Он шақты күннен соң елімізде маңызды қоғамдық-саяси науқан – республикалық референдум өтпек. Бұл – азаматтардың ел болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық үдеріс. Осындай жауапты кезеңде референдумның заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуі – басты міндеттердің бірі. Референдумды ұйымдастыру мен өткізу жұмыстары аумақтық және учаскелік комиссияларға жүктеледі. Дайындық жұмыстарының сапалы жүргізілуі, дауыс беру учаскелерінің әзірлігі, түсіндіру шараларының ұйымдастырылуы – барлығы да осы құрылымдардың үйлесімді жұмысына байланысты. Осы орайда біз аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Ержан Әмірденовпен сұхбаттасып, алдағы науқанға дайындық барысы, ұйымдастыру шаралары, заңнамалық талаптардың сақталуы және тұрғындардың қатысуына байланысты жұмыстар туралы әңгіме өрбіттік.
– Ержан Әмірденұлы, референдумға санаулы күндер қалды. Комиссиялардың дайындығы жайлы айтып өтсеңіз.
– Иә, келер аптаның соңында қазақстандықтар еліміздегі ең маңызды құжат үшін дауыс бермек. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы 864 адамнан құралған 122 референдум комиссиясы науқанға сақадай сай. Ғимараттар дайын, кеңсе тауарлары толық үлестірілді. Референдумға екі күн қалғанда бюллетеньдер таратылып беріледі. Барлығы дерлік оқудан өткізілді және оқытылып жатқандар бар.
– Референдум кезінде учаскелеріне бара алмайтын азаматтардың жағдайы қалай болмақ? Айталық, ауруханада ем қабылдап жатқандар.
– Оныңыз рас, ауданның барлық тұрғынына бірдей жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан, Есік қаласындағы және Шелек ауылындағы аудандық ауруханаларда референдум учаскелері құрылды. Сонымен қатар, аталған екі мекендегі уақытша ұстау изоляторлардында да жабық референдум учаскелері жұмыс істейді. Біз ешкімнің дауыс беру құқығын шектемеуіміз керек.
– Шетелге шығып кеткендер ше?
– Референдум кезінде шетел асып кеткен азаматтарымыз сол елдегі Қазақстанның елшілігіне барып, дауыс бере алады.
– Жұмыс барысымен немесе басқа да жағдайлармен басқа қалаға жол жүретіндер қалай дауыс береді?
– Бұл жағдай ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2009 жылғы 8 сәуірдегі №161\306 Қаулысымен белгіленген. Яғни, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларын бекіту туралы қаулы бойынша әрекет етеді. Қарпайым сөзбен айтар болсақ, басқа елді мекенге жол жүретін азаматтар өзінің тіркелген референдум учаскесіне барып, алдын ала хабарлап, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алады. Референдум күні сол куәлік арқылы басқа мекендегі референдум учаскесінде дауыс беруге құқылы.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Тілдескен С.НҰРАДИН




