Ұрпаққа саналы білім мен тәлім-тәрбие беріп, жас буынның жүрегіне өнер мен адамгершілік нұрын себетін әрбір ұстаздың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Ұстаздың шынайы еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшеніп, ел жадында мәңгі сақталады. Осы орайда жуырда Алмалы ауылындағы Инаш Шорманов атындағы орта мектебінде өнер бірлестігінің он күндігі аясында «Өнері өшпес өнегелі ұстаз» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Кештің басты кейіпкері – зейнеткер ұстаз, композитор, әнші, ұзақ жылдар бойы музыка пәнінен дәріс берген Мейрамбай Бектасов
болды.
Шараның негізгі мақсаты – ұстаз еңбегін дәріптеу, оқушыларға өнердің құдіретін таныту және композитордың шығармашылығын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар кешке зейнеткер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Бақыт Әзілпатқызы мен Мейрамбай Бектасовтың шәкірттері құрметті қонақ ретінде қатысты.
Кеш барысында оқушы Нұрсұлу Аллаберген дайындаған таныстырылым арқылы Мейрамбай Досмаханұлының өмір жолы, еңбек жолы, шығармашылық ізденістері мен алған марапаттары көпшілік назарына ұсынылды. Сұхбат бөлімінде ардагер ұстаз өзінің музыка әлеміне келу жолы, алғашқы шығармасының дүниеге келуі, шабыт көздері, ұстаздық қызметіндегі есте қаларлық сәттері мен шығармашылықтағы жетістіктері жайында әсерлі әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында зейнеткер ұстаз Бақыт Әзілпатқызы да өз естеліктерімен бөлісті. Ол кезінде мектепте «Мұрагер» атты ақындар үйірмесін ашып, көптеген оқушыларды әдебиет әлеміне жетелеген сәттерін жылы ықыласпен еске алды.
Тағылымды кеш барысында оқушылар өнер көрсетіп, Мейрамбай Бектасовтың әндерін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар Бақыт Әзілпатқызының сөзіне жазылған, Инаш Шормановқа, Алмалы ауылына арналған әндер де шырқалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қазақтың игі дәстүрлерінің бірі ретінде кеш қонақтары кішкентай бүлдіршін Аймира Азатқызының тұсауын кесіп, ақ тілектерін арнады. Бұл сәт кештің мазмұнын байытып, ұлттық дәстүрдің мәнін айқындай түсті.
Шара соңында өнер бірлестігінің мүшелері қонақтарға ізгі тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Тағылымы мол кездесу кеші оқушыларға рухани тәрбие беріп, өнер мен ұстаздықтың биік мәртебесін терең түсінуге зор ықпал етті. Қатысушылар кештен үлкен әсер алып, жүректерінде жылы естелік сақтап тарқасты.
Кұндыз МЕДИЕВА,
музыка пәнінің мұғалімі.




