Су тасқыны - табиғи апаттардың ішінде халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретін құбылыс. Күннің күрт жылынуынан көп мөлшердегі қардың еруі, жауын-шашын, ағынды сулардың ағатын жолындағы көпірлер мен құбырлардың қоқыстармен бітелуі кезінде өзендердегі, көлдердегі су деңгейінің көтерілуі су тасқынына алып келуі мүмкін.
Су басу кезінде ауыз су көздері ластанып, кәріз жүйелері істен шығып, тұрмыстық және өндірістік қалдықтар суға араласуы мүмкін. Мұндай ортада патогенді микроорганизмдер жылдам көбейіп, халық арасында инфекциялық аурулардың таралуына қолайлы жағдай қалыптасады. Сондықтан су тасқыны кезінде аурулардың алдын алу – қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі.
Су жолымен: гепатит, тырысқақ, іш сүзегі, паратифтер, сальмонеллез, дизентерия, лептоспироз, туляремия (ауыз судың кеміргіштердің бөлінділерімен ластануы), түрлі паразиттік құрттар таралуы мүмкін.
Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде ішек вирустарының тобы, соның ішінде энтеровирустар, гепатит «А» және тағы басқалары жиі кездеседі. Бұл аурулар көбінесе ластанған суды не тағамды тұтыну, жуылмаған жеміс - көкөністерді пайдалану, жеке бас гигиенасын сақтамау кезінде жұғады.
Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін ең алдымен қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану ұсынылады. Құдық суын міндетті түрде залалсыздандырылып, хлорлау жүргізілуі тиіс. Тағам өнімдерін толық термиялық өңдеуден өткізу, тез бұзылатын азық-түлікті қолданбау және жеміс-көкөністі мұқият жуу маңызды. Қолды сабынмен жиі жуу, антисептик пайдалану, жеке бас гигиенасын сақтау – қарапайым, бірақ тиімді шаралар.
Су қайтқаннан кейін тұрғын үйлерді толық тазалап, дезинфекциялау қажет. Ластанған жиһаздар мен тұрмыстық заттарды өңдеу керек. Кеміргіштерге қарсы дератизация шараларын жүргізу де маңызды.
Жұқпалы ауруларды белгілері (дене қызуы көтерілуі, өзін өзі жайсыз сезіну, іш өту, құсу, сарғаю т.б.) байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Су тасқыны кезінде түрлі аурулардың алдын алу үшін тұрғындардың келесі қарапайым және тиімді ережелерді сақтауы қажет:
- Ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану.
- Азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтау.
- Тамаққа термиялық өңдеуден өткен азық-түлік өнімдерін қолдану.
- Жеке гигиена ережелерін сақтау, оның ішінде жас балаларға күтім жасау кезінде.
- Көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен өңдеу, ағынды сумен мұқият жуу.
- Тұрғын үй-жайларды және үйдің жанындағы аумақты таза ұстау.
- Сол сияқты түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация жасау, мысалы:
вирустық А және Е гепатиттері, сіреспе (столбняк), тырысқақ (холера), қызылша мен қызамық.
Қарапайым профилактикалық шараларды сақтау, ауыз су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық бақылауды күшейту арқылы індеттің таралуын айтарлықтай төмендетуге болады. Әрбір адам санитарлық мәдениетті сақтап, жеке жауапкершілік танытқанда ғана қоғамдық денсаулықты қорғауға болады.
Еңбекшіқазақ аудандық СЭББ басшысы М.Азербаев
Басқармасының бас маманы М.Елубай




