Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026 12:12

Отан жолында опат болған жеті перзент

Әлемде қиындық пен қасіретті, қорлық пен қиянатты көп көрген екі ұлт болса соның бірі – қазақ екені даусыз. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде, яғни жоңғар шапқынылығында жойылуға сәл-ақ қалдық. Кейін Ресей империясының отарлау саясатына тап болып, қаншама жер мен елден айырылдық. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық әкелген азапты айту да ауыр. 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде ұлт қаймақтары қынадай қырылды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы әр қазақтың жанұясына өшпес қайғы, жазылмас жара қалдырды. 1986-ның желтоқсаны да жастарымызды қыршын етті.

Қазақ халқы осы қасірет пен нәубетті басынан өткеріп, қайтпас қайсарлық пен егемендікке деген ұмтылыстың арқасында бүгінгі күнге жетті. Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бұл орайда біз Рахат ауылдық округі Қайназар ауылының жергілікті тумалары Қали ата әулетінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрген қасіретіне тоқталмақпыз.

Сол кезеңде Қайназар ауылындағы тау бөктерінде ауқатты ғұмыр кешкен Қали ата зор абырой беделге ие, аты ел ішіне кең тараған дәулетті кісі болған екен. Атамыздың құрметіне сол заманнан бері тау бөктерінде «Қали сай» деп аталатын сай бар. Әлі күнге дейін ел ішінде солай аталады. Сұрапыл соғыстың зардабы мамыражай күн кешіп отырған әулетті айналып өткен жоқ. Қали ата отбасынан Жапар, Сапархан, Дәулетбақ, Мұсабай, Мұсахан, Ораз, Қораз есімді жеті бірдей ұлы қару асынып, майдан даласына аттанған. Жетеуі де соғыстан Отанына оралған жоқ. Бір майданда жеті баладан айырылудың қайғысын ойлаудың өзі ауыр, әрине.

Осы орайда Ғалымжан Сапарханов, Бақытжан Сапарханов бастаған Қали атамыздың ұрпақтары тарихты ұмытпау керектігін алға тартады. Себебі, соғыста қаза тапқан, із-түзсіз жоғалған бір жанұяның 7 перзенті ұлықтауға және ұмытпауға лайық.

– Қазіргі уақытта Рахат ауылдық округінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында көше атауларын өзгерту және қайта атау жұмыстары жүргізілуде. Бұл азаматтар – бір отбасының ұлдары, барлығы майданға аттанып, елге оралмаған. Олар Ұлы Отан соғысында елдің болашағы үшін жанын қиған батырлар қатарында. Сондықтан, Қайназар ауылындағы атауы жоқ бір көшеге 7 батырдың құрметі үшін «Қалиевтар» атауын беру – олардың ерлігін мәңгі есте сақтау және құрметтеу мақсатындағы маңызды қадам деп ойлаймыз, – дейді Рахат ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Бақберген Ашимов.

Бұл игі бастамаға ауыл ақсақалдары, аналар кеңесі, жалпы тұрғындар қолдау танытып, аудандық және облыстық мәслихатқа сұраныс жіберіліп, жыл соңына дейін оң шешімін табарына сенім білдіріп отыр.

Қайназар ауылының тұрғыны, Қали ата әулетінің жақын туысы Тұрған Оразбақов тарих қойнауына ой жүгіртіп, ер есімі ел есінде қалу керектігін сөзіне арқау етті:

– Аталарымыздың за-манында Есік пен Талғарға адамдар шоғырланбаған, елді-мекендер жоқ болған. Сол кезде Есік, Талғар аймақтары аталарымыздың көктеуі болған. Көктемде малдарын төлдетіп алған соң, Асы жайлауындағы «Көкқайрақ», «Керметас» жайлауларында жаздарын өткізген. Ол жақта бір атамыз – Саймасай болыс атылған. 1917 жылдары орыстардың қысымынан көптеген байлар сыртқа көше бастады. Сол шақта жаныстар осы ауылда қоныстанып, тұрып қалған. Әрине ол кезде бұл аймақтарда қазіргідей ауылдар мен үйлер болмаған. Аталарымыздан естігеніміз бойынша бұрын «патша үкіметінің кезінде бір үйде бір бала болса соғысқа алмайды екен, немесе бірнеше баласы бар үйдің бір баласын қалдырып отырған. Ал Қалидың балаларына обал болды, арасынан біреуі ата-анасының қасында түтінін ұстап қалу керек еді» деп отыратын. Ата-әжеміз санаулы немерелерімен, келіндерімен қайғының құрсауында қала берген. Бір үйдің жеті боздағы Отан үшін, ұрпақ үшін майданда өмірлерін қиды. Өз ойымша жоғарыдағылар бұл бастамаға оң көзқараспен қарайтын шығар деймін. Себебі, бір көшеде тұрған ештеңе жоқ, ұрпақтары «жеті бірдей батыр аталарының ерлігі еленсе, аруақ алдындағы борышымыз орындалса екен», –  деп отыр. Бұдан басқа ештеңе сұрап жатқан жоқ. Бұрынғы кезде азаматтарымыздың патриоттық сезімі жоғары болған. Айқын көрінісі – бір үйден жеті бала соғысқа аттанды, – дейді.

