Сейсенбі, 18 Қаңтар 2022 14:15

Тыныштық күзетінде кірпік қақпай...

 «Қасіретті қаңтар» деген атпен ел тарихына өшпес таңба түсті. Аңғал халықтың бейбіт шеруін арамза баскесерлер өз мақсатына пайдаланып, Тәуелсіздік тұғырын теңселтіп, елдің тыныштығын, жердің бүтіндігін бұзбақ болды. Жансыздар жымысқы бұл әрекетін жылдар бойы жоспарлап, жан-жақты дайындалғанын, басқа емес нағыз жендет, кәнігі қанышер екенін олардың әр әрекеті көрсетіп-ақ тұрды. Мұздай қаруланған топ әлеуметтік-стратегиялық нысандарға, күштік құрылымға – әскерилер мен полицияға лап қойып, нағыз жауыздық көрсетті. Жарақаттанған және мерт болған баскесерлерін алаңдардан ғана емес, шабуыл жасап, уақытша ұстау изоляторы, ауруханалар мен мәйітханалардан да әкетуге тырысты. Соңында із қалдырмау – нағыз террористерге тән әрекет. Бұдан бөлек, қарапайым халықтың мүлкіне зиян келтіріп, талан-таражға түсіргені аздай, азаматтарға оқ атып, талай жанды жақындарынан айырып, зар жылатты. Бұл бассыздық ел егемендігіне зиян келтіріп, ауқымын кеңейтіп кетпеуі үшін қиын-қыстау кезеңде террористерге алдыңғы шепте қарсы тұрған әр әскери үлкен құрметке ие. Олардың арасында антына адал, сертіне берік Ұлттық ұлан қызметкерлері мен сарбаздары да бар. Ұлттық ұланның Қаракемер ауылында орналасқан 6654 әскери бөліміне арнайы барып, әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, подполковник Омар Қуанышбаевпен шағын сұхбат құрдық.

– 4 қаңтарда түнгі сағат 22:00-де Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығын алған соң әскери бөлімнің командирі, подполковник Жандос Қасымов жеке құрамды бастап өзіміздің әскери техникаларымызбен Алматы қаласына оқиға орнына жедел жетті. Алматы қаласына барар жолда әскерилерге ешқандай шабуыл жасалған жоқ. Айта кету керек, шеру бастапқыда бейбіт басталғандықтан, еш қару-жарақсыз бардық. Қолымызда тек қалқан болды. Ұлттық ұлан ережелеріне сәйкес, біздің міндетіміз – қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау және террористерге қарсы тұру. Осыған байланысты біз оларға тек қарсы тұрдық, шеруге шыққандарға ешқандай күш қолданған жоқпыз. Алайда алаңға жиналғандардың басым бөлігі әскерилерге шабуыл жасап, күш көрсетті.

– 6654 әскери бөлімінің неше қызметкері жарақат алды?

– Біздің әскери қызметшілердің 27-сі жарақат алып, бүгінде олардың 11-і ауруханада емделіп жатыр. Жарақаты жеңіл үш сарбаз осында – біздің лазаретте емін жалғастыруда.

– Оқтан жарақат алғандар бар ма?

– Жоқ. Қол, мұрын сүйектері сынғандар, аяқ жарақаттары, бас жарақаттары, негізінен.

– Дәл қазіргі уақытта Ұлттық ұлан әскерилері Алматы қаласында қандай қызмет атқарып жатыр?

– Бүгінде біздің қызметкерлердің негізгі міндеті – коменданттық сағат кезінде, яғни кешкі 23:00 мен 07:00 аралығында қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау.

– Алматыға 4 қаңтарда кеткен әскерилер бүгінге дейін алмастырылды ма?

– Жоқ, ондағы қызмет аяқталған соң әскери бөлімге бәрі бірге келеді. Біздің тарапымыздан оларға бар жағдай жасалып жатыр.

– Олардың арасында әскерге күзгі шақырылымда келгендер бар ма? Болса, олар мұндай қиын жағдайға дайын ба?

– Жоқ, күзгі шақырылымда келген жас сарбаздар әскери бөлімде. Дегенмен, әскер сапына қосылған екі айдың ішінде олар жан-жақты әскери білім алып, қызмет етуге толықтай: жауынгерлік тұрғыдан да, психологиялық жағынан да дайын.

– Психология демекші, әскерилердің арасында ақыл-есін жоғалтқандар жайлы да жаңалықтардан айтылды.

