Адамның ақыл-ойын, санасын кеңейтетін кітаптың – адам өмрініде алар орны ерекше. Қазіргі заманда кітаптың түр-түрі бар. Қалың мұқабадан бастап, электронды кітапқа дейін таңдау мүмкіндігі де бар. Бұрынғыдай керек кітапты іздеу қиынға соқпайды. Бәрі де қолжетімді. Алайда, соңғы уақытта кітап оқитын жастардың аз екені бәрімізге мәлім. Барлығы дерлік аз оқиды демесек те, арасында кітап бетін ашпайтындар да жетерлік. Қазір білім беру орталықтарында оқушылардың кітапқа деген құштарлығын ояту мақсатында түрлі шаралар өткізілуде. Осы орайда, «Алтын Адам» инновациялық мектебінде аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен, жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Бибі-Сана» кітабын таныстыру кеші өтті.
Шараға 7-11 сынып оқушылары белсене қатысты. Алдымен лэд экраннан Бибігүл Иманғазинаның өмір жолы көрсетілді. Оқушылар жазушының өмірімен жақынырақ танысты.
Бибігүл Иманғазина – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көркем түрде көтере білген, өз тағдырымен күресе жүріп мүгедек аналардың құқығын қорғауға бар өмірін арнаған тұлға.Ол 1992 жылы «Тауқымет» қоғамын құртып, кейін оның негізінде Республикалық «Бибі-Ана» қайырымдылық қорын қалыптастырып, мыңдаған отбасының өміріне қолдау көрсетті. Жазушының өнегелі өмірі – кез келген адам басына түскен қиындықты көтеру не көтермеуі тек өзіне байланысты екенінің дәлелі. Небәрі 17 жасында тағдыр тақыметіне түсіп арбаға танылған Бибігүл, тек қазақ қоғамына емес, көпке үлгі. «Әйелдің қырық жаны бар» демекші, өмірдің бұралаң жолдарында қанша сынақ көрсе де, сынып кетпеген қаламгер, жүрегінде жатқан терең ойларын кітап беттеріне түсірген. Бала кезінде әкесі жазушы боласың дегенде, актриса болам деген бала Бибігүл, әке арманын орындағанына өзі таңғалады. Осыған қарап-ақ, адамның өмірі қас қағым сәтте түбегейлі өзгеріп кететінін түсінуге болады.
Жазушының қазақ оқырманы арасында кең танылған «Тауқымет» романының мәні мен әсері, сондай-ақ жаңа «Бибі-Сана» еңбегінің идеялық мазмұны – арлы мен арсыздың тайталасы. Өмірдегі сан түрлі жағдайларға тап болған кейіпкерлері арқылы адалдық пен адамгершілік, ынсап пен мейірім, ашкөздік пен тойымсыздық, күншілдік пен қызғаныш сияқты адами мінездерді барынша көрсеткен. Мүгедектік арбасына таңылса да, саналы ғұмырын тағдырдан таяқ жеген аналарды қорғауға арнаған Бибігүл Иманғазинаның қоғамдағы ерен еңбегі. Мінезді де, қайсар ана қаламымен де қызмет етіп келеді: жақсылықты насихаттайды, адамдарды жамандықтан қашық болуға шақырады. «Бибі-Сана» романында иман, обал, сауап, ұят секілді адами қасиеттердің маңызы қарапайым да түсінікті тілмен көркем бейнеленген. «Бибі-Сана» романы – адам жанының терең қатпарларын, сана мен тағдыр, рух пен жауапкершілік, әйел болмысын көркемдік биікте зрделеген тағдырлы шығарма. Романда басты кейіпкердің намыс жоындағы қайсарлығы, ауыр дерт пен тағдыр тауқыметіне мойымай, өмірге қайта оралуы оқырманға жігер мен үміт сыйлайды. Бұл автордың өз өмірінен алынған автобиографиялық туынды.
Халық арасында Бибі ана атанып кеткен жазушы тағдырмен күресе жүріп, оны шығармасына арқау етті. Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрген мейірімді жан құлағанға сүйеу болып, жылағанның жасын сүртті, -дейді замандастары. Бибігүл Иманғазина мүмкіндігі шектеулі аналарға жұмыс беріп, тағдыры қиын талай жастың жоғары білім алуына ықпал еткен.
«Бибі-Сана» кітабының орыс және түрік тіліндегі аудармасы және көзі нашар көретіндер үшін арнайы брайль қарпінде басылған нұсқасы да оқырманға жол тартты. «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс-1», «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты – Бибігүл Иманғазина жайлы оқушылар осындай тың деректермен танысты.
Жазушының өткен өмірі оқушыларға үлгі. Осындай іс-шаралар мектеп оқушыларының тәрбиесіне өз әсерін тигізеді.
Ж.Сатыбалды.




