Бейсенбі, 09 Ақпан 2023 10:10

Нағыз ұры – қалтадағы телефон

Талғар ауданындағы «Зәмзам» мешітінің имамы Нұрлан Байжігітұлының есімі аз уақыттың ішінде елге кеңінен танылды. Дін қызметкерін жалпақ жұртқа жария еткен – әлеуметтік желі. Оның айтқан уағыздары, сан сауалға қайтарған жауаптары көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Әсіресе, жастар қызығып тыңдайды. Имам әр сөзін әзіл-қалжыңмен өріп, өскелең ұрпақты терең ойға жетелеуге тырысады.

Жуырда желі қолданушылары арасында «Тик-ток молда» атанып кеткен Нұрлан Байжігітұлы Есік қаласында болып, аудан жастарымен емен-жарқын сұхбаттасты. Имам келеді деген жарнамаға күні бұрын құлақтанғандар Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйіне қарай асықты. Сөйтіп онлайн арқылы ғана тілдесетін имаммен бетпе-бет жүздесудің сәті түсті.

«Жалынды жастар – жарқын болашақ» атты тақырыппен өткен кездесуді облыстық жастар ресурстық орталығы мен дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы ұйымдастырды. Орталық басшылары қазіргі ақпараттар тасқындаған заманда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратудың өзі қиынға соғып тұрғанын жасырмады. Сондықтан Нұрлан Байжігітұлы сияқты дін мамандарының уағыздары қоғамға, әсіресе жастарға керек екенін тілге тиек етті.

Бұдан кейін тізгінді имам өз қолына алды. Әдеттегідей жиналғандарды жарасымды әзілімен бір күлдіріп алып, аудиторияны өзіне қаратты. Әңгімесін ең алдымен Отанға деген сүйіспеншіліктен бастады.

– 1994 жылы алғаш рет Меккеге барғанымда, сол жердің жергілікті халқы менен қайдан келгенімді сұрады. Қазақстаннан десем, олар аң-таң болды. Ондай ел барын ешқашан естімепті. Ауғанстан немесе Пәкістаннан шығарсың дейді. Сығырайған көзіме қарап: «Қытайсың ба?» – деп сұрағандары да бар. Ал мен болсам: «Қазақстан, Қазақстан» – деп айта-айта шаршағаным әлі есімде.

Жуырда қасиетті сапарға тағы да барып қайттым. Елге оралғаныма бір-екі апта ғана өтті. Қазір көзқарас мүлдем басқа. Қазақты бәрі таниды. Соған марқаясың. Осыншама ұлан-ғайыр жерді ұрпағына аманаттап кеткен ата-бабаларымыздың ерлігі мен өрлігі ғой. Олар ұрпағының бақытты күн кешуі үшін түнде ұйықтамады, күндіз отырмады. Бастарын бәйгеге тікті. Сондықтан жас ұрпақ, сіздер елге, жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз бір сәт те суымауы тиіс. Сол жолда аянбай тер төгіп, ізгілік пен мейірімділікті ту етіңіздер, – деді Нұрлан имам.

Ондай игі қадамдарға Ислам діні жол ашатынын көпшілікке паш етті. Бірақ өкінішке қарай, дінге деген құрмет кей кезде мешіттің ауласынан ары аспай жатқанына дін қызметкері қынжылыс білдірді. Жақында бір көрініске тап болып, қайран қалғанын айтты. «Тик-токта» бір қыздың тікелей эфир жүргізіп жатқанын көрген. Бойжеткен ішімдік ішіп алған ба, боқтық сөзбен аузын былғап тұр. Сол арада мешіттен жұма намазын оқыған жамағат шығады. Сақалдарын өсіріп алған үш жігіт әдепсіздік танытқан әлгі қызды боқтай жөнеледі.

– Қарап отырып, кім жаман деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Ислам діні адамдарды сабырлыққа үндейді. «Тас атқанға ас ат» деп атам қазақ айтқандай, әрбір мұсылман жамандыққа жақсылықпен жауап қайтарады. Мешіттен шыққан жігіттердің көкірек көздері әлі ашылмағанын аңғардым, – деп жиналғандарды бір ойландырып тастады.

Содан кейін имам: «Қазіргі замандағы нағыз ұрыны атаңдаршы!» – деп залда отырғандарға ортақ сауал тастады. Жастар абдырап қалды.

– Нағыз ұры – қалталарыңдағы телефон. Ол сендердің алтын уақыттарыңды ұрлап жүр. Өйткені телефонға телміру әдетке айналды. Соның жетегінде кетіп келешегімізді, салт-дәс-түрімізді, ата-анаға деген сүйіспеншілікті, бауырмалдықты, туысқандықты ұмытып бара жатырмыз. Неге біз өмірімізді осыған байлап қойдық? Өткенде екі көзі телефонда, құлаққап киіп көшеден өтіп бара жатқан баланы көлік қағып өлтірді. Міне, біз осындай жағдайға жеттік.

Әрине, мен телефон ұстамаңдар демеймін. Сол байланыс құралының арқасында мен танымал болып, сіздердің алдарыңызда тұрмын. Бірақ, біз соны дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Мәселе осында. Пышақпен нан кесуге де болады, адам өлтіруге де болады. Әр нәрсенің өз орны болуы керек. Дұрыс пайдалансаң озасың, дұрыс пайдаланбасаң тозасың, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Имам сөзін ары қарай жалғады. Жастық шақ нағыз білім қуатын, өмірге кірпіш боп қаланатын кезең екенін, алдына мақсат қоя білген адам, сөз жоқ жақсылыққа кенелетінін сөз етті.

– Әлі есімде, атам 6 жасымда мені өзімен бірге мешітке апарды. Сонда жамағаттың алдында сөйлеп тұрған адамға көзім түсті. «Ата, ана кісі мінберге қалай шықты?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Білімі арқылы шықты, балам!» – деп жауап қатты. «Онда мен де сол орынға шығамын» – дедім. Міне, сол жолда оқыдым, іздендім. Сөйтіп 14 жасымда Жамбыл облыстық телевидениесінде тұңғыш рет тікелей эфирге шығып, халықтың алдында уағыз айттым.

Қасиетті Құранның ең бірінші бұйрығы – оқы, білім ал деген. Сондықтан алдарыңа мақсат қоя біліңдер. Көп оқыңдар, – деп жиналғандарға жігер берді.

Нұрлан Байжігітұлы жастарды толғандырған сұрақтарға мәнді, мағыналы жауаптар қайтарды. Екі сағат уақыттың қалай зу етіп өте шыққаны байқалмай қалды. Бір сөзбен айтқанда, өскелең ұрпақ бұл кездесуден рухани азық арқалап қайтты.

Болат МӘЖИТ, «Алатау арайы».

Оқылды 344 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « «Достық» мешіті игілікке берілді

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет