Ақбастау орта мектебінде «Бастауыш» әдістемелік бірлестігінің «Ертегілер елінде» оқу жобасы аясында ерекше шығармашылық іс-шара өтті. 3 «А» және 4 «А» сынып оқушылары атақты «Алтын балық» ертегісінің желісі бойынша сахналық көрініс қойып, көрермендерге әсерлі өнер туындысын ұсынды.
Кішкентай әртістер ертегідегі кейіпкерлердің рөлін үлкен шабытпен орындап, оқиға мазмұнын көрерменге әсерлі жеткізе білді. Қойылым барысында оқушылардың сөйлеу мәдениеті, актерлік шеберлігі және топпен бірлесе жұмыс жасау қабілеті байқалды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ертегілер арқылы адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіру және шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Сахналық көрініс барысында ертегідегі алтын балық оқиғасы арқылы еңбекқорлық, қанағатшылдық, ізгілік секілді асыл қасиеттер насихатталды.
Іс-шара соңында көрермендер жас әртістердің өнеріне ризашылық білдіріп, жылы лебіздерін айтты. Мұндай жобалар оқушылардың рухани дамуына, әдеби шығармаларды терең түсініп, оны өмірмен байланыстыра білуіне зор мүмкіндік береді.
Ақбастау орта мектебінің ұстаздары мен оқушыларының бұл бастамасы – жас ұрпақты мәдениет пен өнерге баулудағы тамаша үлгі.
Ш.АБДУКАЛЫКОВА,
мектеп директоры.



