Соңғы жылдары еліміздегі білім беру саласын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Цифрлық технологиялар енгізіліп, оқыту бағдарламалары жаңа деңгейге ауысты. Білім – ел дамуының негізгі факторы десек, білім беру сапасын арттыру үшін білікті мамандарды даярлау қажет. Бұл бағытта студенттерді мамандандыруға бейімдейтін техникалық және кәсіптік білім беру колледждерін айтуға болады. Солардың бірі 60 жылдық тарихы бар – Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі. Өткен аптада оқу ордасы жастардың жарқын болашағына арналған жаңа жатақхана ғимаратының ашылуын салтанатты түрде атап өтті.
Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов еңбек ардагерлері, ата-аналар, қала тұрғындары қатысты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев студент жастарды жайлы жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты ретінде айқындап бергені баршамызға мәлім. Бұл – ел ертеңінің мүддесіне жасалған шынайы қамқорлық, жастарға берілген үлкен сенім. Ал бүгін Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі тарихында рухани мәні зор, қуанышты күн. 200 орындық заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл ғимарат жастардың жаңа мүмкіндіктер кеңістігіне айналары сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Рас, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың студенттік жатақханаларда 30 000 мың жаңа орын ашу туралы тапсырмасы – мемлекетіміздің білім жолындағы ұстанымын нығайта түсетін стратегиялық шешім.
Шара барысында колледж директоры Алмас Жылқыбаев білім ордасының оқу жүйесімен таныстырып, студенттерді жатақхананың ашылуымен құттықтады. Болашақ маман иелеріне арнайы салынған жатахананың лентасын облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мен колледж директоры Алмас Жылқыбаев қиды. Жиында ауданымыздың әншісі Алма Қызыр ән айтып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде оқу жүйесі теориялық білім мен практикалық тәжірибені қатар дамытуға бағытталған. Студенттер таңдаған мамандығы бойынша кәсіби дағдыларды меңгеріп, болашақта түрлі мекемелерде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Оқу барысында студенттер кәсіби пәндерді меңгереді, тәжірибелік сабақтарға қатысып, өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу орнын тәмамдаған түлектердің 70 пайызы жұмысқа орналасқан.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.




