Әйел – қыз, ана, жар, әпке, әже. Әйел – әдемілік пен мейірімділіктің символы іспеттес. Отбасының ұйытқысына айналған әйелдің қоғамда алар орны ерекше. Әйел қандай рөлде болса да, оның жүрегінде жылу, сабыр мен сүйіспеншілік бар. Жаратушы бар махаббат пен мейірімін әйелдің жүрегіне бергенінің де өз себебі болуға тиіс. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиінің «іңгәлаған» дауысын естіген ана үшін, сол сәт бақыт пен қуанышқа толы. Ана үшін өз баласынан артық байлық та, бақыт та жоқ. Бүгінде асыл аналарымыз, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді басқарып та үлгеріп жүр.
Әйелдің жаны нәзік болғанымен, ол қаласа талай белестерді бағындыра алатын тылсым күші бар. Әрине, «Еркек бас, әйел мойын» екені анық. Әйел қанша асуларды бағындырып, жетістікке жеткенімен, қашан да ер адамнан бір саты төмен тұрары анық. Өйткені бұл – табиғи заңдылық. Ер мен әйелдің қоғамда өзіне тән орны мен рөлі бар. Алайда бұл иерархия бұзылса, қоғамға үлкен қауіп төнері белгілі. Ал егер әйел өз орнын біліп, заңдылықты бұзбаса, ер адам әйелді еркіндігінен айырмаса, сонда ғана қоғам алға ілгерілейді.
Тарих беттеріне үңілсек, ел басқарған, сөз бастаған аналар аз болмағанын бәріміз білеміз. Томирис патшайым көш бастаса, Домалақ ана, Айғаным ана ақыл-парасатымен халықты бірлікке, татулыққа, ұйымшылдыққа шақырған. Олардан қалған өнеге – қазіргі қазақ қыздарының бойындағы қайсарлық пен іскерліктің бастауы.
Қазіргі таңда, заман талабына сай әйел тек үйдің емес, қоғамның да бір бөлшегіне айналды. Бір қуантатыны ерте замандағы әйел теңсіздігі бірте-бірте азайып жатқаны.
Жақында, «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Алматы облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» консультативтік-кеңесші органы жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Шараға арнайы облыстық әйелдер қанаты, облыс пен аудандық мәслихаттың әйел депупаттары, белсенді іскер әйелдер, бастауыш партия ұйымдарының төрайымдары, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, мемлекеттік қызмет саласының өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы құндылықтарын нығайту және гендерлік теңдікті насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы тұста «Гендерлік теңсіздік деген не?» деген сұрақ туады.
Гендер – қоғамда ер мен әйелдің, әлеуметтік рөлін, мінез-құлық, міндетін және мүмкіндігін сипаттайтын ұғым. Қарапайым тілмен айтқанда, жыныс – адамның табиғи ерекшелігі, ал гендер – қоғам мен мәдениет қалыптастырған көзқарас, яғни ер мен әйелден не күтіледі, олар қалай өмір сүруі керек деген түсінік.
Гендерлік теңсіздік – бұл ерлер мен әйелдерге қоғамда тең мүмкіндіктердің берілмеуі, яғни бір жыныстың екіншісінен артықшылыққа ие болуы. Мәселен, елімізде әлі күнге гендерлік теңсіздіктің бар екені сезіледі. Жұмыс орнында әйелдерге ерлерге қарағанда аз жалақы төленуі, басшылық қызметте көбінде тек ер адам болуы, «әйелдің басты миссиясы – ана болу, балаларға тәрбие беру» дейтін стереотиптер де жоқ емес.
Дегенмен, әйел құқығы қорғалып, басшы әйелдердің де бар екенін мойындау керек. Қазір көп әйелдің санасы өзгеріп, түрлі салаларда дамып келеді. Бұрынғыдай әйел тек ана болуы керек, бала бағып, тамақ жасап, үйде күйеуін күтіп отыру керек деген шектеулер енді жоқ. Әйел де еркек секілді бұл өмірде өзіндік миссиясы мен орны бар екенін түсінді.
Нәтижесінде елімізде жеке кәсіпті меңгерген көшбасшы әйелдер саны артты. Соңғы жылдары Президент бастамаларының арқасында, елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында маңызды өзгерістер енгізген саяси реформалар жүзеге асырылды
Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» консультативтік-кеңесші органы жөніндегі кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Шолпан Бөлетайқызы сөз сөйледі. Өз сөзінде мәслихат депутаты:
– «Әйелдер қанаты» тек партиялық құрылым емес, қоғамдағы әйелдердің әлеуетін арттыруға, олардың әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірдегі рөлін күшейтуге бағытталған маңызды күш. Сондықтан, бүгін біз қоғамдағы әйелдердің мәртебесі мен құқықтарын нығайтуға байланысты өзекті мәселелерді талқылай отырып, әйелдер қанатының жұмыс тәжірибесімен бөлісу – ортақ мақсат екенін айтқым келеді, – деді Шолпан Бөлетайқызы.
Қазақтар әйелдерге әрдайым ерекше құрметпен қараған. Ақ жаулықты анаға бас иіп, оның ақ батасын алуды қасиетті борыш санаған. Әйел бар жерде жылулық та, махаббат та, тәртіп пен береке бар екені ешкімге құпия емес.
Сондай-ақ шара барысында «Әйелдер қанаты» консультативтік-кеңесші органы жөніндегі кеңестің төрағасы, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаты Меруерт Сағындыққызы «Әйелдер» қанаты әрқашан тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтінін жеткізді.
Бүгінгі әйел – көшбасшы. Ол тек өз ісінде емес, өмірде де үлгі бола біледі. Отбасындағы тәрбие мен қоғамдағы еңбекті қатар алып жүрген әйелдің табандылығы – ел болашағының кепілі. Қай салада жүрсе де, әйелдің жұмсақ жүрегі мен өткір ойы талай жетістікке жол ашады. Ал әйел көшбасшылардың қатары көбейген сайын, еліміздің келешегі жарқын болмақ!
Жанерке САТЫБАЛДЫ.