15 наурызға белгіленген референдум еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болғалы отыр.
Біздің мемлекетіміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Ата Заңымыз қоғам сұранысына сай бірнеше рет жаңғыртылып келеді. 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциямыз елдің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің берік негізіне айналды.
Енді жаңа өзгерістер арқылы заман талабына жауап беретін, әділетті әрі ашық басқару жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.
Референдум – бұл жай ғана заңнамалық рәсім емес. Бұл – халық үні.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұсынған болатын. Ал бұл қағидаттың жүзеге асуы, ең алдымен, конституциялық өзгерістерге байланысты.
Ұсынылып отырған реформалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге, Парламенттің рөлін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайту, қоғамдық бақылау мүмкіндіктерін кеңейту көзделуде. Мұның бәрі – халықтың мемлекет ісіне қатысу деңгейін арттырудың нақты қадамдары.
Біз, азаматтық қоғам өкілдері, бұл референдумды ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды шешім деп санаймыз. Әркімнің дауысы – ел ертеңіне қосқан үлесі. Белсенділік таныту – тек құқық емес, азаматтық жауапкершілік.
15 наурызда баршамызды ортақ үйіміз – Қазақстанның болашағы үшін таңдау жасауға шақырамын. Тарихи сәтте бірлігіміз бен саналы ұстанымымыз ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды.
Л.Кобланова,
Кәсіби медиатор