Қали атаның ұрпағы, жоғарыда аталған Ішкі істер саласының ардагері Ғалымжан Сапарханов 2007 жылы Есік қаласындағы әскери бөлімнің архивін ақтарып, Қайназар өлкесінен соғысқа аттанған жандардың есімін түгел жинап, ауыл төрінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне өз күшімен батырлардың есімі жазылған ескерткіш салған екен. Бұл да бабалар ерлігіне деген құрметтің биік белгісі.

Ғалымжан Сапарханов әңгіме барысында бір арманымен бөлісті:

– Ресейдегі Белгород облысы, Новооскольм ауданы, Великомихайловский ауылындағы ҰОС ардагерлеріне арналған үлкен ескерткіште Сапархан атамның есімі жазылып тұр. Атамыз сол аймақта қаза тапқан. Сонымен қатар, Польшада қаза тапқан «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған Мұсахан атам бар, ол кісіден тараған ұрпақ жоқ. Сол аталарымның жатқан жеріне барып, жаназа намаздарын шығарсам деймін. Бұл – көптен ойымда жүрген арманым, биыл жүзеге асар деген ниеттемін. Ал, негізгі мұратымыз жеті бірдей азаматтың құрметіне ауылдан бір көшенің атауы берілсе деген ниет, – деді Ғ.Сапарханов.

Отан үшін кеудесін оққа тосып, жанын құрбан еткен батырларымыздың ерлігін ел есінде сақтау – маңызды міндет. Жеңіс жолында жанын қиған боздақтарымыздың ерлігі – ұрпақ жадында мәңгілік сақталар асыл мұра. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған, адамзат баласына орасан қайғы-қасірет әкелген бұл соғыста халқымыздың рухы сынға түсті. Сол сынақтан сүрінбеген қазақ жауынгерлері мен тылдағы еңбек адамдары елге ерлік пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті. Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1,2 миллионы қазақстандық болды. Олардың өмір жолы – жас ұрпақ үшін өнеге мен тағылым мектебі. Соған сай Қайназар ауылындағы батырлардың ұрпақтары бастап, ауылдастары қостап отырған бастаманың жүзеге асуына біз де тілектеспіз.

 

Ринат НАРХАНОВ.

 

Оқылды 38 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Спортивные достижения юных байтерекцев

Соңғы жаңалықтар

Қаң 22, 2026

Спортивные достижения юных …

Второй год работает в селе Байтерек детский футбольный клуб АL* stars. Занимаются в нём…
Қаң 22, 2026

Жас әртістер қойылымы

Ақбастау орта мектебінде «Бастауыш» әдістемелік бірлестігінің «Ертегілер елінде» оқу…
Қаң 22, 2026

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ

Балалық шақ… Бұл сөзді естігенде көз алдымызға күннің жұмсақ сәулесіне шағылысқан, асыр…
Қаң 22, 2026

Отбасы мен бала тәрбиесіне көңіл…

Отбасы – мейірім мен махаббат мекені әрі кішкентай періштелердің қауіпсіз, жылы орны.…
Қаң 22, 2026

Рух пен сөз күші

Алланың маған берген ерекше дарыны мені шығармашылыққа ерте жастан жетеледі. Бала…
Қаң 22, 2026

Ғасыр адамы

12 қаңтар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы,…
Қаң 22, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…

Құрметті қауым! Жаңа ғана сөз сөйлеген Құрылтай мүшелері маңызды ой-пікірлер айтты.…
Қаң 20, 2026

2025 жылдың IV тоқсанында кірістері…

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша…
Қаң 16, 2026

Пенсии начали подрастать …

В конце декабря 2025 года по интернету гулял фейк о том, что пенсии января 2026 года…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет