Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі. Рас, денсаулығы мықты адам қоғамғамол пайда әкелетіні сөзсіз. Ал денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану. Бұл қазіргі әлемдік пандемия жағдайында да өзекті болып отыр. Сондықтан еліміздің спорт саласына баса назар аударылып, дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр. Ауданымыздың спортсүйер тұрғындары үшін де жағымды жаңалықтар көп болмақ. Бұл жайында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Сарабеков бізге берген сұхбатында айтты.
– Ерболат Сарабекұлы, әңгімемізді бұқаралық спорттың дамуынан бастасақ.
– Бұқаралық спорт саласында халықтың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтуды ұлғайту басым бағыт болып отыр. 2021 жылдың жартыжылдығында спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 98 157 адамға жетті, яғни тұрғындардың 32,6 пайызы. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 1856 бала оқиды.
Ауданда әртүрлі спорт түрінен 883 секция жұмыс істейді. Атап айтқанда, баскетбол, волейбол, футбол, гандбол, үстел теннисі секілді 85-ке жуық спорт секция жұмыс атқарады. Дзюдо, бокс, самбо, еркін күрес, гір спорты, жеңіл атлетика, шахмат, дойбыдан 40-қа жуық спорт секциясы бар.
Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалған емес. Қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ, теңге ілу, асық ату, саятшылық, аударыспақ сынды секцияларға барушылар да көп. Жыл сайын саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 140-тан аса спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі.
Халықты дене шынықтырумен қамтуды көп жағдайда саланың қолданыстағы инфрақұрылымы айқындайды. Ауданда бұқаралық спорт жарыстарын ұйымдастыруға және өткізуге 398 спорт нысаны бар. Оның ішінде 91 спорт зал, 2 спорттық кешен, 1 стадион, 54 ату тирі, 246 жазықтық құрылғылар, 4 оңтайландырылған спорт зал.
– Ауылдағы балалар мен жасөспі-рімдер спорты қай деңгейде?
– Ауданымызда екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмысын жүйелі жүргізуде. Бірі аудан орталығындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде, екіншісі Шелек ауылында. Спорт мектептеріндегі оқушылар спорттың 16 түрімен айналысады. Атап айтсақ, жекпе-жек, футбол, волейбол, грек-рим күресі, самбо, дзюдо, баскетбол, бокс, акробатика, еркін күрес, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, каратэ-до, таэквондо, армреслинг, стол теннисі,құсбегілік. Қазіргі таңда аталған спорт мектептерінде 1856 бала тәлім алып, 81 жаттықтырушы жұмыс атқарады.
– Аталған мекемелердің материал-дық-техникалық базасы қай деңгейде?
– Еліміз үшін ұлт саулығы бірінші орында. Ал денсаулықтың кепілі – спорт екені баршамызға аян. Сондықтан ауданымыза спорт саласына баса назар аударылуда. Спорт мектептеріндегі барлық спорттық құрал-жабдықтар жаңартылған. Шелектегі балалар мен жасөспірімдер мектебінде бокс рингі орналасқан. Жақын арада Есік қаласындағы спорт мектебіне де көлемі 6х6 кәсіби бокс рингі қойылады.
Былтыр жарысқа қатысатын спортшылардың өзекті мәселесі оң шешімін тапты. Бюджеттен қаражат бөлініп, спортшыларды жарысқа тасымалдау үшін екі спорт мектебіне жеке автокөліктер сатып алынды.
– Спортқа түбегейлі бет бұрған балаларға қандай мүмкіндіктер қарас-тырылған?
– Облыс аумағында Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылында балаларға арналған спорт мектеп-интренаттары бар. Оқу орындары жариялаған конкурсқа жыл сайын 20 аудан мен қаланың жас спорт саңлақтары қатысып, бақ сынайды. Орын саны шектеулі, 1 орынға 40-50 оқушы таласады. Сондықтан мектеп-интернатқа жүзден жүйрік шыққан жас спортшылар ғана қабылданады. Былтыр өздерінің қарым-қабілетін көрсете білген 19 баламыз осы екі спорт мектебіне оқуға жіберілді. Оның сыртында 2 оқушы Алматы қаласындағы спорт мектептеріне жолдама алды. Өмірін спортпен байланыстырған 21 бала биыл да конкурсқа қатысуға ұсыныс берді. Жас спортшыларымыз сенімді ақтайды деген үміттеміз.
– Футболдың өзі – үлкен сала. Бұл бағытты дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда? Нәтиже қандай?
– Оныңыз рас, ауданымыз үшін футбол саласының маңызы зор. Алтын адам мекені футболшылар ұстаханасы десек, артық айтқандық емес. Атақты клубтарда өнер көрсетіп жүрген қаншама мықты аладоп шеберлері – біздің ауданымыздың тумасы. Еліміздің беделді клубтарында, ұлттық құрама сапында ойнаған Дмитрий Бьяков – Балтабайдың тумасы. Есік қаласында дүниеге келген Захар Коробов еліміздің бірнеше футбол клубында өнер көрсетіп, спорттағы карьерасын аяқтады. Қазіргі уақытта туған жеріне оралып, Бөлек ауылдық округінде жас футболшыларды жаттықтырумен айналысады.
Жалпы алғанда, ауданымыздағы футбол жоғары деңгейде дамып келеді. Тек соңғы кездегі карантиндік шектеулерге байланысты жаттығу жұмыстары тоқтатылды. Соның өзінде жас теңбіл доп шеберлерінің тәжірибелерін шыңдау үшін барлық жағдай жасап жатырмыз. Облыстық спорт мектеп-интернатына түс-кен 19 баланың 5-еуі – футболшы.
– Еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты аудандық чемпионаттар да өткізілмей кеткен сыңайлы.
– Өкінішке қарай, барлық спорттық шаралар онлайн форматқа ауысып, карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылған жарыстардың өзі көрерменсіз, жанкүйерлерсіз өтуде. Былтырдан бері эпидемиологиялық ахуалға байланысты аудандық чемпионат тоқтатылды. Өздеріңізге белгілі 2019 жылы чемпионатқа 38 команда қатысып, 1 және 2 лигада тартысты ойын көрсеткен еді. Қазірдің өзінде сол командалар 1 лигаға жасақталып, өнер көрсетуге сақадай сай. Аты жаман ауруды аман-есен жеңсек, футбол жарыстары жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.
– Футбол жарыстары тоқтаты-лып, стадион мен ауылдардағы футбол алаңдарына көңіл бөлінбей кеткен жоқ па?
– Жарыстар ұйымдастырылмаса да жазықтық-құрылымдық алаңдарымыз талапқа сай жасақталып, күтіп-бапталуда. Негізінен ауылдарда шағын футбол алаңдарын салу қарқынды жүзеге асуда. Қазіргі таңда тендер ойнатылып, 15 ауылда шағын футбол алаңдарын салу жұмыстары басталады. Аталған алаңдарда ауыл балалары тегін ойнайды, тек, қауіпсіздік және пайдалану ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Жалпы, спорт саңлақтарының басым көпшлігі ауылдан шығатыны баршамызға мәлім. Сондықтан ауыл спортын дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр.
Ал Есік қаласындағы орталық стадионды заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізу үшін 30 млн теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Алдағы уақытта стадион заман талабына сай күрделі жөндеуден өтіп, арнайы жарық шамдары орнатылады.
– Басқа да тақырыптарға ойыссақ, ұлттық спортымызға қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнде өзінің өзектілігін жоғалтпаған ұлттық спорт ойындарына деген қызығушылық жоғары деңгейде. Әсіресе, көкпар, тоғызқұмалақ, саятшылық, дойбы, хандойбы, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, асық ату сынды ойындар жастар арасында кеңінен тараған.
Бір ғана көкпар ойнын алсақ, бұл спорт түрінен ауданымызда 14 команда жасақталған. Бұл командалардың басым бөлігі Шелек өңірінен. Жыл сайын көкпардан чемпионат, аудан әкімінің кубогі ұйымдастырылады. Аталған жарыстардың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа ұлттық спортымызды насихаттау, командалық көкпар өнерін жетілдіру және облыстық чемпионатқа іріктеу. Қуанарлығы, көкпардан аудан құрамасы облыста үнемі жоғары нәтиже көрсетіп, үздік бестіктің қатарынан түскен емес.
Құсбегілік өнері де аудан аумағында кеңінен қанат жайып, дамып келеді. Бүгінде 22 бүркітіміз түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көріп жүр. Жыл сайын бүркітшілердің басын қосып, сонар ұйымдастырылады.
Ой ұшқырлығы мен математикалық есепті талап ететін тоғызқұмалақ ойыны өз биігінде дәріптеліп келеді. Жақында ғана облыс деңгейінде өткен «Ақбидай» ауыл ойындары сайысында ауданымыздың тоғызқұмалақшылары командалық есепте бірінші орынды иеленді. Екі спортшымыз облыстың құрамасына еніп, республикалық жарысқа қызу дайындық үстінде. Сонымен қатар асық ату мен бестас ойынында ауданымыз командалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
– Елді мекендерде спорт алаңда-рын жасақтау қолға алынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын таба ма?
– Стрит воркаут деп аталатын бұл жаттығу алаңдарын 19 елді мекенге салу үшін сұраныс берілген. Қазіргі уақытта конкурс өткізілді. Жақын арада Тескенсу, Түрген, Бәйдібек би, Қаракемер, Бәйтерек, Асы, Қорам, Жаңашар, Саймасай,Қаратұрық, Малыбай, Балтабай, Сөгеті, Қаражота, Ақши, Көктөбе, Қазақстан, Ташкенсаз, Ават ауылдық округтерінде құрылыс жұмыстары басталады. Сонымен қатар 4 елді мекенге ұсыныс беріп қойдық, алдағы мәслихат отырысында қаралады.
Бүгінгі таңда Есік қаласының орталығында, саяжай маңы және Бижанов ауылында стрит воркауттар жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар ауданның спорт инфрақұрылымын дамыту қолға алынып отыр. Түрген, Ащысай, Жаңашар, Қырбалтабай, Бәйдібек би, Балтабай ауылдарына шағын спорт кешенін салуға Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына өтінім берілді.
– Шелек ауылында спорт кешені бой көтереді деген жоспар сөз жүзінде қалып қоймай ма? Шелектік спортшылардың қуанышы қашан еселенеді?
– Шелек ауылында спорттық-сауықтыру кешенін салу үшін Алматы облысының құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттарды дайындауға 53 миллион 544 мың теңге бөлді. 2019 жылдың шілде айында конкурста жеңімпаз атанған «КАПРЕМПРОЕКТ» ЖШС сметалық құжаттаманы былтыр қараша айында тапсырды. Биыл наурыз айында мемлекеттік сараптамадан өтті. Ауқымды спорт кешенінің жалпы құны 1 млрд 838 млн теңгені құрайды. Жақын арада мемлекеттік конкурс ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Қаржы бөлініп, мердігер компания анықталса, құрылыс жұмыстары басталмақ.
– Коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою мақсатында жүзеге асып жатқан карантиндік шаралар спорттың дамуына қаншалықты әсер етті?
– Былтырдан бері эпидемиологиялық ахуалға байланысты спорттық жарыстар мен жаттығулар онлайн форматқа көшірілді. Қалыптасқан жағдайға қарамастан Instagram, WhatsАpp әлеуметтік желілерінде онлайн спорттық іс-шаралар тұрақты өткізілді. Алайда қарсыласпен бір алаңда өткізілген жарыстың орны бөлек. Әлеуметтік желі арқылы болған соң балалар жаттығу кезінде басқа нәрселерге алаңдап кетеді. Десек те, жаттықтырушыларымыз жарысқа қатысатын, оқуға түсуге дайындалып жүрген спортшыларымызды қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жаттықтыруда. Ол үшін спортшыларымыздан ПЦР тест алынып, ара қашықтық сақталады, әр адамға жаттығу жасау үшін 5 шаршы метр орын қарастырылған.
– Су спортына жақын азаматтар үшін алып ауданымызда бірде-бір бассейн жоқ. Бұл олқылықтың орны тола ма?
– Оныңыз рас, ауданымызда спортшыларымызды жаттықтыратын бассейндер жоқ. Спорттың осы саласына бет бұрған азаматтарымыз көрші Талғар ауданындағы бассейнге барады. Биыл бұл мәселе оң шешімін тауып, Есік қаласындағы спорт кешенінің жанында 25 метрлік жабық бассейннің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаға мемлекеттен қаражат бөлінген жоқ, құрылыс жеке инвесторлар есебінен қолға алынған.
– Осы жылғы жетістіктеріңізге тоқталып өтсеңіз.
– Жыл басында қысқы спорт түрлерінен Райымбек, Кеген аудандарында спартакиада өтті. Осымен төртінші жыл, ауданымыздың спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізуде. Шаңғыдан 2019 жылы чемпион атанса, 2020 жылы 2 орынды иеленді. Шаңғышыларымыз биыл материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған аудандарды шаң қаптырып, тағы да чемпион атанды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық параолимпиадалық ойындарда спортшыларымыз командалық есепте 3 орынға тұрақтады.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай Алакөл ауданында спорттың 4 түрінен спартакиада өтті. Шағын футбол, теннис, жағажай волейболы, жеңіл атлетикадан өнер көрсеткен жерлестеріміз Талдықорған қаласына жол беріп, командалық есепте 2 орынды қанжығалады.
Спорттың 11 түрінен өткен «Ақбидай-2021» ауыл спорты ойындарында командамыз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үздіктердің қатарынан көрінді. 2-3 жылда ұйымдастырылатын бұл додада жерлестеріміз 8 спорт түрінен жүлделі орындарды иеленді.
Өзбекстанның Ташкент қаласында жастар арасында өткен Азия чемпионатында ауданымыздың спортшысы Әлпеш Изенбай самбодан жеңімпаз атанды. Сербия Республикасы Врбас қаласына өткен бокстан 5-халықаралық турнирде Елянур Турганова қола медаль жеңіп алды.
– Төл мерекеде әріптестеріңізге айтар жылы лебізіңіз болса...
– Жоғарыда атағанымдай, аудан спорты жылдан-жылға дамып, жоғары нәтиже көрсетіп келеміз. Спортшыларымыздың түрлі дәрежедегі жарыстарда биік белестерді бағындырып, жеңіске жетуі – бапкерлеріміздің, жаттықтырушыларымыздың маңдай терінің жемісі. Сондықтан спортшыларымыздың жұлдызын жағуға үлес қосып жүрген әріптестеріме, ардагерлерімізге, ауданымыздың, еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларымызға, осы салаға енді ғана бет бұрған жас жеткіншектерге тек жеңісті күндер тілеймін. Алар асуларымыз бен бағындырар белестеріміз көп болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет.
Тілдескен
Сардарбек НҰРАДИН.