Сейсенбі, 16 Қараша 2021 13:17

Шаңырақ ұғымы және шаңырақтың жасалу жолдары

Киіз үй – сахара мәдениетінің, сәулет өнерінің биік шыңы, көшпелілердің баспанасы. Несіпбек Айтұлы қазақша сөйлеткен, Қытай ақыны Бо-Цзюй-и:

Киізіне жүні кеткен мың қойдың,

Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.

Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,

Дей алмаймын ағашына мін қойдым, – деп қазақтың киіз үйін тамсана жырлаған екен.

Біз бұл өлең жолдарынан ақтылы қойдың жүнінен жасалған қазақ киіз үйінің ерекше көз тартатынын аңғарамыз. Ал осы киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі, пішіні күмбез тәрізді, уықтардың басын біріктіріп тұратын, үйге күн сәулесін түсіріп, жарық сыйлап әрі үйдің ортасына жағылған оттың түтінін сыртқа шығарып тұратын киіз үйдің негізгі сүйектерінің бірі, қазақ үшін ерекше қасиетті шаңырақ туралы не білеміз? Және ол қалай жасалады? Ендігі әңгіме осы туралы болмақ. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру» мақаласында: Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс, – деген еді. Сондықтан да бүгінгі жас ұрпақ шаңырақтың астындағы салт-дәстүрмен, мәдениетпен етене жақын бола отырып, заманауи құрылыс техникасын да меңгеруі керек деп түсінем.

Қазақ халқы шаңырақ деген сөзге көптеген ұғымдарды сыйдырған. Ертеде қазақтар бір ауылдың, әулеттің, рудың жан санын шаңырақ арқылы анықтаған. Бұл жерде бір отбасындағы барлық жанның саны бір шаңырақ астында болған. Өзімізге белгілі «Шаңырақ салығы» деген салық түрі де болған. Ал қазақ атаның мұрагері ретінде, үйдің орнын кенже ұлына бастырып, ол отырған үйді «Қара шаңырақ», «Үлкен үй» деп ерекше құрметпен қараған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Райымбек, Райымбек» дастанында:

Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып көшке ереді.

Қара күнді жамылып қара қазақ,

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шылғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді, – деп күңірене жырлайды. «Талай қара шаңырақ өшкен еді» деген өлең жолдарынан біз «қан кешу, қасап заманындағы» жоңғар шапқыншыларынан талай ауылдың, талай адамдардың жер құшқанын білеміз. Шаңырақтың ерекше қасиетке және мағынаға ие екенін бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінен де көруге болады. ҚР еңбек сіңірген суретшісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Уәлиханов Шот-Аман Ыдырысұлы мен сәулетші Мәлібеков Жандарбек Елтаңбамызға киіз үйдің Шаңырағын бейнелеген. Онда «Шаңырақ: Әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын, білдіреді, бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны» делінген. Бұл сипаттама жоғарыдағы Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарымен сәйкес келіп тұр.

Негізінен шаңырақ – «шаң» және «қарақ» деген түбір сөзден біріккен туынды сөз. Түрік сөздері бойынша шаң түбірі «Таң шапағын», ал «Қарақ» түбірі «Көз, қарашық» деген ұғымды білдіреді. Сөзімізді академиік Әбдуәли Қайдардың сөзімен дәлелдесек, зертеуші ғалым: шаңырақ сөзінің түбірі «шаң» сөзі деп, сөзбе-сөз мағынасы «жарыққа қарау» деген ұғым береді. Осы арқылы таңертең түңілік ашылғанда үй ішіндегілер шаңырақ арқылы ең бірінші жарық дүниенің нұры шашылған күн сәулесін көруіне байланысты, «таңды көру немесе таң шапағына қарау» мағынасындағы екі сөздің бірігуінен шаңырақ сөзі жасалады, – дейді.

Киіз үйдің негізгі сүйегі саналатын шаңырақтың да өзіндік жасалатын барыстары бар. Қазақта «Орман аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деген мақал текке айтылмаған. Әдетте киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберді үйші деп атайды. Ал осы үйшілер киіз үйдің сүйегіне лайықтап, түзулігін, мықтылығын, ұзын-қысқалығын,  жуан-жіңішкелігін көздерімен көріп жүріп кесіп алады. Көп жағдайда үйшілер жарамды деген ағаштарды, мамыр, маусым, шілде айларында кесіп алып, сыртқы қара қабығын аршып көлеңкеде кептіреді. Көлеңкеде кептіру себебі ағаш жарылып немесе сызат түспеу үшін болса керек. Құрғап қаңсымауы үшін суық су бүркіп отыратын болған. Ал кейбір үйшілердің сиырдың жас тезегімен сылап тастайтын кездері де кездесіп жатады. Көп жағдайда кереге, уықтардың көлеңкеде кептірілу мерзімі 40-50 күн болса, ал шаңырақ ағашының кептірілу мерзімі 60-70 күн айналасында. Ендігі жерде кептірілген ағашты пайдаланатын керегіне қарай июге, бұрауға тура келеді. Ол үшін кепкен ағаш сынып кетпеу керек екенін басты көзде ұсталады. Ағашты қалай исе, солай икемге келуі үшін морға салып балқытады. Ал мор дегеніміз – ұзыннан қазылған шұңқырға қойдың қиын салып тұтатады да үсітне дымқыл көң төгіп бықсытып жаққан ыстық қорда. Кейде қоламта деп атайды. Осы мордағы қи лапылдап жанып кетпес үшін үстіңгі қабатына жылқының жас тезегін ұнтақтап салып, оттың лапылдап жанып кетпеуін қадағалайды. Морда ағаш әбден балқығаннан кейін тезге салып түзейді. Тез туралы зертеуші Жәрдем Кейкін «Қазақтың атаулары мен байламдары» деген кітабында: жерге мықтап орнатылған үш аяқты, ортасы кертіліп ойылған ауыр, қатты, жуан арқалық, бақауыз ағаш. Қазақтың «Тез басында қисық ағаш жатпайды» мәтелінің түп төркіні осы процестен шықса керек, – деп анықтама береді. Морда жақсы балқып, тезде дұрыс иілмеген ағаш, уақыт өте келе өзінің табиғи болмысына тартып, үйдің әдемілігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан үйшілер киіз үйдің сүйегін жасарда морлау мен тезге салуға ерекше мән береді. Көп жағдайда шаңырақты қайың ағашынан жасайды. Өйткені қайың ағашы әрі мықты, әрі көрер көзге өте сындарлы көрінеді де бұтақсыз келеді.

Үйшілер ең алдымен шаңырақтың тоғынын жасайды. Тоғын деп – шаңырақтың дөңгелек шеңберін айтады. Екі немесе төрт ағашты иіп қосып, бір шеңбер жасайды. Тоғын жасалып болған соң түңілікті көтеріп тұратын, балауса тал ағашынан күлдіреуіш қояды. Күлдіреуіштің саны әр түрлі, 3, 6, 9-ға дейін болады. Шаңырақтың үлкен-кішілігіне қарай күлдіреуіш саны артып немесе кеміп отырады. Ал осы күлдіреуіштер жиырылып немесе ыдырап кетпеуі үшін кепілдік ағаш орнатады. Үйдің ішінен қарағанда шаңырақ әдемі көрінуі үшін кертіп түрлі өрнектер салады. Ең соңында шаңырақтың сырт жақ кенересінен ішіне қарай жоғары шапшыта көз орнатады. Бұл көздерге уықтың қаламы (ұшы) сұғылады. Көз дөңгелек немесе төрт қырлы болып ойылады. Тоғыны жасалып, күлдіреуіші қойылып, кепілдігі орнатылып, көзі ойылған соң шаңырақты, көрер көздің жауын алу үшін бояйды. Көп жағдайда қазақтар үйдің әрбір материалын қызылмен бояған. Осылайша қазақтың киіз үйінің шаңырағы дайын болады.

 

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,

Шелек тарихи-өлкетану музейі.

Оқылды 26049 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет