Ащысай ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 орта мектебінде 9 «Ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Назерке Аспендиярованың ұйымдастыруымен «Ауғанның асуында от кешкендер» атты Ауған соғысы ардагерлерімен тағылымды кездесу өтті.
Тағылымы мол шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, ерлік пен батырлықтың мәнін ұғындыру, ардагерлерге құрмет көрсету.
Кеш барысында оқушылар қонақтарды Бағдат Әбілдаев пен Манарбек Балпықовты құрметпен қарсы алып, Отан алдындағы борышын адал атқарған азаматтардың өмір жолымен танысты. Ауған жеріндегі сұрапыл соғыстың қиындықтары, жауынгерлердің бастан кешкен сәттері туралы әсерлі әңгімелер айтылды. Ардагерлер жастарға бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп, елге қызмет етудің маңыздылығын атап өтті. Оқушылар ардагерлерге арнап өлең жолдарын оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кездесу барысында қойылған сұрақтарға қонақтар шынайы жауап беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, бірлік пен достықтың, қайсарлық пен төзімнің адам өміріндегі орны ерекше екені айтылды.
Тағылымды кеш соңында мектеп ұжымы ардагерлерге алғыс хаттар табыстап, естелік суретке түсті. Мұндай кездесулер жас буынның рухын көтеріп, ел тарихына деген құрметін арттырары сөзсіз.
Назерке РУСЛАНҚЫЗЫ.




