып жүрген құрылымдардың бірі – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. Сала қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында бөлім басшысы Қалдыгүл Айсинамен тілдесіп, әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын білген едік.
– Қалдыгүл Оспанәліқызы, биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Сұхбатымызды қан майданда оқ пен оттың ортасында жүріп, елімізді қорғаған ардагерлерден бастасақ.
– Ел қорғаған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, Ұлы Жеңіс үшін күрескен ардагерлерге қамқор болып, оларды құрметтеу – баршамыздың азаматтық борышымыз. Бүгінде ауданымызда бүгінгі ұрпаққа жеңіс сыйлаған бір ардагеріміз тұрады. Алға ауылының құрметті ақсақалы Солтанбай Жарықбасов атамызға мереке қарсаңында 5 млн теңге қаржылай көмек берілді.
Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен ардагерлер мен қайтыс болған соғыс ардагерлерінің жесірлері де назардан тыс қалмады.
– Ауданымызда Ұлы Отан соғысынан бөлек КСРО кезінде соғыстарға қатысқан, бітімгерлік миссияларын орындаған ардагерлер тұрады. Оларға көмек көрсетіледі ме?
– Әрине, ел қорғауға үлес қосқан әр азаматтың еңбегі елеусіз қалмайды. Естелік күндер қарсаңында 178 Ауған соғысының ардагері мен 2 қаза болғандардың отбасылардың әрқайсына 150 мың теңгеден, барлығы 27 млн теңге көмек көрсетілді. Чернобыль апатынан зардап шеккендерге 9,7 млн теңге, Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған 59 әскери қызметшіге 8,8 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек төленді.
Бұдан бөлек КСРО-ны қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін, басқа кезеңде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған әскери қызметкерлерге, тыл еңбеккерлеріне, Ирактағы және Таулы Қарабақтағы халықаралық бітімгершілік операцияға қатысқан әскерилерге әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққан науқастарға көмек көрсету сіздердің құзырларыңызда ма?
– Иә, аталған ауыр дертке душар болғандарға көмек көрсету бөлім тарапынан жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде туберкулез диагнозы қойылған 117 азаматқа 13,2 млн теңге, ЖИТС (СПИД) індетіне шалдыққан балалардың 14 қамқоршысына 10,9 млн теңге төленді.
– Балғындардың аты жаман дертке шалдығуы – үлкен қасірет. Сонымен қатар, ауданымызда тұрмысы төмен отбасында тұратын балалар да бар. Оларға мемлекет тарапынан қандай жәрдем беріледі?
– Қоғам болған соң балалар түрлі тұрмыстық жағдайда өмір сүреді. Бүгінде біздің бөлім аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін балаларды анықтап, оларға тиісті деңгейде көмек көрсетіп келеміз. Нақтырақ айтсақ, 328 отбасының мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан балаларына 38,1 млн теңге төленді. Жалғыз басты қаттар мен мүгедектерге және мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінде 185 қызмет алушы бар. Өкінішке қарай оның 78-і балалар.
– Мүгедектігі бар адамадарға қандай көмек көрсетілуде?
– Әлеуметтік қолдауды аса қажет ететін адамдарды қолдау мақсатында жеке оңалту бағдарламасы бойынша мүгедек азаматтарға жалпы сомасы 64,6 млн теңгенің 693 ортопедиялық құралдары табысталды. Оның ішінде 124 сурдотехникалық құралдар, 173 тифлотехникалық құралдар, 164 мүгедек жанға қоларбалар берілді. 1 986 тазалық құралдарын алуға өтініштер қабылданып, 412,7 млн теңгенің 1 895 құралы өтініш иелеріне тапсырылды.
Биыл республикалық санаторлық-курорттық пансионаттарында ем алуға 1 298 мүгедектен өтініш қабылданды. 10 ай ішінде 233,8 млн теңгеге 811 адам пансионаттарға жіберілді. Сонымен қатар, мүгедекке жеке көмекші қызметін атқаратын 396 мамандарға және ымдау тілі қызметінің 12 маманына 393,4 млн теңге төленді.
– Мүгедектігі бар адамадарға алысты жақындатып, әсіресе, арбаға таңылған жандардың алғысын арқалап жүрген «Инватакси» қызметіне тоқталып өтсеңіз.
– «Инватакси» қызметін «Мойымайтын мүгедекетр қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Ерекше таңдау Шелек» корпоративтік қоры көрсетеді. Аталған қорда екі «Инватакси» аудан аумағындағы мүгедектігі бар адамадарға қызмет көрсетеді. Ол үшін тапсырыстар мен өтінімдер қабылдау үшін екі телефон нөмірімен қамтамасыз етілген. Өтінімдерді қабылдау үшін ұялы байланысты қоса алғанда, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен санын бақылау үшін телефон келіссөздерін жазатын құрылғымен жабдықталған диспетчерлік қызметі бар.
Айта кететін жағымды жаңалық, жуырда инватакси қызметі су жаңа тағы бір көлікпен толығады. Қазіргі уақытта көлік құралын сатып алдық, алдағы уақытта мемлекеттік конкурс арқылы қызмет көрсетушіні анықтаймыз.
– «Инватаксидің» қызметіне жүгінушілер көп па?
– Әрине, жүріп-тұруы қиынға соғатын азаматтар «Инватакси» қызметін жиі пайдаланады. Биыл «Инватакси» қызметін көрсету үшін бюджеттен 15 млн теңге қаражат бөлінді. Жыл басынан 1 қазанға дейін 1 174 тапсырыс қабылданып, 9,9 млн теңгенің қызметі көрсетілді.
Кейде қызмет алушылар тарапынан: «Инватакси» аудан сыртына тасымалдамайды» деген өкпе-реніштер болып жатады. Жасыратыны жоқ, мүгедектер ем-дом қабылдау және басқа да қажеттіліктер үшін Алматы, Қонаев қалаларына және басқа аудандарға баруға тура келеді. Бірақ, бұл қызметті көрсету заң шеңберіне сыймайды. Яғни, «Инватакси» мүгедектігі бар адамадарды Еңбекшіқазақ ауданының аумағындағы мекемелерге ғана тасымалдайды. Сондықтан, қызмет алушылар «Инватакси» қызметіне түсіністікпен қараса дейміз.
– Төл мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса.
– Шыны керек, әлеуметтік сала – төзімділік пен қажырлы еңбекті талап ететін күрделі сала. Кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлеріміз тағдыр тәлкегіне түскен жандарға қол ұшын созып, көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге көмектесуге әрқашан әзір. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегі, жанашыр жүрегі мен кәсібилігі елдің дамуына, қоғамның бірлігін нығайтуға сүбелі үлес қосуда. Осындай қажырлы еңбек атқарып, жүрегі мейірімділікке толы, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адал әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіздің де, жүректерінде сенім отын жаққан жандардың да ғұмыры ұзақ, өмірі шуақты болсын!
– Сұхбатыңызға рахмет. Мерекеңіз құтты болсын!
Тілдескен С.НҰРАДИН.