Конституцияны өзгерту Президент мерзімін ұзарту үшін жасалды деген пікір қоғамдық талқылауларда жиі айтылып жүр. Алайда жаңа Конституциядағы өзгерістер нақты бір тұлғаға емес, бүкіл саяси жүйеге қатысты. Президенттік өкілеттіктің бір реттік және жеті жылдық болып бекітілуі биліктің ауысымдылығын күшейтуге бағытталған. Бұл норма барлық болашақ президенттерге бірдей қолданылады және референдум арқылы қабылданады.
Жаңа модельдің басты ерекшелігі – президенттің бір рет қана сайлануы. Бұрынғы жүйеде мемлекет басшысы бірнеше мерзімге сайлану мүмкіндігіне ие болса, жаңа норма бұл мүмкіндікті алып тастайды. Яғни жеті жылдық мерзім бір жағынан елді дамытуға жеткілікті уақыт берсе, екінші жағынан биліктің ұзақ уақыт бір адамның қолында шоғырлануына жол бермейді.
Бұл өзгеріс саяси жүйеде тұрақты жаңару мен жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Бір реттік мерзім президенттің қайта сайлану үшін саяси бәсекеге қатысу қажеттілігін жойып, негізгі назарды ұзақ мерзімді мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруға аударуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар билік транзитінің айқын әрі алдын ала белгілі болуы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Конституциялық реформалардың тағы бір маңызды қыры – билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайту. Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өкілді органдардың ықпалын арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту саяси жүйені анағұрлым теңгерімді етуге бағытталған. Бұл өзгерістер биліктің тек бір институтқа тәуелді болмауына жағдай жасайды.
Сонымен бірге Конституциялық өзгерістер кең қоғамдық талқылаудан өтіп, референдум арқылы қабылданады. Бұл – негізгі заңды өзгерту туралы шешімнің түпкілікті түрде халық еркіне негізделетінін білдіреді. Осындай тәсіл реформалардың легитимділігін күшейтіп, қоғамның саяси процестерге қатысуын арттырады.
Қорытындылай келе, Президент өкілеттігінің бір реттік жеті жылдық мерзіммен шектелуі нақты бір тұлға үшін жасалған өзгеріс емес. Керісінше, бұл саяси жүйедегі биліктің ауысымдылығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық реформа болып табылады.
Қайратұлы Нұртас,
Мәдениет саласының қызметкері




