Дүйсенбі, 21 Наурыз 2022 22:10

Нағыз қазақ осы, міне, танып қой

Қазақ халқының қолөнері қай заманда да өз құндылығын жойған емес. Қолөнер ежелгі дәуірден бастау алып бүгінгі таңға дейін тұрмыста қолданылып келеді. Ұлт мәдениетінің үлкен бөлігі болған бұл салаға елең етпеу мүмкін емес. Қолөнер шеберлері табиғи шикізаттан тіршілікке қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, құрал-саймандар жасап, халық игілігіне ұсынып отырған. Аталған салада ауқымды еңбектер атқарған ҚР мәдениет қайраткері, ауданның танымал туындыгері, 1992 жылы дүниежүзі қазақтарының арасында өткен «Үкілі домбыра» байқауының тұңғыш жеңімпазы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі шаруашылық бөлімінің жетекшісі –  Балтабай Ыбырайұлының қазақ қолөнерінің дамуына қосқан үлесі орасан зор.

Балтабайдай болса екен, шіркін, адам,

Бойынан қазақ иісі бұрқыраған.

Еңбегіңіз өлмейді еш уақытта,

Болса егер жаны қазақ жұртың аман.

Бойынан қазақылықтың иісі аңқып, ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында аянбай тер төгіп жүрген Балтабай Ыбырайұлымен тілдесудің сәті түсті.

– Балтабай аға, сіздің шежірені жақсы білетін қабілетіңізге, талай байқаудан топ жарған жыршы-термешілігіңіз, құсбегі, атбегі секілді сан қырлы өнеріңізге қанықпыз. Ал қолөнермен қашаннан бері айналысып келесіз?

– Мен 1955 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келгенмін. Әкем Ыбырай бәйгеге ат қосқан атбегі және көкпаршы болған. Сонымен қатар ат әбзелдерін, домбыраны, тұрмысқа қажетті басқа да дүниелерді өз қолымен жасайтын өз өңіріне белгілі мықты ұста болған екен. Ол туралы шешеміз көп айтатын. 4 жасымда әкем өмірден озды. Бала әкесінің тәрбиесін көріп, тәлімін алмаса да тегіне тартатынына көзім жетті. 5 сыныпта оқып жүрген кезімде мектеп қабырғасында қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылатын болды. Көр-меге мен алғаш рет өз қолыммен домбыра жасап қатыстым. Сол шақтан бері қолөнерден қол үзген жоқпын. Негізінде, құсбегілікпен, саятшылықпен айналысатын адамдардың басым көпшілігі қажетті құрал-жабдықтарын өздері жасайды, қолөнерге қабілетті болады.

– Қазіргі таңда ұлттық өнер жолында жүрген жастар жөнінде не дейсіз?

– Ұлттық өнермен айналысып жүрген жастарға менің көңілім толады. Жастар жағынан бұл салаға үлкен қызығушылық байқалады. Жалынды жастарымыздың талаптары ерекше. Сондықтан бабадан балаға мирас боп қалған құнды мұраларымыз жаңа тыныс алды. Ұлттық өнеріміздің қарқынды дами беретініне сенім мол.

– Өзіңіз ұлттық өнердің өкілі ретінде жастармен қандай қарым-қатынас орнатқан едіңіз?

– Мен өмірімде домбыра аспабын көп жасадым. Оқуымды аяқтап, Сыр өңірінде жұмыс істедім. Сол шақта жыр-термеге әуес болып жүрген өнерпаздарға, жырауларға бір дастанды толығымен жаттап келген адамға домбыра сыйлаймын деп шарт қойған едім. Қазіргі таңда менен домбыра алған азаматтардың арасында Берік Жүсіпов, Нәзи Қоғашев, Қалабай Сүйінтаев, Оңталап Тоқтыбаев секілді елімізге танымал өнерпаздар бар. Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан жыраулық өнер де тоқырап қалған еді. Осылайша елдегі жыраулық өнердің өркен жаюына үлесімді қосқаным үшін қуанамын.

– Әр адамның пір тұтатын немесе ұстаз деп ұлықтайтын тұлғасы болады ғой. Осы орайда, ұсталық өнердің жолында сіз кімді ұстаз деп атар едіңіз?

– Сұрағыңыз орынды. Мен ұсталық өнердің ұстазы – Дәркембай Шоқпарұлы деп есептеймін. Ол кісіге көзінің тірісінде «Сіз ХХ ғасырдың Дәуітісіз» деп айтып жүретінмін. Дәкеңнен үйренгенім, түйгенім өте көп. Дәркембай ағаны қазақ ұсталарының атасы деп білемін. Басқа ұсталар да бұл сөзіммен келісуге тиіс. Ағамыз  – құрсауда қалған ұлттық өнермен қазақты қайта қауыштырған дара тұлға. Бүгінгі таңда ұсталықпен айналысып жүрген қазақтың әрбір азаматы Дәркембайға қарыздар. Ағамыздың адами болмысы, ақындығы, білімі, шеберлігі бөлек еді. Қазақтың ұсталық, зергерлік өнері даму жолында Дәкең болмағанда  қазіргі таңда бұл деңгейге көтерілмес еді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ағамыздың ұлы Дәулет Дәркембайұлы Ақши ауылында Дәркембай Шоқпарұлы атындағы музейге басшылық етіп, шеберханасының жұмысын да абыроймен жалғастырып келеді. Дәркембай ұстаздың сара жолын, ұлттық өнерге сіңірген өлшеусіз еңбегін бір сұхбаттың ауқымына сыйғыза алмасымыз анық.

– Қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қазақтың тарихын кеңінен таныстыратын орын ғой. Ал қазақ десе, ойға жылқы оралатыны белгілі. Музейде халқымыздың атбегілік өнерін дәріптеу қаншалықты жүзеге асып жатыр?

– Музейіміздің 4-залына «Атқа міну мәдениеті» деген атаумен көрме жасап қойдық. Жылқы жайлы барлық мәліметті беруге тырыстық. Сол жерде жасөспірімдер ат әбзелдерімен, жылқының түрлерімен танысады. Себебі біздің ұлттық идеоло-гиямыз, мәдениетіміз барлығы – аттың айналасында жатыр. Атқа мінген бір қазақ 10 адамға татитыны да сондықтан. Кеңес үкіметі  тұсында ұлтымызға небір қастандық жасалып, мал-мүлкін тартып алса да қазақ өлмеген. Себебі ішсең сусын, мінсең көлік, жесең ас болатын киелі жануарымыз бар еді. Соны түсінген империя басшылары жылқыларымызды түбегейлі жоюмен айналысты. Аттан түскен батыр халқымыздың сол сәтте-ақ басынан бақ тайды.

Менің түсінігімде кез келген нәрсе өзінің тегіне қайтады екен. Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жиғалы ат баптаумен айналысып жатқан қазақтардың саны өсті. Еліміздегі ұлттық спортқа жанашыр жандар бәйгеге ат қосып, азаматтарымыз көкпар тартып, ат спортының қарқынды дамуына үлесін қосуда. Бұл – қазақтың өзінің түпкі тегіне қайта оралуының белгісі.

– Құсбегілік жайлы не айтар едіңіз?

– Бабаларымыздың ақсүйек өнері, қазіргі заманның тілімен айтсақ, спорттың төресі осы – құсбегілік. Музейімізде құсбегілік өнерді дәріптейтін көрмеміз де бар. Музейді тамашалауға келген жастарымыздың ұлттық өнерімізге деген қызығушылықтары өте жоғары.

– Музей маңынан этно-ауыл құрылатыны рас па?

– Иә, алдағы уақытта музейіміздің айналасына этноауыл құрсақ деген үлкен жоспарымыз бар. Болашақта оң шешімін тапса, музейдің айна-ласында көкпар тартатын, бәйге шабатын орындар, қазақ үйлер қойылады. Бұл жобада байырғы қазақ ұлтының тұрмыс-салтынан сыр шертетін барлық дүние қарастырылған.

– Тағы қандай жобаларыңыз бар?

– Бүгінгі таңдағы ауқымды жоспарымыздың бірі – Алтын адамды тапқан қазақтың даңқты археологі Бекен Нұрмұханбетовтің арманын орындау. Ол кісі көзі тірісінде алтын сауыт киген бабамыздың сүйегін байырғы сақтардың салтымен жер қойнына табыстауды қалаған еді. Бұл жұмыстың іске асуы өте күрделі, қаражат жағына да келіп тірелетін тұстары бар. Алайда көп ұзамай жүзеге асыру үшін музей басшылығы жұмыс жасауда.

– Бірлесіп жұмыс атқарып жатқан ұжымыңыз жайында айтсаңыз.

– Музей ұжымының жұмыс қарқыны мен өз қызметіне деген құштарлығына жоғары баға беруге болады. Алдағы уақытта атқаратын шаруаларымыз, жоспарларымыз да өте көп. Тарихымызды таныту жолында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерімізге дұрыс бағыт беріп, басшылық етіп отырған музей директоры Гүлмира Мұхтарованың еңбегі ерен. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ аудандық жұмыспен қамту орталығына да алғысымды білдіремін. Дүниенің түпкір-түпкірінен музейімізге күніне жүздеген адам келеді. Ғимаратымыздың ішін, сыртын таза ұстау өте маңызды. Осы орайда музейіміздің ішкі-сыртқы жұмыстарымен, тазалығымен, шаруашылығымен айналысатын адамдарды икеміне қарай жұмысқа өз таңдауымызбен қабылдап келеміз, олардың ішінде ұсталар, шеберлер де бар.

– Келелі әңгіме өрбітіп, сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.

Тілдескен

Ринат НАРХАНОВ.

Оқылды 3786 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2024

Тәуелсіздікке талпынған Тезек төре

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ…
Қаз 31, 2024

Ауылына қарап, азаматын таны

Адам баласы өмірге келгенде алғаш болып мейірімділікті сезері хақ. Жөргекте жатқан…
Қаз 31, 2024

Құқық бұзушылыққа кім кінәлі?

Қоғамымызда жасөспірімдер мен балалар арасында құқықұзушылық пен тәртіп бұзушылық жиі…
Қаз 31, 2024

«Желаяқтар» марафоны

Республика күні қарсаңында Қырбалтабай ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен…
Қаз 31, 2024

Ел боламын десең, бесігіңді түзе

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет…
Қаз 31, 2024

Мектептегі мерейлі мереке

Республика күні қарсаңында Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Қазақстан – туған елім, ұлы…
Қаз 31, 2024

Девушка с корзиной «ожила»

Пожалуй, единственное сохранившееся творение рук скульптора советских времен – девушка с…
Қаз 31, 2024

Он жил для людей, и они его помнят

Марупа Якуповича Касимова, уроженца с. Ташкенсаз, с большим сердечным теплом вспоминают…
Қаз 31, 2024

Абырой – адал қызметте

2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен – әлеуметтік қорғау жүйесі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет