Қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен білім сапасымен өлшенеді. Табиғи байлық та, технология да уақытша құбылыс болуы мүмкін, ал сапалы білім – ұлтты алға бастайтын тұрақты күш. Сондықтан білім сапасы мәселесі бүгінгі қоғам үшін ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр.
Білім сапасы дегеніміз – тек оқулықты меңгеру немесе емтихан тапсыру нәтижесі ғана емес. Ол – оқушының алған білімін өмірде қолдана білуі, сыни ойлауы, жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының қалыптасуы. Қазіргі қоғамға жаттанды білім емес, ойлай алатын, шешім қабылдайтын, өзгеріске бейім тұлғалар қажет. Соңғы жылдары елімізде білім беру саласында бірқатар оң өзгерістер жүзеге асуда. Жаңартылған білім беру мазмұны енгізіліп, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Онлайн платформалар, электронды күнделік, қашықтан оқыту мүмкіндіктері білімге қолжетімділікті арттырды. Алайда бұл өзгерістер білім сапасын толық қамтамасыз етіп отыр деу әлі де ертерек. Білім сапасына әсер ететін басты факторлардың бірі – мұғалім мәртебесі. Мұғалім – білім беру жүйесінің жүрегі. Оның кәсіби дайындығы, тәжірибесі мен қоғамдағы беделі тікелей оқушының білім алуына ықпал етеді. Соңғы жылдары педагогтардың жалақысы өсіп, әлеуметтік қолдау күшейгені қуантады. Дегенмен мұғалімге қойылатын талап пен жауапкершілік те соған сай болуы тиіс. Сонымен қатар, білім сапасы мектеп пен отбасының бірлескен жұмысына да байланысты. Кей жағдайда ата-аналар баланың тәрбиесі мен білімін толықтай мектепке жүктеп қояды. Ал шын мәнінде, бала тәрбиесі – ортақ міндет. Үйде кітап оқуға баулу, баланың пікірін тыңдау, білімге қызығушылығын арттыру – ата-ананың тікелей жауапкершілігі.
Білім сапасын арттыру – тек білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет, мұғалім, ата-ана және оқушы бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтиже болады. Өйткені бүгінгі сапалы білім – ертеңгі елдің жарқын болашағы.
Бахтияр ИСМАИЛОВ,
Көлді орта мектебінің директоры.



