Облыс әкімі
Марат Сұлтанғазиев ауданынымызға жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ғимараттардың да жағдайымен
танысты.
Жұмыс сапары Шелек ауылындағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан модельді ауылдық кітапханадан бас-талды. Кітапхана 2025 жылға арналған мәдениет нысандарын жаңғырту жоспарына енгізілген. Ғимараттың жалпы аумағы – 524,4 шаршы метр. Былтыр ақпан айында «Consulting Company KZ» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, су, кәріз жүйелері, газ қазандықтары орнатылған, едендер құйылып, электр желілері жүргізілген. Қажетті жиһаздар сатып алынған. Қоршау мен сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталған соң, нысанды ақпан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шелек ауылдық мәдениет үйіне де ат басын тіреді облыс басшысы. 1962 жылы салынған ғимараттың жалпы аумағы – 1089 шаршы метр, көрермен залы 250 орынға арналған. Мұнда 10 үйірме жұмыс істейді. Мәдениет үйі 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Шелек ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте күзде күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер ұйым – «KARATZ» ЖШС. Жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар мектеп жанынан 400 орындық үш қабатты жаңа оқу ғимараты салынып жатыр. Құрылыс барысымен танысқан Марат Елеусізұлы нысанды кестеде белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сапар барысында облыс әкімі Шелек ауылындағы №11 өрт сөндіру бекетінде болды. Бекет 1949 жылы салынған, 2009 жылы жөндеуден өткен. Өрт сөндіру бекеті 11 ауылдық округке қарасты 36 ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Мұнда 25 қызметкер жұмыс істейді, 7 арнайы көлік бар.
Шелек ауылындағы әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің құрылысы да назардан тыс қалмады. 2024 жылы ауданда осы санаттағы азаматтар үшін 377 үй салынған. Шелек ауылы бойынша 52 тұрғын үй сатып алуға 863,5 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
Жұмыс сапары Қаражота, Қазтай Ұлтарақов және Нұрлы ауылдарында жалғасты. Қаражота ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша былтыр пайдалануға берілген жаңа орта мектепке арнайы барды. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қам-тамасыз етілген. Балалардың заман талабына сай алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар Сарыбұлақ және Ақтоған ауылдарының жоғары сынып оқушыларын осы мектепте оқыту мүмкіндігі қарастырылуда.
Сарыбұлақ ауылындағы мектеп 1931-1967 жылдары салынған төрт ғимараттан тұрады. Жалпы аумағы 1350 шаршы метр болатын білім ошағының жобалық қуаты – 180 орын. Қазір 193 оқушы білім алуда. Мектепке күрделі жөндеу жүргізілмеген, қосымша 180 орындық жапсаржай салу қажеттілігі бар.
Ақтоған ауылындағы мектеп 1979 және 1983 жылдары салынған екі ғимараттан тұрады. Жобалық қуаты – 83 орын, қазіргі таңда 170 оқушы оқиды. Спорт залы, акт залы, асхана жоқ. Мектеп күрделі жөндеуден өтпеген, жаңа ғимарат салу қажет.
Қазтай Ұлтарақов ауылындағы 1975 жылы салынған мектепте күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Мектеп 280 орынға арналған, бүгінде 451 оқушы білім алуда. Жақын уақытта материалдық базасы толықтырылған соң, оқу процесі жаңартылған ғимаратта жалғасады.
Нұрлы ауылындағы 1985 жылы салынған орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектепте 281 оқушы оқиды. Жөндеу жұмыстарын биыл мамыр айында аяқтау жоспарланған.
Өз тілшіміз.



