ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашан да ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын» – деген сөздері қолға қалам алуға және де Президентіміздің ішкі саясат қағидаттары мен бағыттарын, идеология саласын қайта құру қажеттігі туралы ұсыныстары түрткі болды.
Қоғамды жайлаған жемқорлықтан ашкөзділік басты. Пейіл тарылып, сөз қадірі аяққа басылуда. Биліктен сенім алыстап, сөз бен іс үйлесім таппай халық пен билік арасы алшақтап кетті. Жастарымыз мейірімсіз, ана тілінен жеріп, газет, кітап оқу қажет болмай, тик-ток пен әні шеттік болды. Әлеуметтік желідегі ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап, ұлттық болмыстан алшақтатуда. Бұндай жағдайдың ушығуы кейінгі кезде тәрбие жұмысына мән берілмеуден.
Ауыл тұрғындарымен тазалық, қоғамдық тәртіпті нығайту, тәрбие, идеологиялық жұмысты жүргізу, болмысымызға жат идеялардың жастарымызға ықпал жасауына жол бермеу, жалғызілікті, тұрмысы нашар отбасыларына, мүгедектерге қол ұшын беруге шаруа қожалықтарынан жана-шырлар тобын құру, су ресурстарын тиімді пайдалану, арық жүйесін түзеу, тазалау, егістік танаптарда эрозияны болдырмауға, танапты даярлау, дақылды себу, жем-шөп дайындау, жиын-терінде, жеке малды бағу, жолаушы тасымалдауда техникалық қызмет көрсетудің бағаларын жергілікті монополияға жол бермей, келісімді реттеу, жайылым жерді ылғалдандыру, мал індетіне қарсы шаралар ұйымдастыру; күл-қоқысты ретсіз төккізбеу, мал, ит, құс өлекселерін бір жерге жинақтап өртеу, көму, залалсыздандыруды бақы-лау, т.б. күнделікті тұрмыста кездесетін проблемаларды ақылдасып, уақытылы шешіп отыру үшін микроучаскеде жиналыстарда ақсақалдар алқасынан, әйелдер кеңесінен, жастар қанатынан, диқаншылардан, мекеме басшылары мен жігіт ағалары өкілдерінен басқарушы құрылымды сайлау қажеттігі туып отыр.
Халықтық құнды-лықтарымызды сақтап дамытудың басты қайнар көзінің бірі – тәрбие. Сайып келгенде, тәрбие жұмыстарына зиялы қауымның потенциалын пайдалануға күш салу керек. Ауыл белсенділеріне қосылып, тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастырып, халықпен етене араласу билікке көзқарасты өзгертеді, нәтижесі де оң болмақ. Мемлекет басшысы идеологиялық қызметкерлерге білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, инициатива жетіспейтінін айтып, ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырды емес пе? Белсенділер басы қосылып, алдағы жұмыстарына бағыт-бағдар алады, тәжірибе алмасады, үйренеді. Екіншіден, жастар шыңдалып үлгі алады, алдағы уақытта ағалар ісін жалғастыруға дайын болады. Аудан көлемінде жағдай қалай болып жатқанынан хабардар болып отырады. Осындай іс-шаралар өткізу барысында зиялы қауым өзін-өзі танытады.
Ауыл болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмай, билік пен халықтың арасында бос кеңістікті әр ауылда зиялы қауым, ақсақал, жігітбасы, кәсіпкерлер толтырып, көше тазалығынан бастап, маусымдық шаруашылық жұмыстарды реттеп, түрлі іс-шараларды өткізуге мұрындық болып, тәрбие жұмысында ақыл-кеңес беріп, теріс қылықтыны тәртіпке шақыруға атсалысуы маңызды.
Сондықтан, өткен жылы Шелек өңірінде қоғамдық белсенділер ақылдасып, барлық елдімекендерде тұрғындармен жиналыстар өткізген едік. Негізгі мақсат – ел бірлігін нығайту, шаруашылықты тұрақты дамыту үшін қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, әр елдімекенде жиналыс нәтижесінде тұрғындар сайлаған басшы құрылым құру. Ауылдық округ аумағында орналасқан 5 елдімекеннен басшылық құрылым 25 адам ауылдық округте тұрғындардың өкілі есебінде ауыл тіршілігіндегі мәселелерде шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей барынша араласуын қамтамасыз ету. Бұл өзін-өзі басқарудың алғашқы сатысы болады.
Әр ауылда игі істерімен үлгі боларлық, жастарды жақсылыққа жетелейтін азаматтар баршылық. Әр ауылдық округтен кемінде бес адамнан – ардагерлер, әйелдер кеңесінен, жастар қанатынан, мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласынан бір-бір қызметкер өкіл ретінде Шелек өңіріндегі 11 ауылдық округінен қоғамдық белсенділер тобы құрылып, жылына 2 рет жиналып, ауылдың ішкі тынысы туралы ақылдасып, қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіріп отыру мақсатталған еді. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деген. Бұл ұсыныс тұрғындар тарапынан толық қолдау тапқан еді. Облыстық «Алатау арайы», «Ардагер», аудандық «Еңбекшіқазақ» газеттерге осы мәселе төңірегінде мақалалар жария етілді.
Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Заман талабына сай тиімді жұмыс – халықпен тиімді кері байланыс орнату. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұқтажына жедел назар аудару – биліктің міндеті.
Облыс, аудан басшылары аппаратымен жан-жақты даярлық жасап, ауылдық окрутерге келіп халыққа есеп беру кездесуді ұйымдастыруда. Бұндай іс-шараға қатысып жүргендіктен және әлеуметтік желідегі кездесулер туралы хабарламаларды көргенде ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындарына уақытылы хабарлап, тиісті аудиторияны кездесуге қамтамасыз ете алмауы бізді ренжітеді. Кей жерде кездесуде залды 15-16 жастағы колледждің тыңдаушыларымен, мектептің сабақтан қолы бос мұғалімдері, техникалық қызметкерлерімен толтыруға тырысамыз. Су ресурстары мен ирригация министрімен ауыл тұрғындары кездесуінде аудиторияда білім саласы қызметкерлері ғана болғаны айтылған еді. Дәл осындай жағдай Парламент және мәслихат депутаттарымен кездесулерде қайталанып отыр. Жалпы ішкі саясаттың басым бағыттарының біріне қоғамдық диалог жатады. Есеп беруде әкімнің баяндамасында қамтылған сұрақтарға, кездесу барысында халық көтерген проблемалық мәселелерге бүгінде кездесуге қатысқан аудиторияның ой-өрісі сай ма? Әкім есебі жұртшылық үшін жасалатынын ұғынатын мезгіл жетті. Нақты айтсақ, әр ауылда ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар қанаты жігіт басылары, имам, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қызметкерлері, жеке шаруа қожалықтары жетекшілері әкім есебіне қатысып, елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелерді шешу бойынша жоспарлар туралы хабардар етілуі ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізгі талабы емес пе? Осыған байланысты бүгіннен бастап ауыл әкімі аппараты өте маңызды саяси іс-шараларға аудиторияны даярлауға үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.
Ауыл адамы – ауыл өмірінің ең басты тұлғасы, адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Әрбір адамның өнегелі ісі сөз болғанда, ең алдымен, сол адам белгілі бір әлеуметтік ортаның өкілі ретінде, ел жұрттың бір бөлшегі ретінде айғақталады. Ел-жұрт тарихы жеке адамнан тыс қарастырылмайды. «Ауылына қарап азаматын таны» деген. Жеке басының қасиеті елдік мүддемен ұштасып жататын адамды азамат деп ардақтайды. Ел басқару ісіне жас азаматты тікелей араластырудың маңызы зор. Дәстүрлі сабақтастық жағдайында, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстар негізінде жүріп жатса, оның ықпалы үлкен, әсері арта түседі. Жастар –еліміздің болашағы.
Аталған Жарлықта «Есеп беру кездесулері өтетін күннен бір ай бұрын өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарында, есеп беру кездесулерін өткізу кестелерін және алдағы есеп беруге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жолдау тәсілдері туралы ақпаратты жарияласын; Есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мәселелердің шешілу барысы, ауылдық округтер проблемалық мәселерді шешу барысы туралы ақпарат жергілікті баспа басылымдарында жариялансын» – деп көрсетілген.