– Қарапайым тұрғындарға әскери киім кигеннің бәрі бірдей көрінер, бірақ біз – әскерилер оларды ажырата аламыз. Ақтөбедегі қақтығыс кезінде «Приказ есть – приказ» деп қасқайып тұрған Ұлттық ұлан сарбазын көрген боларсыз. Әскерде қару ату, қорғанумен қатар сарбаздарға әскери психолог арнайы психология сабақтарын өтіп, қандай жағдайда жауынгер өзін қалай ұстауы керек және қандай әрекет жасауы қажет дегенді жан-жақты үйретеді. Алаңға шыққан шерушілер спирттік өнімдер мен есірткі заттарын қолданғаны, сондай-ақ террористік топтың қарулы болғаны белгілі. Осыған қарамастан әскерилер оларға қарсы тұрып, олардың заңсыз әрекеттерін тоқтатуға тырысты. Өкінішке қарай, әскер қатарындағы жас сарбаздар мерт болды. Адам өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлерден айырылып қалумыз, әрине, жанға батады. Отан үшін жанын берген батырлардың рухына тағзым етіп, қаза болған әскерилерді 10 қаңтар – жалпыұлттық аза тұту күнінде әскери бөлімде бірминуттық үнсіздікпен еске алдық. Олардың есімі барлық қазақстандықтың есінде мәңгі қалады деп сенемін.

 

ОЛАР «ЗОМБИ» СИЯҚТЫ, ӨТЕ ЖАУЫЗ

Алаңдағы жаппай қақтығыс кезінде жарақат алған үш сарбаз бүгінде 6654 әскери бөлімінің ауруханасында емін жалғастырып жатыр. Жарақаты жеңіл болғандықтан оларды осында ауыстырыпты. Жауынгерлердің жағдайын сұрап, Алматыдағы қанды оқиғадан көзімен көрген көріністі сипаттап беруді өтінген едік.

 

Нұрсұлтан Қалдыбекұлы, қатардағы жауынгер:

Біз ұйқыға жатқалы жатқанда дабыл берілді. Жедел жиналып, Алматы қаласына бардық. Қалалық әкімдік ғимаратының алдына тұрып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауымыз керек-тін. Қолымызда тек қалқан бар. «Халыққа күш қолдануға болмайды» деген бұйрық алғанбыз. Бірақ шеруге шыққандар өте қатыгез болды. Олардың қолдарында таяқ, қатты темірлер мен тас болды. Кейбірінде қару да бар. Алаңда бір көліктің сондағыларға кірпіш, тас таратып жүргенін көрдім. Енді бір көліктер әскерилерге қарай қатты жылдамдықпен жүріп, басып өтуге тырысты. Әскерилерге қарай көзді ашытатын гранаталар лақтырды.

Әскерге Шымкент қаласынан келдім. Жасым 20-да. Оң қолым сынды, жабық бас ми жарақатын алдым. Кетіп бара жатқанымда орта жастағы бір адам аяғымнан тартып құлатты. Сол кезде 7-8 адам жиналып текпілеп, ұра бастады. Ол жерден шығарып алған командирім жедел жәрдем көлігіне отырғызып, Алматы қаласының Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына түстім. Қазір лазареттемін, жағдайым жақсы.

 

 

Әлихан Еділжанұлы, қатардағы жауынгер:

Бастапқыда әскери киімімізді шешіп, шерушілердің қатарына қосылуға шақырғандар көп болды. 5 қаңтарда таңға жуық шерушілер полициямен келіссөзге келіп, алаңдағылар үйлеріне қайтатын болған. Бірақ аяқ астынан олардың саны бірнеше еселеп өсіп кетті. Әрі олар «зомби» сияқты, өте жауыз, көздері жанып тұрғандай көрінді. Арасында спирттік сусындар ішкен мастар да болды. Бәрін қиратып, өртеп, жойып, әскерилерге күш қолданды. Қолдарында не болса, сонымен ұрып жатты. Мен алған соққыдан есімді жоғалтып, ауруханаға түстім.

Әскерге Шымкент қаласынан келдім. Жасым 20-да. Алған жарақатым – аяғымның сіңірі созылған, жабық бас ми жарақаты. Қазір жағдайым жақсы.

 

 

Сергей Брылевский, қатардағы жауынгер:

Алаңда тек жастар ғана емес, орта жастан асқандар да, тіпті алғашқы күні әйел адамдар да болды. Негізінен, 20-30 жас аралығындағы жас жігіттер жүрді. Сондай-ақ алаңға шыққанның бәрін «террорист» деуге болмайды. Олар – бастапқыда бейбіт шеруге шыққан бейбіт халық. Бейбіт халық әскерилерге көмек көрсетіп, лаңкестерді заңсыз әрекеттерін тоқтатуға шақырып жүрді. Мысалы, мені ұрып-соғып жатқандарды екі жас жігіт тоқтатып, олардың арасынан алып шықты. Жолдың келесі бетінде тұрған әскерилерге барып едім, ондағылар бірден жедел жәрдем көлігіне салып жіберді. Солай жабық бас ми жарақатымен ауруханаға түстім. Бүгінде жағдайым жақсы.

Әскерге Петропавл қаласынан келдім. Жасым 21-де. 

 

Түйінсөз: Ел тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянып қалмаған, азаматтық, әрі әскери борышын басқадан биік қоятын Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен жауынгерлері жарақаттарына қарамастан қайта қызметтеріне оралуға асық. Өз өміріне емес, ел қауіпсіздігіне көбірек алаңдайтын айбарлы азаматтарымыз аман болсын!

 

Дайындаған

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Оқылды 1372 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет