15 наурызға тағайындалған Конституциялық реформа бойынша референдум - еліміздің саяси дамуы жолындағы маңызды белес. Бұл күн тек заңнамалық өзгерістерді бекіту рәсімі ғана емес, сонымен қатар халқымыздың болашаққа деген ұстанымын айқындайтын шешуші сәт болмақ.
Конституция - кез келген мемлекеттің құқықтық іргетасы. Ол билік тармақтарының тепе-теңдігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті белгілейді. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған реформалар елдің басқару жүйесін жаңғыртуға, демократиялық институттарды нығайтуға және халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында саяси жаңғыру мен әділетті қоғам құру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Ұсынылып отырған өзгерістер де осы стратегиялық бағыттың заңды жалғасы деп есептеймін. Референдум өткізу туралы шешімнің өзі – халық үнін есту қағидатының нақты көрінісі.
Әрбір азамат ұсынылған түзетулермен мұқият танысып, саналы түрде таңдау жасауы тиіс. Себебі Конституцияға енгізілетін өзгерістер бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына да әсер етеді.
Референдум – ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың белсенділігін көрсететін маңызды құрал.
15 наурызда әрқайсымыз өз дауысымыз арқылы Қазақстанның ертеңіне үлес қоса аламыз. Бұл – тарихи мүмкіндік әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан баршаңызды ел болашағы үшін маңызды шешімге атсалысуға шақырамын.
Г.Жошыбаева,
Алматы облыстық аналар
кеңесінің төрайымы




