Қыстың ортасында тау бөктері ерекше бір тылсым күйге енеді. Ақ ұлпа қарға оранған асқар таулар мен таза ауа тынысыңды ашып, жанды сергітеді. Осындай сұлу табиғат аясында өткен демалыста Түрген ауылдық округі әкімдігі, мәдениет үйі мен «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түрген филиалының ұйымдастыруымен «Көңілді қыс» мерекелік шарасы өтті.
Аталған шараның негізгі мақсаты – саламатты өмір салтын дәріптеу, ауыл жастары мен мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту, сондай-ақ әр мектеп оқушылары арасындағы спорттық байланысты күшейту. Қыстың шымыр аязын елемеген қатысушылар мерекеге ерекше көңіл күймен жиналды.
Мерекенің ашылу салтанатында игі тілегін білдірген Түрген ауылдық округінің әкімі Жұлдыз Искелдиева ауыл өмірінде мұндай спорттық-танымдық шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, «Іле-Алатауы» МҰТП Түрген филиалы директорының орынбасары Нұркен Сабденбаев табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау қажеттігін айтты.
Шара барысында қысқы спорттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, балонмен сырғанау, шаңғы тебу, арқан тартыс, қол күрес және кір тасын көтеру бойынша сайысты мектеп оқушылары.
«Көңілді қыс» мерекесі ауыл тұрғындары үшін тек спорттық жарыс қана емес, бірлік пен татулықты нығайтқан мазмұнды демалысқа айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
С.НҰРАДИН.



