Дүйсенбі, 10 Қараша 2025 16:24

Заманның заңғар Жаршысы

Әке-шешеміз дүниеден өткелі жарты ғасырдан асып кетсе де, дастархан жайғызып, бата жасап, дұға оқытып, бастарына барып рухына тағзым етуді, жылма-жыл ел жаққа барып қайтуды дәстүрге айналдырғанмын. Биылғы жылы теріскейдегі туған ауылыма – Жамбыл ауданы Баян ауылына жол тартқан едім. Сапарда облыста жоспарланған 3 іс-шараға қатысу мүмкіндігі туды. Атамыз  қазақ: «Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма» деп бекер айтпаған ғой. Ел құрметіне бөленген арыстарымызды еске алу жиындарына қатысып, жайылған ақ дастарханнан дәм таттым.

Нақты тоқталсам, мемлекет және қоғам қайраткері. Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің 95 жылдығына Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданында  алқалы жиын өтті.

Екіншісі, кішкентайдан Баян ауылында бірге өскен, сыныптасым Ерік Нұрпейісовтың ұлы кикбокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия, Қазақстан чемпионы Азаматты Республикалық Ұлан академиясы басшылығы тарапынан еске алу турнирінің финалы (бұл екі іс-шара бөлек әңгіме).

Жамбыл ауданы елдің шетінде, желдің өтінде Ресейдің Қорған облысымен шекаралас. Бұл аудан – Тәуке хан тұсында қазақ әскерінің сардары болған «Елім-ай» әнінің авторы Қожаберген жыраудың, оның жылдық асына қатысқан Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, Бұқар мен Тәтіқара жыраулар алдында жоқтау айтқан Жанкісі жырау, жау оғы мен найзасына төсін тосқан  Баян батыр серіктестері Ағынтай, Баянбай Ақшаұлы, Жабай, Ер Жәнібек, Итеке, 18 жасында Есілдің бойында қалмақ батырымен жекпе-жекке шыққан Мықтыбайдың, Сартай, Сексен, Сүйіндік, Тұрсынбай,  Шақшақ Көшекұлы т.б. батырлардың, Алдай би, Бағлан би, Жарылғап би, Жарылқамыс би, Есеней би, Қараби би, Қантай би, Танаш би, Тоқсан би, Тіленші би, Толыбай сыншының, Киікбай мен Шағырай шешеннің, Біржан сал, Шерке сал, Нұрке сері, Ниязсері, Сегіз Сері, Сейітжан сері, Үкілі Ыбырайдың Отаны, өскен өңірі. Қазақ жерінен жерлес-ғарышкерлер В.Шаталов пен А.Викторенко ғарышқа самғады. Спорттан әлем чемпионы Жанат Жакиянов, Рүстем Калин, Азамат Нұрпейісов, заманымыздың белгілі ғалымдары Қ.Айтқожин, Н.Акуев, Қ.Аубакиров,  В.Дробовцев, Ә.Еламанов, К.Жақыпов, Қ.Жоламанов, А.Ибраева, М.Кенжегузин, А.Мерк, В.Мещеряков, З.Молдахметов,  М.Молдахметов, М.Мұзапаров, Т.Нұртазин, Г.Овчинников, Ж.Сартаев, Е.Шайхутдиновтар Жамбыл ауданы мақтанышы.

Жоғарыда есімдері аталған, солар өмір сүрген ортада дүниеге келіп, ақ қайыңды, көгілдір көлді, туған өлкесін өз шығармаларының арқауы еткен Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықов, Сәбит Мұқанов еді. Міне, үшінші қатысқан іс-шара – Петропавлда Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына орай өткен ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция еді.

Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Жеті жаста әкесі Мұқан қайтыс болып, сегізде анасынан айырылады. Жетімдіктің тауқыметін тартқан Сәбит еңбекке ерте араласып байлардың есігінде жүріп қойын бақты, отыны мен суын тасыды, жылқышы болды. Жоқшылықтан көзін аша алмай, өз бетінше оқу-білімге ұмтылып, ауыл молдасынан хат таныды. 14-15 жасында ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, өлеңші бала атанды.  1918-19 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп М.Жұмабаевтың педагогика курсы тарихынан оқыған дәрістерін қағаз бетіне түсірді. Өз өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады. Ол біраз уақыт мұғалім болып қызмет етті. 1921 жылы С.Мұқанов коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне түсіп, 1926 жылы бітіріп шықты. С.Мұқанов 1926-28 жылдары республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1928 жылы Петропавл қаласының «Кеңес ауылы» газетінің редакторы 1932-35 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыған. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы болып, 1936-37, 1943-1951 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарған. 1937-41 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры. 1958-69 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-69 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар,  монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды. Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері («Көңілім», 1917; «Бостандық», 1919, т.б.) 1917 жылы жариялана бастады. Ол 1924 жылы  «Совет өкіметі һәм қазақ әйелі» тұңғыш кітапшасын шығарған. «Балбөпе», «Жетім қыз», «Батырақ», «Қанды көл», «Жүйткі, қара айғырым», 1926-27 жылдары «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрьдің еткелдері» поэмалары, «Ақбөпенің сыры» повесі жарық көрген.1928 жылы «Сұлушаш», 1931 жылы «Адасқандар» романы жарық көрді. 30-жылдары «Майға сәлем» (1933), «Сөз — Советтік армия» (1934) өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938), «Теміртас» (1935), «Есіл» (1937) романдары, «Достар» (1937) повесі,  «Жұмбақ жалау» (1948, орыс тілінде «Ботагоз») романында Қазақстандағы 1910-20 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. І дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне арқау болған. С.Мұқанов 40-жылдары «Менің мектептерім», «Сырдария» романын,  «Балуан Шолақ» повесін, «Поэзия маршалы», «Майданға хат», «Жеңімпаз Қызыл Армия», «Фашизмнің ажалы», басқа да шығармаларын жазды.

50 жылдары «Шоқан Уәлиханов» драмасын, «Тыңдағы толқындар» романын жазды. «Саяхаттар», «Туған жердің тыңында», «Тында тұнған байлық», «Алыптың адымдары», «Адам-Атаның шоқысында» кітаптарын шығарған. Өлеңмен жазылған «Замандас туралы аңыз» 1961 жылы жариялады. «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атгы зерттеу еңбегі, «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы», «Сәкен Сейфуллин» пьесалары, сын, әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді. Шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған.

Оның «20 ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ғ.Қараш, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, тағы басқа ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен, көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Оның «Өсу жолдарымыз» (1960), «Жарқын жұлдыздар» (1964), «Халық мұрасы» (1974), «Қазақ қауымы» (1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, тұрмысы, сүбелі еңбек болып саналды. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанған. 2 рет «Ленин» орденімен, 2 рет «Еңбек», «Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1954 жылы Қазақстан Ғылым академиясының академигі болып сайланып, ғылым саласына да зор үлес қосты. 1968 жылы Сәбит Мұқановқа Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сәбит Мұқанов 1973 жылы 18 сәуірде Алматы қаласында қайтыс болды. Петропавлда өткен алқалы жиында жазушының өмірбаяны мен еңбек жолы жайлы кеңінен айтылды, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын арнайы жұмыс сапарымен келген кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып  берді. Алыстан келген қадірлі қонақтар алдымен Сәбит Мұқановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Одан әрі Оқушылар сарайында «Сәбит Мұқанов: Тұлға. Дәуір. Мұра» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Мемлекет басшысының конференцияға арнаған құттықтауын жеткізді. Онда жазушының ұлттық мәдениетке, халықтың рухани әлемін, эстетикалық талғамын арттыруға, Қазақ Республикасы іргесінің алғашқы жылдардағы нығаюына сіңірген жазушылық, қоғамдық еңбегіне зор баға берілген. Мәлік Отарбаев осы конференцияға қатысып отырған жазушының перзенті Жанна Сәбитқызына Президенттің атынан шапан жауып, гүл шоқтарын сыйлады. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те конференцияға қатысушыларға ыстық лебізін арнады. «Сәбит Мұқановтың біздің жерлесіміз болғанын әрқашан мақтан етеміз», – деді ол сөзінде. Жазушының қызына әкім де ықылас білдіріп, гүл ұсынып, әкесінің портретін сыйлады. Ал қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, ақын Олжас Сүлейменовтің құттықтау сөзін жиын модераторы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы оқып берді.

С.Мұқановтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Онда жазушының өміріне шолу жасалып, шығармашылығын терең білетін ғалымдар мен зерттеушілердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ой-пікірлері жазылған екен.

Конференцияда Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жазушының өміріне  шолу жасап, ерекше еңбектеріне тоқталды. Жазушылар одағын ең қатерлі 1937-1938 және 1943-1951 жылдары басқарып, сол кезеңнің өзінде оның дамуы мен ықпалының артуына зор еңбек сіңіргенін атады. «Сәбит Мұқанов қазақ халқының тарихын, фольклорын зерттеуге, айтыс, жыршылық сияқты ұлттық өнерлерін жаңғыртуға күш салды. Басына қауіп төнетініне қарамастан, қазақ тілінің дамуында үнемі еске салып отырған.

Қоғам қайраткерi Әди Шәриповтың «Көргенiм, көңiлге түйгенiм» деген еңбегiнде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Журин газет-журналдардың бәрiн орысша шығарып, одан қазақ тiлiне аударсақ шығын азаяды деп бiлгiшсiнгенде Сәбит Мұқанов: «Қазақ тiлi – бiздiң республикада мемлекеттiк тiл болуға тиiс. Сiздiң қазақ газет-журналдарды орыс тiлiнiң аудармасы болуы керек деген ұсынысыңыз бүтiндей қате. Керек десеңiз, барлық кеңселердегi қатынас қағаздар қазақ тiлiнде жүруi керек, сiз қайта осыған көмектесiңiз. Бiздiң тiлiмiз бен әдебиетiмiз бай, тiл қорымыз қазiргi заманда дүниежүзi әдебиетiн өз ана тiлiне аударып, ана тiлiмiзде оқуға әбден жетiлдi… Сондықтан, жолдас Журин, сiздiң ұсынысыңызды қабылдауға болмайды», – деп партия басшысының бетiн қайтарып тастаған. 1959 жылы 23 қазанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң ХVI пленумында Сәбит Мұқанов негiзiнен қазақтар тұратын алыс аудандардағы малшылардың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайына үкiмет тиiстi жағдай жасамай отырғанын ескертiп, сын семсерiн президиумда отырған Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысы Н.Беляев пен Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Д.Қонаевқа бағыттайды. Қазақ тiлiнде кеңсе iстерiн жүргiзу жөнiндегi қаулыны үкiметтiң өзi орындамай отырғанына қынжылып, ренiш бiлдiредi. 1969 жылы 11 ақпан күні Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары Александр Щербаков «Оқушыларды интернационалдық тұрғыдан тәрбиелеудің кейбір ғылыми-педагогикалық мәселелері» аталатын тақырыпта Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының арнаулы ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертация қорғамақ болады. Сәбең:  «Мен КазПИ-дің Ғылыми кеңесінде мүше емеспін, мынадай саяси идеялық хаталыққа менің партиялық ар-ожданым шыдар болмады. Сол себепті мен өзімнің қарсылығымды ашық айтайын деп шештім.  Патшалық Ресейдің қазақ жерінде ашқан мектептері колониалдық сипатта болды. Ол мектептердің «бұратана ұлттарды» шоқындыру мақсатында ашылғанын сол кезде бурят Доржи Банзаров та, бүгін А.К.Шапеев секілді сібір тарихшылары да, басқалар да айтып, жазып келеді, Ол «мектептерден» ағартушылар шықса – ол патшалық Ресейдің шапағаты емес, орыс демократтары көзқарасын өз бетінше оқып, үйренуінен! Егер бүгінгі қазақ мектептерінде орыс тілі нашар үйретілсе оған мына отырған Оқу министрінің орынбасарынан бастап ағарту саласының басшылары кінәлі.  Ұлт атынан міндетті «кәрі орыс мұсылман болмайды» – деп қойып Диссертант қатардағы көп кісінің бірі емес, ықпалды үкімет адамының бірі. Министрліктің соңғы жылдары қазақ мектептерін, оның ішінде, әсіресе, бастауыш қазақ мектептерін жабуды жылдан жылға үдетіп келе жатқанын көріп отырмыз. Диссертант жүзеге асырып келген осы теріс ісін енді келіп теориялық тұрғыдан негіздеп бекіткісі  келеді. Жастарға интернационалдық тәрбие беру жамылғысымен қазақтың бастауыш мектептерін жабуға атымен қарсымын!» – деп айтқан. 

Сәбең  1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған –  «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» мақаласында жазушы Абайдан бастап, Шоқан, Ыбырай, Кенесары, Ахмет Байтұрсыновтың шыққан ортасын, тегін, бай орта екенін айтып сынайды, ал шығармашылығына тиісе қоймайды.1932 жылы Сәбит Мұқановтың «20 ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты кітапта  Алаш зиялыларына қиянат жасады деп есептегендер бар. Сәбит Мұқановтан өзге бірде-бір кісі бармаған, бара алмаған, бара алмайтын ерлік! Өйткені, тәуелсіздік жоқ кез еді ол. Ұлттан ұлы не бар? Ұлт тағдыры сынға түсер сәттерде Сәбит Мұқановша тайталаса алса әрбір алаш азаматы, басын бәйгеге тігіп, қазақ ұлты үшін тұра алса әрбір қазақ азаматы! Бүгін ше? Бүгін қазақ елінің тағдыры үшін тек қазақ азаматтары ғана емес, күллі қазақстандықтар тұра алатын күнге жетуіміз керек шығар! Біз қазақстандық өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ ұлтының мүддесі үшін күресе алатын патриоттық деңгейге жеткізуіміз керек. Сонда ғана қазақ мемлекет құрушы ұлтқа айналады. Орайында қазақ ұлтының мүддесін адал қорғаған Шеголихин, Бельгер, О.Асылы түседі. Құлаққа академик Д.Лихачевтің: «Коммунистік партия Советтер одағын мекендеген ұсақ ұлттардың тілдеріне қаскөйлік жасады. Жаратылыста басы артық ештеңе де болмайды. Ұсақ ұлттардың тілі – сол ұлттың мәдениетін жасаушы. Біз ұсақ ұлттардың тілін құрту арқылы олардың адамзат баласы мәдениетіне қосқан ұлттық мәдениет үлгісін де құртамыз. Бұл – мәдениет экологиясы. Советтер одағында, ұлт тілін жою арқылы ұсақ ұлттарды орыстандыру процесі тоқтатылмаса мен СССР Ғылым академиясының мүшелігінен шығамын!» – деген үні келеді. Өмірдің бір қыры – қазақ шопандарына жағдай жасалмай жатыр деп айқайлап жүріп «Үштөбеден» киіз үй жасайтын фабрика аштырған Сәбең. «Қайрат» командасы неге қазақ жастарынан құралмайды?» – деп айқайлаған да Сәбең жарықтық. «Ауыл спорты, хал қалай?» деген еңбегінде  қорықпай мәселе көтерген, 15 одақтас республикаға дауысын жіберіп айқай салған. «Біздің уақытымызда ұлттық спорттық ойындарды мүлде басқаша өткізуге болар еді. Мүмкіндік бар-ау, бірақ өткізбейді. Бүгінгі ауылда спорттың ұлттық түрлері түгелдей дерлік ұмытылғандықтан, қазір әбзелдерді (ат сайман), керек-жарақтарының өзін табу қиын.  Өткен жылы менің жерлестерім қасқырды жатқан жерінен үркітіпті. 70 жастағы Бейсен қарт қасқырды қуып жетіп, үзеңгімен ұрып талдырып, байлап алған. Ауыл балалары өздерінің қалалық теңдестері сияқты атқа мінуді ұмытады ғой деп шошимын. Қазақтардың үстел үстіндегі «тоғыз құмалақ» ойындарының аңызға айналып кетуі де мүмкін. Селолық «Қайрат» қоғамының кубогі үшін жарыстарда, оның өзі де жыл сайын өткізілмейді, Оларды жан-жақты дамытып, ауылға үдете енгізу керек. Халықтың спорт түрлерінің дамуына даңғыл жол ашқан күнде классикалық түрлерін енгізу процесін тездетуге көмектесер еді. Қазақстан самбистері мен еркін күрес секцияларына көптеген балуандар қазақша күрестен келді. («Советский спорт» №48 23 ноябрь 1968 ж).

Ондаған қаламгердің қанатының қатаюына жәрдем етті. Жазушылар Есмағанбет Ысмайылов, Сафуан Шаймерденов, Тұрсынбек Кәкішев, Герольд Бельгер, т.б. Сәбеңнің қамқорлығын көріп, әдебиетке қанат қақты. Ал қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовті үйіне тұрғызып, шығармашылығын қолдаған. Балалары оны «Әби-Жәми» деп атаған. Оның қарапайымдылығы, халыққа жақындығы барлық жазушыдан артық. Сәбең – сол мінезімен де аты аңызға айналған адам, халық оның жазғандарын іздеп жүріп оқитын. Мұхтар Әуезовпен шығармашылықта әдеби бәсекеге түсіп, үнемі үзеңгі қағыстырып жүрді. 1932 жылдан 1943 жылға дейiн Мұхтар Әуезовтың «сотталған» деген статусы сақталып келген. С.Мұқанов сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянның қабылдауында болып, 1943 жылы С.Мұқановтың ұсынысы бойынша Жоғарғы Советте қаралып, Мұхтар Әуезовтың судимостiгi алынады. Сәбит Мұқанов: «Мен өмiр бойы Мұхтарды, оның «Абай» романын қатты бағалаған кiсiмiн. «Мұхтар Әуезов – один из величайших художников» – деп жүрдiм. Бiрақ, Мұхтар Әуезов Қазақ совет әдебиетiнiң основоположнигi емес».

С.Мұқанов пен М.Әуезовтің әлеуметтік жағдайлары мен көзқарастары бір жерден шықпайтыны ескерілген болу керек, М.Әуезовтің «Абай жолы» романын баспаға жіберуге рұқсат беруге арнайы республикалық комиссия құрылып, комиссияны басқаруға С.Мұқанов тағайындалады. Комиссия романның 2 бөліміне өзгерту  жасатып, романды баспаға бергізген. Осыдан шығатын қорытынды түсінікті. Бәсекелестік орта болған соң, қазақ әдебиетінің шығармашылығы да сол жылдарда қатты дамыды. Көршілес туысқан халықтар әдебиетімен салыстырғанда қазақ әдебиеті сол жылдарда көш-құлаш алға кетіп, оларға үлгі бола білді», – деді Құлкенов сөзінде.

Осыдан кейін жазушының қызы Жанна Сәбитқызы Президентке, Үкіметке, облыс басшылығына, ғалымдар мен ақын-жазушыларға және жиналған қауымға алғыс айтты. Сонымен бірге С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың, қазақ драма театрының тамаша жұмыс істеп тұрғанына ризашылығын білдірді.

Жазушының шығармашылығы туралы ғылыми баяндаманың бірін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек жасады. Ғалым жазушының жетімдік талқысын көріп өскен балалық шағынан бастап қоғамдық әділетсіздікке қарсы болғанын айтты. «Біреу шат, біреу неге қайғы зарда, Неге байлық бір емес, барлық жанға?» деп тағдырына сұрақ қояды жас ақын. Осындай әділетсіздікке жауап іздей жүріп, ол өзінің ақыл-ойын, өмірлік көзқарасын жетілдіріп, ақындық қабілетін ұштады. Абай мен Тоқайды оқып көп нәр алады. Кеңестік дәуірге аяқ басқанда большевиктердің насихатына құлай сенген ол елдегі ірі оқиғаларды патриоттық рухпен жырлап, «Сұлушаш» (1920), «Жұмаштың өлімі» (1923), «Альбом» (1924), «Балбөпе» (1926), «Ақ аю» (1935) поэмаларын жазған. Прозада С.Мұқанов қалам тартпаған тақырып жоққа тән. 20-жыл-дардың өзінде ол сан алуан  стильдік-көркемдік ізденістерге барды. «Ақбөпенің сыры» (1927), «Жарқын жолмен» (1931), «Екпін¬ді» (1932), «Балуан шолақ» (1940-41) хикаяттары әлеуметтік теңсіздік, билеушілердің әділетсіздіктері, қоғамдағы қайшылық мәселесін аяусыз әшкерелегенін» айтты. Одан әрі жазушының пісіп-жетілуінің айғағы болған шым-шытырықты күрделі оқиғаларды қамтыған «Адасқандар» (1931) романына тоқталып, оның алғаш рет орыс тілінде «Сын бая» (1935) деп басылғанын, «Мөлдір махаббат» атанған соң, қазақ-орыс тілдерінде бес рет қайта жарық көргенін атап өтті. Жазушының жұртқа белгілі «Сырдария», «Аққан жұлдыз», «Ботагөз», 3 томдық «Өмір мектебі», т.б. кесек туындыларын оқырман жылы қабылдады. С.Мұқановтың шығармашылығы туралы қазақтың атақты әдебиеттанушы ғалымдары мен жазушыларының бәрі, соның ішінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, Е.Лизунова, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғалиев, Қ.Ергөбек, К.Ахметова, т.б. жазды деп ол сөзін аяқтады.

Белгілі айтыс ақыны, филология ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді. Әрі қарай С.Мұқановтың қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербегенін еске салды. «Сәбит Мұқанов, қатарластары Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсіреповпен тізе қоса еңбек етіп, ұлттық әдебиетімізде айрықша із қалдырған дара тұлғаларымыздың бірі. Сәкеннің «Көкшетау», Мағжанның «Батыр Баян» поэмаларымен қатар оның «Сұлушаш» поэмасы да әдебиетіміздің інжу-маржандары қатарынан орын алды. Қазақ қызының жаңа тұрпаттағы көркем бейнесі көрініс берген «Ботагөз», ұлы ғалым Шоқан образы да Сәбеңнің қалам қуатымен халыққа танылды. Қазақ драматургиясында да Сәбит Мұқанов көшбасшылардың біріне айналды. Ал оның белгілі әдебиеттанушы ғалым екендігі – өз алдына бір төбе. Сонау Бұқар жыраудан бастап оның ХІХ–ХХ ғасыр басындағы әдебиетімізге байланысты зерттеулері барлық әдебиеттану ғылымының көшбасшысы болды», – дей келіп, шешен бүгінгі күні кейбір әсіре алаштанушылардың Сәбит Мұқановты сынап, Мағжанға және т.б. алашшыларға қарсы қоюын шенеп өтті. 1937 жылдың 11-13-шiлде аралығында Жазушылар одағының жабық партия жиналысында баяндама жасаған Хамза Жүсiпбеков те, жиналыстың қаулысында да Сәбит есімі ұмытылмай, «қателерi» жiпке тiзiлдi: Iрiп-шiрiген либерализмге ұрынған, «халық жауларын» әшкерелеудiң орнына қолтығына су бүркiп, антипартиялық қылықтарын бүркемелеуге әрекеттенген. Мұхтар Әуезовтің ұлтшыл шығармаларын шығарып, мақтаған. Қаулының шешiмi бойынша Сәбит Мұқановты тәртiбiн талқылау ұйғарылды. 1937 жылдың 16 қыркүйегiнде «Казахстанская правда» газетiнде «Выкорчевать национал-фашистскую мразь из Союза писателей Казахстана» деген  мақала жарық көредi. Онда  «Сәкен Сейфуллин – «халық жауы», осыны бiле тұра Сәбит Мұқанов оны қолдайды, қоштайды». Ол буржуазиялық ұлтшылдықтың жаршысы, рупоры. Әйтпесе ұлтшылдықтың рухы аңқып тұрған «Бай баласын» («Адасқандарды») жаза ма? Контрреволюциялық ұлтшыл кiтапқа («Тар жол, тайғақ кешу») редактор бола ма? Әуезовтің ұлтшыл сарындағы кiтабын шығара ма? Неге Мұхтарды «үлкен шеберлiк көрсетедi» деп мақтай- ды?  Осындай қиратқыш материалдар газет беттерiнде көрiнiсiмен-ақ, 24 қыркүйекте, Сәкен Сейфуллин абақтыға қамалды, содан бостандыққа шыққан жоқ. Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының төрағасы қызметiнен қуылып, партия қатарынан шығарылды.

Сәбит Мұқанов Мағжан Жұмабаев пен Зылиқаны Алматы вокзалынан қарсы алып, Сәкен Сейфуллин үйіне апарады. Сәкен мен Мағжан көрісіп құшақтасады. Сол күні олар Сәкеннің үйінде қонады. Келесі күні Сәбит үйінде қонақта болады. Сәбит Мұқанов Л.Мирзоянға барып келісіп, Мағжанды жұмысқа орналастырып, тиісті қаламақы, пәтер мәселесін шешіп берген.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен конференцияда ҰҚК-нің полковнигі баяндама жасаған. Ол кісі ҰҚК мұрағаттарын ақтарып, Сәбеңе қатысты біреуді көрсеткен, не болмаса біреуді қаралаған дүние бар ма екен деп қараған. Бірақ мұндай дерек таппаған (Ә.Қайырбеков, музей директоры).

«Сәбит Мұқанов Алаш ақын-жазушыларына да кезінде өзінің жоғары бағасын берген. Оларды мүмкіндігінше қолдаған. «Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген де Сәбит Мұқанов», – деді ол.                                                                 Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығын ұзақ жылдар зерттеген филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметова жазушының ғылыми еңбектеріне кеңінен тоқталды. «ХХ ғасырдың басында әдебиеттану оқу-лықтары мен әдебиеттің тарихын негізінен С.Мұқанов жазды. Алдымен ол 8 және 9-сыныптардың оқулығын жазып, хрестоматиясын құрастырды. Кейін жоғары оқу орнының әдебиет оқулығын да құрастырған. Оқулық құрастыру жазудан да қиын. Ол кезде архивтер қолжетімсіз болатын, соған қарамай жас ғалым тынымсыз зерттеуімен «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты көлемді оқулық құрастырған. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қараш, еңбектерін

алғаш С.Мұқанов тірілтіп, оқырманның көзайымына айналдырған. Сәбең өзінің қасына тең автор ретінде ҚазПИ-дің үшінші курсында оқитын Қалижан Бекқожинді алып, ЖОО-ға да арналған осы әдебиет оқулығын жарыққа шығарды. Кейін көптеген академик, соның ішінде Рымғали Нұрғалиев те бар, Сәбеңнің оқулығынан көптеген дерек алған. Сәбеңе сілтеме жасамағандары үшін ғана Тұрсынбек Кәкішев оларға қатты ренжіген еді», – деді Күләш Ахметова. Сонымен бірге Сәбеңнің жазған оқулықтары ұлттық рухты, мәдениетті ескеріп отырғанын айтты. Ғалым Сәбит Мұқановтың 1974 жылы, өзі өмірден өткен соң жарық көрген «Қазақ қауымы» (өзгертіліп басылған нұсқасы «Халық мұрасы») еңбегінің маңыздылығына да кеңінен тоқталды.

1971 жылдың 26 наурыз. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында «Қазақ ССР-нің 50 жылдығына» арналған ақындар жыр кеші болды.  Кеш аяқталды. Ақындар үйді-үйіне тарап кетті. Түннің бір уағы. Кіре беріс фойеде жазушыдан Сәбит Мұқанов қана қалды. Сәбең сүйкектетіп студенттерге тілек жазып беріп отыр. Жанындағы Нұтфолла Шәкенов: «Қайтайық та, Сәбе», – дейді. Басында қара тақия, үстінде қара костюм, етжеңді жазушы бір сәт кезекті кітабын жүрек тілегін жазып ұсынды да әлгі жігітке  жалт қарады да:

– Мына тұрған көкөрім балалар – біздің болашағымыз. Менің жас өркен ұрпағым. Сәбит атыммен, түйедей басыммен жастардың тілегін аяқасты етіп, жерге қаратып, ұрпағымды аттап жүре берейін бе? – деді  тағы екі-үш бозбалаға қолтаңба сыйлады. Сөйтті де «Бар мәзір, жоқ жай. Осыған риза болыңдар, қарақтарым. Оқушы балаларсыңдар ғой. Жақсы оқыңдар. Оқымыш болыңдар. Замандарың келеді, ұрпақтарым, бақытты болыңдар!» – дейді.                                                                                                                      Қалмақан Әбдiқадыров: «Сәбит бауырына тартып, ақыл айтты. Содан былай шығармашылығым жөнделе бастады», ал Тайыр Жароков: «Ақындардың iшiнде маған өте ыстық, өте жылы шырайлы қарағаны Сәбит Мұқанов» дейдi. Қалижан Бекқожин: «Қаламгерлiк жас қанатыма дем берушi Сәбит Мұқанов болды», – деп ағынан жарылады. Бауыржан Момышұлы: «Сәбең бойындағы бар дарыны мен жақсы қасиеттерiн туған халқына, қоғамға сарқып беруде бәрiмiзге үлгi», – деген екен («Қазақ әдебиетi», №9, 3.03.2000).                                                                                                                   Әбдiжәмiл Нұрпейiсов ақсақалдың өзi мойындап отырғанындай («Егемен Қазақстан», 19. 01. 2010),  әу баста оқушы дәптерiне небәрi 12 бет жазып, «бұл менiң «Курляндия» романым» деп ұсынған шимай-шатпағына назар аударып, оны шын мәнiндегi әдеби көркем шығарма деңгейiне жеткiзуге бастан аяқ қамқоршы болған. 11 киелi қағаз босаттырып, Аралдағы райкомға звондап, тиiстi жағдай жасаттырып, вокзалда қонып жүрген кешегi солдатты үйiне қондырып, өзi айтып отырып, өтiнiш жаздырып, қолына 3 мың сомды ұстатып, жазған-сызғандарының сауатты өңделуiн бiр жүйеге келтiрткен де Сәбең едi. Әбдіжәміл:«Шынымды айтсам, мен үшiн күйiп-жанып, өзi ойланып, өзi кесiп-пiшiп, бар iстi тындырып жүрген Сәбең ағамыз екен. Мұндай жақсылықты әкемнен де көрген емеспiн».

И.Сталинді әшкерелеуші, Н.Хрущевпен стақан қағыстырған, Ж.Шаяхметовті – Шайгөз Амандықовқа айналдырып, «Тыңдағы толқындар» романында сынаған, Д.Қонаевты Теміртау жұмысшыларына оқ атқыздың деп шенеген, И.Юсуповты мрамор сия сауытпен жусата жаздаған Сәбит Мұқанов! Ал қазір Сәбеңді сол заманның ахуалын түсінбей жөн-жосықсыз сынап жүргендер туралы сөйлегенде Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Мемлекеттік комиссияның мүшелері құпия-архивтерден жазушының біреуді сатып, көрсеткені туралы құжаттар таппағанын жеткізді.

Ғылыми-практикалық конферен-цияда Президент жанындағы Басқару академиясының профессоры Анатолий Башмаков, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мемлекеттік әдеби-мемориалдық кешенін 25 жыл басқарған Әділғазы Қайырбековтер де сөйлеп, заңғар жазушының халқымыздың әдебиеті мен өнеріндегі орны туралы айтты. Осы күні кешке Алматыдан, Астанадан және еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтар С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының желісімен қойылған драманы тамашалады. Ол жазушы атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрында қойылды.

Қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Пресновка ауылында «Сөз зергері – Сәбит» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл поэзиялық сайыс сөз өнерінің хас шебері, қазақ әдебиетінің алтын қорына есімі алтын әріптермен жазылған қаламгердің 125 жылдығына арналды.

Жамбыл аудандық мәдениет бөлімі, Преснов селолық мәдениет үйінің қызметкерлері Сәбит Мұқановтың мерейтойына арнап үлкен мерекелік концерт ұйымдастырған. Алаңда бой көтерген қазақ үйлерде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Иван Шухов шығармашылығына байланысты  кітап көрмелері, жазушылардың ұстаған заттары басқа да жәдігерлер көрмесі, олардың  шығармашылығын баяндайтын интерактивті тақталар орнатылған. Әр жазушының творчествосы туралы  мамандар келген қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіді. Шахматтан, тоғызқұмалақтан, грек-рим күресінен жарыс ұйымдастырып, бұл жарыстарға республикаға танымал әйгілі спортшылар қатысып мерейтойдың мәртебесін аспандатты.  Сәбит мерейтойына арнап жайылған дастарханнан қонақтар, іс-шараларға қатысқан адамдар дәм татты. Ауданның елдімекендерінен жиналған қариялар егемен еліміздің шарықтап дамуына,  жастарға ақ батасын беріп,  жақсылық тіледі.

Жамбыл ауданында дүниеге келген ол туған даласының үнін бүкіл Кеңес Одағының оқырмандарына жеткізе білді. Сондықтан дәл осы жерде, оның туған өлкесінде, ұлы есімге лайық рухани іс-шара өтті. Айтысты Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов салтанатты түрде ашты. Ол Сәбит Мұқановтың бұл өлкемен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті. «Сәбит Мұқанов – Жамбыл ауданының төл перзенті. Біз бұған әрдайым мақтанамыз. Оның әдеби мұрасы – тек тарих қана емес, халықтың жанын, рухын бейнелейтін асыл қазына. Бүгінгі айтыс – сол мұраның жалғасы, сөздің әлі де қоғамды біріктіретін, шабыттандыратын, дәуір үнін жеткізетін күш екенін дәлелдеп отыр», – деді Азамат Бектасов. Бүгінде айтыс еліміздің рухани өмірінің маңызды бөлігіне айналып келеді, ал партия оның дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп отыр. Биыл бұл Солтүстік Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізілген үшінші айтыс. Аудандық мәдениет үйінің сахнасы бұл күні нағыз сөз алаңына айналды – 11 облыстан келген 12 дарынды ақын үздік атану үшін бақ сынады. Поэзия кешін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Қазылар алқасының төрағасы – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай. Қазылар алқасының құрамында Жанарбек Әшімжан, Қойлыбай Асанов, Серік Қалиев және Дәстен Баймұқанов сынды сөз өнерінің майталмандары болды. Айтыс – тек суырыпсалма өнер жарысы ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар мен дәуірлер үнін тоғыстырған терең мағыналы рухани сұхбатқа айналды. Көрермендер бұл өнерден тіл мен ұлттың, дәстүр мен заманауи өмірдің, сабақтастық пен сананың өзекті тақырыптарын қозғаған әсерлі де өткір жырларды тыңдады. Тартысты әрі әсерлі өткен жыр додасының нәтижесінде бас жүлдені солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпархан жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды

Сәбит Мұқанов – қазақ совет әдебиетінің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы! Оны ұлты сүйді, өйткені, ол ұлтын сүйген еді. Уақыт жаңара ауысып, сан ұрпақ алмасар әлі. Олар да Сәбит Мұқановтай қазақ жазушысы жайында көзқарасын сан рет қайта қарайтынына сенеміз! Сонда бетке алар темірқазығымыз – ұлт тағдыры, ұлт тағдырына қызмет болуы керек! Сәбит Мұқановқа ұлтын сүю жолында ұлтты сүю былай тұрсын ұлттық мүддеге жантартудың өзі – ұлттық нигилизм, ұлтшылдық болып саналатын «бейбауырмал» коммунистік партия, сол партияға негізделген советтік қоғам да қарсы тұра алмады. Ұлтшыл атанармын деп қорықпады. Беттің қызылына баланатын қалтасындағы «қызыл билеттен» айырылып тынармын деп қаймықпады. Ұлттық дәстүр – ұлтты коммунистік басқыншылықтан сақтап қала алатын жалғыз фактор еді. Ұлттық дәстүр аясында тәрбиеленген азамат елі үшін тұра алатын, жері үшін тұрыса алатын. Ж.Тәшенов сынды біртуар азаматтың: «Жер – қазақтікі, Никита Сергеевич, сіз айтты екен деп қазақ жері берілсін деп қол қойып, қолыңа ұстатып жібере алмаймын» деп КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевқа қасқайып қарсы тұра алуы да қазақ қайраткерінің ұлттық рухқа адалдығы. Ұлттық дәстүрде тәрбиеленбесе, «жеті басты жалмауыздан» жаман коммунистік басқыншылыққа қарсы тұра алар ма еді?! Тұра алмас еді ғой. Сондықтан сақтарымыз ұлттық дәстүр, аяларымыз ұлттық рух болсын дейік!

Сәбит Мұқанов өзінің «Баян колхозы» мақаласында: «Біздің ауылдан 60-70 шақырым жерде тұратын Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы Баян колхозын алайын... Бұдан 35 жыл бұрын, 1918 жылдың күзінде оқуға түсу үшін Қызылжарға сапар шектім...» 1930 жыл, 1942 жыл, 1953 жылдарда Баянда болған кездерін әңгімелейді. Жас «Баян» артелінің оқтай түзу кең көшесінің екі бетінде ылғи ағаш үйлер... Қамысы ортасына сақиналы біткен, суы жалтыр, түбі қайраң, жары биік Маса көлінің жағасы. Көшенің нақ ортасындағы алапта, бұтағы қалың жуан қайың шыққан «Баянның бейіті».  Баян анамыздың атымен колхоздың аталуы туралы жазады. Баян колхозшыларының жетістіктері туралы жазған. 1937 жылы қудаланған Сәбең ауылда 15 күн  болған. Баян колхозы 1934 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысады  Көрмеде «Баян колхозы» ақ шошала макетін (егін бригадасында қайыңнан тұрғызылған полевой станы) тұрады. Көрмеде колхозға жеңіл машина сыйға тартқан. 1942 жылы баяндықтар майданға 60 мың 700 сом қаржыны «Қазақстан колхозшысы» танктер колоннасын жасау қорына өткізген. Сталиннен рахмет жолдаған телеграмма келеді. Пресновтық жазушы Иван Шухов «Кремлевская телегамма» деп өз мақаласын жариялаған.  Сәбит Мұқанов 1952 жылы Баян орта мектебінің түлектері  екі қызды өзімен бірге ала кетіп, Алматыға қыздар институтына түсіріп оқытқан.

Сәбит Мұқанов – қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. Сәбит Мұқанов пен Мариям апайымыз 6 бала өсіріп тәрбиелеген. Тоғыз немере, он жеті шөбере, 14 шөпшек Мұқанов әулетінің өмірін жалғастыруда.  Қаламгердің есімі Алматы қаласындағы көшеге, туған ауылына, ондағы мектепке, облыстық кітапханаға, облыстық драма театрына берілген. Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді. Заман қалай құбылып, қалай өзгерсе де  Сәбит Мұқановтың жұлдызы әрқашан да жоғары! Шоқтығы биік! Олай болмаса сөйлер сөзін, айтар ойын, берер бағасын жүз ойланып, мың толғанып барып беретін Ғабит Мүсірепов: «Сәбеңнің білімін – энциклопедияға, жазған еңбегін – кітапханаға» теңер ме еді? – дегеніне  қосыламын.

 

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы

Оқылды 23 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Инновациялық турнир өтті

Соңғы жаңалықтар

Қар 03, 2025

Листериоз –жұқпа көзі, сақтық…

Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора…
Қар 03, 2025

Листериоз –жұқпа көзі, сақтық…

Листериоз - адам мен жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы спора…
Қар 03, 2025

Көміртегі тотығымен уланудың алдын…

Көміртегі тотығы – ол өзіне тән иісі мен дәмі жоқ улы газ, оның қауіптілігі де осыған…
Қар 03, 2025

Құс етіне қойылатын негізгі талаптар

Құс еті-жеңіл сіңімді, диеталық және тұрғындар арасында кең сұранысқа ие өнім болып…
Қаз 31, 2025

Сыбайлас жемқорлық туралы

Сыбайлас жемқорлық – ол лауазымды тұлғалардың өз қызметін жеке пайдасы үшін пайдаланып,…
Қаз 23, 2025

Выставка, посвященная Жетысу

В историко-краеведческом музее имени М.Тынышпаева в г.Есике к Дню Республики организована…
Қаз 23, 2025

Мемлекеттік тіл – ортақ құндылық

Қандастар – бұл тарихи себептермен әр кезеңде Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударып,…
Қаз 23, 2025

От возрождения – к дальнейшему…

Три десятилетия тому назад, 25 октября 1990 года постановлением Верховного Совета КазССР…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет