Конституциялық Сотқа жүгінген азамат үшін кәсіби адвокаттың қатысуы өз ұстанымын Конституция нормаларына сүйене отырып толық әрі дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл құқықтық көмектің сапасын арттырып, әділ шешім қабылдануына ықпал етеді. Конституциялық іс жүргізудің ерекшелігін ескере отырып, адвокаттардың рөлі ерекше. Олар нақты дауларды емес, заңдардың Конституцияға сәйкестігін дәлелдейтін құқықтық талдау ұсынады. Осы арқылы Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге және құқықтық мәдениетті нығайтуға үлес қосады. Жалпы, адвокаттардың Конституциялық Сот алдындағы мәртебесін күшейту – құқықтық мемлекет қағидаттарын дамытуға, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға және қоғамның сот төрелігіне деген сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам.



