Тіршілік атаулының ауа мен нұрға малшынғанда өркен жаятыны іспетті, жас ұрапақ та мейірімге бөленіп, ұлағаттың уызына жарығанда ғана ел ертеңінің иесі атанбақ. Қалай десек те, жас ұрпақтың ақаусыз есеюі – келешегіміздің кепілі саналмақ. Алайда соңғы жылдардағы елміздегі балалар өміріне кесірін тигізген келеңсіз жайттар қоғамдағы толғақты түйіндердің біріне айналды. Сарапшылар балдырғандардың отабысы мен өмірден теперіш көруіне олардың психологиялық саулығы тікелей әсер етеді деп қарайды. Біз Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің психологі Жеңісгүл Хабаевадан балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек берудің маңызын сұрап білген едік.
– Адамның жан дүниесі ең құнды әрі ең нәзік нәрсе. Ал балалар үшін сол жан дүиенің жараланбауы, олардың психологиялық тұрғыдан ақаусыз есеюі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
– Ең алдымен балалардың психологиялық тұрғыдан ақаусыз есеюінің кедергіге тап болуы оларды психикалық бұзылыстарға (психическое расстройство) әкеледі. Бұл құбылыс балалардың тұлғалық дамуына, өмірден өз орнын табуға кері әсерін тигізеді. Сондықтан олардың өміріндегі қарым-қатынастарда қиындық пен кедергілер пайда болады. Біз көбінесе жақсы сезімді бізге басқалардың сыйлағанын күтеміз. Осы сырттан күтетін жағымды эмоциялар мен сезімдерді өзіміз жандандыруды, жаңартуды, байытуды және шығаруды ойламаймыз. Әрине оны балалық шақта қалыптастырса, сол кезден бастап отбасында психогигиена ұстанса, онда психикалық бұзылыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Сондықтан балаға отбасында эмоциялық қолдау, түсіну, көмек көрсету аса маңызды. Психологиялық саулық – адамның өз потенциалын жүзеге асыра алуы мен өмірлік жағдайларда, күйзелістерге қарсы тұра алу қабілетін жетілдіреді. Психологиялық саулықты сақтаған жан өмірдің небір сынынан сүрінбей өте алады.Ал сол психологиялық саулықтың негізі отбасында қаланады. Бүгінде 80 пайыз ата-ана баламыздың көйлегі көк, қарыны тоқ деп біліп, олардың рухани дамуына мән бермейді. Бұл сөз жоқ балалардың психологиялық тұрғыдан ақаусыз есеюіне әсер етеді. Бізде авторитарлы ата-аналар балаға тек өз бұйрығын орындатса, ал немқұрайды ата-аналар балалардың өмірі мен білім алуына тым салғырт қарайды. Тек қолдаушы ата-аналар ғана жеткіншектерді үмітке үкілеп, жарқын болашаққа талпындырады. Сол үшін балаға тек материалдық жағдай ғана жасап қоймай, олардың рухани дамуына да көп көңіл бөлген жөн. Біз психологиялық тұрғыдан ақаусыз есейген ұрпақты ел болашағы деп білгеніміз жөн. Тіпті бала кезінен қалыпты психогигиена ұстана білген адамдар, тым сирек қылмысқа барады екен.
– Балалардың психологиялық сау-лығын сақтау үшін ата-аналар неге көңіл көңіл бөлуі керек?
– Ең алдымен ата-ана балалалардың жанашыр жақыны, сырлас досы болуы керек. Ата-ана бала табиғатын тануы, оны түсінуі, жөнімен еркелетуі, шынайы қарым-қатынас құруы, оның бойындағы бар ерекшелікті көре білуі тиіс. Қазір көптеген ата-аналар балаларды мүлдем назардан тыс қалдырады. Сол себепті де, балалар бос уақытын теледидар мен телефонға телмірумен өткізеді. Олардың теледидардан қандай мультфильм көргені мен телефоннан нендей ойын ойнағаны қадағаланбайды. Ал теледи-дарда балдырғандарды алаяқтыққа баулитын, зұлымдыққа тәрбиелейтін мультфильмдер жетерлік. Мұның барлығы бала психологиясына әсер етпей қоймайды. Бүгінде ғаламтор желісінде жасөспірімдердің санасын улайтын ойын көп. Соның кейбірі, жеткіншектерді өлімге итермелейді. Соңғы жылдары осындай ойын салдарынан жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салатын фактілердің жиілеп кеткендігін білесіз. Бұл жағдайлар отбасындағы қадағалаудың жоқтығынан туындап отыр. Әр ата-ана «мен балама не бере аламын?» деген сауал төңірегінде ойлануы керек. Олардың рухани кемелденуіне мүмкіндік жарату қажет. Маған кей студенттерім үнемі отбасында жұмысқа жегілетіндігін, өзі қалаған ісімен айналыса алмайтындығын жиі айтады. Сондықтан ата-ана балаларды шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашатын жобаларға қатыстырып, оларға үнемі назар аударып, қолдау көрсету керек. Өкінішке қарай, бізде ажырасқан отбасылар да аз емес. Ондағы балалар нақты жағдайды білмегендіктен әкесін не анасын жек көруі мүмкін. Сондықтан әкесі не анасы дәм-тұздары жараспағандығын ашық айтуы керек. Сонымен қоса, жасөспірімдер арасында кикілжің болса, оған алдымен ата-аналары назар аударуы керек. Себебі, баланың бойында пайда болған кішкентай болсын өзгерістерді тек ата-анасы ғана байқауы мүмкін. Осы ретте психолог ретінде ата-аналарға айтарым, егер де балаңыздың қылықтарында бір өзгешелік байқап, оның қысым көріп жүргенін түсінсеңіз, бірден ашуға беріліп, шу көтерудің қажеті жоқ. Алдымен, балаңызбен өзіңіз сөйлесіп, оның себептерін анықтап көріңіз, мұнан кейін сынып жетекшісімен кездесіп, мәселені шешудің жолын бірге іздестіру қажет. Жағдайды дабыралата көтеріп, шу шығарғаннан еш пайда жоқ, ол тек қана баланың алдағы уақыттағы мектептегі өміріне зиян тигізуі мүмкін. Қысқасы, ата-ана балалардың қамқоршысы әрі досы бола білгенде ғана олардың психологиялық саулығы сақталады. Десе де, балалардың психологиялық саулығын сақтауға мектептердің де өзіндік жауапкершілігі бар екенін ұмыт қалдырмаған жөн.
– Соңғы кезде мектеп оқушыларының арасында өзара зорлық-зомбылық, әлімжеттік оқиғалары туралы көп естиміз. Бәріміз болмаса да біразымыз мұны мектеп психологы және оқушы арасындағы жұмыстың реттелмеуімен де байланыстырып жатамыз. Сіздің ойыңызша мектептердегі психолог жұмысының кемшіл тұстары қайсы?
– Сіз айтып отырған мектеп оқушыларының арасындағы өзара зорлық-зомбылық, әлімжеттік оқиғаларына бола бар кінәні мектепке арта салу дұрыс емес. Елімізде шын мәнісінде мектеп-терде психолог аз. Бір мектеп психологына 1000 баладан келеді. Шындығында педагог-психологтарға артылатын жүкте-ме көп. Мектеп психологы оқушылармен, ата-анамен, мектеп әкімшілігімен және жас мамандармен жұмыс істейді. Оқушылармен жұмыстың өзі бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы, дарынды балалармен, үлгерімі төмен оқушылармен, құқық бұзушылыққа бейім оқушылармен жеке-жеке жұмыс жүргізеді. Оның үстіне мектеп психологтарына балалармен жұмыс істеу үшін арнайы сағаттар бөлінбеген. Десе де, мектеп психологтарына қажеттілік күн санап артып келе жатыр. Соған қарамастан мектеп психологтарының жалақысы мардымсыз. Сонымен қатар, олардың біліктіліктерін арттырып отыратын ешқандай тегін курстар жоқ. Көктемде сенатор Дана Нұржігіт ауданымызға арнайы іссапармен келгенде Есік қаласынан психологиялық кеңес беретін орталық ашуды ұсынған едік. Өйткені біздің өңірде психологиялық кеңес алғысы келетін қарапайым тұрғындар, біліктілігін арттырғысы келетін ұстаздар да көп. Егер ұсынысымыз қолдау тауып, психологиялық кеңес беретін орталық ашылса, аталған орталық мектеп психологтарының біліктілігін арттыруға да көмек көрсететін болады. Дегенмен, мекептерде кәсібіи біліктілігі төмен психологтары да жоқ емес. Психолог деген сол саланың маманы болуы керек. Кей мектептерде пән мұғалімдері қосымша мектеп психологы болып та жұмыс істейді. Бұл әрине, оның сағат санын, алатын ақысының көбейтуі мүмкін. Алайда бір мұғалім бірнеше қызметті алып жүре беретін болса, «Аққу, шортан, һәм шаян» сияқты жан-жаққа тартып, соңында еш нәтиже болмайды. Ол кішкентай бүлдіршіндердің оқу бағдарламасын ойлайды ма, әлде психологтың жүктеме-сімен отырады ма? Психолог оқушының көзқарасын, қимылын, бәрін-бәрін жеке-жеке зерттеу керек.
– Психологиялық көмекке жүгінгісі келетіндер көп деп отырсыз. Оларды көбінде қандай мәселе мазалайды?
– Біздің Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде арнайы психологиялық көмек көрсететін орталық бар. Онда көбінде өз студентеріміз ақыл-кеңес сұрап келеді. Олар отбасында туындаған қиындықтар мен өздері дөп келген кейбір мәселер төңірегінде ой ортақтасады. Жасөспірімдер көбіне бой түзеп, ер жете бастаған ұл-қыз ата-анасынан сұрай алмайтын сұрақтар төңірегінде ақпаратты сыртқы ортадан қабылдайды. Ғаламтордағы қисынды-қисынсыз мәлі-меттерге сенеді, соның салдарынан түрлі келеңсіздіктерге тап болады. Жасөспірімдер негізінен отбасында үнемі жанжал туындайтындығын не ата-анасы қолдамайтындығын жиі айтады. Біз мүмкіндігімізше олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, мәселені шешуге көмектесеміз. Кейде бала кезінде жанына жара түскен қыздардың көмек сұрап келетіні бар. Олар сол бір жан жарасын емедеп жаза алмай келе жатқандығын айтып, мұң шағады. Мұндай жүрекке салмақ түсіретін жағдайларда біз де қатты қиналамыз. Дегенмен оларға барынша қолұшын береміз. Дәл қазір оқушылардың бәрі демалыста жүр. Бассейн, лагерь, түрлі демалыс аймақтарына кеткен ұл-қыздардың ең берісі кешкі салқында саябақтарда, аулада серуен құрады. Осылай көңіл көтерудің соңы ата-аналар тарапынан бақылаусыз қалса, балалар сезімге ерік береді. Демалыс кездерінде әр ата-ана балаларына қамқорлық танытып, ақылын айтып, сырласуға уақыты болмаса осы психологиялық орталықтың көмегін пайдалануға кеңес бергені дұрыс. Кей ата-ана «Менің балам психологқа бармайды! Ол – ауру емес!» деп шамданып қалады. Психолог кеңесі тек науқастар үшін емес қой. Біз қазір онлайн түрде ата-аналармен кезедсу өткіземіз. Көптеген ата-аналар баламыз қасымызда, сондықтан оларға алаңдаудың еш қажеті жоқ деп қарайды. Ата-аналары балалардың қасында болғаны жөн. Одан да маңыздысы, олардың ішкі рухани әлеміне үңіле білу қажет. Әрине, бүгінгі жастарды толғандыратын психологиялық мәселелер өте көп. Оларға мүмкіндігімізше көмек беріп, жастарды жарқын өмірге жетелейтін түрлі жобалармен айналысып жатқан жайымыз бар. Осыдан екі жыл бұрын «Айбике» қыздар лагерінің жетекшісі болдым. Онда ұлттық тәрбиеден ажырап қалған қыздар көбірек жиналды. Оларға іс тігуді, ас мәзірін дайындауды үйреттік. Лагерьге келген қыздар барлығын жылдам үйреніп алды. Олар әлі күнге дейін менімен хабарласып, сол лагерьден көп нәрсе үйренгендерін айтады. Қазір де балалар мен жасөсірімдерге рухани азық беріп, олардың өмірге құштарлығын оятатын «Толық адам» деген жобамыз бар. Қазір біздің қоғамда психологиялық саулыққа деген сұраныс артып келеді. Бұл жақсы үдеріс. Көптеген психологиялық мәселер өз шешімін тапқанда, біз тап болып отырған рухани дағдарыс жеңілдей түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Тілдескен Ерзат АСЫЛ.