Сәрсенбі, 28 Қаңтар 2026 16:34

Саяси жаңғыру жолындағы жаңа қадамдар

Жуырда аудандық мәслихаттың мәжіліс залында «Жаңғыртудан тұрақтылыққа: Президент сөзінің тұжырымдамалық бағдарлары» тақырыбында маңызды қоғамдық-саяси кездесу өтті. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Аналар және Ақсақалдар кеңестерінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер, азаматтық қоғам институттарының жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты.

Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы жүргізіп, жиынның мақсаты мен күн тәртібімен таныстырды. Өз сөзінде 2026 жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ел дамуы үшін айрықша маңызы бар бастамалар көтерілгенін атап өтті. Президенттің бұл жиындағы сөзі Қазақстанның ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын айқындап, парламенттік реформаны басты бағыт ретінде айқындағанын жеткізді.

Жиын барысында Мемлекет тарихы институтының Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі, саяси  ғылымдарының докторы, профессор Венера Абыханқызы жан-жақты баяндама жасап, Ұлттық құрылтайда ұсынылған саяси реформалардың мазмұны мен маңызына кеңінен тоқталды. Айтуынша, Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды реформалар пакетін ұсынып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, болашақ Парламентке «Құрылтай» атауын беру туралы ұсыныстың тарихи тұрғыдан халыққа жақын әрі түсінікті екенін атап өтті.

(Жалғасы. Басы 1-бетте)

 

Сонымен қатар Құрылтайдың 145 депутаттан тұратын құрамы ұсынылып, депутаттардың пропорционалды жүйе арқылы сайланатыны, партиялардың өту шегі бес пайыз деңгейінде сақталатыны және депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жыл болатыны айтылды. Парламенттің құзыреті де едәуір кеңейіп, Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға және Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлауға қатысу құқығы берілмек.

Венера Абыханқызы баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясына да ерекше тоқталды. Бұл институттар өз міндетін толық әрі табысты орындап, елдегі этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті қамтамасыз етудің берік мектебіне айналды. Ассамблея қызметінің арқасында қазақстандық бірегейлік нығайып, этностардың тілдері мен мәдениеттерін дамытуға жағдай жасалды, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі біріктіруші рөлі орнықты.

Президент бастамасымен ұсынылған Қазақстанның Халық кеңесін құру идеясын жаңа қоғамдық диалогтың сапалы кезеңі ретінде бағалады. Халық кеңесі этномәдени бірлестіктерді, ірі қоғамдық ұйымдарды, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерді біріктіретін кең ауқымды алаңға айналып, оған заң шығару бастамасы құқығын беру көзделіп отыр. Бұл қадам қоғамдық институттарға деген сенімнің жоғары деңгейін көрсетіп, азаматтық қоғамның мемлекет басқаруына нақты қатысуына жол ашады.

Баяндамашы Ассамблеяның барлық өңірлік инфрақұрылымы, Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, жастар ұйымдары, ғылыми-сараптамалық құрылымдар, этномедиация орталықтары мен Достық үйлері өз қызметін жалғастыратынын атап өтті. Бұл өз кезегінде этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың берік негізі болып қала береді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Алия Масалимова сөз сөйлеп, құрылтайда көтерілген бастамалардың қоғамды жаңғыртудағы маңызына тоқталды. Ал Еңбекшіқазақ ауданының Аналар кеңесінің төрағасы Роза Исатаева және аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Омар Азизов қоғамдық бірлік пен тұрақтылықты нығайту бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысының реформалар бағытына қолдау білдіріліп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Этнос өкілдері қонақтарға өте түсінікті баяндамасы мен тұшымды жауаптары үшін алғыс айтып тарқасты.

Ринат НАРХАНОВ.

 

 

Оқылды 38 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 28, 2026

Билік институттарын жаңарту

Президент, Курултай және Халық кеңесінің өкілеттіктері мен функцияларын қайта қарау…
Қаң 28, 2026

Сот билігі мен құқық қорғау…

Сот билігінің тәуелсіздігін күшейту, сот өндірісін әртараптандыру және адвокатура…
Қаң 28, 2026

Неке және отбасы құндылықтары

Отбасы мен некенің Конституция деңгейінде қолдауы қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақ…
Қаң 28, 2026

Сөз бостандығы және шығармашылық

Сөз және шығармашылық еркіндігін нығайту, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау…
Қаң 28, 2026

Адам құқықтары мен дербес деректер

Жеке тұлғаның өмірі, ар-намысы және дербес деректерін қорғаудың Конституция деңгейінде…
Қаң 28, 2026

Преамбула мен ұлттық құндылықтар

Жаңа Преамбула мемлекеттің миссиясын, тарихи жады мен мәдени ерекшеліктерді нақты…
Қаң 28, 2026

Конституциялық реформаның жалпы мәні

Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңа деңгейге…
Қаң 28, 2026

«Сказке живой природы» – 20-лет

Частный детский зоопарк «Сказка живой природы», основанный в 2005 году…
Қаң 28, 2026

Әлеуметтік нысандарды Аралады

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданынымызға жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет