Қазір әлем бойынша барлық сала цифрлық технологияның ықпалымен қарқынды дамуда. Экономикадан бастап, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, өндіріс пен мәдениетке дейінгі барлық бағыттарда цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Қазақстан үшін де бұл – болашаққа бастар маңызды стратегиялық қадам. Қоғам цифрлық дәуірге аяқ басты. Жасанды интеллектің адам өміріне тигізер пайдасы мен зияны қандай? Осы сұрақты кеңінен тарқатып көрелік.
Цифрландыру – бұл барлық салада ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жұмыс үдерісін жеңілдету, тиімділікті арттыру және уақытты үнемдеу үдерісі. Ол тек компьютер немесе интернетті пайдалану емес, цифрландыру елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеретін ірі заманауи өзгеріс.
Цифрландырудың басты мақсаты – қоғамды жаңа деңгейге көтеру арқылы халықтың өмір сапасын арттыру. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік қызметтерді жеңілдету, халыққа қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру, қағазбастылықты азайту, экономиканы дамыту, өндіріс пен бизнес үдерістерін автоматтандыру арқылы шығынды азайтып, өнімділікті арттыру, білім мен ғылымды жетілдіру, білім беру саласында цифрлық платформаларды қолдану, онлайн оқыту жүйесін дамыту, денсаулықты сақтау саласын жақсарту, электронды медициналық карталар мен қашықтықтан емделу мүмкіндігін енгізу, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, деректерді қорғау, қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру, «ақылды қала» жүйесін дамыту, көлік, коммуналдық және басқа да қызметтерді цифрлық басқару арқылы халықтың өмірін ыңғайлы ету.
Бүгінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бұрынғыдай қағазбастылықпен емес, электронды түрде іске асуда. «Egov.kz», «E-Salyg Аzamat» порталы сынды электорндық платформалар азаматтарға уақыт үнемдеуге, артық шығыннан құтылуға әрі адами фактардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрландыру тек ауыл үшін емес, қала үшін де маңызды. «Электронды үкімет» порталы арқылы халық көптеген қызметті үйден шықпай-ақ ала алады. Халыққа қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етіп, жемкорлықтың алдын алуға көмектеседі.
Цифрландырудың тағы бір түрі – жасанды интеллект. Қазақстанда бұл сала енді қалыптасып келеді. Медицинада диагноз қою, қаржы саласында тәуекелдерді болжау, құқық қорғау органдарында талдау жүргізу – осының бәрі жасанды интеллектің көмегімен іске аспақ. Қазақстандық IT-мамандар осы бағытта белсенді жұмыс істеуде. Tech Garden, Astana Hub сияқты технопарктер мен стартап алаңдары отандық технологияны дамытуға үлкен үлес қосуда. Цифрландырумен бірге ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Кибершабуылдар, жеке деректердің таралуы, онлайн алаяқтық – бұлар цифрлық дәуірдің кеселдері. Ақпараттың барлығы интернет желісінде сақталғандықтан, жеке мәліметтердің қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс. Әрбір азаматтың цифрлық сауаттылығы да осы мәселеде үлкен рөл атқарады. Цифрландыруды енгізу үшін технология ғана емес, оны игеретін білікті кадрлар қажет. Әр адам өз деректерін қорғауды үйреніп, интернет мәдениетін сақтауы қажет. Мемлекет деңгейінде де осы мәселенің төңірегінде арнайы киберқорғау жүйелері енгізіліп, ақпараттық қауіпсіздік мамандары даярлануда.
Цифрлық сауаттылық – бүгінгі азаматтың басты дағдысына айналуы тиіс. Мектептерде информатика пәнін ерте жастан оқыту, кәсіби қайта даярлау курстары – осының бәрі цифрлық дәуірге сай ұрпақ тәрбиелеудің кепілі.
Білім беру саласы – цифрлық технологияны ең қажет ететін әрі тез өгеретін сала. Қашықтан оқыту, онлайн курстар, цифрлық платформалар бүгінде мектеп пен университет өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Болашақта дәстүрлі білім жүйесі мен цифрлық білім беру арасындағы шекара жойылып, аралас модель толық қалыптасады деп ойлаймыз. Цифрлық білім беру барысында оқушы өз қарқынымен оқи алады, мұғалім ресурстарды оңай тарата алады, цифрлық бағалау жүйесі арқылы әділдік артады, аймақтық теңсіздік біртіндеп жойылады.
Алайда, бұл саланың да өзіне тән проблемаары бар: интернетке тәуелділік, контент сапасы, мұғалімдердің цифрлық дайындық деңгейі. Сондықтан педагогтарды қайта оқыту, сапалы контент жасау – басты міндет.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын айтты.
– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз қажет. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект технологиясын енгізу үшін алдымен Цифрлық кодексті қабылдау керектігін айтты. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелердің айқындалуы тиіс екендігін де атап айтты.
Цифрландыру – тек техника емес, ол мәдени өзгеріс. Халықтың цифрлық мәдениеті артпайынша, кез келген озық жүйе тиімді жұмыс істемейді. Мәселен, электрондық қолтаңба, онлайн өтініш беру, QR-төлем – бұлардың барлығы ыңғайлы. Бірақ кейбір азаматтар қағаз құжатты әлі де артық көреді. Себебі, сенім жоқ, немесе цифрлық құралдарды қолдана алмайды. Осы себепті азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру курстары көбірек ұйымдастырылуы тиіс, оған қоса цифрлық жүйелер қолданушыға ыңғайлы және қарапайым болуы керек. Мемлекеттік органдар мен бизнес цифрлық мәдениетті дамытуда үлгі көрсетуі қажет. Бұл технологияның халықпен табысуына жол ашады. Цифрлық даму үшін алдымен біз дайын болу керекпіз. Біз уақыт ағымына ілесе аламыз ба? Бұл сұрақтың жауабы әр азаматтың өзіне ғана байланысты.
Білімді ұрпақ, ашық қоғам, сенімді инфрақұрылым мен ұлт болашағына сенім – міне, цифрландыру табысты болу үшін қажет алғышарттар.
Әлемде «цифрлық отарлау» деген термин жиі айтылады. Яғни, шетелдік технологияны ғана тұтыну арқылы біз цифрлық тәуелділікке түсуіміз мүмкін. Бұған жол бермеу үшін отандық IT-саласын, қазақ тіліндегі контентті, жас стартаптарды қолдау аса маңызды. Цифрландырудың тағы бір тиімді тұсы ол мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алу мүмкіндігі. Бұрын құжат үшін аудан орталығына бару керек болса, енді оны үйде отырып-ақ рәсімдеуге болады. Бұл әсіресе үлкендер мен мүгедектігі бар адамдар үшін өте қолайлы. Қазіргі жастар арасында онлайн білім беру, қолөнер бұйымдарын сату сияқты бағыттар танымал бола бастады. Цифрландыру туралы айтқанда, көбіне экономика, білім, денсаулық сақтау сияқты салалар еске түседі. Ал мәдениет пен ұлтық мұра технологияның шетінде қалып жүрген, бірақ аса маңызды бағыт. Шаң басқан архивтердегі, ұлттық мұрағаттағы құнды ақпараттарды цифрландыру – көне тарихқа жаңа дем бергенмен тең. Қазақстанда мыңдаған тарихи құжаттар, қолжазбалар, сирек кітаптар бар. Бірақ олардың көбісі тек қағаз күйінде сақталған. Уақыт өте келе олар тозып, жойылуы мүмкін. Сондықтан оларды сканерлеп, сандық форматқа көшірген абзал. Кейбір қалалық кітапханалар бұл процесті бастап кеткенімен, ауылдық жерлердегі мұрағаттар мен музейлер әлі де назардан тыс қалуда. Цифрлық мұрағаттар арқылы адамдар үйінен шықпай-ақ тарихи материалдарды қарап, зерттей алады. Бұл тұста әрине, цифрландыру өте тиімді. Сонымен қатар, бұл студенттер, тарихшылар, журналистер мен қызығушылық танытқан кез келген азамат үшін өте ыңғайлы. Мысалы егер аудандық кітапхананың қорындағы ескі шежіре цифрландырылса, ол бүкіл елге қолжетімді болар еді.
Кейінгі жылдары ауылдық клубтар мен мәдени орталықтар интернет арқылы көрмелер, концерттер, шеберлік сабақтарын жиі өткізе бастады. Жастардың басым бөлігі бос уақытын әлеуметтік желіде өткізетіні белгілі. Сол үшін мәдени мазмұнды солар тұтынатын форматта әлеуметтік желіге салған дұрыс секілді. Осылайша, жастар бос уақытын интернетте пайдалы өткізер еді. Сандық технология арқылы біз өткенді сақтап, бүгінгіні таратып, келешекке үлкен үміт арта аламыз. Әр ауыл, аймақ, мектеп пен кітапхана осы бағытта іске қосылса, ұлттық мұрамыз ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жетері анық.
Цифрландыру – ел дамуының басты бағыттарының бірі. Ол тек технологиялық өзгеріс емес, тұтас қоғамның жаңаруына, жаңа ойлау мәдениетінің қалыптасуына жол ашады. Цифрландыру арқылы біз уақыт үнемдеп, қызмет сапасын арттырамыз, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік аламыз.
Болашақ – цифрлық әлемнің қолында. Сол үшін әрбір азамат заманауи технологияны меңгеріп, ақпараттық сауаттылығын дамытқаны дұрыс. Өйткені сандық әлемде адаспас үшін сыни ойлау, медиасауат және ішкі сенім аса қажет.
Жанерке САТЫБАЛДЫ



