Елдің жарқын да баянды болашағы – айбынды ердің қолында. Себебі олардың халық тыныштығы үшін атқарар рөлі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынып, әскери киім киіп, Отан үшін адал қызмет ету – ер азаматтың борышы. Жақында Шелек өңіріне арнайы ат басын бұрған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Жаңа Қазақстанның» келелі келешегі туралы кеңінен сыр қозғап, жастарға Отан қорғаудың қасиетті борыш екіндігін қадап айтты. Кездесуге келген жастар ардагердің ой-толғамы мен дарынды ақынның жалынды жырларынан өзгеше әсер алып қайтты.
Шелектегі мәдениет үйінде өткен кездесуге округ әкімі Сәкен Абдыхалиев, орынбасарлары, ауыл ақсқалдары мен Ауған соғысының, Чернобыль апатының ардагерлері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Ең алдымен округ басшысы Сәкен Абдыхалиев ат арытып алыстан келген халық қалаулысына алғысын білдіріп, кездесудің өзіндік маңызға ие екендігіне тоқталып өтті. Одан кейін сөз тізгінін алған Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыздың Тәуелсіздігі бәрінен де қымбат», – деп, «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға үндеу тастаған болатын. Осы орайда, Президент айтқан «Жаңа Қазақстан» қалай болу керек деген жағдайда жалынды да, арынды жастармен кездесіп отырмыз. Шын мәнінде, біздің болашағымыз – жастар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дейтін болсақ, жастардың үні жарқын шығуы тиіс, – деп, жастар ойын еркін жеткізу керектігін айтты. Жүздесуде көктемгі тасқыннан сақтану, экологиялық ортаны қорғау, су мәселесі, мемлекеттік тілдің мәртебесі, мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің бағдарламасын қайта жасау, ауылдарда спорт кешенін салу, мектептердегі оқыту кабинеттерін заман талабына сай жабдықтау мәселесі көтерілді. Кезінде Ауған жеріндегі алапат соғыстың қан майданын көрген ардагерді бүгінгі жастардың әскери борышын өтеуден жалтарғысы келетіні қатты толғандырады.
– Қазір біз баланы жаман үйретіп қойғанбыз. «Әскерде әжеңді сағынасың ба? Үйіңді сағынасың ба?» деген секілді майда сауалмен жанын нәзік етіп алдық. Біз Ауғанға барғанда бізге біреуі ондай сұрақ қоймады. Өлім мен өмір арасында жан алысып, жан берістік. Тек кеудеде Отаным деген үлкен сезім болды. Сол сезіммен борышымызды адал атқардық. Қазір ше? Кішкентай дүниеге бола «өлемін» деп тұра қашып, өзіне қол салғандар бар. Бүкіл әлемді күңірентіп «қаралы, жаралы» деген сарынмен өлең жазатын жас ақындар бар. Алға жылжу қажет, жарқын болашақты ойлау керек. Сен жанбасаң лапылдап, аспан қалай ашылмақ? – деді Бақытбек Смағұл.
Кездесуде Елордадан келген депутат сұрақ қойып, сындарлы ой айтқан қатысушыларға алғысын білдірді. «От пен оқ», «Қолбасшы күнделігі» кітаптарын сыйға тартып, жастардың жігерін жанитын жыр оқып берді. Кездесу соңында округ әкімі Сәкен Абдыхалиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ардагер ұстаз Әсет Алжанбайға Алғыс хат табыстады.
Келесі қадамда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл 65 жылдан астам тарихы бар Шелек политехникалық колледжіне ат басын бұрды.
Ең әуелі колледж директоры Куат Дүйсебаев халық қалаулысына аталған оқу орынының материалдық-техникалық базасын көрсетіп, жаңа сападағы маман тәрбиелеуге жол ашатын «Жас маман» жобасын таныстырды. Колледж директорының сөзінше, «Жас маман» жобасы аясында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша материалдық-техникалық базаны нығайту, осы негізде көрсетілген мамандық бойынша колледжде құзіреттілік орталығын ұйымдастыру, кадрларды даярлау бағдарламаларын жаңарту, кәсіби бағдар беру және мансап орталығы, оқу үдерісін автоматтандыру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде политехникалық колледж студенттерді колледждің заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етілген шеберханаларды жұмыстың практикалық дағдылары арқылы әрі қарай өндірісте жұмыс істеуге дайын болуы үшін шынайы өндіріс процесініе беймідейді. Шынайы өндіріске бейімделген шеберханалар мен заман талабына сай жабдықталған оқыту кабинеттерін көрген Парламент Мәжілісінің депутаты оку орынының материалдық-техникалық әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қоса, Мәжілісмен Шелек политехникалық колледжінің ауласына ағаш отырғызып, білім ордасының келешегіне сәт-сапар тіледі. Одан кейін Мәжіліс депутаты колледж ұжымымен кездесіп, ондағы ұстаздар қауымының ұсынысына құлақ түрді.
– Инновациялық даму үшін техникалық кадр, орта кәсіптік маман дайындау стратегиясы маңызды. Дегенмен, елімізде өндіріс орындары орта кәсіптік білімді жұмыс күшіне зәру, техникалық кадрларға мұқтаж. Қазір ел дамуына тыңнан серпін беретін жаңа мамандықтарды оқытудың кешенді бағдарламалары жасалып жатыр. Сіздер сол талапқа сай қадам жасайды деген ойдамын. Ешкім келіп, бізге ештеңе жасап бермейді. Бәрін өзіміз жасауға тура келеді, – деді Мәжіліс депуаты.
Жүздесуде колледж ұстаздары зейнет жасын қайта қарау, техникалық пәндерге байланысты қазақ тіліндегі оқулықтардың тапшылығын айтты. Сонымен қатар, алғашқы әскери дайындық пәнінің материалдық базасының жұтаңдығы сынды түйіткілдер қозғалды. Мәжіліс депутаты айтылған ұсыныстардың міндетті түрде биліктің құлағына жететіндігін, көп көңіліндегі мәселелер шешімін табуы үшін олармен үнемі кері байланыста болатындығын айтты. Шара соңында колледж директоры Куат Дүйсебаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен «Білім беру ісінің үздігі» Әсет Алжанбайға алғыс білдірді.
Ерлік тұнған менің мынау өлкемде,
Ойға батам көңіл күйін шертем де.
Киесі бар мынау ұлы даланың,
Иесі бар сақтап қалар ертеңге.
Уа, жас ұрпақ! Жанартауы сенімнің,
Жұлдызына айналыңдар көгімнің.
Сендерсіңдер тәуелсіздік жемісі,
Көк байрағын асқақтатар елімнің.
Алдаспан жыр алмас рухтың алауын жағып, жарқыл қағады. Ел ертеңі деп ереуіл атқа ер салар жас ұрпақтың жүрегін тербер өршіл ұран сынды осы өлең. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері, ақын Бақытбек Смағұлмен кездесуден кейін осы бір әсерден айыға алмай, халық қалаулысын қимастықпен ұзатып салдық.
Е.АСЫЛ.