Ал жергілікті баспа басылымдары облыстық «Алатау арайы», «Ардагер», «Еңбекшіқазақ» газеттері. 2025 жылға 300 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда облыстық газетке 370 адам, аудандық газетке 1200 адам жазылғаны белгілі. Баспасөзге мән берілмегені айқын көрінеді.
Осы жылдың қараша айында Шелек өңірінің белсенді қариялары 11 ауылдық округте аудандық газеттің бас редакторы Х.Ахметжановтың қатысуымен аудандық ішкі саясат қызметінің ақпараттық жұмыс атқару кестесі бойынша оқырманға Президентіміздің оқитын ұлт болу бастамасын орындау мақсатында тұрғындармен кездесу өткіздік. Әрине, негізгі мәселе билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайту, деструктивті идеологияның және үгіт-насихаттың, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу, жастардың жағымсыз қылықтарға нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдыққа қарсы тұруы, насихат, ақпарат жұмыстарын жетілдіру болды.
Біз тәуелсіздік алғаннан бері экономиканы дамытуға көңіл бөлініп, идеологиялық жұмыстың әлсіреп кеткеніне реніш білдіріп жүрген халық едік. Оны естігендей, ел Президенті биылғы жылғы 5 қарашада еліміздегі ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту жайлы жарлыққа қол қойды. Жан-жақты қолдауға тұратын, дер кезінде қабылданған жарлық деп есептейміз. Алайда, идеологиялық жұмыс жарлықпен ғана орындалмайды. «Заң нашар болса да, жақсы шенеуніктермен ел басқаруға болады, шенеунік нашар болса жақсы заң да көмектеспейді» деген бар.
Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын теңдей етіп дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге, сондай-ақ толғандырып жүрген басқа да мәселелерге баса назар жығатын болды. Қазір білім, денсаулық сақтау саласында да қордаланған мәселелер жеткілікті. Олар биліктен осы мәселелерге байланысты нақты да тұжырымды жауаптар күтеді. Біздің пайымдауымызша, ішкі саясаттың негізгі бағыттарына ел бірлігін нығайту, әр отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, мемлекеттің әр азаматын жұмыспен қамту, прокуратура тарапынан жемқорлықтың тамырын қию, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқық бұзушылыққа, заңды бұрмалауға мүлде төзбеу, қоғам тазалығына қол жеткізуді де жатқызуға болады.
Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын ұсынды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі әлеуметтік-экономикалық қиын жағдайларға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оны шешу жолдарын да көрсетіп берді. Біз «қазақ – кеңпейіл, қонақжай халық» деп бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ жүректерге жол табу, адамды бауырым деп санау, қиын-қыстауда қамқор болуды сандықтың түбінде ұмыттық. «Әр адамға жақсылық жасауға мүмкіншілігің болмаса да, жамандық жасамауға мүмкіншілігің бар» дегенді есте сақтаған дұрыс. «Кең болсаң, кем болмайсың» дегендегі кеңшілік жағы бізде әлі де жетіспей жатқаны жасырын емес. Алдыңа келген адамның өтінішіне құлақ сал. Қолыңнан ештеңе келмесе, жылы сөзіңді айтып, шығарып сал. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – деп хакім Абай айтпақшы, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет мықты мемлекет болады. Мықты мемлекетті мықты адамдар қалыптастырады. Сөз түзелмей, адам түзелмейді, ұлт ұлт болып ұйыса алмайды. Сөз бұзылса, адам да бұзылады, ел ішіне іріткі түсіп, тыныштық кетеді. Сондықтан да адамзат ойының алыптары адамды адам ретінде сақтап келе жатқан сөздің құдіреті алдында бас иіп, сөзді түзеуге шақырып отырған. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеуі адамды адам қылып, ел бірлігін сақтайтын идеялар жасалды; енді соны дұрыс сөз арқылы сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, ары қарай жүзеге асыру керегін алға тартып отыр. Жақсылықты бізге біреу келіп жасап бермейді. Өмір күтуден емес, қозғалыстан тұрады. Өмір – ұзақ жол, ал адам – жолаушы. «Қарекет еткеннің қайыры бар» демекші, бізге талпыныс керек.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ, ауданның құрметті азаматы.



